Алматы түгел жарықтандырылып, 8 мыңнан астам пәтер беріледі. Сағынтаев тұрғындарға тағы қандай уәде берді?

Алматы әкімі баспасөз қызметінің фотосы
Алматы әкімі баспасөз қызметінің фотосы

Талғар мен Қаскелеңге қатынайтын жолдарды төрт жолақты ету және электр пойыздарын іске қосу жоспарланып отыр.

Бүгін Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қала тұрғындарына есеп берді. Әдетте халықпен кездесуін 3 мыңнан астам адам сыятын ғимаратта өткізетін шаһар басшысы пандемияға байланысты тұрғындармен әңгімені онлайн форматта өрбітті. Ол өткен жылы мегаполисте атқарылған жұмыстарды баяндап, қала билігінің биылғы жоспарларына тоқталды.

Informburo.kz қала әкімінің есептік кездесуінде көтерілген маңызды мәселелерді ұсынады.

Алматы әкімі баспасөз қызметінің фотосы
Алматы әкімі баспасөз қызметінің фотосы

Биыл кезекте тұрғандарға 8 мыңнан астам пәтер беріледі

Алматы тұрғындарын мазалайтын маңызды мәселенің бірі – баспананың қолжетімділігі. Бақытжан Сағынтаев биыл қаланың 8 292 тұрғыны пәтерлі болатынын айтып сүйінші сұрады. Әкімнің хабарлауынша, пәтерлер төмендегі тәртіппен үлестіріледі:

  • 3 578 пәтер – "Шаңырақ" бағдарламасы бойынша;
  • 1 411 – "Кредиттік баспана" бойынша;
  • 1 050 пәтер – жұмысшы жастарға;
  • 1 000 пәтер – "Алматы жастары" бағдарламасы арқылы;
  • 452 пәтер – көп балалы отбасыларға;
  • 427 пәтер – халықтың әлеуметтік осал топтарының өкілдеріне;
  • 374 пәтер – "Бақытты отбасы" бағдарламасы бойынша бөлінеді.

Жақын арада аталмыш бағдарламалардың толық ережелері жарияланады. Айта кетерлігі, "Алматы жастары" бағдарламасы бойынша былтырғы санаттардан бөлек тағы да қосымша мамандықтар қосу қарастырылып жатыр. Сондай-ақ, несие сомасын ұлғайту да көзделген.

2020 жылы қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету мақсатында 2 948 пәтер бөлінді. Сонымен қатар, 1 000 тұрғын "Алматы жастары" бағдарламасы бойынша жеңілдетілген несие арқылы баспанаға қол жеткізді. Қала әкімінің тапсырмасымен Алматыда жұмыс істейтін жас мамандар осы бағдарламаға алғаш рет қалада тіркеуі жоқ болса да қатысқан болатын.


Оқи отырыңыз: "Жастарға – жаңа тұрғын үй бағдарламасы". Алматы әкімінің тұрғындармен кездесуінен репортаж


Жаңа 8 мектеп салынады

Әкімнің айтуынша, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту биыл да жылы жалғасады. Жоспар бойынша, қалада 8 мектеп және 17 мектепке жапсарлас құрылыс салу есебінен қосымша 20 700 оқушы орнын ашу көзделуде. Сонымен қатар, 640 мектепке дейінгі орын пайда болады. Ата-аналар төлемін субсидиялау үшін қалалық бюджеттен 1 млрд теңге бөлу жоспарланған. Бұл балабақшаларда қосымша 5 мың орын құруға мүмкіндік береді.

Ал қадамдық қолжетімді жерден медициналық қызметтермен қамтамасыз ету үшін Жетісу және Түрксіб аудандарында 2 отбасылық-дәрігерлік амбулатория салынады. №7 Қалалық клиникалық аурухананың жаңа корпусы-қосымша құрылысы, сондай-ақ, балаларға шұғыл көмек көрсету орталығының операциялық блогы бар жаңа корпус пайдалануға беріледі.

"Бір терезе" қағидаты бойынша мемлекеттік және жеті мемлекеттік емес қызметтің 42 түрін ұсынатын Әлеуметтік қызметтер үйі ашылады. 14 кортқа арналған теннис орталығы пайдалануға беріледі және 6 дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынады.


Оқи отырыңыз: "Аңсаған сәби" аясында ЭКО-ға жылына 7 мың квота беріледі. Оны қалай алуға болады?


Сәби сүйе алмай жүрген алматылық әйелдерге ЭКО-ға 800 квота бөлінді

Алматылықтар Бақытжан Сағынтаевтан экстракорпоралды ұрықтандыруға бөлінген квота жайлы да сауал қойды. Әкімнің хабарлауынша, өткен жылы қалада ЭКО-ға 130 квота бөлінген болса, биыл Алматыға 800 квота бөлінген. Сәби сүй алмай жүрген отбасыларды ЭКО-ға жіберу туралы шешімді қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасы жанынан құрылған арнайы комиссия қабылдайды. Бүгінгі күні кезекте 700-ден астам әйел тұр екен.

"Алматыға 800 квота бөлінді. Оған қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы жауапты. Келесі жылы 300-350 квота деп министрлік тарапынан жоспарланып отыр. Республикалық бюджеттің тарапынан келіп жатқан қаржы. Оның кімдерге берілетіні құрылып жатқан комиссия арқылы мамандармен бірге басқарманың төңірегінде шешіледі", – деді қала әкімі. 

Айта кетсек, "Аңсаған сәби" мемлекеттік бағдарламасы ағымдағы жылдың қаңтар айынан басталды. Осы бағдарлама аясында елімізде ЭКО-ға жылына 7 мың квота беріледі. 


Оқи отырыңыз: 2020 жылы Алматы түгел жарықтандырылады. Қаланы тағы қандай өзгеріс күтіп тұр?


Алматы биыл түгел жарықтандырылады, 40 шақырымнан астам жаңа жол салынады

Былтырғы есептік кездесуде тұрғындарға "2020 жылы Алматы түгел жарықтандырылады" деп уәде еткен әкім пандемияға байланысты бұл уәде орындалмағанын айтты. Ол қолда бар ресурс пен күштің едәуір бөлігі коронавируске қарсы іс-қимылға жұмсалғанын жеткізді. Сондықтан өткен жылы қаланың қараңғы көшелеріне түгел жарық орната алмаған қала билігі "бұл жұмыстар биыл жасалады" деп сендірді. Сағынтаев қалада қалған 601 көшені 2021 жылдың соңына дейін жарықтандыруды уәде етті.

"Былтыр есеп жүргізгенде жарықтанбаған көшелердің саны 2000-ның үсітен шығып кетті. Бізде соның жарық жүргізілмей қалғаны 600, 1400 көшені біз бітірдік. Төрт аудан толығымен жарықтандырылды. Бірінші жартыжылдықтың соңына дейін барлық осы 600 көшеде жұмыстар аяқталады. Қаржы бар, мердігерлер жұмысын жасап жатыр. Аудан әкімдері бұл мәселені қадағалап отыр", – деді Бақытжан Сағынтаев.

Әкімнің мәлімдеуінше, "Жаңа Алматы" кешенді жоспары аясында инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамыту да жалғасады. Жоспарда 40,4 шақырым жаңа жол салынып, 200 шақырымнан астам жолды орташа жөндеуден өткізу бар. Сонымен қатар, құрылысы ұзаққа созылған үш жол айрығының құрылысын жалғастыру және төрт көшені тесу бойынша жобалар жоспарлануда. Әрі "Сарыарқа" және "Достық" метро стансаларының құрылысын аяқтау және "Қалқаман" стансасының құрылысын жалғастыру көзделуде.


Оқи отырыңыз: Алматыда метроның "Достық", "Сарыарқа" бекеттері бітпей жатып, "Қалқаманның" құрылысы басталды


50 мың жаңа жұмыс орны ашылады

Халықпен есептік кездесуі кезінде тұрғындар тарапынан қалада жұмыспен қамту, жаңа жұмыс орындарына қатысты сауалдар қойылды. Алматы әкімі пандемия кезінде қиын жағдайға тап болған халыққа қолдау шаралары көрсетілетіндігін және халықты жұмыспен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті.

"2021 жылға Жұмыспен қамтудың жол картасын іске асыру жалғасуда, жаңа жұмыс орындарын құру жоспары шамамен 50 мың бірлікті құрайды, оның 30 мыңы тұрақты. Қала экономикасының 34 пайызы саудадан тұрады, сондықтан ол карантин кезеңінде  төмендеді. Бізге қызметтің басқа бағыттарын дамыту қажет. Олар: қызмет көрсету саласы, цифрландыру және т.б. Біз өз тарапымыздан кәсіпкерлерге қаржылай көмектесеміз. Қосымша жұмыс орындарын құру үшін несие береміз", – деді Бақытжан Сағынтаев.

Қалада жұмыссыздарды қысқа мерзімді кәсіптік оқыту бойынша жұмыс жалғасуда. Онда өткен жылы мыңнан астам азамат жұмыспен қамтылды. Курстарды аяқтағаннан кейін түлектер тұрақты жұмысқа жіберіледі. Бүгінде олардың 66%-дан астамы жұмысқа орналасқан.


Оқи отырыңыз: "Алматы-2050": алғашқы бес жылдықта қанша қаражат жұмсалады?


Алматыдан Талғар мен Қаскелеңге қатынайтын жолдар төрт жолақты болады

Бақытжан Сағынтаев қала тұрғындарының экологияны жақсарту шаралары туралы сұрақтарына жауап берді. Халықты әсіресе зиянды қалдықтар бөлетін  2-ЖЭО-ның қашан газға көшірілетіні және көлік кептелісі мазалап отыр. Әкімнің айтуынша, көлік кептелісін азайту мақсатында бірқатар жоспарлар құрылған. Мәселен, Талғар мен Қаскелеңге қатынайтын жолдарды төрт жолақты ету және электр пойыздарын іске қосу.

"Бізде 500 мыңнан астам көлік тіркелген және күн сайын қалаға 250 мыңнан астам көлік кіреді. Біз пандемия кезінде ауа тазарғанын көрдік. Қапшағай, Талғар, Қаскелен тарапынан кептеліс болмауы үшін біз қала бойынша жолайрықтар салып жатырмыз. Индустрия министрлігімен жолдарды кеңейту мәселесін пысықтап жатырмыз. Біз қала маңынан электр пойыздарын іске қосуды ұсындық, қазіргі уақытта жеке қаражат есебінен Талғар бойынша келіссөздер жүріп жатыр. Дәл осындай жұмысты Қаскелең жағына қарай жүргізіп жатырмыз", – деді Бақытжан Сағынтаев.

Әкім қала экологиясына орасан қауіп төндіріп тұрған 2-ЖЭО газға көшіру бойынша жұмыстар жасалып жатқанын қуана хабарлады. Ол 2022 жылдан бастап әрбір алты ай сайын 2 қазандықтан жаңғырту жүргізілетінін мәлімдеді.

"Ең бастысы, 2-ЖЭО газға ауыстыру туралы шешім қабылданды. Өткен жылы бұл мәселе шешілді. Газға көшірудің әртүрлі схемалары болды, биыл "Самұрық-Энерго" АҚ жобалау-сметалық құжаттаманы дайындауда. 2022 жылдан бастап әрбір алты ай сайын екі қазандықтан жаңғырту жүргізіледі. 2025 жылдың соңына қарай барлық сегіз қазандық агрегатын газға көшіруді аяқтау жоспарлануда. Қаржыландырудың тиісті схемасы мен газ жеткізу көлемін Үкімет шешіп үлгерді, Энергетика министрлігі "Самұрық-Энерго" АҚ-мен бірге бұл мәселемен айналысып жатыр. Біз қала тұрғындарына бастаманы қолдағаны және бұл мәселені үнемі қадағалап отырғандары үшін алғысымызды білдіреміз", – деді әкім.

Бұған қоса, қаланың экологиясын жақсарту үшін 2019 жылы "Жасыл Алматы" бағдарламасы қабылданды, оның аясында үш жыл ішінде 1 миллион ағаш отырғызу жоспарлануда.


Оқи отырыңыз: Бақытжан Сағынтаев: Карантин кезінде Алматы экономикасы 9,2%-ға төмендеді


Қалаға кіре берісте 19 экобекет орнатылады, 350 мың ағаш егіледі

Есептік кездесу барысында мегаполистің экологиялық жағдайын жақсарту жөніндегі ұзақ мерзімді міндеттер мен жоспарлар айтылды. Қала билігі Алматыны жасыл желекке айналдыру үшін биыл 350 мыңнан астам тал егуді қолға алмақ. Сондай-ақ шеткері жерлерде 5 жаңа саябақ салуды, қалаға кіре берісте 19 экопост орнатуды жоспарлауда. Бұдан былай мегаполистің автопарктеріне дизель техникасын сатып алуға түбегейлі тыйым салынып, қоғамдық көлікті біртіндеп газ бен электр энергиясына ауыстыру көзделген.

"Алматыэлектротранс" коммуналдық автопаркі 150 автобус жеткізуге келісімшарт жасады. Алғашқы 41 автобус бағыты жолға шықты. Қалған 109-ы жақын арада келеді. Сонымен қатар, жеке тасымалдаушылар 83 автобус, соның ішінде 38 электробус сатып алуды жоспарлап отыр. Осылайша биыл жолаушылар тасымалы паркін экологиялық таза 233 бірлікке жаңартамыз", – деді Бақытжан Сағынтаев.


Оқи отырыңыз: Алматыда дизайн кодының жобасы таныстырылады. Қала келбеті қалай өзгереді?


Үлкен Алматы өзенінің жағалауы абаттандырылады

Кездесу барысында Бостандық ауданының тұрғыны Үлкен Алматы жағалауын абаттандыру мәселесін қозғады. Ол өзен сағасының қоқысқа толып жататынын және тынығушыларға тиісті жағдай жасалмағанын сөз етті. Осы ретте Бақытжан Сағынтаев биыл Үлкен Алматы өзенінің жағалауы абаттандырылатынын мәлімдеді.

"Биыл жаяу жүргіншілер аймағын тазарту, дуалдар мен қоршауларды дұрыс жасау, әл-Фарабиден Сайранға дейін серуендеу аймағы жеткілікті үлкен болуы үшін жарықтандыру жобасын жасауды жоспарлап отырмыз. Қазіргі уақытта селден қорғау бөгетінен Сайран көліне дейін өзенді жайластыру бойынша жобаны әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Осылайша, тауларды, Тұңғыш Президент саябағы мен Сайран көлін өзара байланыстыра отырып, жасыл дәлізді қалпына келтіруге, желдетуге арналған дәлізді қамтамасыз етуге және инклюзивті қауіпсіз орта құруға мүмкіндік болады", – деді әкім.

Мегаполис басшысы қала тұрғындарын Жасыл экономика басқармасымен бірлесіп осы жұмысқа қатысуға шақырды. Абаттандыру жұмыстары келесі жылы басталады. Жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуді аяқтау желтоқсан айына жоспарланған.

Серіктестер жаңалықтары