Тікелей эфир

Бүгін Алматыда дизайн кодының жобасы таныстырылады. Қала келбеті қалай өзгереді?

Фото shutterstock.com сайтынан алынды
Фото shutterstock.com сайтынан алынды
Бүгін 18:30-да Q-lab зертханасында Алматының дизайн коды бойынша қоғамдық тыңдау өтеді. Құжат 2020 жылдың қаңтарында бекітіледі деп жоспарланып отыр.

Алматыны бірыңғай дизайн коды бойынша көріктендіріп, сәулетін біркелкілендіру жұмысы 2017 жылы басталған болатын. Алғашқы құжатқа сәйкес, қаланың орталық бөлігі айтарлықтай жаңарды. Жаяу жүргіншілер қажеттіліктеріне басымдық беріліп, бірқатар көшенің сәулеті бірыңғай үлгіде жасалды. Жарық шамдары, көше мүліктері мен қоқыс жәшіктеріне дейін бір стильде орнатылып, көгалдандыру жұмыстарына көңіл бөлінді. Енді бұл жұмыстарды алып шаһардың барлық аумағында жалғастыру көзделіп отыр. Ол үшін 2020 жылдың қаңтарында жалпы қалалық дизайн коды енгізіледі. Бұл не код және ол нені реттейді? Алматының келбеті қалай түрлене түседі? Бұл сұрақтарға іnformburo.kz тілшісі жауап іздеді.

Дизайн коды дегеніміз не?

Дизайн коды қаланың сәулетін айқындайтын құжат, жеңіл тілмен айтқанда, қаланың "бренд кітабы". Онда ғимараттардың сыртқы қасбетінің үлгісі қандай болу керектігі, оның түсі, құрылыс жұмыстарына қолданылатын материалдар, сондай-ақ, көшелердің де қалай біркелкі көріктендірілетіні (сәулет пішіні, жарық шамдары, жерге төселетін қыртастар (брусчатка) пішіні және тағы басқа) тәртіптелген. Ережелер жиынтығының жобасында көпқабатты тұрғын үйлердегі балкондар мен кондиционерлерді орнату, қала ғимараттарында сыртқы жарнама бильбордтарын, плакаттарын бекіту талаптары да қамтылған. Көлік, велосипед жолдары мен автотұрақтардың стандарттары да ескеріліп, дүкен мен киоскілерге және жекеменшік жер үй иелеріне қойылатын талаптар да көрсетілген. Яғни, құжатты әзірлеушілер қаланың көркін біркелкілендіру ережелерін толық қамтуға тырысқан.

Оқи отырыңыз: Болашақта Алматы үздік жүздікке кіреді. Қала әкімі тағы қандай жаңалықтарды айтты?

Алматының дизайн коды 2020 жылы бекітіледі

Аталмыш құжат Алматыда 2020 жылы бекітіледі. Құжат жобасын әзірлеген урбанистер Канада үлгісін негізге алыпты. Яғни, қаланы «тұрғындарға жайлы ету» және «қақпасыз қалаға» айналдыру қағидаттарын ұстанған. Алғашқы кезекте қала тұрғындарына дизайн кодына енетін ережелердің бірнеше нұсқасы ұсынылады. Көпшілік талқылауынан соң, құжат толықтырылып, бекітіледі. Міне, содан кейін қала тұрғындары мен кәсіпкерлері құжат ережелерін сақтауға тиіс болады. Тиісінше, тұрғындар ғимарат сыртын қалаған түске бояп, өз еркінше әрлеу жұмыстарын жүргізе алмайды. Тәртіпке бағынбағандарды жауапкершілікке тартып, оларға айыппұл салу мәселесі де қарастырылып жатыр.


Қаладағы ғимараттардың сыртқы келбеті үйлесімді стильде көркемделеді / суретті Алматы қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасы ұсынды


Алматының дизайн коды қаланың электрондық картасына енгізіледі. Яғни, қала тұрғындары бұл ресурқа кіріп, рұқсат етілген үлгілермен таныса алады. Мекен-жайы бойынша кез-келген ғимаратты тауып, оның төлқұжатымен және ол ғимаратқа қатысты барлық талаптармен танысуға мүмкіндік жасалады. Бұл бір жағынан тұрғындардың өздері үшін де тиімді: жөндеу жұмыстарын жасарда бұрынғыша қыруар құжат жинап әуре болмайды.

"Бізде рұқсат қағаздары өте көп. Фасад өзгертуге бір, құрылысқа келісу үшін екінші құжат талап етіледі. Әрқайсын түгендеуге, әрине, көп уақыт қажет. Дизайн коды енгізілсе, қағазбастылық та қысқарады. Біз жобаны жасауда әлемнің көптеген елінің тәжірибесін зерттедік. Мәселен, Канадада әр ғимараттың өз төлқұжаты бар. Ол құжатта ғимаратқа қатысты толық ақпарат беріледі. Мәселен, ғимараттың терезесі, оған орнатылатын тордың да өзіндік талаптары бар. Тиісті сызбалар электронды нұсқада сақталған. Оны тұрғындар өздері көріп, ешбір рұқсат қағазынсыз, талапқа сәйкес келетін өзгерту жұмыстарын жүргізе алады. Біз де осы тәсілге көшеміз", – деді Алматы қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы Алмасхан Ахметжанов.

Көпқабатты тұрғын үйлердің дизайны

Қазір Алматыда көпқабатты тұрғын үйлердің басым бөлігінің эстетикалық келбеті көріксіз. Пәтер иелері балкондарын өз бетінше әртүрлі материалмен қаптап, түрлі түске бояған. Пәтерлерінің сыртқы қасбетін үйін жылыту мақсатында сұрықсыз етіп қаптайтындар да бар. Оның мысалын төмендегі суреттен айқын көруге болады.


Алматыдағы үйлердің сыртқы келбеті әртүрлі

Алматыдағы үйлердің сыртқы келбеті әртүрлі / суретті Алматы қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасы ұсынды


Алдағы уақытта мұндай еріктілікке жол берілмей, көпқабатты үйлердің бастапқы кезіндегі келбетін бұзуға тыйым салынады. Мәселен, енді:

  • Балкондар мен лоджияларды өзгертуге;
  • Фасад және балконды дизайн кодында рұқсат етілмеген түске бояуға;
  • Балкон жақтауына гүл отырғызатын ыдыс және кір жаятын темір орнатуға;
  • Өз еркімен күнқағар жасауға;
  • Антенна орнатуға;
  • Кондиционерлерді рұқсат етілмеген жерге орнатуға болмайды.

Оқи отырыңыз: «Алматы-2050»: алғашқы бес жылдықта қанша қаражат жұмсалады?


Көпқабатты ғимараттарға орнатылатын кондиционерлерді осындай жәшіктермен қаптау қарастырылуда

Дизайн кодына сәйкес, көп қабатты үйлерде кондиционер суреттегідей жәшіктермен бірге орнатылады / Дизайн код үлгісінен


Алматы қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасы дизайн кодының талаптарына сәйкес келетін, ғимараттың сыртын әрлеуге қолданылатын құрылыс заттарының тізімін жасап жатыр. Басқарма басшылығы бұл ретте басымдық жергілікті өндірушілердің өнімдеріне берілетінін айтты. Сондай-ақ, нысандардың сыртын бояу үшін 15 түрлі түс ұсынылады. Палитрада климаттық жағдайға сәйкес келетін, күнге оңбайтын және көзді шаршатпайтын сары реңкті түстерге басымдық берілген.


Ғимараттардың қасбетін бояуға ұсынылатын түстер

Ғимараттардың қасбетін бояуға ұсынылатын түстер / Дизайн код үлгісінен


Жер үйлерді қандай өзгерістер күтіп тұр?

Дизайн кодының талаптары қаланың жекеменшік секторын да қамтиды. Болашақта жер үйлер бой көтерген көшелер бір-бірінен түсі бойынша ерекшеленіп тұруы тиіс. Мәселен, бір көшенің бойындағы баспаналардың қоршауы мен шатырлары бірыңғай көк түсті болса, келесі көше қызыл түсімен айқындалуы қажет. Қоршаулардың биіктігі де біркелкі болады. Десе де, әр көшеге қатысты стандарт жеке-жеке жасалады екен.

"Дизайн коды бекітілген соң, тұрғындарға үйлерін соған сәйкес бірден өзгерту міндеттелмейді. Дегенмен, үйлеріне күрделі жөндеу жұмыстарын жасаған кезде дизайн кодына сәйкестендіру талап етіледі. Бұл көп қабатты үйлер мен жер үйлерге де қатысты. Яғни, мемлекеттік бюджеттен дизайн кодына сай өзгерту мақсатында қаражат бөлінбейді. Қазір әр тұрғын үйдің ортақ мүлкін күтіп-ұстау үшін тұрғындардан қаражат жинау тәжірибесі бар. Тиісінше, жоспарға сәйкес күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізгенде, үйлер бекітілген ереже бойынша жаңартылады", – деп толықтырды басқарма басшысы Алмасхан Ахметжанов.


Жобада әртүрлі көше жиһазы ұсынылады

Көше орындықтарының үлгілері / Дизайн код үлгісінен


Саябақтардың дизайн коды

Әр парктің өзіндік дизайны болады. Қоқыс жәшігі, жарық шамдары, көше орындықтары, жол төсеніштері бір-бірінен ерекшеленеді. Саябақтарды мұндай тәсілмен түрлендірудің экономикалық тиімділігі де бар. Бүлінген мүлікті жөндеу және оған қажетті құрылыс материалын табу жеңіл болады. Өйткені, көше мүліктерін жасайтын кәсіпкерлер де қалаға қандай құрылыс материалдарын әзірлеп шығару қажеттігінен үнемі хабардар болады.

Маңдайша мен жарнама тақталары

Алматының көптеген ғимараты әртүрлі үлгіде жасалған жарнамадан көз ашпайды. Соған байланысты нысанның сəулеттік құндылығы жоғалып, адамдардың көзін шаршататын жағдайға жетті. Сондықтан жарнама тақталары мен жазуларды да үйлесімді стильде ретке келтіру көзделіп отыр. Маңдайша жазулары мен жарнама кронштейндерін бірінші қабаттан жоғары және балкон қоршауына орналастыруға болмайды. Нысанның қасбетіне бірнеше ұйымның маңдайша жазулары қойылған кезде, белгілер бір қатарда, бір биіктікте, бір деңгей мен көлемде орналастырылады. Сондай-ақ, шрифт те бірыңғай болуы шарт. Жазу латын және кирилл қарпі бойынша жазылады, оның өлшемі ғимараттың көлеміне қарай беріледі.


Жарнама мен маңдайша жазуларының талаптары

Жарнама мен маңдайша жазуларының талаптары / Дизайн код үлгісінен


Айта кетейік, жыл басында "Urban Forum Kazakhstan" сарапшылары алғашқы ұсынылған дизайн коды ережелерін сынға алып, өз ұсыныстарын берген болатын. 12 баптан тұратын бұл жинақта сарапшылар тарихи ғимараттардың мәртебесіне, қасбеттерді біркелкілендіруге, кондиционерлерді орнатуға, мүгедектерге қарастырылған пандустарға және ғимараттың бірінші қабаттарындағы жапсарлас құрылыстарға қатысты ұсыныстарын айтқан болатын. Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасы өкілдері жаңа дизайн кодының үлгісінде бұл талаптардың барлығы қамтылатынына сендірді.

Дизайн коды Алматы қаласында енді енгізіліп жатқанымен, Еуропа мен ТМД елдерінің көпшілігі мұндай ережелерді бірнеше жыл бұрын-ақ қолданысқа енгізген. Алмасхан Ахметжановтың айтуынша, дизайн коды Алматыда баяғыда жасалуы керек болған, бірақ дер уақытында мәселеге көңіл бөлінбеген. Енді жаңа ереже бойынша қала толықтай неше жылда өзгеретіні белгісіз. Бұдан былай жаңадан салынатын нысандардың дизайн коды талаптарына сай болуы қатаң қадағаланады. Ал қаладағы жүзден астам тарихи ғимараттың бастапқы келбеті сақталады. Олар арнайы заңмен қорғалатын болғандықтан, тек жаңартылып отырады.

Оқи отырыңыз: Алматының құрылысын жоспарлау кезінде қателіктер кеткен. Тоқаев кімдерге сөгіс жариялады, қандай тыйым салды?

Алматыдан кейін Нұр-Сұлтанның да өз дизайн коды бекітіледі

Алматының дизайн кодының барлық талаптары Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасы сайтында жарияланады. Құжат бүгін қала тұрғындары және мамандардың қатысуымен талқыланады деп жоспарланған. Барлық ұсыныстар жинақталған соң, ережелер қайта толықтырылып, қаңтар айында бекітілетін болады. Айта кетейік, 8 қазанда елорданың келбетіне көңілі толмаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаланың бірыңғай дизайн кодын дайындауды тапсырған болатын. Демек, Алматының ізімен Нұр-Сұлтан қаласының да сәулеті біркелкіленеді.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары