Тікелей эфир

2021 жыл соңында Жер кодексіне қатысты мораторий күшін жояды. Жер дауы қайта өрши ме?

Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
Қазақстанның 9,6 млн гектар жері Ресейге, 0,9 мың гектар жері Өзбекстанға пайдалануға берілген.

2021 жылдың 31 желтоқсанында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдалану мәселесі бойынша Жер кодексінің кейбір нормаларына қатысты енгізілген мораторий күшін жояды. Бұл туралы өткен аптада мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауы кезінде еске салды:

"Келесі жылы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдалану мәселесі бойынша Жер кодексінің кейбір нормаларына қатысты енгізілген мораторий күшін жояды. Жеріміз шетелдіктерге сатылмайды. Бірақ, Үкімет ауыл шаруашылығы жерлерін толыққанды экономикалық айналымға енгізудің өзге әдіс-тәсілдерін әзірлеуге тиіс. Аграрлық секторға инвестиция тарту ауадай қажет".

Дегенмен, қазақ үшін жер дауы мен жесір дауы – ежелден ең маңызды мәселе екені белгілі. Тәуелсіздіктен бергі халықтың ең қатты толқуы да осы жер мәселесі төңірегінде болып, дау мораторий жариялаумен басылған болатын. Ендеше, мораторийдің күшін жоюы жер дауын қайта тұтандырмай ма? Оның алдын алу үшін қандай шараларды қолға алған жөн? Іnformburo.kz сарапшылар пікірін ұсынады.

Оқи отырыңыз: Жер мәселесін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі қарайды

Жер дауы неден басталды?

2015 жылы 2 қарашада Қазақстанның Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Ондағы 24-бапқа сәйкес, бұдан былай ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді шетелдіктерге жалға беру мерзімі 10 жылдан 25 жылға дейін ұзартылды. Ал осы уақытқа дейін телімдерді 49 жылға дейін жалға алып, шаруасын дөңгелетіп отырған отандастарымыздың керісінше мұндай құқығы шектелді. Ауыл шаруашылығымен айнылысқысы келетін қазақстандықтар жаңа заңға сай жерді тек аукцион арқылы жекеменшікке сатып алуға міндеттелді.

Тиісті заң өз күшіне еніп, 2016 жылғы 30 наурызда сол кездегі Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев 1 шілдеден бастап ауыл шаруашылығы мақсатындағы 1,7 млн гектар жер аукцион арқылы сатылымға шығатынын мәлімдеді. Бұл мәлімдеме халық наразылығын туғызып, бірнеше қалада жаппай қарсылық шаралары өтті. Қоғам белсенділері ауыл шаруашылық жерлерін сату және қазақстандық азаматтығы жоқ адамдарға жалға беру мәселесін республикалық референдум арқылы шешуді ұсынды.

Ал мамырдың 6-сы күні сол уақыттағы ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев Жер кодексіндегі бұл даулы өзгерістердің күшіне енуіне 2016 жылдың аяғына дейін мораторий енгізу туралы жарлыққа қол қойып, жер реформасы жөніндегі комиссия құруды тапсырған болатын.


Атырау қаласындағы митинг

Атырау қаласындағы митинг / Сурет "Ақ Жайық" газетінің сайтынан алынды


Оқи отырыңыз: Қазақстанда ұсынылған қандай референдумдар өтпей қалды?

Мораторий неге тыйым салды?

2016 жылдың 6 мамырында президент қол қойған "Жер заңнамасының кейбір нормаларын қолданысқа енгізілуін тоқтата тұру туралы" жарлығына сәйкес:

  1. "ҚР Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2015 жылғы 2 қарашадағы ҚР Заңының нормаларын қолдануға;
  2. шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, шетелдік заңды тұлғаларға, сондай-ақ жарғылық капиталындағы шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың, шетелдік заңды тұлғалардың үлесі елу пайыздан асатын заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін жалдау шарттарымен уақытша жер пайдалану құқығын беруге;
  3. жеке және заңды тұлғаларға мемлекеттік меншіктегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерiне жеке меншік құқығын беруге мораторий жарияланды.

Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізілді.

Оқи отырыңыз: Жалға алған жеріңізді балаға мұра ете аласыз

Жер реформасы жөніндегі комиссия неге ықпал етті?

Жер кодексіндегі нормаларды талқылап, халыққа түсіндіру үшін және отандастарымыздың ұсыныстарын қарау үшін президент жарлығымен Жер реформасы жөніндегі комиссия құрылды. Оның құрамына үкімет мүшелерінен бөлек, қоғам қайраткерлері, белсенділері кірді. Комиссия мүшелерінің жалпы саны – 75 адам.

Комиссия әрқайсы 5-6 сағатқа созылған 9 отырыс өткізді. Жиын қорытындысы бойынша 14 маңызды шешім қабылданды. Жалға беретін телімдердің шекті көлемін анықтау, жерді пайдалану тәсілдері мен оны тиімсіз пайдаланған жағдайда мемлекетке қайтару туралы ұсыныстар енгізілді. Осылайша барлығы жерді 49 жылға дейін жалға беру институтын сақтау қажет деген ортақ шешімге келді. "Жайылым туралы", "Жердің құнарлылығын арттыру туралы" құжаттар дайындалды.

Дегенмен, Жер реформасы жөніндегі комиссия жұмысының нәтижесі бойынша қабылданған шешімдердің ең негізгілері келесілер болды:

  • Жер заңнамасының өзгерістеріне мораторийді 5 жылға (31.12.2021) дейін ұзарту туралы шешім. Осы ұсынысқа сәйкес, президент 2016 жылдың 19 тамызында шетелдіктерге жерді жалға беру туралы заңға мораторий мерзімін ұзартты.
  • Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жалға берудің шекті көлемі бекітілді. Соған сәйкес, бір қолға берілетін жердің көлемі шектелді.

Маңызды шешімдер қабылданып, жер төңірегіндегі дау шешілген соң комиссия өз жұмысын тоқтатты. Ал мораторий енгізу туралы заңға экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев 2016 жылдың 23 желтоқсанында қол қойды.

Оқи отырыңыз: Қазақстанның 70 пайыз жері шөлейттеніп, топырағы тозып кеткен

Қазақстанның қазіргі жер қоры қандай?

Қазақстан Еуразия құрлығының орталығында 272,5 млн гектар болатын үлкен аумақты алып жатыр. Ауыл шаруашылығы министрлігі баспасөз қызметі берген ақпаратқа сай, 2019 жылғы 1 қарашадағы жер қоры туралы мәлімет бойынша Қазақстан Республикасында:

  1. ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер – 219,8 млн га;
  2. елдi мекендердiң (қалалар, кенттер мен ауылдық елдi мекендер) жерi – 24,1 млн га;
  3. өнеркәсiп, көлiк, байланыс, ғарыш қызметі, қорғаныс, ұлттық қауіпсіздік мұқтажына арналған жер және ауыл шаруашылығына арналмаған өзге де жер – 2,3 млн га;
  4. ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерi, сауықтыру мақсатындағы, рекреациялық және тарихи-мәдени мақсаттағы жер – 7,7 млн га;
  5. орман қорының жерi – 22,4 млн га;
  6. су қорының жерi – 4,2 млн га;
  7. босалқы жер – 95,7 млн га.

Қазақстанның 9,6 млн гектар жері Ресейге, 0,9 мың гектар жері Өзбекстанға пайдалануға берілген.

Оқи отырыңыз: Жерді бөлу комиссиясының мүшесі конкурста өзі жеңімпаз атанған. Өңір басшысы істі тексеруді тапсырды

Жер кодексіне жарияланған 5 жылдық мораторий күшін жоятын уақыт таяу

Бес жылдық мораторий мерзімі аяқталуға жақын. Жер кодексіне енгізілген шектеу біткен соң, қандай шешім шығады деген алаңдаушылық әркімнің көкейінде жүргені анық. Енді сол уайымның бұлтын өткен аптада мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сейілткендей болды. Президент Қазақстан халқына жолдауы кезінде келесі жылы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдалану мәселесі бойынша Жер кодексінің кейбір нормаларына қатысты енгізілген мораторий күшін жоятынын еске салды. Әрі бірден "Жеріміз шетелдіктерге сатылмайды" деп кесіп айтты.

Президенттің айтуынша, елімізде қазір игерілмей жатқан 12,8 миллион гектар жер бар. Оның 7 миллион гектары мемлекетке қайтарылған.

Оқи отырыңыз: Болашақта жер телімдері электронды жолмен жалға беріледі. Пилоттық жоба Оралда жүріп жатыр

Мораторий күшін жойған соң не болады? Жер шетелдіктерге беріле ме?

2016 жылы Жер реформасы жөніндегі комиссияның мүшесі болған белгілі ақын Жүрсін Ерман президенттің мәлімдемесіне аса сеніңкіремейтінін айтты. Ол көңілге кірбің түсірмеу үшін "жер шетелдіктерге сатылмайды" деп заң жүзінде нақты бекіту қажет дегенді алға тартып отыр.



"Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы "жер жалға берілмейді, сатылмайды да" деді. Бірақ, бұл конституциялық құқыққа ие емес. Бұл тек президенттің мәлімдемесі ғана. Енді осыны заңдастыру керек. Яғни, "Қазақстанның жері ешкімге жалға берілмейді және сатылмайды" деп арнайы заң шығару қажет. Жер Қазақстанның өз азаматтарына да сатылмауы керек. Өйткені, жерді иеленіп алған адам ертеңгі күні не істесе де, оны кімге сатып жіберсе де, өз еркі. Шетел азаматына сатып жіберсе, одан кім жауап алады? Осының барлығына тосқауыл қоятын кәдімгі заң қажет. Сонда ғана жер дауына нүкте қойылады", – деді Жүрсін Ерман.

Оқи отырыңыз: "Алтын Емел" мен "Шарын" 49 жылға инвесторларға беріледі. Бұл парктердің көркін аша ма, әлде табиғатын тоздыра ма?

Мораторий мерзімінің аяқталғанын күтіп отырмай, қазірден бастап жаңа Жер кодексін әзірлеу керек

Жер реформасы жөніндегі комиссияның құқықтық бағыттағы жұмыс тобына жетекшілік еткен танымал саясаткер Мұхтар Тайжан да жаңа заң қабылдау қажеттігін айтады. Ол мораторий мерзімінің аяқталуын күтіп отырмай, қазірден бастап жаңа құжат дайындауға кірісу керек дейді. Айтуынша, біздің Жер кодексіміз әбден ескірген. Сондықтан, ол түбегейлі өзгертуді қажет етеді.



"Бізге жаңа Жер кодексі керек. Өйткені, қазіргі кодекс 2003 жылы қабылданған және әбден ескірген. Тіпті, "архаикалық" деп айтсақ болады. Ол кезде цифрлық технология болмаған. 17 жылдың ішінде заманауи технология пайда болды. Жерді заманауи технологиямен пайдалану үшін бізге жаңа заң керек. Президентіміз "жеріміз шетелдіктерге сатылмайды, бірақ аграрлық секторға инвестиция тарту ауадай қажет" деді. Былай қарағанда барлығы дұрыс, жер шетелдіктерге сатылмайды. Дегенмен, телімдерді шетелдіктерге жалға да бермеуіміз керек. Өйткені, біз басында жерді "шетелдіктерге сатпаймыз да, жалға да бермейміз" деген ұран тастадық қой. Инвестиция жөнінде жазылған абзацты пайдаланып, үкімет жерге жекеменшікті ашатын жол қарастыруы мүмкін. Сондықтан бұл мәселені мұқият қадағалау керек. Ауыл шаруашылығына арналған, яғни, өте үлкен көлемдегі жерлерді біз жекеменшікке бермеуіміз керек. Олай болса, жеріміз бірнеше ғана отбасылардың қолында болады. Ал ауылдағы қарапайым халыққа жер бұрынғыдай қолжетімсіз болып қала береді. Сол себепті, Қазақстан азаматтарына да жерді жекеменшікке емес, жалға беруіміз керек. Осының барлығы айқын көрсетілетін жаңа заң қажет және оны бүгіннен бастап дайындауға тиіспіз. Ол үшін жер жөніндегі комиссия құрылып, оған қоғам белсенділері де кіруі керек", – деді Мұхтар Тайжан.

Оқи отырыңыз: Қазақ жастары биліктен не талап етеді? Сараптама

Ашық кадастр жасалуы тиіс. Жерді кімдер сатып алғаны жасырын болмауы шарт

Бұрынғы Жер реформасы жөніндегі комиссияның тағы бір мүшесі, саясаттанушы Айдос Сарым осы уақыт ішінде жер мәселесіндегі келеңсіздіктерді түзеп, ашық жер кадастрын жасақтау қажет деген пікірде.



"Жер комиссиясының жұмысын аяқтағанына қанша жыл өтті, бірақ, ашық кадастр дегенге әлі қол жеткізе алмай келе жатырмыз. Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, көршілес Ресейдің ресми сайттарына кірсек, жердің иесі кім деген сауалға жауап таба аламыз. Ал бізде ондай атымен жоқ. Ең үлкен нәтиже – Қазақстанда жер мониторингі жүрді, соның арқасында жердің қаншасы шабындық, қаншасы жайылым екенін біліп отырмыз. Ал енді соның иесі кім?

Сосын тағы бір мәселе – латифундия. Яғни, жерді көп басып алғандар. Оңтүстік жақта жері де көп, халық саны да көп, бірақ латифундия дегенді жұрт біле бермейді. Есесіне Солтүстік Қазақстанда мыңдаған гектар жерді бір өзі иеленген немесе оны дұрыс пайдаланбай жүрген азаматтар бар. Жерді жекешелендіріп алып,бірақ, пайдаланбай не салығын төлемей жүргендер бар. Оларды ашық көрсетуіміз керек", – деді Айдос Сарым.

Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев биыл 10 шілдеде Үкіметтің кеңейтілген отырысында жер реформасы жөніндегі комиссия құруды тапсырды. Қазір Ауыл шаруашылығы министрлігі аталмыш тапсырманы орындау үстінде. Жуықта жер реформасы жөніндегі жаңа құрам бекітіледі. Комиссия мүшелері жер ресурстарын одан әрі пайдалану бойынша нақты ұсыныстарын дайындауы қажет.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары