Тоң мен сүймен тоқайласқанда

2020 жылдың шілде айы ортасынан ауғанда қазақ қауымының пікірін екіге жарған тағы бір оқиға өтті. Қызылордада. Дүрбіні одан сайын жақындатсақ – Жаңақорғанда. Қоғамдық көлікпен емдеу мекемесіне келе жатқан жолаушы өздерін әрі өткізбей тұрған полиция қызметкеріне тап болды. Енді емдеу мекемесіне жаяулатып келсе, онда облыс әкімі жүргенін, көшенің сол себепті жабылғанын білді. Сол жерде қызметтік көлігіне мінбек болып жатқан әкімнен жолды неге жапқызғанын сұрады. Әкім жолды өзі жапқызбағанын бір сөзбен айтып, асығып кетіп қалды.

Кешікпей облыс әкімі камера алдында бұл оқиғаға түсінік берді. Көшені өзі, аудан әкімі, ішкі істер бөлімі жапқызбаған. Шамасы, жергілікті полиция қызметкері өздігінен тұрған. Ол әрекеттің дұрыс-бұрыстығын облыстық ішкі істер басшылығы анықтайды. Әкімнің камера алдындағы сөзінен ұққанымыз – осы! Сонымен тәмам.

Жоқ, тәмам болмады. Бұл жағдай қураған қау шөпке шырпы тастағандай әсер етті. Әкімді арашалаушылар пайда болып, жолы бөгелген әйелдің басына небір пәлені үйіп төкті. Бейнелеп айтсақ, бірінен кейін бірі кірдің суы құйылған шелекті көтеріп, әлгінің басына төңкере бастады.

Бұған қарсылық ретінде мына жақтан әкімдікі дұрыс болмағанын айтқандардың дауысы шықты. Бұлар, біріншіден, өте көп еді және бүкіл республика аумағын қамтыды.

Әркім әкім мен әйелдің әрекетін бағалауға тырысты. Ал біз дауға емес, мына жәйтке назар аудартамыз: жолдың жабылғанын, кім жапса да, оның әкімнің ауданға келуіне қатысты істелгенін, ақыр аяғында әкімнің арызданушыға жүре жауап бергенін бүкіл халық қалай білді?

Оқи отырыңыз: Сарсылған сана

Республикада отыз жыл бойы қалыптасқан сөз бостандығының арқасында дерсіз. Бірақ, келесі 17 шілде жұма күні шыққан "Егемен Қазақстан" газетінің №136 (29865) санында Қызылорда облысында өтіп, бүкіл халықты дүр еткізген жәйт туралы бір ауыз сөз жоқ. Демек, мемлекетте сөз бостандығы байқалса, ол алдымен смартфонды, одан оған ватсап, фейсбук, инстаграм сынды хабар алу мен беру қосымшаларын жасаған шетелдік өнертапқыштар арқылы келді.

Қазақстанда соның өзін бұғаттап, "оп болды-соп болды" деген себеп-сылтаумен құтылатындар бар еді, Тоқаевтың тұсында ол әдеттерін қоя бастады. Не жаңа Президент "қойыңдар" деп кесіп айтты, не байланысты бөгеудің сұмдық шығынына шаштары жетпеді.

Осылайша, әлеуметтік желі қазақ даласына іс жүзіндегі сөз бостандығын әкелді. Сөйтіп, шынайы халықтық құралға айналды. "Қан мер терде" Еламанның Аралдың мұзын сүйменмен ұрғылайтыны сияқты, бюрократияның тоңын әлеуметтік желі арқылы әр жерден шытынатуға болатынын біле бастады. Қызылордадағы шу – соның нақты мысалы.

Оқи отырыңыз: Өлшемдер өзгергенде

Кешегі мен бүгінгі кездескенде

Сонымен Мұхтар Шаханов ағамыздың әлеуметтік желі пайда болардан қырық жыл бұрын жазған балладасындағы тіркеспен суреттесек: "бұл оқиға шартарапқа жайылды". Алуан пікір айтушылар арасында Еркін Әуелбековтің осы облысты басқарған кезде дүкенге жалғыз барғанын, күріш танабын керзі етікпен кешіп жүргенін еске алғандар бар. Тіпті, арызқойларға "барлық ойларыңызды жазыңыздар, бәріне жауап беруге әзірмін" дегені ұмыт қалмапты.

Жалпы, ел ештеңені естен шығармайды. Ұмытатын – жеке адамдар. Әсіресе ортадан орны биіктеген уақытта. Сондықтан Аяз би жұртқа төрде отырып төрелік айтарда елеусіз кезіндегі жыртық шапанын іліп қойған.

Арыдағы аңыздағы Аяз би не, күні кеше өмірден өткен Тұманбай ағамыздың бір өлеңі:

Төрге шықсам мұнаяды мен отырған босаға,

Ол да мені жетілгеннің қатарына қоса ма? – деп келетін.

Осыдан үш-төрт жыл бұрын кеңестік дәуірдегі Қазақстанның ең мықты облыс басшысы деуге болатын Мұстахим Ықсанов туралы кітап жаздық. Өмірін зерттеген кезде Қызылорда облысын басқарған тұсында (жалпы, Қызылорда, Жамбыл, Орал облыстарында бірінші басшы болған) қиырдағы шопанның қыстауына шофері екеуі ғана тартып кететін әдеті болғанын байқадық. Аудан тұрмақ шаруашылық басшысы одан хабарсыз. Малдың күйін, шөптің көлемін, шопанның тұрмысын көзімен көріп келген соң басшылықтың жұмысын бағалаған. Әділ. Ешкім дау айтпайды, алдай алмайды. Міне, өнеге!

Оқи отырыңыз: Қоғамның қос шелегі

Қызылорда облысының әкімі жұмыс тәсіліне осы үлгіні ұстанса қандай болар еді? Ешкімді мазаламай, тіпті көмекшісі мен орынбасарларына білдірмей Жаңақорғанға келсе, жол ашық тұрар еді. Аурухананы аралап, медициналық қызметкерлермен, аурулармен тілдессе, нақ жағдайды көзімен көрер еді. Ең соңында аудан әкіміне жұмысындағы кемшілігі мен табысын айтар еді ғой.

Әкімдер осылай жұмыс істесе, ешкім өтірік мәлімет бере алмас еді. Облыс басшысы келетінін білмейтін әлгі жергілікті полиция қызметкері көшені көлденең жауып, басы пәлеге қалмас еді.

Қазіргі Қазақстан жағдайында бұл қиял ғана. Ал әлемде ақиқат. Жер жүзінде бюрократияға жоламаған елдердің бәрінде осылай. Көзіміз көрген.

Сонау тоқсаныншы жылдары Қазақстан Президенті Назарбаев АҚШ-қа ресми сапармен барғанда ешкім басқа көлікті тоқтатпаған. Біздің Мемлекет басшысын жолдың бір ғана жолағымен құрметтеп, мотоцикл эскортымен әкеле жатқанымен қарсы бағытты айтпағанда қатарлас жолақтар арқылы автомашина ағылып жатты. Басып озғандары жеткілікті. Оларды кідіртіп, жанталасып жатқан полиция қызметкерін көрмегенбіз.

Айтпақшы, сол кездегі Қазақстан баспасөзінде "кеңестік әкімшіл-әміршіл жүйе" деген тіркес жиі кездесетін. Алғашқы Президенттің өзі бірнеше рет осы сөздермен кеңестік-коммунистік тәртіпті сынға алған. Ерінбегендер "Егемен Қазақстан" газетінің тігінділерінен тауып алар.

Қазір өзіміз не болдық? Басқасын айтпағанда "кеңестік әкімшіл-әміршіл жүйе" деп жазған жас әріптестеріміз қазір тура сондай жүйенің бір-бір тетігіне айналып кеткен жоқ па!

Санамызда кешегі мен бүгінгіні кездестіріп көрсек, кешегі заман қазіргіге "мені әкімшіл-әміршіл жүйе дейтін едің, өзің одан он есе асып түстің ғой" деп артын ашып күлетіндей. Елеусіз барып елдің жағдайын білген Ықсанов пен Әуелбеков сынды тұлғалар қайта шықпайынша біздің дәуір бұл күлкіден құтыла қоймас.

Оқи отырыңыз: Табынған мен таптаған

Ақындар мен әкімдер арасында

Бүгінгі әкімдер "кешегі ел басқарған ағалар қандай еді, солардан үлгі алайық" деп тарихқа дендеу тұрмақ, айналаға зер салмайтын сияқты. Басқасын айтпағанда газет оқымайтындай көрінеді. Облыс әкімдері "ДАТ-ты" немесе "Общественная позицияны" оқысын деп отырған жоқпыз. Ең болмаса, үкіметтің өз газеті "Егемен Қазақстанға" көз салып тұруы керек қой.

Қызылорда облысының әкімі жолы бөгелген әйелмен арада ыңғайсыз жағдайға тап болар күнгі "Егемен Қазақстан" газетін шолып отырмыз. Сол 2020 жылғы 16 шілде, бейсенбі күні шыққан нөмірінде парламент Мәжілісінің депутаты Дархан Мыңбай бауырымыздың мақаласы бар. Қызылорда облысының әкімі күні кеше депутат болып, екеуі қатар отырған. Дархан кезінде облыс басшыларының бірі еді. Екеуі де министр тағайындалған. Қай жағынан қарасаң да, теңдес тұлға.

Дархан "Егемен Қазақстан" газетіндегі "Сөйлеу – ақылдың өлшемі" атты мақаласында "Қазір кеңес кезеңінде жиі қолданылған жалтарма, көпірме жауаптардың, бюрократияның бұқпантай тəсілдерінің уақыты өткен" деп жазды. Қызылорда облысының әкімі жолға шықпас бұрын газетті бір рет оқып алса, осыны көкейіне түйер ме еді. Онда депутат жазғандай "жалтарма жауап" бермей, тура сол жерде жолды кім жапқызғанын анықтап, кідіріп қалған әйелдің көзін ақиқатқа жеткізер ме еді. Онда мұндай шу шықпасы анық. Әрі қазіргі әкімнің жақсы аты бір кездегі Әуелбеков, Ықсановтардай Сыр өңірі тұрғындарының зердесінде қалары хақ.

Әттең, олай болмады, әкім жолды жаптырмағанын бір ауыз сөзбен айтты да, көлікке отырды. Яғни, Дархан жазып отырғандай, "бюрократияның бұқпантай тəсілдерінің" бірін қолданғаны өкінішті. Мақаланы оқымағаны, оқи қалса, көкейге түймегені және өкінішті!

Бірінші Президенттің "Егемен Қазақстан" газетін айқара ашып отырған белгілі суреті бар. Қазіргі Президенттің "Ана тілі" газетін оқып отырған фотосын байқадық. Ол кісілер оқып жүргенді облыс әкімдері де оқыса дейміз. Жоғары қызметте тұрғандардың қашанғы көлеңкелі жақтарын үйрене береміз, ара-тұра сәулелі тұстарынан үлгі алмаймыз ба!

Оқи отырыңыз: Жасыл жоқ, қара қалың

Айтпақшы, облыс басшысы сол күнгі "Егемен Қазақстан" газетін оқыса, бірінші-екінші бетінде әкімдердің әлеуметтік желіге қалай қарайтынын талдаған мақала тұр еді. Онда: "Мəселен, бір əкімдер желілерді өздерінің жұмысын жарнамалауға, іссапарларын, жиындарда сөйлеген сөздерін насихаттауға, халықты түрлі мерекелермен құттықтауға ғана пайдаланып, біржақты кетуі мүмкін" деп жазылды.

Ары қарай тіпті, тамаша ой қозғалған: "Билік өкілдері өз құзыреттеріне қатысты мəселелерді шешуде, оны қоғаммен талқылауда, азаматтардың қоғамдық түйткілдердің əсерінен туындап жататын жекелеген талап-тілектерін тыңдауда жəне басқа да қажетті істерде аталған құралдарды тиімді əрі ұдайы пайдалануы тиіс". Ел газеті "Егемен Қазақстан" осылай жазады. Ал Қызылорда облысы әкімінің "азаматтың қоғамдық түйткілдердің əсерінен туындап жататын жекелеген талап-тілектерін" қалай тыңдағанын жəне "аталған құралдарды" қалай "тиімді пайдаланғанын" бүкіл қоғам көрді. Біз оны таразыламай-ақ қоялық.

Әкімдер газет тұрмақ, ақындардың өлеңдерін оқып, ойына сақтаса жаман болмас еді. Әлгі көзге көрініп қалатын "челлендж" деген науқан үшін емес, халықпен күнделікті жұмыс істей білу үшін. Айталық, Қадыр ақында "өзіңнің қандай екеніңді айтпа, оны машина басып кеткен күшіктің қасына бір минут тоқтағаныңнан білемін" деп келетін өлең бар еді. Әкім осындай өлең оқыса, жолы жабылған әйелдің сөзіне бір минут болсын қайрылар ма еді. Әттең!

Әлгі "Егемен Қазақстандағы" мақалада "Павлодар, Қостанай, Қызылорда облыстары əкімдерінің парақшаларынан да халықпен байланысты көре алмадық" деп жазылған. Парақшаңыз не, көшеде жолыққан кезінде әкімнің халықпен байланыс деңгейін көрдік қой. Аман болсын, әйтеуір!

Оқи отырыңыз: Теңдік жолындағы текетірес

Швеция мен Қазақстан шендескенде

Сөз басында біздің Президентті АҚШ-та қалай алып жүргенін айттық. Ал Францияда болғанда Түркия Президентінің Париж көшесімен өткенін көрдік. Тағы да сол көрініс. Салтанатпен әспеттеп әкеле жатыр. Бірақ, басқа көлікке тоқтау жоқ. Озсаң оз, ілессең ілес.

Тағы бірде Данияда бәрі великпен жүрген жұрттың арасынан жетектеген итінің қалдырған қиын пакетке салып алған қызды көріп қатты таңырқағанбыз. Кейін тура осындай көріністі Данияның ханшайымы қайталғанын әлеуметтік желіден оқығанда енді таңырқауды қойдық. Жай адам мен ханның қызы бірдей ол жақта.

Жалпы басшылары мен былайғы тұрғындары арасында әлеуметтік айырмашылық жоқ елдер бақытты да табысты болады. Мысал керек пе? Әлемдегі жақсы дамыған мемлекеттің бірі Швецияда нағыз уайымсыз жұртты көрдік. Мұнда білім беру мемлекет есебінен, медицина да тегін. Жетістігінің сыры көп, соның ішінде біреуі ерекше назарымызды аударды.

Швед корольдігінде саясатшылар мен үкімет мүшелеріне еш артықшылық қарастырылмаған. Министрінде қызметтік көлік жоқ. Сондықтан үкіметтен жалақы алатын шофері болмайды. Жұмыс барысында жолға шықса, автобус пен пойызға мінеді. Бізде солай болса әкім мен министр атаулы халықтың жағдайын қазіргіден жақсырақ білер ме еді, оны жақсартуға жанын салар ма еді?!

Ол елде барлық мемлекеттік қызметкердің әрекетін қадағалайтын, коррупцияны анықтайтын және алдын алатын айрықша бақылаушы орган – парламенттік омбудсмен құрылған. Кезінде ондай орган бізде де болған. Жоғарғы Кеңестің Бақылау палатасы аталған. Сөз арасында айта кетсек, сол Жоғарғы Кеңес "нарықтық экономиканы дамытуға қажет заңдарды қабылдауға кедергі болды" деген желеумен таратылған. Анығында коррупцияға жол бермегені үшін айыпты болған сияқты.

Оқи отырыңыз: Ғарыштағы жарыс

Швецияда парламент депутатының жалақысы мектептің бастауыш сыныбының мұғалімінің жалақысынан екі есе ғана жоғары. Депутаттың айлығын көтеремін десеңіз, онда алдымен бастауыш сынып мұғалімінің жалақысын көтеруге тиіссіз.

Бұл ел осындай заңмен өмір сүреді, швед қоғамы 21 леннің губернаторымен қоса алғандағы (бұл – біздіңше облыс әкімі) үкімет мүшесі мен қарапайым азаматқа бірдей қарайды. Саяси тұлғасы бұқарамен бірге және бірдей өмір сүреді. Соты да солай, қызметтік автокөлігі жоқ. Жеке хатшысы, басқа да бонустары болмайды екен.

Осының бәрі Швецияны "коррупциясы жоқ мемлекет" деген мәртебеге жеткізді. Бүкіл халықты бақытты етті. Бізде облыс әкімі тұрмақ, аудан әкімі қоғамдық көлікпен жүрсе, коррупцияны қайдам, ең болмаса мынандай жолды бөгеген шу шықпас еді.

Швециямен шендестіру Қазақстанның саяси мәдениет мәселесінде қаншалықты артта қалғанын анық аңғартқан. Тағы да өзегіміз өртенеді. Бір оқиғаның бірнеше астарлары осындай.