Тікелей эфир

2020 жылы көп тараған 10 фейк пен қастандық теориясы

Factcheck редакциясы биыл ең көп тараған 10 фейк ақпаратты тізіп шықты.

Factcheck.kz тілшісі Төлепберген Маликов биыл Қазақстан мен Орталық Азияда кеңінен тараған фейк ақпараттардың рейтингін жасады.

Дисклеймер: Бұл рейтингке аймақтық, саяси және АҚШ-тағы сайлау жайлы фейктерді қоспадық. Сонымен қатар, Қазақстан мен Қырғызстанда жиі жарияланған фейктер Ресейде де тараған.

10.Коронавирус және Синтия бактериялары

Ойға қонымсыз фейк ақпарат ғылым докторы ретінде таныстырылған әлдебір Ирина Ермакованың сөзіне негізделіп, вирус "Синтия бактериясы" арқылы қолдан жасалды деген. Біз Ирина Ермакованың 10 жыл бойы ешбір ғылыми мекемеде жұмыс жасамағанын анықтадық. Ал "Синтия" деп аталатын бактерия расымен бар. Алайда мәлімдеме авторы тақырыпқа сай емес сапасыз зерттеулерді негізге алған. Пікірдің өзінде ешқандай негіз жоқ.

Фейк элементі: Аздап ғылыми терминология (рекомбинантты РНК) айтылған. Жаман ойды арттыратын аргументтер (Синтия бактериясы лабораториялық жағдайда жасалған)

9. Майк Тайсон және "иттер мен мұсылмандар кіруге болмайтын" кафе

Лос-Анджелестегі кафе қожайыны туралы видео әлеуметтік желіде жиі таралған еді. Видео мәтінінде кафе иесінің есік алдына "мұсылмандар мен иттерді кіргізбейтінін" жазғаны айтылған. Бұл туралы естіген бокстан экс-чемпион Майк Тайсон, екі батыл боксшы достарымен осы дүкенге келіпті-міс.

Бұл видеода Баду Джек пен Майк Тайсонның артында бейнеленген логотип Tyson Ranch дегенді білдіреді. Бұл компанияның негізгі иесі — Майк Тайсон. Яғни, Майк Тайсон видеодағы кафенің иесі. Желідегі оқиға толығымен ойдан шығарылған.

Фейк элементі: Эмоция тудыратын әділетсіз жағдай, танымал адамның моральді тұрғыда батылдығы, әділдіктің жеңуі.

8.Қастандық теориясы: вирус шашатын ұшақтар мен тікұшақтар

Facebook желісінде "міне, қазақты қынадай қырудың ең оңтайлы жолы – ұшақпен вирус шашу", Instagram-да химиялық жолдар және тікұшақ пен ұшақтан вирустардың (атап айтқанда жаңа коронавирустың) таралып жатқаны туралы хабарламалар тараған. Сонымен қатар, желідегі видеоларда химтрейл аэрозоль түріндегі химиялық із екені айтылған. Бұл адамдардың физика және оптика заңдарын білмеуіне негізделген қастандық теориясы ғана. Атмосферадағы конденсациялық (немесе инверсиялық) із биіктік пен ауа-райына байланысты әртүрлі жағдайда өзгере береді, ал әртүрлі ұшақтардың іздері жерден 10 км-ге дейін кең дәлізде орналасады, ал химтрейл теориясының жақтастары бұны еш елемейді. Толығырақ мына сілтеме бойынша оқысаңыз болады.

Фейк элементі: Пандемия кезіндегі қорқыныш.

7."Бас фармацевт" Кристина Сомова және "Артериале" препараты

Өз денсаулығын алаңдаған адамдардан ақша жасауға тырысқан алаяқтар аз болмады. Әлеуметтік желіде Кристина Сомова атты адамның жазғаны халықты дүрліктіріп, ал оның мәлімдемесінің скриншоты жан-жаққа тараған еді. Мәтінде жүрек-тамыр жүйесінің барлық ауруларына көмектесетін қымбат дәрі-дәрмектің тегін берілетіні туралы айтылған. Бұл тек алаяқтардың айласы ғана еді. Кейін қорғалмаған сайттарда биологиялық белсенді қоспа да емес, ресми тіркелмеген "дәрі" де емес заттың ақылы сатылуға шақырған еді.

Кристина Сомова – ойдан шығарылған адам, ал сөз болып отырған препарат – фейк, жалған. Бұл халық арасында дүрбелең туғыза отырып, ақша табудың кезекті алаяқтық схемасы. Қазақстанда "Қазақстанның бас фармацевті" деген де, оның орынбасары деген де лауазым жоқ.

Фейк элементі: Лауазымның атын жамылып, ақша табудың алаяқтық тәсілі.

6.Among Us қауіпті ме?

Әлеуметтік желі мессенджерінде әйел адам (болжам бойынша мұғалім) ата-аналарды танымал Among Us онлайн-ойынының қауіпті екенін ескертіп, оны даулы "Синий кит" ойынымен салыстырып, видео тараған. Тіпті, бұл ойынды ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі де тексерген болатын. Қорытындылай келе ойында суицидке әкелетін контенттің жоқ екенін хабарлады. Бұл ойынды журналисіміз материал үшін арнайы жүктеп, тексерген де болатын.

Фейк элементі: "Синий кит" ойының тәжірибесіне сену, ата-ана инстинктіне қысым болуы.

5.Коронавирусты сарымсақ суымен емдейді

Әлеуметтік желіде коронавирусты сарымсақ суын пайдалану арқылы емдеуге әлдебір медицина ғылымдарының докторы Шухрат Халилов шақырды. Коронавирус кезінде сарымсақ суының пайдасы жоқ. Автор пікірінің ешқандай ғылыми негіздемесі жоқ және COVID-19-дың адам ағзасына қалай әсер ететіні туралы қате түсініктен қалыптасқан жалған болжамға негізделген. Шухрат Халилов түрлі конспирологиялық тақырыптарды қозғап жүр. Бұл фейк ақпарат бәлкім Өзбекстанға жақын болғасын Оңтүстік Қазақстанда кеңінен тараған.

Фейк элементі: Адамдардың сеніміне кіру үшін кейбір ғылыми терминологияны қолдану.

4.Амбулаториялық жағдайда Covid-19 табылған науқастарды емдеу хаттамасы

Осыдан жарты жылдай бұрын "Амбулаториялық кезеңде COVID-19 табылған науқастарды емдеу жайлы хаттамасы" тарала бастады. Бұл протоколды Мәскеу маңындағы дәрігерлер қабылдады деп, алайда дереккөз көрсетілмеген. Фактчекерлер мұның Ресейдің Денсаулық сақтау министрлігі сайтында жарияланбағанын тез анықтады.

Бұл туралы толығырақ мына сілтеме арқылы оқи аласыз.

Фейк элементі: адамның медицинаға сенімін қолдану, жасырын айтылған ақпарат

3.Коронавирусты содамен "емдеу": профессор Юдин таратқан фейк

"Медицина ғылымдарының докторы, трансплантология профессоры, КСРО-ның еңбек сіңірген өнертапқышы" Геннадий Юдин "Коронавирусты бастапқы кезінде, жоғары температура арқылы (+ 60 °, + 80 °, + 90 °) мұрын қуысында жоятынын" ойлап тапқанын мәлімдеді. Сонымен бірге, сода вирустың липидтік қабығын ерітеді, ал қайнаған бу жалаң вирусты ыстық сілекей мен шырышқа "қайнатады" деп айтқан еді. Алайда сарапшылардың зерттеуінде сода COVID-19-ды өлтіруі мүмкін деген теорияны жоққа шығарады. Бұдан бөлек израильдік дәрігер Йозеф Восктың лимон шырынын ішіп, коронавируспен қалай күресуге болатыны жайлы фейк Ресей, Украина және Канадада кеңінен тараған еді.

Фейк элементі: ғылыми терминдерді қолданып, адамның медицинаға сенімін қолдану ("Медицина ғылымдарының докторына")

2.Коронавирус пен аспирин жайлы фейк

Биыл көктемде Италияда коронавирусқа қарсы вакцина табылғаны туралы ақпарат тарап, хабарламада коронавирустың пневмонияға емес, тромбозға себеп болатыны айтылған. Сонымен бірге, оны антибиотик пен аспирин арқылы емделетіні жазылған. Бұдан бөлек ДДСҰ бұл ақпаратпен бөліспегені де жазылған.

Вирустың геном құрамы

Бірнеше елде жүргізілген зерттеу қорытындысы бойынша SARS-Cov-2 бактерия емес, вирус. Сонымен қатар вирустың геном құрамы да белгілі. Бұл хабарламаны оқығанда әуелі осыны естен шығармаңыз. Ал тромбозды ауыр халдегі адамдардға жиі қолданғасын, оқырмандар тез сеніп қалады.

Фейк элементі: адамдардың батыс медицинасына сенімін қолдану, шынайы және жалған ақпаратты араластыру.

1.Коронавирус, адренохром, педофил-сатанистер жайлы фейк

Бірінші орында "педофилдердің голливудтық сектасы" жайлы фейк. Теорияның қысқаша мазмұны: Трамп карантинді пайдалана отырып, Голливудтағы, демократиялық партияның басшылығындағы, сондай-ақ Ватикандағы педофилдердің көзін жоюға кіріскен. Олардың барлығы адренохромды пайдаланады. Ал ол әлем элитасындағы қанішер-сатанистер құрбандыққа шалатын балалардың қанынан алынады-мыс. Олар адренохромсыз тез қартаяды және есірткісіз денелері "сына" бастайды. Қастандық теориясы 2017 жылы пайда болды және басқа конспирологиялық теориялардың үлкен қосындысы. Сол уақыттан бері оны қолдаушылар саны артып келеді. Теорияның барлық бөлігі манипуляция, ойдан шығарылған немесе тіпті өтірік ақпараттан құрастырылған (мысал ретінде Билл Гейтске қатысты оқиғаны айтуға болады). Толығырақ мына сілтеме арқылы оқуға болады.

Фейк элементі: ата-ана инстинктіне қысым болуы, манипуляцияға жол беру.

Қорытындылай келе, бірқатар теория бұрыннан бар, бірақ биыл пандемия мен инфодемияның аясында күшейіп, коронавирус сипатына ауысты. Сіздерге қазақстандықтардың осы тақырыптартар бойынша 5 жылда қаншалықты көп іздегенін көрсуге кеңес береміз.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары