Тікелей эфир

"Аурудан кейін шашым түсе бастады". Коронавирус салдарлары қандай және оларды қалай жеңуге болады?

Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
Коронавирус инфекциясынан жазылған адамда антидененің қанша уақыт сақталатыны әзірге белгісіз.

Қазақстанның отбасылық дәрігерлер қауымдастығы Отбасылық медицина академиясының оқытушысы Елена Хегай коронавирус тыныс алу жолдарының инфекциясы болса да, ағзаның барлық мүшесі мен тінін зақымдауға қауқарлы екенін айтады. Ауруды жеңіл өткерген адам тез арада қалыпқа келеді десек те, өкінішке қарай, Covid-19 салдары біршама уақыт өткен соң да денсаулыққа кері әсерін тигізуі мүмкін.

Ресми мәлімет бойынша, әлемде коронавирус жұқтырған 4 миллионнан астам адамда қызба, жөтел, иіс пен дәм сезудің жоғалуынан басқа, диарея, бөртпе, іш ауруы, әлсіздік сияқты белгілер байқалған. Ауруы асқынғандарда ентігу, қатты әлсіздік, бас ауыру, ақыл-естің бұзылуы, бұлшық еттің ауырсынуы сезімдері болған.

Informburo.kz Қазақстанның отбасылық дәрігерлер қауымдастығының коронавируспен ауырып жазылған адамдарды мазалайтын сұрақтарға берген жауабын ұсынады.

№1. Коронавирусты қайта жұқтырып алу қаупі бар ма?

Ағза вирусқа қарсы антиденелер өндіреді. Антидене – вируспен күресуге көмектесетін ақуыздар жиынтығы. Ол әдетте сырқаттың қайталануынан қорғайды. Әртүрлі аурудың антиденесі де әркелкі болады. Мысалы, қызылшаға қарсы антиденелер қызылшамен ауыратын науқаспен байланыста болған адамды қорғай алады. Алайда адам тұмаумен ауырып қалса, қызылшаға қарсы антидене онымен күреспейді.

Covid-19 – жаңа инфекция. Әлі толық зерттелмеген. Тек Қытай және Ұлыбританияда адамдардың вирусты қайта жұқтырған дерегі тіркелді. Сарапшылар "қайта жұқтыру қаупі бар ма?" деген сұраққа "вирус бізбен бірге айлар емес, бірнеше жыл болмайынша, оны біле алмаймыз" деп жауап береді.

Бұл вирусқа да жауап ретінде антиденелер өндіріледі. Бірақ, олардың қанша мерзімге жарайтыны, қайта жұқтырып алудың алдын ала ма, жоқ па, әзірге нақты емес.

№2. Адамдар аурудан жазылғанын және басқаларға жұқтырмайтынын қалай біле алады?

Симптомсыз ауырғандар 2 апта оқшауланғанда ауру белгілері байқалмаса, онда оқшаулануды тоқтатуға болады. Бірақ маска тағу, қолды жиі жуу және әлеуметтік оқшаулану шараларын сақтау қажет. Ал науқаста Covid-19 белгілері пайда болса, жұқтырмау шараларын сақтап, ауру белгілері толығымен кеткен соң үш күн өткеннен кейін қалыпты тұрмысқа көшуіне болады.

Жас және сау адамдарда коронавируспен ауыру ағымы орта есеппен екі аптада аяқталады. Иммунитет жақсы болса, ағзадағы вирустар өліп, адам басқаларға жұқтырмайды. Алайда аурудың ауыр ағымында, 65-70 жастан асқан адамдардың ағзасында вирус ұзақ уақыт болуы мүмкін. 14 күн өткеннен кейін де басқаға жұқтыруы мүмкін. Мүмкіндігінше карантиннен шығуға асықпау керек. Өкінішке қарай, адамның жай-күйі әрдайым сауығудың көрсеткіші бола бермейді.

Оқи отырыңыз: Covid-19 жеңу үшін қалай тамақтану керек? Төрегелді Шармановтың кеңестері

№3. Иммунитет жақсарту үшін не істеу керек?

Иммунитетті қалпына келтіру үшін жалпы ережелерді ұстану қажет: салауатты өмір салтын сақтау, күніне кем дегенде 30 минут таза ауада жүру, бірте-бірте физикалық жүктемелерді арттыру, қолды жиі жуу, міндетті түрде тыныс алу гимнастикасын жасау, күн сайын кемінде 5-8 порция жеміс-жидек пен көкөніс жеу, күйзеліске төзімділікті арттыру (медитация, йога, аутотренинг).

№4. Қақырық пен жөтелдің кетпеуіне не себеп?

Қақырықпен жөтел тыныс алу жолдары инфекциясынан сауығып шыққаннан кейін ұзақ уақыт бойы сақталуы мүмкін. Мысалы, пневмонияда 8 аптаға дейін созылады. Уақыт өте келе жөтел мен қақырық мөлшері азайып, ентігу болмауы тиіс. Кейбір жағдайда демікпе секілді созылмалы өкпе аурулары болған кезде жөтел ұзақ уақытқа созылуы мүмкін. Осындай аурулардың базалық емін күшейту мақсатында дәрігердің көмегіне жүгіну қажет.⠀

Қақырықтың шығуын жеңілдету үшін көп мөлшерде сұйықтық ішу – күніне 2-3 литр жылы су ішу ұсынылады. Дәрігер науқастың жағдайына қарай бойынша бронх спазмдарын азайту үшін арнайы препараттарды тағайындай алады. Темекі шегушілерге темекіден бас тарту ұсынылады.

Оқи отырыңыз: Иммунитеті мықтыға коронавирус қауіп емес. Оны қалай нығайтамыз?

№5. Дәм мен иіс сезу қабілеті қашан қалпына келеді?

Бұл сұраққа да нақты жауап жоқ. Әр адамның жағдайы жеке қарастырылады. Коронавирус инфекциясы кезінде вирус иіс пен дәм сезу қабілетіне жауапты бөлімдерді қоса алғанда, жүйке жүйесіне де әсер ете алады. Кейбір науқастарда қалпына келу процесі өте тез жүреді. Біреуде ауырып сауыққаннан кейін бірнеше ай өтсе де, әлі күнге дейін қалпына келмеуі мүмкін. Науқастардың арасында сауыққаннан кейін қатты жағымсыз иістің немесе әртүрлі жағымсыз дәмдердің пайда болуы байқалады. Зақымдалған жүйке жасушалары қайта қалыпқа келгенше сабыр сақтап, күту қажет.

№6. Антиденелерді анықтауға арналған тест нәтижелері нені көрсетеді?

Жұқпаға жауап ретінде ағза антиденелердің екі классын өндіреді: иммуноглобулин М (IgM) және иммуноглобулин G (IgG). Аурудың 5-7 күні IgM классты антиденелер пайда болады, ал екінші-үшінші аптадан бастап ағза кешіктірілген антиденелерді IgG өндіреді. IgM – екі айға дейін, IgG жарты жыл не одан да көп уақыт айналып жүреді.

IgM антиденелері анықталса ауру белгілерінің бар-жоғына қарамастан басқаларға жұқтыруы мүмкін. Адам міндетті түрде барлық сақтық шараларын ұстануы тиіс. IgG антиденелердің анықталуы адам ауырып жазылғанын немесе вируспен байланыста болғанын білдіреді.

IgG антиденелерге тесттің оң нәтижесі адамда коронавирусқа қарсы иммунитеттің барын көрсетеді. Бірақ, оның қанша уақытқа жарайтыны белгісіз.

№7. Дәрігер тағайындауынсыз дәрумендер қабылдаса бола ма?

Дәруменді және минералды қоспалар бойынша клиникалық нұсқаулықта: ешқандай синтетикалық дәрумен дұрыс үйлестірілген тамақтануды ауыстыра алмайды деп айтылған. Адам ағзасы дәрумендер мен минералдардың табиғи көзін ұнатады. Ағза оларды жақсырақ сіңіреді. Өңделген, қойылтылған "қоспалар" зиян әкелуі мүмкін.

Дәрумендер нысаналы топтардағы адамдарға қажет. Мысалы, жүкті әйелдерге. Фолий қышқылы дені сау ұрықтың дамуына аса маңызды, ал оның тапшылығы омыртқаның деформациясын тудыруы мүмкін. Мүмкіндігінше жүктілікті жоспарлағанға дейін үш ай бұрын қабылдау қажет.

Соңғы кезде D дәрумені белгілі. Бұл ультракүлгін сәуле әсерінен тері жасушаларында пайда болатын, азық-түліктен немесе азық-түлік қоспаларынан алынатын биологиялық белсенді зат. Оны күн сәулесінің жетіспеуі, D дәрумен көзінің жоқтығынан рационалды емес тамақтану, сүйектерді сындырып алудың жоғары қаупі (мысалы, етеккір үзілісінен кейінгі остеопороз, құлап қалуға бейім егде жасы), мальабсорциямен жіңішке ішектің созылмалы аурулары, яғни ішекте сіңу процесінің бұзылуы) секілді қауіп факторларында, алдын-алу мақсатында қолдану керек. D дәруменін қауіп-қатер тобындағы адамдар 600-1000МЕ дозасында қолдануға болады.

Көп адам иммунитетті көтеру мақсатында С дәруменін үлкен дозада қабылдайды. Біздің ағзамыз С дәруменді өндірмейді, алайда ол бізге иммундық функциялар, сүйек құрылымы, темірді сіңіру және сау тері үшін қажет. С дәруменін тамақта, әдетте цитрус, құлпынай, жасыл көкөністер мен қызанақтан аламыз.

Оқи отырыңыз: Коронавирустан әлсіреген иммунитетті қандай дәрумендер мен минералдар жақсартады? Дәрігер кеңесі

№8. Жауырын тұсындағы ауырсыну сезімін қалай кетіреді?

Коронавирустан жазылған адам белдің, шынтақ буынының ауырсынуы, жауырын астындағы шаншу әлі күнге мазалайтынын айтады. Вирус тек тыныс алу жүйесін ғана емес, тамырлар қабырғасының ішкі қабығын зақымдайды. Ағзадағы түрлі мүшелер мен жүйелер зақымдануы да мүмкін. Жауырын тұсындағы ауырсыну мен қолайсыздыққа өкпенің зақымдануы, дәлірек айтқанда, коронавирустан ауырып жазылғаннан кейінгі қалған белгілер себепші болуы мүмкін
Бұлшық еттер мен кеуде қабырғасының қабырғааралық жүйкесінің зақымдануы белгілері байқалуы мүмкін. Симптомдарды дәлірек анықтау үшін диагностиканың визуалды әдістері, яғни рентгенография, кеуде қуысы мүшелеріне компьютерлік томография тағайындалынады.
Коронавирус салдары уақыт өткен сайын өз бетімен, ешқандай ем жүргізбей-ақ бірте-бірте кетуі тиіс. Жеткілікті мөлшерде сұйықтықты қабылдау, көбірек қозғалу, жиі таза ауаға шығу, дене және тыныс алу гимнастикасын жасау ұсынылады. Уақыт өте келе жағымсыз симптомдар кетпесе немесе керісінше күшейіп кетсе дәрігерге жүгіну қажет.

№9. Коронавирустан кейін жүрек соғысы жиілеп кетсе, не істеу керек?

Коронавирус жүрек-қан тамырлар жүйенің тамырларын зақымдайды. Созылмалы жүрек ауруларымен ауыратын адамдарда бұл ауру ауыр ағыммен өтеді. Covid-19 кезінде созылмалы аурулары асқынбай, тұрақты түрде өтсе, онда коронавирустан кейін терапия фонында ауру ағымының нашарлауы байқалады.
Ғалымдардың зерттеуінше, коронавируспен ауырғанда жүрек бұлшық еттерінде, қан тамырларында немесе жүрек қызметінің ырғағы үшін жауапты жүрек құрылымының зақымдануы байқалуы мүмкін. Ол жүрек қағу, тез шаршағыштық, әдеттегі физикалық жүктемелерге шыдамау, жүрек тұсында ауырсыну немесе қолайсыздық сезімі, жүректің шалыс соғуы секілді асқынуға әкеледі. Сізді үнемі жүректің соғуы мазаласа, дәрігерге немесе кардиолог маманға жүгіну қажет.

№10. Covid-19-дан жазылғаннан кейін шашым түсе бастады

Коронавирустан жазылғаннан кейін кейбір науқастарда шаш түсуі байқалады. Сарапшылардың пікірінше, шаштың түсуі дене қызуының ұзаққа созылуымен, кейбір дәрілік препараттарды қабылдаумен және ағзаға түскен күйзеліспен байланысты болуы ықтимал. Терінің ұсақ қан тамырларының микротромбоздарынан да болуы мүмкін. Микротромбоздар шаштың фолликуласы орналасқан тері қабатындағы қан айналымын бұзады. Дегенмен ғалымдар шаштың түсуі уақытша екенін, шаштың қабаты қалпына келетінін айтады.

Оқи отырыңыз: Індеттің екінші толқыны желтоқсанда басталуы мүмкін. Коронавирус бұл жолы кімдерге қауіпті?

№11. Құсу, жүрек айну, ауыздағы күйік дәмінен қалай арылуға болады?

Коронавирус АПФ2 деп аталатын жасушалық рецепторларға жабысады. Мұндай рецепторлар бронхтардың, альвеола, асқазан-ішек жолдарының эпителий жасушаларында, тамырлар (артериялар мен көктамырлардың) эндотелийлерде және миокардта, бауырда және бүйректе көп болады. Covid-19 белгілері пайда болғанда асқазан-ішек жолдарында симптомдар байқалмаса, жүрек айну, құсу, ауыздағы күйік дәмі, диарея микробиоманың бұзылуымен байланысты. Бұл бұзылыстар антибиоттиктерді, вирустар мен саңырауқұлақтарға қарсы және басқа да тиімсіз препараттарды орынсыз қолданудың нәтижесі. Антибиотиктермен туындаған диарея және басқа да асқазан-ішек бұзылыстары бірнеше айға созылуы мүмкін.

Көп сұйықтық ішу керек. Тәтті емес айран, йогурт, қымыз ішуге болады. Әлсіздік кезінде 1 литр суға 1 қаптама регидронды ерітіп ішу ұсынылады. Ауызда күйік дәмді кетіруге бірнеше күн кешке 2-3-4 капсуладан урсодезоксихол қышқылын қабылдап көруге болады (урсосан, урсофальк және т. б.). Сондай-ақ, күніне бір рет тамақпен бірге 20-60 млрд КТБ дозада кешенді пробиотиктерді қабылдауға болады.

№12. Ұйқысыздықты қалай жеңеміз?

Covid-19 кезінде ұйқысыздық үрейден, өзіңіз және жақындарыңызды уайымдаудан, депрессиядан, оқшауланудан, жұмыссыздықтан, табыстың болмауынан пайда болуы мүмкін. Әдетте арнайы ем талап етілмейді. Бір-екі аптадан кейін адам тынышталады.

Коронавирус туралы әлеуметтік желілерде жарияланатын ақпаратты қараудан бас тартыңыз. Күн тәртібін сақтау, оңтайлы ұйқы уақыты (бір уақытта тұрып, бір уақытта жатыңыз, тіпті демалыс күндері), салқын, қараңғы және тыныш бөлмеде жату, ұйықтауға ықпал ететін, жатар алдындағы әдеттер (кітап оқу, байсалды күй), тыныс алу жаттығуларын немесе медитация жасаңыз. Осы тәсілдер көмектеспесе немесе невроз-депрессия белгілері пайда болса, психотерапевт маманға жүгініңіз. Ұйықтататын және тыныштандыратын препараттарды дәрігердің тағайындауы бойынша ғана қабылдау қажет.

№13. Ентігуден қалай арылуға болады?

Өкінішке қарай, стационар жағдайында да ентігуден оңай "құтылу" мүмкін емес. Ентігу деңгейін ажырата білу керек. Үйде өз бетімен жүріп, дәретханаға, жуынатын бөлмеге барып, тамақ дайындап, қарапайым сөйлемдерді айта алсаңыз ентігуден құтылуға арнайы жаттығулар көмектеседі. Өкпе тіні өздігінен жақсы қалпына келетін қасиетке ие. Тіпті адамда альвеолдың тек 10%-ы қалса да, ағза қайта қалпына келе алады. Сабырлық танытып, күту керек. Гимнастика түрінде тыныс алу жаттығулары, бұлшық ет күшіне және төзімділікке арналған жаттығулар ағзаның қалпына келуіне көмектеседі.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары