Тікелей эфир

Ата-ана баласымен ашылып әңгімелесуге ұялады. Жастардың жыныстық сауатын қалай арттырамыз?

Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
Сауалнамаға қатысқандардың 83,9%-ының сөзінше, балаға жыныстық тәрбие беру мәселесіне ата-ана жауапты.

Қазақстанда жасөспірімдер (15-19 жас) жыныстық қатынасты орта есеппен 16,5 жаста бастайды. Олардың үштен бірі жыныстық белсенді болса, 60%-ы бір жылда төрт серік ауыстырады. Оған қоса жасөспірімдер сексуалды-репродуктивті денсаулық туралы дұрыс білмейді. Мысалы, 91%-ы АИТВ мен ЖИТС жұғу жолдарынан хабарсыз. 60%-дан астамы жыныстық инфекциялардың белгілері симптомсыз өтсе, ауру емделді деп есептейді. Олардың үштен бір бөлігі ғана (34,4%) мүшеқапты дұрыс қолдану тәсілін біледі.

Қазақстанда жасөспірімдер арасындағы туу коэффициенті ЭЫДҰ елдеріне қарағанда 5-6 есе жоғары. Ал жыныстық жолмен инфекция жұқтырған жасөспірімдер арасында АИТВ фактілері жыл сайын артып келеді. Жыныстық белсенді жастардың 14,8%-ы соңғы 12 айда жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың (ЖЖБИ) белгілерінің кем дегенде біреуінің болғанын хабарлаған. Алайда олардың 62,6%-ы медицина көмегіне жүгінбеген.  

Осындай әлеуметтік зерттеу жүргізген ЮНФПА қоры мен Денсаулық сақтау министрлігі бірлесе жастардың репродуктивті денсаулығына арналған Shyn.kz сайты мен Telegram-ботты (@shynkzbot) іске қосты. Сайттың мобильді қосымшасы 1 қаңтардан бастап қолжетімді. Материалдарды әзірлеуге 20 астам халықаралық және ұлттық сарапшы атсалысқан.


Оқи отырыңыз: Жастардың сексуалды денсаулығы туралы сайт іске қосылды


Сайтта виртуалды чат-бот арқылы мамандарға сұрақ қоюға болады

Сайт жасөспірімдерге, жастарға және ата-аналарға арналған. Материалдар төрт негізгі айдарға бөлінген: қыздарға, ұлдарға, ата-аналарға, балалар мен бойжеткендерге арналған. Қыздар және ұлдар айдары бес негізі ақпарат блогынан тұрады:

  • Менің тәнім;
  • Өтпелі кезең;
  • Инфекция (ЖЖБИ);
  • Контрацепция;
  • Мен және өзгелер.

Бозбалалар мен бойжеткендерге айдарында "өтпелі кезең" бөлімі "маңызды уақытпен" алмасқан. Ата-аналарға:

  • Ата-ана нені білгені жөн;
  • Күрделі қарапайым тілмен;
  • Дені сау ұрпақ атты айдарлар ұсынылған.

Сайттағы әр материалды жазғанда жас ерекшелік ескерілген. Төменде орналасқан виртуалды чат-ботқа сайтқа келушілер мазалап жүрген сұрағын қоя алады. Мұнда дерматовенеролог, уролог, гинеколог, психолог мамандардан жауап алуға болады. Сондай-ақ, "сұрақ-жауап" айдарында репродуктивті денсаулық туралы кең таралған 800 сұраққа жауап берілген. Осы жерден де көп сұраққа жауап алуға болады. 

Маңызды сұрағыңыз болса оны "анонимді сұрақ" айдарына қалдыруға болады. Кәсіби мамандардың жауабын электронды пошта немесе телефон арқылы ала аласыз.


Оқи отырыңыз: "Секс туралы айтсаң, күле бастайды". Қазақтілді жасөспірімдердің жыныстық сауаты неге төмен?

Ата-ана баласымен секс тақырыбында әңгімелесуге ұялады

ЮНФПА қолдауымен 2018 жылы жүргізілген әлеуметтік зерттеу 15-19 жас аралығында жасөспірімдерде белсенді жыныстық өмір байқалатынын көрсеткен. Бірақ олардың арасында репродуктивті денсаулық туралы хабардар болу деңгейі төмен. Осы орайда жоба авторлары жасөспірімдер мен ата-аналарға арналған видеороликтер мен брошюралар пакетін әзірледі. Қазақ және орыс тілінде шығарылған әдістемелік құралдар Жастар денсаулық орталықтарына таратылған. 

"Жасөспірімдер мен жастардың репродуктивті жыныстық денсаулығы туралы әлеуметтік желідегі материалдарға талдау жүргізгенде ақпарат беру бір реттік оқиғалар немесе жаңалық сипатында ғана. Мұндай тақырыптарда жасөспірімдер ақпаратты өз бетімен іздеуге мәжбүр. Олар көбінесе ақпарат көзін дұрыс таңдамайды немесе шынайы емес ақпаратқа кезігеді. Сол себептен біз жүйелі түрде жастар мен жасөспірімдерге шынайы ақпарат беру қажет деп шештік. Ол маманның алдында ғана емес, өз бетімен таныса алатын әдістемелік құрал болуға тиіс. Жасөспірімдерде ақпаратты түсіну, талдау жеткілікті дамымаған. Брошюроларда жасөспірімдерге өздері қолданатын сөздер мен иллюстрацияларды қолданып түсінікті тілде жаздық", – деді жоба қатысушысы, акушер-гинеколог Назерке Райымбекова.

2019 жылы жүргізілген әлеуметтік зерттеу нәтижесі балалардың ақпаратты ата-анасынан алуы қажет екенін көрсеткен. Сауалнамаға қатысқандардың 83,9%-ы балаларға жыныстық тәрбие беру мәселесіне ата-ана жауап береді деп ойлайды. Балалар ата-анасының көп мәліметті білмейтінін, қарым-қатынасты сенімді түрде жүргізбейтінін, өздеріне көңіл бөлмейтінін айтып шағымданған.

"Ата-аналар да балалар сияқты бұл тақырыпта әңгімелесуге ұялатындарын, ыңғайсызданатынын және жеткілікті білімі жоқ екенін мойындайды. Десе де сауатты ақпарат алу қажет екенін түсінеді. Жастардың репродуктивті денсаулығы мәселесін ата-аналарға арналған бейнерликтер шығару арқылы шешуге болады. Бейнероликтерді медициналық терминдерді қолданбай түсінікті тілде әзірледік", – деді Назерке Райымбекова.

Бейнероликтер қыздар мен ұлдардың жетілу ерекшеліктері, жасөспірімдермен қарым-қатынас орнату, контрецепция және т.б. тақырыптарда түсірілген. Оларды YouTube желісінен, Жастар денсаулық орталықтарының сайтынан, Shyn.kz сайтынан көруге болады.


Оқи отырыңыз: "Баланы урологқа бес жастан бастап қарату қажет". Ерлердің жыныстық қуаты неге төмендеп кетті?


Жастар денсаулық орталықтары медициналық-психологиялық көмек береді

Shyn.kz сайтында медициналық, психологиялық,заң және консультативтік көмек көрсететін барлық жастар денсаулық орталығының мекенжайы карта арқылы көрсетілген.

Жастар денсаулық орталықтары – кәмелетке толмағандарға медициналық және психологиялық көмек көрсететін денсаулық сақтау субъектілері. Олардың негізгі мақсаты – жасөспірімдер мен жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау және репродуктивті денсаулықты қорғау мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізу. 

Қазақстанда бүгінде жасөспірімдер мен жастарға кешенді медициналық-психоәлеуметтік көмек беретін 128 Жастар денсаулық орталығы жұмыс істейді. Мұндай орталықтарда міндетті түрде құпиялылық сақталады. Жастарға кешенді емдеу-диагностикалық, кеңес беру, профилактикалық, медициналық, әлеуметтік және оңалту көмегі беріледі.

Орталықтар жеткіншектер мен жастарға қолайлы жағдай жасай отырып консультативтік, құқықтық, медициналық және психологиялық көмек көрсетеді, жыныстық жолмен берілетін аурулардың алдын алу, репродуктивті денсаулық сақтау және жас ұрпақтың жауапсыз мінез-құлқының қаупі туралы ақпараттандыру, сондай-ақ отбасындағы және қоршаған ортадағы мәселелерді шешумен айналысады.

ЮНФПА қолдауымен Қазақстанда 7 жастар ресурстық денсаулық орталығы ашылған. Мұндай орталықтар Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Ақтөбе, Семей, Шымкентте және Алматы облысындағы Еңбекшіқазақ ауданында бар. Пандемияға дейін тренинг, оқулар оффлайн форматта өтіп, теориялық қана емес, практикалық тәжірибесі мол шетелдік сарапшыларды шақырылған. Жасөспірімдерге қолдау көрсететін мамандардың бәрі оқудан өткен.

Қызылорда облыстық жастар денсаулық орталығының директоры Жанар Қалмақованың сөзінше орталық ашылғалы бес жылда келушілер саны 23 есе өскен. Бірақ, пандемия кезінде жастардың орталыққа келу мәселесі күрт өзгерген. 

ЮНФПА ендігі кезекте мектеп қабырғасында жыныстық ағарту жұмыстарын жүргізуге қатысты денсаулық және білім министрліктерімен диалог орнатып жатыр. 

Серіктестер жаңалықтары