Тікелей эфир

Жерді бөлу комиссиясының мүшесі конкурста өзі жеңімпаз атанған. Өңір басшысы істі тексеруді тапсырды

Сурет shutterstock.com сайтынан алынды
Сурет shutterstock.com сайтынан алынды
Алматы облысының Кеген ауданында ауыл шаруашылығы үшін жалға берілетін жерлер заңсыз үлестірілген: комиссия мүшесі – жеңімпаздар қатарында.

Алматы облысы Кеген ауданының бірнеше шаруасы мемлекеттен ауыл шаруашылығы үшін жалға берілетін жерлер заңсыз үлестірілді деп шағымданды. Олардың бұлай арыздануына аудан әкімдігі ұйымдастырған конкурстың әділетсіз өткізілуі түрткі болған.

Былтыр 7 желтоқсанда Кеген аудандық әкімшілігінің сайты мен аудандық "Қарқара" газетінде ауыл шаруашылығы жерлерін уақытша жалға беру жөніндегі конкурс жарияланған. Мұны оқыған шаруалар "тым болмаса малымызға азық болады" деген ниетпен шабындық жерлерді алуға өтініш білдірген. Кейбірі, тіпті, бизнес жоспарларын ұсынып, қыста құжат жинаумен әлек болған.

Алайда, аудан әкімдігі конкурсты жабық өткізіп, ауыл-ауылдан келген шаруаларды қайтарып жібереді. Ал конкурстың нәтижесін 29 қаңтарда ресми сайтында жария еткен.

Төмендегі құжат – конкурстың қорытынды хаттамасы. 58 лот бойынша жеңімпаздар тізімі берілген.

"Заңда солай көрсетілген, конкурс жабық өтеді" деп шаруалардың бәрін қайтарып жіберді. Үнемі ашық өтетін мұндай конкурстардың аяқ астынан "жабық" режимге ауысқанына таң қалдық. Ал конкурстың нәтижесін көріп, оның себебін түсінгендей болдық. Бірінші лоттың жеңімпазы – Суатаев Жұмаш Құрманжанұлы. Ол кісі осы жерлерді бөліп беру бойынша жер комиссиясының мүшесі бола тұра, қалай лотқа қатысты және өз-өзіне қалай дауыс берді?" – деді informburo.kz тілшісіне хабарласқан Кеген ауданының тұрғыны, шаруа Мақпал Садықова.


Видеода: Кеген ауданының шаруалары жер телімдерін бөлген комиссиясының жұмысына шағымданып тұрған сәті

Бұдан бөлек, шаруалар көптеген жер телімі мемлекеттік қызметкерлердің туыстары мен құда-жекжаттарына берілген деп қынжылды. Құжат өткізіп, ұлтарақтай жер бұйырмаған адам саны 51 екен. Олардың барлығы конкурсты ұйымдастырған жер комиссиясының шешімін қайта тексеруді талап етіп отыр.

Белгілі заңгер Бақытжан Базарбектің айтуынша, Жер Кодексінің 43-бабы бойынша, мұндай конкурстар ашық тәртіппен өткізілуі тиіс және комиссия мүшелерінің өздерінің жер алуға, яғни конкурсқа қатысуға құқығы жоқ. Заңгер Кеген ауданы әкімшілігінің бұл конкурсты өткізуде бірнеше талапты бұзғанын айтты.

Оқи отырыңыз: Болашақта жер телімдері электронды жолмен жалға беріледі. Пилоттық жоба Оралда жүріп жатыр



"Біріншіден, жер комиссиясы мүшелерінің саны тақ сан болуы керек. Бұл жерде комиссия 10 адамнан құралған. Ол өрескел заң бұзушылық. Екіншіден, комиссия мүшелерінің құрамында кәсіпкерлер кеңесінің мүшесі болған. Заңға сәйкес, онда Ұлттық кәсіпкерлер палатасының мүшесі болуы қажет. Бұл да үлкен қателік. Үшіншіден, жер комиссиясының отырысы ашық дауыс беру жолымен өткізіледі. Оның қорытындысы міндетті түрде, аудио, видео таспаға түсірілуі керек. Конкурсқа қатысқан азаматтар кез-келген уақытта ол материалдарды алдыртуға құқылы. Мұндай ереже 2018 жылы қабылданды. Тағы бір күмәнды жәйт, комиссиясының мүшесінде 10 адам болса, қорытындысына тек сегіз адам қол қойған. Яғни, шешім шығаруға барлығы қатысты ма, әлде тек екі-үш адаммен бекітілді ме, оны видеодан көру қажет. Егер ұйымдастыру талаптары бұзылса, бұл конкурстың нәтижесін заңсыз деп тануға болады", – деді жер құқығы саласындағы заңгер Бақытжан Базарбек.

Оқи отырыңыз: Қазақстанның 70 пайыз жері шөлейттеніп, топырағы тозып кеткен

Заңгер Кеген ауданында өткен конкурстың қорытындысын тексерту үшін хаттаманы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне жолдамақ.

Бұл дау Алматы облыс әкімі Амандық Баталовтың да құлағына жеткен. Облыс басшысы мәселеге қатысты бүгін дереу комиссия құрып, істің ақ-қарасын анықтауды тапсырыпты.

"Бүгін арнайы комиссия құрылды. Оның құрамында Прокуратура қызметкерлері бар. Жер комиссиясының мүшесі жер алуға қатыспаған деген мәлімет бар, бірақ оның қалайша жеңімпаздар тізімінде тұрғанын анықтаймыз. Мамандар бір апта уақытта барлық құжаттарды тексереді. Қорытындысын кейінірек жариялаймыз", – деді Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел.

Informburo.kz мәселені назарда ұстайды.

Серіктестер жаңалықтары