Тікелей эфир

Астаналық жиһанкез хоббиін бизнеске қалай айналдырды

Фото Артемның жеке архивінен алынды
Фото Артемның жеке архивінен алынды
Артем Глухонецтің сүйікті ісі – саяхаттау. Осы уақытқа дейін тапқан-таянғанын ел аралау үшін жұмсап келген ол енді ғана сүйікті ісінен пайда көре бастапты.

Артем Глухонецтің жасы 32-де. Үш баланың әкесі. Осы Ақмола облысында туып өскен. Білімі жоғары, Туризм саласында білім алған.

Әкем үш айлық кезімде балық аулауға алып барыпты

– Саяхаттауды бесіктен белім шықпай бастағам деуге де болады. Саяхат мен үшін – өмір салты. Әке шешем қолдары қалт етсе, саяхаттауға асығып тұратын. Мені де ала кететін.

Тіпті үш айлық кезімде әкем мені қолтығына қыстырып балық аулауға апарыпты. Қармағына ілінген балықты алғанша мені қамыстың арасында жатқыза салады екен, сондықтан ең алғашқы табиғатқа саяхатымды үш ай кезімде бастап кеткенмін, содан бері саяхаттап келемін, деп күледі Артем.

"Алты жыл мотоциклмен саяхаттадым"

Артем жасы 18-ге толғаннан кейін алты жылдай мотоциклмен саяхаттаған.


Артем мотоциклмен саяхаттаған кезін сағынады

Мотоциклмен ұзақ жол жүру – Артемның денсаулығына кері әсер етіпті / Фото Артемның жеке архивінен алынды


– Ел кездім, жер көрдім. Бүкіл Қазақстан мен Ресейді айналып шықтым. Одан басқа Моңғолияда, Грузияда, Түркияда, Украинада, Қырымда, Өзбекстанда, Тәжікстанда болдым. Осы елдердің барлығын мотоциклмен араладым, – дейді Артем.

Айтуынша, жастық шақтың жалынымен жүргенде мотоциклден басқа көлікке мінгісі келмеген. Барған жерінің ыстығы мен суығын сезінгісі келген. "Бітеу көліктің ішінде тұмшаланбай, ашық көлікте жүрсең сол елдің халқына бір табан жақын жүресің", дейді ол.

– Жаным табиғатқа жақын болғандықтан, әзірге көрген елдердің ішінде ұнағаны – Грузия. Тауы да, теңізі де бар. Владивосток қаласы да ұнады, –дейді Артем.– Ал жел, шаң-тозаңы көп шөлейт жерлерді аралауды ұнатпаймын. Дегенмен, барлық жерді бір рет көру керек деген ұстаныммен келісемін. Өйткені, саяхаттаудан өмірлік сабақ аласың, көзқарасың қалыптасады.

Оқи отырыңыз: Жарты Еуропаны велосипедпен аралаған астаналық қос Әйгерім енді Жібек жолымен жүріп өткілері келеді

Үйленгеннен соң аяғым тұсалды

– Бойдақ кезде үйге жұмыс істеу үшін ғана келетінмін. Кейін үйленіп, балалы-шағалы болған соң, аяғым тұсалды. Қазір бұрынғыдай заттарымды арқалап, қалаған уақытымда, қайда болса сонда тартып кету жоқ. Әйеліммен, балаларыммен санасамын, алдын ала жоспарлап қана сапарға аттанамыз,– дейді жиһанкез.


Артемның екі ұл бір қыз тәрбиелеп отыр

Артемның үш баласы бар. Кенжесі 2018 жылдың бесінші маусымында дүниеге келген / Фото Артемның жеке архивінен алынды


Артем күні бүгінге дейін тапқан табысын осы саяхаттауға жұмсап келген. Былтыр күзде осы уақытқа дейінгі алған білімі мен көрген-білгенінің бәрін жинастырып, бір істі қолға алуды көздейді.

Екі істі біріктіре келе...

Саяхаттап жүріп ақша табу керек деп шешеді. Ойдағысын жүзеге асыру үшін қамдана бастайды. Ол үшін су жаңа джип көлігін сатып алады да желіге хабарландыру береді.


Артем ұйымдастырған ең алғашқы тур Астананың айналысындағы 300 шақырым айналма жол болды

Артем ұйымдастырған ең алғашқы тур Астананың айналысындағы 300 шақырым айналма жол болыпты / Фото Артемның жеке архивінен алынды


– Саяхаттағысы келетіндер мен ойлағаннан да көп болып шықты,– дейді Артем. – Төрт адамды өз көлігіммен алып жүрдім. Жеке көліктерімен ілесе жүргісі келетіндерді де ерттім. Осылай аптаның әр демалысы сайын адамдар жиналып тұрды. Бір қызығы, бір рет саяхаттаған адамдар, келесіде тағы келеміз деп жатады.


Қорғалжынға қаңтар айында барды

Турдың бағасы ары кетсе 10 мың теңге / Фото Артемның жеке архивінен алынды


– Ұйымдастырған саяхатым бәріне ұнады. Алдағы жазда осы істі жетілдірсем деген ниеттемін. Өйткені, елімізде көркі көз тартар көрікті жерлер көп. Соларды аралап, насихаттағым келеді,– дейді астаналық саяхатшы.

Жаңа формат

– Мен ұйымдастырған тур экскурсия сияқты өтпейді. Бәрі достық атмосферада. Сондықтан мен оны бизнес деп айта алмаймын. Бірақ бұл істі дамытқым келеді. Егер алдағы уақытта тұрақты табыс әкеле бастаса, тіркеу керек. Әзірге хобби. Жанармай мен тамақтың ақшасын бөліп шығарып жүрміз деуге болады.

Әдетте мен күндізгі турға әркім өзімен бірге тіске басарын ала жүрсін деп айтамын. Бәрімізге жететіндей қылып өзім де ала шығамын. Егер қонатын болсақ, алдын ала қонатын үй не болмаса демалыс базасын қарастырып қоямын. Тамақтанатын жер болса тіпті жақсы. Мысалы Зерендіге барғанда, үш мезгіл тамақтандыратын демалыс базасында тұрақтады. Кейбір жалдамалы үйлерде өзіміз тамақ істейміз. Бірақ далада от жағып тамақ істеу енді ғана бір-бірімен танысып жатқан адамдарға қиындау. Мысалы, бір топ балықшымен саяхаттадым. Олар табиғатқа шығып үйренген. Өздерінің қазан-ошақтары дайын екен. Ол кезде далада тамақ істедік. Бәрі компанияға байланысты. Жалпы адамдар да жолға дайындықсыз шықпайды, – дейді Артем.

Отызға келіп, орда бұзбасам да...

Еліміздің ішкі туризіміне өз үлесімді қосып жүрмін деп айта аламын. Өйткені жергілікті халқы білмейтін көрікті жерлерді көрсетемін. Кейбіреуі суреттерден керемет табиғатты көріп таңғалады.

Тіпті көбі "Күнде ары-бері өтіп жүрсек те, көз алдындағы кереметті қалай көрмей жүргенбіз", – деп жатады.

Қазақстанда эко–этнотуризмді дамытуға болады

– Қазақстанның табиғаты керемет, тек бізде соны дұрыс пайдалана алмайды. Табиғатымыз қоқыстың астында қалып жатыр. Насихат жоқтың қасы. Кейбір тарихи объектілеріміздің астан-кестеңі шығып жатыр.


Маңғыстау облысында

Маңғыстау облысында / Фото Артемның жеке архивінен алынды


Этнотуризм туралы да ешкім жақ ашпайды. Қазақ ұлтының этникалық ерекшеліктерін ұмытпау керек. Қарапайым ғана киіз үйде кез келген шет елдік турист өмір сүріп көре алатын мүмкіндік жасау керек. Жаңа ештеңе ойлап таппай-ақ, ескімізді жаңғыртсақ жетіп жатыр.

– Өкінішке қарай, бізде туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ешқандай қызмет жоқ. Адам өміріне қауіп төнсе, тек төтенше жағдайлар қызметіне хабарласа аласыз.

Егер көлігіңіз айдалада тұрып қалса, сіз төтенше жағдайлар қызметіне жүгінесіз. Олар адамдарды эвакуациялайды. Ал техникаңыз қала береді. Тіпті байланыстың өзі көп жерде жоқ.

Меніңше барлық туристер мен саяхатшылар үшін көмек беретін бірегей орталық құрылса туристік қызмет жандана түсер еді. Мәселен жедел жәрдем, полиция тіпті Төтенше жағдайлар министірлігі сол орталықпен байланыста отырып, бірігіп жұмыс істесе, ішкі туризмге сенім молаяр еді, – дейді Артем.

Мен үшін қауіпсіздік бірінші орында...

– Әр жорықта маған ерген әр турист үшін жауапкершілік арқалап жүрмін. Сондықтан жолға шығардан бұрын қауіпсіздік техникасымен мұқият таныстырамын. Жолда әйнекті ашып аяқ-қолдарын шығарып отыруға тыйым саламын.

Осы салада білім алғандықтан, алғашқы медициналық көмекті өзім көрсетемін. Арнайы дәрі қобдишамды ды сайлап алғам, – дейді Артем. – Жолда жүргендіктен біреу қолын кесіп алуы, біреудің тамаққа улануы, қызуы көтеріліп, жөтеліп қалуы да мүмкін.

Тау не орманға шыққанда бір бірінен алыстап кетпеуін де қадағалап отырамын. Бәріміз бір-бірімізді көріп жүруіміз керек, ешкім тасада қалмасын деп айтып отырамын.

Мотоциклмен саяхаттап жүргенде өзіме арнайы спутниктен жұмыс жасайтын трекер сатып алғам. Ол байланысты қажет етпейді. Қарапайым навигатор тәрізді. Спутник арқылы үнемі сигнал беріп тұрады. Ал маған сілтемесі бар кез келген пайдаланушы менің қайда екенімді картадан көре алатын. "Мен осында қонамын", "менде бәрі жақсы" немесе "маған көмек керек" деген сияқты қысқа хабарлама жіберетін функциясы да бар.

Әрбір саяхат өзінше ерекше

Саяхатқы шығатын адамдар әр түрлі. Бірі табиғатқа шығып, таза ауада тамақтанғанға мәз. Екіншісі жолсапар шытырманды болғанын қалайды – оқиғаны өзі іздеп тұрады.



– Осы Астана маңындағы Ақкөлге барғанда, көлігім батпақтап қалғанда біріміз күрек ала жүгіріп, тағы бір-екеуі жұмыла итеріп, әбігер болдық. Кейбіреуіне көлік итерген қатты ұнапты, – деп күледі Артем.

– Жуырда Қорғалжыңға бардық. Алдын ала таныстарымды салып жүріп қонақ күтетін үйден (гостевой дом) қазақтың дастарханы жайылып, түскі асын дайындап қойсын деп тапсырып қойдым. Ойдағыдай қарсы алды. Мәз-мәйрам болып қалдық.

Ең қиыны – үйден шығу

– Саяхаттағысы келетін адам неден бастаймын, қалай бастаймын деген сұрақтарға басын көп ауыртпағаны дұрыс. Ештеңеге қарамай бастап кету керек. Мысалы, Астана аумағынан өтіп жатқан Есіл өзенінің бір шетінен екінші шетіне дейін жаяу өтіп шықсын. Міне саяхат деген осы.

Немесе велосипедке отырып Вячиславксий су қоймасына барып келіңіз. Шағын велотур болады. Бастысы ниет, қолымнан ештеңе келмейді деп отырғанша бастап кетіңіз,– дейді Артем.

Оқи отырыңыз: Шымкенттік жігіт 100 доллармен бүкіл Еуропаны аралап, өзі армандаған Исландияда болып қайтты

Арманым – кез келген саяхатшының көңіліндегі сияқты

– Норвегияны бір айналып келсем деген ой бар. Ол жақтың табиғаты өте сұлу. Тек барудың машақаты көп. Өйткені мен турист емес – саяхатшымын. Мәселен, виза алу үшін тұрақтайтын орныңнан бастап, барлық маршрутыңды алдын ала жоспарлау керек. Ал ол менің форматыма сәйкес келмейді, – дейді Артем.

– Дүниежүзілік саяхатқа аттану. Көп жерді аралап көрсем де, мен барып көрмеген құрлықтар бар. Маған қандай көлікпен саяхаттау маңызды емес. Мен машинамен де, мотоциклмен де, велосипедпен де, тіпті жаяу да (автостоппен) болсын жүре беремін. Мысалы, менің украиналық танысым бар. Үйінен мотоциклмен шығып кетіп дүниежүзін шарлап, 13 жылдан соң оралған. Ол әлемдегі барлық қалаларда болған. Менің де арманым сол.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары