Тікелей эфир

Қазақстанда ұсынылған қандай референдумдар өтпей қалды?

Сурет informburo.kz
Сурет informburo.kz

Орталық сайлау комиссиясы Н.У. Искалиев, А.К. Абдикаликова, М.Ж. Дарибеков есімді бастамашыл топ өкілдерінен республикалық референдум өткізу жөнінде өтініш түскенін хабарлады. Өтінішке бастамашыл топ отырысының 10 қарашадағы хаттамасы, топ мүшелерінің деректері көрсетілген тізімі және референдумға ұсынған мәселелер тізімі қоса тіркелген.

Референдумға ұсынылған мәселелер:

  1. "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер енгізуге, оның ішінде пропорциялық жүйемен тең мөлшерде бір мандатты округтер бойынша сайлау жүйесін енгізуге келісесіз бе?";
  2. "Саяси партиялар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер енгізуге, оның ішінде партияны мемлекеттік тіркеу кезінде оның мүшелерінің санын қырық мың адамнан бір мыңға дейін азайтуға келісесіз бе?".

Өтінішті Орталық сайлау комиссиясы заңнамамен белгіленген мерзімде қарайтын болады. Бұл туралы саясаттанушы Ермұхамет Ертісбаев пікір білдірді:

"Биліктің сайлаудың пропорционалды жүйеден мажориталды-пропорционал жүйеге ауыстыратынына күмәнім бар. Партия мүшелері санын 40 мыңнан 1 мыңға азайту да күмәнді: саяси плюрализмнің орнына анархия орнауы мүмкін. Саяси жаңару керек, Президент те соны қолдайды, алайда асықпау керек. 30 жыл бұрынғы Кеңес үкіметінің құлағанын еске түсіріңіздер. Референдум үшін заң бойынша 200 мың адам жинау керек. Екінші жағынан, егер осынша адам референдумды талап ететін болса, оны жасау керек. Дегенмен, сайлау жүйесі мен партия тіркеуге қажетті мүше санын азайту референдум туралы заңда жазылғандай мемлекеттің ең маңызды мәселесі ме?" – деді Ермұхамет Ертісбаев.

Ал саясаттанушы Данияр Әшімбаевтың айтуынша, биліктің мажоритарлы жүйеден бас тартуына оппозициямен арадағы келіспеушілік емес, соңғы жылдары сайлау жүйесінде болып жатқан сыбайластық және ақпараттық соғыс түрткі болған. Оның айтуынша, қазіргі модельдің кемшілігі – партиялық тізім мен депутаттар өңірлерден алшақтап кеткен. Партиялар жергілікті билікке де, халыққа да ұнамайды. Өйткені Мәжіліс депутаттары арасында олар өз өкілдерін көрмейді.

"Мәселенің шешімі сайлау жүйесін ауыстыру емес. Құрығанда пропорционалды жүйені өңірлердің мүдделеріне сәйкестендіру керек. ГФР тәжірибесінен де білетініміздей, партиялық тізімге ұлттық, өңірлік және гендерлік квота енгізу қажет. Мұндай ұсыныс Қоғамдық кеңестің жұмыс тобы аясында да ұсынылды. Мажоритарлы жүйеге ауысудың өзі, менің ойымша, ешқандай нәтиже бермейді", деді саясаттанушы.

Тәуелсіз Қазақстан тарихында алғашқы референдум ҚР Президентінің 1995 жылдың 25 наурызындағы № 2152 "1995 жылдың 28 сәуірінде республикалық референдум өткізу туралы" жарлығы негізінде өткізілді. Көтерілген мәселе: "1991 жылдың 1 желтоқсанында жалпыхалықтық сайлау арқылы сайланған Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың құзіретін 2000 жылдың 1 желтоқсанына дейін ұзартуға келісесіз бе?". Нәтижесінде дауыс берушілердің 95,46%-ы қолдады.

Оқи отырыңыз: Пост-кеңестік елдер және демократия. Қазақстан дамуы үшін не өзгеруі керек?

Келесі конституциялық референдум 1995 жылғы 30 тамызда өтіп, оның нәтижесінде ел Конституциясы қабылданды. Референдум Қазақстан Президентінің 1995 жылғы 28 шілдедегі № 2389 жарлығына сәйкес өткізілген болатын. Онда "Сіз 1995 жылғы тамызда баспасөзде жарияланған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдайсыз ба?" деген жалғыз мәселе ұсынылды. Жаңа Конституцияны дауыс берушілердің 90 пайызы қолдады.

Бұдан кейін Қазақстанда бірнеше рет ұсыныс көтерілгенімен, референдум өткізілген жоқ.

2011 жыл. Президент өкілеттігін ұзарту

Көтерілген мәселе: Бастамашыл топ Президенттің өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту туралы референдум өткізуге ұсыныс жасап, ҚР Парламенті мақұлдаған болатын. Топ үш миллион дауыс жинады.

Нәтижесі: ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев парламент ұсынысынан бас тартып, референдум болған жоқ.

2016 жыл. Жер дауы

Көтерілген мәселе: 2016 жылдың 30 наурызында Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев 1 шілдеден бастап 1,7 млн гектар ауыл шаруашылығы жері аукцион арқылы сатылымға шығатынын мәлімдеді. Бұл мәлімдеме халықтың наразылығын туғызып, бірнеше қалада қарсылық акциялары өтті. Қоғам белсенділері ауыл шаруашылық жерлерін сату және шетелдіктерге жалға беру мәселесін республикалық референдум арқылы шешуді ұсынды.

Нәтижесі: референдум болған жоқ. Президент ауыл шаруашылық жерлерін сату және шетелдіктерге жалға беруге 5 жылдық мораторий жариялады.

2019 жыл. Астана атын ауыстыру

Көтерілген мәселе: 2019 жылдың 20 наурызында президенттік лауазымына кіріскен Қасым-Жомарт Тоқаев Астана қаласының атын Нұр-Сұлтан деп ауыстыруды ұсынды. Президентке елорда атын ауыстыру туралы республикалық референдум өткізу туралы ұсыныс жасалды.

Нәтижесі: референдум болған жоқ. Президент мәселені Парламенттің қарауына жіберу туралы шешім қабылдады.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары