Тікелей эфир

Covid-19 жеңу үшін қалай тамақтану керек? Төрегелді Шармановтың кеңестері

Сурет Қазақстан халқы ассамблеясының сайтынан алынды
Сурет Қазақстан халқы ассамблеясының сайтынан алынды
Науқастың аяққа тұруы үшін қажет басты төрт нәрсе: тазалық, сапалы тағам, сенім және жоғары көңіл-күй.

Қазақ тағамтану академиясының президенті, медицина ғылымдарының докторы Төрегелді Шарманов Antikor Live эфирінде пандемия кезіндегі тамақтану мен гигиенаның ролі туралы баяндады.


Төрегелді Шарманов

Төрегелді Шарманов / Сурет kaznmu.kz сайтынан алынды


Қарттарға жақсы күтім жасау керек

Covid-19 инфекциясының басты ерекшелігі – жасы келген жандарға аса қауіпті. Сол үшін де олардың күтіміне көбірек көңіл бөлген дұрыс. Қазақтың ұлттық менталитетіндегі үлкенді құрметтеу ұғымының орны зор. Өкініштісі, қазіргі заманда қарттарға құрмет арзандап кетті. Жасы келген әке-шешесін жұртқа не қарттар үйіне қалдыратындар бар. Адамгершілік арзандап кетті. Коронавирус эпидемиясы, міне, осыны еске салып, ұлттық бастауға қайта оралуға мүмкіндік тудырып отыр.

Ол үшін не істеу керек? Үлкен адамға төрді ұсынған дұрыс. Төр қашанда таза орын. Оларға ұлттық тағамдарды көбірек ұсынған абзал. Дастархан таза, тағам жақсы болса, індет те қашықтай түседі. Қарт жандардың көңіл-күйі үнемі жақсы болуы шарт. Сондай-ақ, эпидемия кезінде өзге жандармен қарым-қатынасын шектеген абзал. Жас адам індет жұқтырса, ауырып аяққа тұрып кетеді, ал қарттардың аман қалуы қиындау.

Оқи отырыңыз: Денсаулық сақтау министрі: Вакцина табылса, оны Қазақстанның ертерек алуы үшін келіссөз жүргізудеміз

Жылқының еті мен қымызы – емдік тағамдар

Науқас адамның тамағына ерекше көңіл бөлу қажет. Ең пайдалысы – сұйық тағамдар. Сұйықтық ағзаға тез сіңетіндіктен, вирусты да сыртқа шығару мүмкіндігі жоғары. Ұлттық сусындардан ең пайдалысы – қымыз, айран. Одан бөлек, таза судың да ролі зор. Қымыз дәруменге ерекше бай, оны басқа сусындармен салыстыруға келмейді. Жалпы, жылқының қымызы мен етіне жететін ешқандай тағам жоқ. Қазақта тамақтың сіңуі туралы: "Қойдың еті – ертеңгі күн батқанша, сиырдың еті – таң сарғайып атқанша, жылқының еті – төсек салып жатқанша" деген сөз бар. Осыдан-ақ, жылқы еті үш есе жылдам сіңетінін аңғаруға болады. Ол ғылыми дәлелденген. Тағамтану маманы ретінде мұны бар жауапкершілікті мойныма ала отырып, айта аламын.

Қымыздың құрамында С дәруменінің үлесі жоғары. Биенің сүті мен етінде транс май қышқылы жоқ. Ал ол, мәселен, сиыр сүтінде бар. Сол себепті қымызды 100% пайдалы деуге болады.

Оқи отырыңыз: Ішек инфекциясынан қалай сақтануға болады? Маман кеңесі

100 пайыз ем болатын дәрі жоқ

Дәрі-дәрмек ауруға 100 пайыз ем болады деу – қате ұғым. Статистика бойынша ең көп дегенде 95-96 пайыз пайда беруі мүмкін. Дегенмен, аурудан айығуға әсер ететін өзге факторларды да естен шығармау керек. Мәселен, адамның көңілі, ниеті аурудан айығуға керемет әсер етеді. Тіпті, емдеуші дәрігердің бет-бейнесіне қарап-ақ ауру жеңілдейді. Сондықтан, бірінші кезекте адамның сенімін түсірмей, көңілін аулаған абзал.

Сол үшін де мен "дәрігер" деген ұғымды түбірі "дәрі" болғандықтан жақсы қабылдамаймын. Ол "дәрі беріп емдеуші" дегенге келеді. Дұрысы – емші. Яғни, тек дәрі-дәрмекпен ғана емес, науқасты сөзімен, ісімен, көңілімен де емдеп жазушы.

Серіктестер жаңалықтары