Тікелей эфир

Астананың 20-сыншы туған күні. Қайда баруға, не көруге болады?

Фото Хан Шатыр ‏ twitter.com парақшасынан алынды
Фото Хан Шатыр ‏ twitter.com парақшасынан алынды
6 шілде - Астананың туған күні. Жалпыхалықтық мерекеде Елорданың кез келген жерінде думандатып той болады. Қызықтан сіз де құр қалмаңыз...

Астананың туған күніне орай тек 2-8 шілде аралығында жетпіске жуық іс-шара өтеді. Қандай шаралар? Қала бойынша қандай жаңа орындар ашылып жатыр?

Астана туралы сурет көрмесі

Малайзия, Словакия, Германия, Түркия, Франция, Индонезия, Беларусь, Өзбекстан және Қазақстан мемлекеттерінің фотоөнер шеберлері бір ай бойы еліміздің бас қаласын суретке түсіреді. Үздік деп танылғандары "Нұржол" желекжолында көрмеге қойылып, көпшілік назарына ұсынылаы.

Мұнда 4-31 шілде аралығында "Astana Around Us" фотоөнер фестивалі өтеді. Экспозицияны 1-15 шілдеге дейін және 16-31 шілдеге дейін түсірілген суреттерге бөліп, көрсетеді.

Көрмеге Яман Ибрагим (Yaman Ibrahim, Малайзия), Раринда Пракарса (Rarindra Prakarsa, Индонезия), Даниэль Чонг (Daniel Cheong, Франция), Арслан Мұхаммед Біләл (Аrslan Muhammed Bilal, Түркия), Андрей Пугач (Беларусь), Сергей Федоров (Өзбекстан), Рузел Абдулла (Ruzely Abdullah, Малайзия), Стефан Шафер (Stefan Schaefer, Германия), Мирослав Петраско (Miroslav Petrasko, Словакия), Виктор Магдеев, Тұрар Қазанғапов, Игорь Югай және Валерий Аяпов (Қазақстан) сынды 120 фотографтың туындылары қойылады.

Бұлардың барлығы – еңбектерін ірі халықаралық фотоэкспозицияларға шығарған өз ісінің хас шеберлері.

Жұмыстар ай соңына дейін алаңда көрмеде тұрады.

Циркке барғыңыз келсе...

2018 жылғы шілденің 4-8 аралығында Астана циркінде жыл сайынғы Халықаралық Орталық Азиядағы жалғыз цирк өнерінің фестивалі "Азия Жаңғырығы" өтеді.

Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркменстан, Вьетнам, Ресей, Украина, Белоруссия, Франция, Канада, Никарагуа, Эфиопия, Венгрия елдері циркінің таланты өнерпаздары "А" және "Б" байқаулық бағдарламаларында өнер көрсетеді. Конкурсанттардың көрсетілімін мәдениет қайраткерлері мен цирк индустриясы өкілдерінен құралған кәсіби жюри бағалайды. Цирк өнері фестивалінің бағдарламасы бұрынғыдан қызық құрылған. Қойылым күн сайын сағат 16:00-де өтеді.

Түркі халқының дәстүрлі музыкасын тыңдағыңыз келсе...

4-5 шілде күндері елордада түркі халықтарының дәстүрлі музыкасының "Астана-Арқау" ХI Халықаралық фестивалі өтеді

Онда танымал өнер иелері барлық түркі халықтарының туындыларын орындайды. Шығыс пен Батысты тамсандырған, Орталық Азия мен Қазақстанның, Анадолы мен Кавказ маңындағы түркі мен Сібір мен Волга маңындағы елдердің ұлттық аспаптарында ойнап, әндерін айтады. Түркі лирикасынан бастап бақсылардың әуендеріне дейін шырқалады. Әртістер "Астана Опера" мемлекеттік опера және балет театрының камералық залында өнер көрсетеді.

Караоке, неке қию және кітап пен поэзия мерекесі

4-6 шілде аралығында қалалық алаңда "Шаттық" халықаралық балалар шығармашылығы фестивалі өтеді.

"Жастар" сарайының жазғы сахнасында 5-6 шілдеде караокеден қалалық ашық чемпионатта Астана қаласы әкімінің Кубогі үшін сайысқа түсуге болады. Сайыс сағат 15.00-де басталады.

Бұл күндері көше биінен халықаралық "International Street dance Session in Astana" фестивалі қалалық алаңда өтеді деп жоспарланған.

5 шілдеде сағат 12.00-де "Атамекен" этно-мемориалдық кешені жанында салтанатты неке қию рәсімі өтеді. Ондаған жас жұпқа естелік сыйлықтар табысталады. Ақ тілектер айтылып, бата беріледі.

Осы күні сағат 10.00-де Абай ескерткішінің жанындағы алаңда оқырмандар мен өлеңқұмарлар "Абай рухы жаңғырған Ұлы дала – Астана!" кітап пен поэзия мерекесіне қатысады. Онда "Менің қолтаңбам" поэзиялық жекпе-жегі, "Величавая столица, Астана!" театрландырылған қойылымы, әдеби фаэтон, "Кел, оқиық" атты би шоуы, "Астана – бағы биік асқарымсың" кітап-иллюстрациясыі экспозициясы, сондай-ақ "Оқитын уақыт) ("Время читать"! промо-акциясы ұйымдастырылады.

Кешке сағат 19.00-де "Астана" концерт залында француз дирижері Филипп Юидің жетекшілігімен симфониялық оркестрдің "Гофманның ертегілері" атты концерт өтеді.

Алтыншы шілдеде:

Фестивальдің ең жарқын бөлігі – оркестрлер шеруі сағат 11.00-ге белгіленген. Шараға қатысушылар Республика даңғылының бойымен Әскери-тарихи музейден "Жастар" сарайына дейін жүріп өтеді. Осы күні сағат 17.00-де ұжымдар қалалың алаңда өтетін қорытынды плац-концертте өнер көрсетеді.

17.00-де Есіл өзені жағасындағы амфитеатрда қала тұрғындары мен қонақтарының алдында венгриялық "Kurazsi" этно-би ансамблі өнер көрсетпек.

Ал КСРО Халық әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, КСРО және Қазақстан мемлекеттік сыйлығының иегері, Социалистік Еңбек Ері Бибігүл Төлегенованың жеке концерті сағат 18.00-де "Астана" концерт залында ұйымдастырылады.

Осы уақытта "Жастар" сарайының жазғы сахнасында елордалық "Моя любимая Астана" фото байқауының жеңімпаздары марапатталады.

Мерекелік концерттер, сондай-ақ Есіл өзенінің жағасында, "Қазақ елі" монументінің маңында, "Бәйтерек" алаңында өтеді.

Джаз музыкасын жақсы көрсеңіз...

Жетінші шілде күні сағат 19.00-де қалалық алаңда италиялық "FORWARD" джаз квартеті өнер көрсетеді.

Бір сағаттан кейін осы жерде "Музыка энергиясы" концерті болады. Сегізінші шілде күні де осы уақытқа қайта жоспарланыпты.

XIV Халықаралық "Еуразия" кинофестивалі

Кинофорум 2018 жылғы шілденің 1 мен 7 аралығында өтеді.

"Сезар" жүлдесінің иегері, франциялық актер Венсан Кассель, 71 Канн кинофестивалінде "Айка" фильміндегі басты рөлі үшін үздік актриса атағын алған Самал Еслямова, серб кинорежиссері жəне актері Эмир Кустурица, Б.Бертолуччидің "Соңғы император" фильмінің монтажы үшін "Оскар" жүлдесін иеленген, режиссер-монтажер Габриэлла Кристиани, танымал франциялық актриса және модель Леа Сейду жəне көптеген басқа да киногерлер қатысады.

MegaSilkWay мен "Хан Шатыр" СОО-тарындағы "Chaplin" кинотеатрлар желісінде конкурстық жəне байқаудан тыс қатысып отырған фильмдер тегін көрсетіледі. Отандық жəне əлемдік кино жұлдыздарының қатысуымен ашылу жəне жабылу салтанаттары өтеді.

Бұдан бөлек...

2-8 шілде аралығында елорданың саябақтары мен спорт кешендерінде спорттың әр алуан түрінен жарыс ұйымдастырылады. Олардың арасында "Астана кубогі" ұшін өтетін бәйге бар.

Сегізінші шілдеде "Қазақ Елі" монументінің алдындағы алаңда қазақстандық және шетелдік әртістер Гала-концерт береді. Ашық аспан астындағы бес сағаттық музыкалық шоуды көрем деушілерге есік ашық.

Қайрат Нұртас, Мәдина Сәдуақасова, Қарақат Әбілдина, Ардақ Балажанова, Қайрат Баекенов және "Формат" тобы және басқалары Астананы туған күнімен құттықтап, әннен шашу шашады.

Қазіргі заманғы музыканың К-поп бағытының жарқын өкілдері Ninety One және оңтүстіккореялық Boyfriend топтарын кеш хэдлайнерлері ретінде көпшілік асыға күтеді.

Сондай-ақ, Астана тұрғындары мен қонақтары үшін 1998 жылы Қазақстанның жаңа елордасын барша әлемге таныстыру рәсіміне қатысқан "На-На" тобы тағы өнер көрсетеді. Бұдан басқа концерт көрермендері мерекелік отшашуды тамашалайды Биыл отшашу 6 шілде күні Бейбітшілік және келісім сарайы аумағында болады. Гала-концерт пен мерекелік отшашу "Хабар" телеарнасынан тікелей эфирде трансляцияланады. Басталуы сағат 20.00-де.

Шілденің 10-ымен 30-ы аралығында:

"Бәйтерек" монументінің алдындағы алаңда ІІ "FOTOfest.KZ" халықаралық фестивалі жұмыс істейді.

20 шілдеде кешке "Жастар" сарайының сахнасында мүгедек балалар арасында "Поющие руки" фестивалі өтеді.

Шілденің 27-сі мен 29-ы аралығында әдеттегідей, бард әншілер Қарағанды тасжолының 17-шақырымында "Причал" мотелінің аумағында "Астана-2017" авторлық әндер фестивалінде бас қосады.

Астанада үш ай бойы "Алпамыс" театрландырылған мега-шоуы қойылады

Елорда көрермендері назарына әуе гимнасшыларына арналған бірегей аспалар, субұрқақтары, арнайы эффектілер және бірегей декорациялармен жабдықталған жоғары технологиялы шоу ұсынылады. Қойылымға әр елден 70 әртіс қатысады.

Оны Астананың 20 жылдығына орай Этноуыл кешенінде бейсенбі мен жұма аралығында, күнде кешке тамашалай аласыз. Билет құны 2-5 мың теңге аралағында болады.

Спортқа әуес жандар үшін

Мерекелік мәдени, концерттік бағдарламалардан басқа түрлі спорт түрлерінен жарыстар өткізіледі.

4-9 шілдеде "Алау" мұзайдын сарайы аумағында оқ атудан Астана қаласының ашық чемпионаты өтеді.

4 және 5 шілдеде "Вавилон" фитнес орталығында спортшыларды кунг-фудан Астана қаласының ашық чемпионатына шақырамыз. Осы күндері "арай" саябағында велоспорттан елорда чемпионаты өтеді.

Шілденің 6-ы мен 8-і аралығында "Дәулет" спорт комбинатында балалар, жасөспірімдер және ардагерлер арасында шинкиокушинкай каратэден ҚР чемпионаты ұйымдастырылады.

6 шілдеде сағат 14.00-де "Қазанат" ипподромында бәйгеден "Астана кубогы" ат жарыс болады. Үлкен (25 шақырым) және кіші (16 шақырым) 2 аламан бәйге елордада санаулы күндерден кейін басталатын "Ұлы Дала рухы" фестивалі аясында өтеді. Жүлде қоры – 20 миллион теңгеы. Оны 25 шақырымда топ жарған ат иесі алады. Ал үлкен аламанда екінші орынға 10 мың, үшінші орынға 5 мың доллар, төртінші орынға 650 мың теңге, бесінші орынға 500 мың теңге тігілген. Ал енді кіші аламанның бас бәйгесі – 10 мың доллар.

22 шілдеде сағат 10.00-де Триатлон паркте "Астана триатлон" ашық қалалық турнирі өтеді.

8 қыркүйекте осы жерде отбасылық дуатлон ұйымдастырылады.

"Елорда жүрегімде" концерті бірнеше жерде қайталанады

Әдеттегідей, мереке күндері қалалық саябақтар бір сәт бос болмайды.

5 шілдеде сағат 15.00-де, 6 шілдеде сағат 13.00-де және 7 шілдеде сағат 13.00-де және 20.30-да Студенттік, Жерұйық саябақтарында "Елорда жүрегімде" концерттері көпшілік назарына ұсынылады.

Сонымен қатар, 6 және 7 шілдеде елорда тұрғындары мен қонақтарын Nomad city hall сарайына "Әзіл әлемі" әзіл-сықақ кешін тамашалай алады.

Шілденің 6-ы мен 8-і аралығында "Бәйтерек" монументінің алдындағы алаңда "Spirit of Astana" халықаралық фестивалі өтеді. Үш күн бойы сахна төрінде 18 ұжым, яғни 120-дан аса музыкант өнер көрсетеді. Биыл фестивальге әлемнің 20 мемлекеті қатысады.

Ботаникалық бақ

Қабанбай батыр даңғылы – Түркістан көшесі – №24 және №26 көшелер тоғысында орналасқан, негізгі ғимараты пирамида пішіндес бақтың жалпы аумағы 92 гектар. Ботаникалық бақты салуға 23 млрд теңге жұмсалса, оның 12 млрд-ы жекелеген инвесторлардың қаржысы. Паркте тропикалық, шөл өсімдіктерін өсіруге арналған жылыжайлар, сондай-ақ суккуленттер бар.


Астанадағы Ботаникалық бақ

Астанадағы Ботаникалық бақ / Фото informburo.kz


Өсімдіктер бақшасында 33 мыңнан астам ағаш, жасанды су қоймасы, веложол, жүгірушілер мен жаяу жүргіншілер жолы бар.

Ботаникалық бақтың жанында абаттандыру аумағы 141 мың шаршы метр болатын қосымша саябаққа 10 мыңнан астам қылқанды және жапырақты ағаштар отырғызылған.

Сонымен қатар, биіктігі 14 метр болатын "Қазақ еліне мың алғыс" монументі таныстырылады. Қазақтың ұлттық киімін киіп, балаларды ойнатып жүрген ана бейнесі қоладан құйылып, жасанды гранит тұғырға орнатылған екен.


"Қазақ еліне мың алғыс" монументі

"Қазақ еліне мың алғыс" монументі / Фото informburo.kz


Қарағанды облысының Астананың 20 жылдығына орай жасаған тартуында Ана образы әртүрлі ұлттардың өкілдер мекендейтін елді бейнелейді. Сондықтан ұлдарының бірі – қазақ, екіншісі – кәріс, ал қыздың бет-бейнесі еуропалыққа келеді.

Ерекше көпір салынды

Көпірді сәулет өнерінің әлемдік үлгісі деуге болады. Жаяу жүргіншілерге арналған ішкі жағына жарық пен көлеңкені ойната қызықты көрініс көрсетеді. Егер жоғарыдан қарайтын болсақ, көпірдің пішіні Атырау облысының символы саналатын балыққа ұқсайтынын көруге болады.

Самал ауданы мен Амфитеатрды байланыстыратын жаяу жүргіншілерге арналған көпіріде арнайы велосипед жолағы да бар. Пішіні жағынан бір-бірін қайталамайтын 2450 жапырақ көпірдің үстін көмкере жабады. Оның жобасын Астананың урбанистика орталығы әзірлеген. Ерекше көпір елорда тұрғындары үшін тағы бір тынығу орнына айналады.


кпернор

Көпір Есіл өзеніндегі жаңа көпір / Фото informburo.kz


Жалпы ұзындығы – 313,5, ені – 10,5 метр көпірдің жаяу жүргіншілерге арналған жолағының - алты метр, велосипедшілерге арналғаны үш метрлік, сондай-ақ ені 0,5 метр болатын қауіпсіздік жолағы мен 0,5 метрлік шарбақты екі жағынан қоршағаны бөлігі бар. Көпір жабындысы үшін литакрил пайдаланылған. Бұл нысан ауа райы жағдайы ескеріле отырып салынған. Оны жобалағанда желдің әсері де есепке алынған. Салмағы – 1920 тонна.

Көпірді және велосипед инфрақұрылымын "Өңірлердің Астанаға тартуы" жобасы аясында Атырау, Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Ақмола және Жамбыл облыстарының әкімдіктері тұрғызды.

Жетісу саябағы

Еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін демалысы үшін барлық жағдай жасалған. Ойын алаңы, тамақтану аймағы, автотұрақ, ұзындығы бір жарым шақырым болатын велосипедшілерге арналған айналма жол мен жүгіру жолдары бөлек.


Бірінші шілдеде Жетісу саябағының салтанатты ашылу рәсіміне Елбасы қатысты

Бірінші шілдеде Жетісу саябағының салтанатты ашылу рәсіміне Елбасы қатысты / Фото informburo.kz


Сатушыны киімінен танисыз

Астананың 20 жылдығын тойлау кезінде көшпелі мерекелік сауда нысандарының сатушылары бірыңғай киім киеді.

Бұл заңсыз саудаға жол бермейді. Сондай-ақ сатып алушылар киім түсіне байланысты кәсіпкерлердің қандай қызмет түрін көрсетіп тұрғанын тез ажырата алатын болады.

Мәселен, аспаздық өнімдерді саудалайтын сатушылар ақ түсті формамен шығады, кофе сататындар – қоңыр, ал балмұздақ саудасындағылар көк түсті киім үлгісін киеді.

Өткен жылдан бері "1000 орын – көше саудасы" бағдарламасына қатысушылар бірыңғай киім киетін, биыл аймақтық ауылшаруашылық жәрмеңкесіне келушілер осылай бірдей киініп шығыпты.

Астана күні 38 градусқа дейін ыстық болады

Синоптиктердің мәліметінше, еліміздің орталық, солтүстік, батыс облыстарында алдағы күндері сынап бағанасы көтеріліп, күн ысиды.

Солтүстік және шығыс облыстарда ең жоғары ауа температурасы 30…38°С, орталық және орталық-шығыс облыстардың кей жерлерінде тіпті 40…43°С ыстық дейін болады деп күтіледі.

Ал атмосфералық фронт батыс облыстарға ығысып, кей жерлерде найзағай ойнайды және қатты жел соғып, өткінші жаңбыр жауады, сондай-ақ күндіз аптап 30…36°С-қа дейін бәсеңдейді, бірақ болжам бойынша, Маңғыстау облысында 40 градустық ыстық мерекеден кейін де сақталады.

Полиция қауіпсіздік шаралары туралы ескертеді

–Тәжірибе көрсетіп отырғандай, барлық тұрғындар мен қонақтардың көбі гала-концертті тамашалағысы келеді. Бұл жерлерде белгілі бір қауіпсіздік шараларын сақтамаса болмайды. Бірінші кезекте бұл бағалы заттарға қатысты. Жастар, қарт адамдардың мұндай жерлерде – 50-60 мыңдай өте көп адам жиналатынын ескермейді. Криминалдық тұлғалар қыспақты пайдаланып, бағалы заттарды – ұялы телефон, құжат, гаджеттер мен қараусыз қалған сөмкелерді білдіртпей алып кетуі мүмкін. Кейбір келушілер үшін мұндай концерттердің соңы өкінішпен аяқталады, – деді Астана қаласы ІІД бастығының орынбасары, полиция полковнигі Сабыр Жүсіпбеков әкімдікте өткен брифингте.

Айтуынша, гала-концерт сол жерге келіп тамашалау міндетті емес. Себебі сол әртістер өзге де алаңдарда өнер көрсетеді.

"Барлық мерекелік алаңдарда әртістер ортақ сценарий бойынша өнер көрсетеді. Бір алаңнан екіншісіне, кейін үшіншісіне, төртінші және бесіншісіне барады", – деді ол.

30 бала жоғалып кеткен

Сондай-ақ ІІД өкілі мұндай концерттерге бала ертіп келмеуге кеңес берді. Бұған дейін өткен Open Air шарасында 30 бала ата-анасынан адасып қалған.

Масайғандар үйде отырсын

Полицейлер гала-концертке келушілерді тексеріп кіргізетін болады. Тыйым салынған заттарды, пиротехниканы, алкогольді ішімдікті, шыны және металл ыдыстағы өнімді алып өтуге, әншілер өнер көрсететін орындарға заттарды лақтыруға, ішімдік ішуге немесе мас күйінде келуге, қоршауларға, жарық беретін құрылғыларға, ағаштар мен шатырларға және басқа да адамдар тұруға арналмаған ғимараттарға мінуге тыйым салынады.

"Егер алкогольді ішсеіз, концертті үйде теледидардан тамашалауыңызды сұраймыз. Мұндай шараларға бәрібір кіре алмайсыз", – деп кеңес берді Сабыр Жүсіпбеков.

Көлік қозғалысы шектеледі

Сонымен қатар, "Қазақ елі" монументі алаңында гала-концерттің өтуіне байланысты Шәмші Қалдаяқов пен Ахмет Байтұрсынов көшелеріне дейінгі Тәуелсіздік даңғылында көлік қозғалысы шектеледі. Осыған байланысты ІІД автокөліктерді алдын ала арнайы бөлінген орындарға қоюды ұсынды.

– Жеке көлігімен келетін көрермендерден ыңғайсыздық тудырмау үшін көліктерін арнайы белгіленген орындарға қоюды сұраймыз. Ол – Әзірет Сұлтан мешітінің және Триатлон парк автотұрақтары, – деді Сабыр Жүсіпбеков.

Үш жарым мың полицей қауіпсіздікті қамтамасыз етеді

Қала күнін тойлау аясында 8 шілдеге дейін 70-ке жуық шара өтеді деп күтіледі. Осыған байланысты қоғамдық тәртіпті және жол қозғалысының қауіпсіздігін сақтауға, елорда тұрғындары мен қонақтарының еркін демалуына қатты мән беріледі.

3500-ден астам тәртіп сақшысы барлығын қадағалап жүреді. Оның ішінде Ұлттық гвардияның әскери қызметкерлері де бар. Сондай-ақ мерекелік іс-шаралар кезінде полицейлерге қоғамдық көмекшілер мен құқық қорғау бағытындағы ұйымдар көмектеседі.

Серіктестер жаңалықтары