Тікелей эфир

Астанада шаршы метрі 180 мың теңге тұратын пәтерлер сатылымға шығарылады. Жаңалықтарға шолу

Еліміздің орталығында берілетін білімнің шалғайдағы білімінен айырмашылығы көп. Қазақстан "Союз" зымыранының апатына қатысты Ресейден өтемақы талап етпейді.

9 желтоқсаннан бастап пойыздардың жаңа кестесі енгізіледі

Осы күннен бастап күнара жүретін "Қарағанды – Томск-2" бағытындағы №363/364 пойызын жолға шығару жоспарланып отыр. "Ташкент – Мәскеу" бағытындағы №349/350 пойызы Бейнеу – Атырау – Қиғаш арқылы аптасына бір рет жүретін болады.
"Алматы-2 – Маңғыстау" бағытына қатынайтын №377/378 пойызының жол жүру уақыты 4 сағатқа қысқартылды. Жолаушылар пойызы қозғалысының кестесіне қатысты ақпаратты анықтама қызметінің "105" нөміріне қоңырау шалып білуге болады.

Бала-бақша тәрбиешілерінің жалақысы көтеріледі

Бұл туралы Білім және ғылым министрі Е.Сағадиев мәлімдеді. Айтуынша, елімізде мұғалімдер сияқты бала-бақша тәрбиешілері де 2019 жылдан бастап ұлттық біліктілік тестерін тапсырады. Нәтижесі бойынша олардың айлықтары 30-50 пайызға артатын болады.
Министрлік сонымен қатар барлық тәрбиешілердің санатын В3-тен В2 блокқа көтеру ұсынысын дайындапты. Бұл олардың айлығын орташа есеппен 25-30% өсіруге мүмкіндік беретін көрінеді.

Дүниежүзілік банк Қазақстанның даму жағдайына баға берді

Еліміздегі оқушылардың білімі арнайы шкала бойынша – 537 балға бағаланды. Әлемде ең үздік білім беру жүйесінің балы – 625 екен. "Бүгінде Қазақстанның білім беру саласына салатын қаржысы ЖІӨ 3,6%-ын құрайды. Бұл – аса жоғары көрсеткіш емес. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінде бұл көрсеткіш 3-4 есе жоғары. Қазақстанның орталығында берілетін білімнің шалғайдағы білімінен айырмашылығы көп. Қазақстанға мектептердің 4/3-і өңірлерде орналасқандықтан бұл көрсеткішті теңестіру міндетті болып табылады", – дейді банктің Орталық Азиядағы адам капиталы бойынша бағдарламасының жетекшісі С.Айрапетян.

Қазақстан "Союз" зымыранының апатына қатысты Ресейден өтемақы талап етпейді

Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Б.Атамқұлов бұл жағдайды "Роскосмостың" техникалық мәселесі деп мәлімдеді. Министрдің айтуынша, 47 шақырым биіктікте болған апаттан ешқандай зиян келмеген. Ал, экологиялық сынамалар қалыпты жағдайды көрсетіпті. Табиғатқа қауіп төндірмеген.

"Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі"-нен (ТҚЖБ) алған несиенің артық төлемі миллион теңгеге жетпейді

10 млн теңге тұратын баспананың қарызына 879 мың теңге артық төлем жасайды. Бұл үшін банктегі шотына баспананың 50%-ын құю керек. Несие мерзімі – 10 жыл. Ай сайынғы төленетін сома – 41 440 теңге.

Банктің баспасөз қызметі хабарлағандай, жинақ жүйесін бүгінге дейін 1,2 млн қазақстандық пайдаланған. Клиенттердің баспанаға жинаған жинақтарының сомасы – 562,3 млрд теңге. Астаналықтардың (170 мың адам) депозит ашуда белсенділігі байқалады.

Қазір банк 364 пәтерді пулға шығарып жатыр. Пәтердің 1 шаршы метрінің құны – 180 000 теңге. Пәтерлерді сатып алу үшін ТҚЖБ клиенті болу керек. Әрі депозитте пәтер құнының 20% жинау қажет. Несие 5% жылдық мөлшерлемемен беріледі. 2019 жылы Астанада мемлекеттік бағдарламаға сай тағы 1825 пәтер сатылымға шығарылады.

Тегін дәрі-дәрмектің жоқтығына шағым жолдау үшін Call-орталықтар жұмыс істей бастады

1439 – жаңа бірыңғай байланыс орталығына еліміздің әр түкпірінен тегін қоңырау шалуға болады. Операторлар тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде ем қабылдап жатқан және диспансерлік есепте тұрған пациенттерге берілетін тегін дәрілердің көлеміне, жеткізілу мерзіміне қатысты т.с.с. бірқатар сұрақтарға жауап беруге дайын. Келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап емханалардағы тегін дәрілер туралы электронды анықтама іске қосылады.

Қазақстаннан кеткендер БЖЗҚ-ғы шоттарынан 24 млрд теңге жинақтарын алып алған

Биыл отанын тастап, шетел асқан 16 мың қазақстандық жинақталған зейнетақы қаражаттарын түгелдей шешіп алған. Одан бұрын салымшы елден кетуіне байланысты барлық процедуралардан өтеді. Несие, алимент бойынша берешектерінің жоқтығын растайды. 2017 жылдың қаңтар айынан бастап талап өзгерді. Шетелге кететіндерді енді жеке тұлғалардың мемлекеттік деректер қорынан тексеретін болды.

Қазақстанның басқа БАҚ не жазды:

Іnform.kz: Еліміздегі жас отбасылардың 15%-ы бала сүйе алмайды. Бедеулікке қарсы емделетіндердің 5%-ы ұрпақсыз қалады. Бұрын баласыздық мәселесіне әйелдердің бедеулігі себеп деп есептеліп келсе, бүгінде мамандардың пікірінше, осындай жағдайлардың 45%-ы еркектердің белсіздігінен. Баласыз жүрген жұптардың тең жартысына жуығы ер адамдардың ұрықтарының жансыздығынан сәби сүйе алмаған.
Kaztrk.kz: Биыл Кореяда заңсыз жүрген 4 қазақстандық қайтыс болған. Тағы 7 адам қылмыстық іс бойынша Корей түрмелеріне түскен. Қазір мұнда 31 216 Қазақстан азаматы тұрады. Оның 38%-ы немесе 11 860-ы - заңсыз жұмыс істеп жүргендер. Қазақстанның Кореядағы елшілігі оларға "жасыл дәліз" режимін пайдаланып, елге қайтуға кеңес береді. Биыл 9 айда Корей тарапы 700-ден астам отандасымызды күшпен елге қайтарған.

Baq.kz: Алдағы үш күн жауын-шашынды болады. Солтүстік және орталық облыстардағы суық атмосфералық фронт оңтүстік, оңтүстік-шығыс және шығыс облыстардағы ауа райына ықпал етеді. Мұнда жауын-шашын, қар, тұман, көктайғақ және температура төмендейді. Республиканың батыс облыстары антициклон аясында болады. Сондықтан мұнда жауын жаумайды, ауа температурасы шамалы көтеріледі.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары