Қораң қайда, "Боран"?
Жолақтың маңы
2020 жылғы қараша айының соңында Ресей аэроғарыш саласының басшысы мен Қазақстандағы ғарышқа қатысы бар жеке азамат жұртшылық назарын отыз жыл бұрын ұмыт болған "Боран" көп мәрте қолданылатын ғарыш кемесіне аударды. Бұл тақырыптың шет жағасына қатысымыз болғандықтан қолға қалам алдық. Бізге инженерлік және конструкторлық шеберліктің ғарыш саласындағы ірі жетістігі саналған бұл ғарыш кемесін көзбен көріп қоймай, бауырынан сипаудың сәті түскен.
Оның алдында ерекше көріністі теледидардан тамашалағанбыз. "Боранның" қонғанын. 1988 жылдың 15 қарашасы. Орда бұзар отыз жасымызда республиканың ең басты "Социалистік Қазақстан" газетінің қызметкері едік. Күндіз редакциямызға Кеңес Одағының Телеграф агенттігінен оның сапары сәтті өткені туралы қысқа ресми ақпарат келген. Оны ертеңгі шығар нөмірдің бірінші бетіне салғанбыз. Ал кешкілік "Время" ақпарат бағдарламасынан бейнесюжетін тамашаладық.
"Боранның" Байқоңырда салынған жолаққа қонар сәтінде үстін жанамалай кеңестік әскери жойғыш ұшақ зу етіп өте шықты. Әлгі бәйге аты межеге жақындағанда оның артынан қиқулайтын қамшылағыштар болатын еді ғой, соның кері сияқты көрінді.
Әрі қарай ұшаққа ұқсас ғарыш кемесінің доңғалақтары темір-шеменге тиісімен артынан сарт етіп үш парашют ашылды. Сол арқылы жылдамдық тежелді. Шоқырақтап барып алып ғарыш көлігі тоқтады.
Оқи отырыңыз: Түнгі аспандағы ақ тиін
Кейін зерттесек, күндізгі "сынақ сәтті өтті" деген ақпарат басқа мәтінмен келуі мүмкін екен. Онда мына қуаныштыдан анағұрлым қысқа хабар болмақ. "Кеңес Одағының Телеграф агенттігі бүгін Байқоңыр ғарыш айлағынан ғарышкерсіз ұшырылған "Боран" көп мәрте қолданылатын ғарыш кемесінің қонар кезде апатқа ұшырағанын хабарлайды" деген сыңайда. Мұндай мәтін дайындалған.
Өйткені, "Боран" ғарыштан жақындап 20 мың метр биіктікке келгенде есептің бәрі оның сол қанатына қарай қисайыңқырап, Байқоңырдағы қону жолағына оңтүстік-батыс беттен қонуға ыңғайланғанын көрсетті. Бәрі дұрыс. Осылай көзделген. Кенет "Боран" солға қарай күрт бұрылды. Ұшу сапарын басқару орталығындағылар шу етті. Әсершіл әйелдің бірі "Боран, қайтшы" деп жылап жіберді. Соны естіді ме екен, енді "Боран" қанатын басқа жаққа 45 градусқа қисайтып, оңға қарай айналды.
Әлгі солға қарай күрт бұрылған кезінде ұшу сапарының жетекшілері "басқару жүйесі істен шықты" деп топшылаған. Енді шұғыл шешім қабылдауға бірнеше секунд керек. Көп мәрте қолданылатын ғарыш кемесінің ішінде апатты жағдайда оны жарып жіберетін тротил бар. Батырманы басса, саудасы бітті. Әлгі "апатқа ұшырады" дейтін ақпараттық мәтін дереу дайындалған.
Осы кезде "Боран" ештеңе болмағандай оңға бұрылып, Байқоңырға солтүстік-шығыс жақтан оралып, өзінің жолағына қонды. Әуедегі оқиғадан оқырман мен көрермен атаулы хабарсыз еді. Оны ұшу сапарын басқару орталығында тұрғандар білді. Әрі бұл ғарыш кемесінің автоматты жүйесі мықты жасалғанын дәлелдеді.
Оқи отырыңыз: Ғарыштағы жарыс
Байқоңырдағы "Боран" қонған жолақта біз болдық. Кеңес Одағының ыдырауынан бірер жыл бұрын әр республикадан Орталыққа қаратып сын айтыла бастады. Соның бірі – Байқоңырдағы ұшу сапарларын тек одақтық басылым тілшілері жазатындығы. Ғарыш айлағының есігі соларға ғана ашылатындығы.
Осылай деген дауыс Құдайдың құлағына жетпесе де, Горбачевтің айналасындағыларға естілсе керек, одақтық республикалардың тілшілеріне бірінші рет Байқоңырды көрсетті. Бұл Тоқтар ағамыздың ғарышқа аттанарынан бір жылдай бұрын болған. Қазақстаннан осы топқа қосылуды біздің пешенемізге жазған екен, тәубе. "Социалистік Қазақстан" газетінің бірнеше нөміріне "Байқоңыр бәйшешегі" атты очеркіміз жарияланған. Қазақ журналистері тарапынан ғарыш айлағын жан-жақты сипаттаған бірінші мақала болуы керек.
"Боран" қонған жолақтың бір шетінен екіншісіне көз жетпестей, тура төрт жарым шақырым екен. Ені 84 метр. Кісінің белінен келетіндей темір-шемен құйылған. Оның айналасында қиыршық тас төгілген қауіпсіздік аймағы және созылып жатыр.
Ғарышкерсіз аттанса да, "Боранның" осыны дәл тауып, әрі жасаушылар мен басқарушылардың зәресін алып бір айналым жасап тоқтаған жерінде тарихи оқиға болған. "Боран-Энергия" ғылыми-өндірістік кешеннің бас конструкторы Юрий Семенов "Боран", қайтып келгенің рас па?" деп доңғалағынан сүйіпті.
Оқи отырыңыз: Супер кептер самғайды
Ғарыштың шаңы
Біз "Боранның" бауырынан сипадық. Оны айтпас бұрын қону алаңы туралы сөзді түгендеп өтелік. Байқоңырдағы негізгі жолақтан басқа тағы екі жерде қонар жер жасалған. Бірі – Қырым түбегіндегі Багеров, екіншісі – Қиыр Шығыстағы "Шығыс" әскери әуежайы. Бұларды кеңейтіп, ұзартып, қалыңдатып, ғарыштан зор екпінмен қонатын ауыр кемеге лайықтаған. Басқа тағы 14 жерге қону мүмкіндігі ойластырылған. Олардың кейбірі Кеңес Одағымен жүйелес мемлекеттердің әуежайлары еді. Жарты дүниені орыс билеген заман ғой, қазір іштері қыз-қыз қайнайтын шығар.
Байқоңырдағы "Боран" қонған жолақтан соң ғарыш кемесін ұшаққа тиейтін көпір тәріздес кранды көрдік. Біз оны ертегілердегі дәулердің футбол ойнайтын қақпасына теңегенбіз. Басқа теңеу табу қиын.
Қосымша дайындалған екі әуежайда тағы осындай алып кран болған. Олар қажетсіз қалды. Ал Байқоңырдағысы кәдеге жараған. "Боранды" халықаралық авиация көрмесіне апару керек болды. Ол өздігінен қонғанмен өздігінен ұша алмайды. Ғарышқа оны "Энергия" аталатын зымыран шығарған.
"Энергияның" өзі 2 300 тонна тартады. Бауырына жабысқан "Боран", "Боранның" ішіндегі қаншама адам мен жүкті көтеріп, Жердің тартылыс күшінен әрі өтуге есептелген. Бұған ересен қуат керек. "Энергияның" бірінші сатысында 4 зымыран бар. Олардың оттегі, сутегі және керосиннен тұратын жанармайы таусылғанда екінші саты іске қосылмақ. Мұнда тағы 4 қозғағыш тұр.
Бізге ұшыру алаңына бекітілген "Боран" мен "Энергияны" көрсеткен. Сынақ стенді. Сол жолғы мақаламызда "ботасын бауырына басқан аруана сияқты екен" деп жазғанбыз. Бұл теңеуіміз – теңеу.
Оқи отырыңыз: Апаттар мен сабақтар
Өздігінен ұша алмайтын "Боран" қосымша әуежайларға қонып жатса, Байқоңырға әкелу үшін шұғыл түрде алып ұшақ жасалды. Оны "Мрия" деп атады. Ғарыш кемесі өзіне арнайы жасалған жерге дәл қонған соң бәрібір тасымалдаушы ұшақ керек екен.
Біраз уақыт өткеннен кейін Франциядағы авиация көрмесіне "Мрия" "Боранды" үстіне көтеріп апарды. Екі қапталына жойғыш ұшақ ілесіп ұшты. Бұл сәтті басқалармен қатар қазақ фототілшісі Болат Омарәлиев түсіріп үлгерген. Архивінде болуы керек.
Енді бірінші "Боранды" бауырынан сипаған күнге келейік. Тілшілер тобына құрастыру-сынау кешенін көрсеткен. Биіктігі 20 қабатты үйдей болады. Сондай зәулім ғимараттың бүйіріндегі еденнен төбеге жететін есігі жармаланып ашылады.
Не керек, Кеңес Одағының "Боран" үшін ештеңе аямағаны осыдан байқалады. Бірақ, соншама қаржы кеткен жоба керексіз болды. Өйткені, тым қымбатқа түсті. Жасалғандағы құны ғана емес, оны алдағы уақытта ұшырып тұрғаны.
Ғарыштан қайтқан "Боран" сол кешеннің ішінде тұрды. Бас конструктор Юрий Семеновтің өзі тілшілерге мақтанышпен көрсеткен. Ғарыштан оралғанда сауыт ретінде жапсырылған қыш текшелердің алтауы ғана түсіп қалыпты. Жүз шақтысы шытынап жарылған. Ғарыш кемесінің өн бойында 37 500 қыш текше болғанын ескерсек, шығын өте елеусіз.
Мұндай текшелердің жапсырылған себебі: "Боран" ғарышқа шығарда, кейін қайта ораларда Жерді қоршаған ауаны жарып өтеді. Сол кезде кеменің жылдамдығынан ересен үйкеліс болып, сыртқы құрсауы қызады. Қыш текшелер жапсырылмағанда оның жанып кетуіне еш күмән жоқ.
Біз көргенде текшенің көбі ақ түсті, ал біразы әсіресе, бауыр жағындағысы қара түсті еді.
– Неге олай? – деп сұрағанбыз.
– "Боран" Жердің ауа қабатына енгенде бауыр жағы төменде болғандықтан, оның қызуы үстіңгі жағынан анағұрлым артық болады, – десті құрастыру-сынау кешеніндегілер. – Қара түстісі 1 600 градусқа шыдайды. Ақ түстісі 1 400 градус ыстыққа арналған.
Бұрын-соңды мұндай қыш текше өндірісте болмаған. Ғарыштан кері қайтатын кеме үшін арнайы жасап, "Гравимол" деп атаған. Негізгі материалы – кварц.
Сол жерде Юрий Семенов:
– Бұл "Боранда" әлі ғарыштың шаңы бар, – деген мақтанышпен журналистер тобына қарап.
– Оны сипап көруге бола ма? – деп сұрағанбыз сыпайылап.
– Әлбетте, – деп жауап берді бас конструктор.
Сол жерде бір қызметкер арнайы сатыны итеріп әкелді. Соған шығып, ғарыштың шаңын алақанмен сүртіп көрдік.
Оқи отырыңыз: Байқоңырдағы жойқын жарылыс
Үлгінің саны
Бұл әңгіме Қазақстанда қалған соңғы "Боранды" қайтсек Ресейге аламыз деген даудан басталды ғой. Жалпы, "Боран" – басы даудан арылмаған байғұс. Бірақ, "байғұс" біреу емес, бірнешеу еді. Кеңес Одағы көп мәрте қолданылатын ғарыш кемесінің қаншасын жасағанын айта кетелік.
Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының соңында Байқоңырдағы құрастыру-сынау кешенінен төрт бірдей "Боран" көргенбіз. Алғашқы тұрғаны – ғарышкерсіз ұшып келгені. Екіншісі – алдағы жылдары ұшатыны. Бұлар 1.01 және 1.02 деп нөмірленген.
Өкінішке қарай, 1.01 маңдайға сыймай, 2002 жылғы 12 мамырда үйіндінің астында қалды. Кешен ғимаратының сол атақты "Боран" тұрған тұстағы төбесі опырылып түскен. Бұл апат туралы "Хабар" агенттігінде жүргенде естідік. Арнайы барып репортаж жасауға ол кезде тілші қызметінде емес едік. Жастардың нанына ортақтасқымыз келмеген.
Алып ғимараттың төбесінің бір бөлігі қалың қарға шыдамапты десті. Біздіңше, иесіздіктен құлаған сияқты. Төбедегі қарды уақытылы тазалап отырса, ондай апат болмас па еді. Сөйтіп ең ғажайып жәдігерден айырылып қалдық. Үйінді аршылған соң быт-шыты шыққан 1.01 "Боран" металл сынықтары ретінде қайта балқытауға жөнелтілді.
Қазір Ресейдің ғарыш саласының басшысы Дмитрий Рогозиннің көз тігіп отырғаны – ғарышқа ұшу үшін жасалған 1.02. Бұл – ұшып-қайтуға арналған әрі толық біткен "Боран". Тек жолы болмады. Оны тоқсаныншы жылдардың басында ғарышқа аттандыру жоспарланған. Оған дейін Кеңес Одағының өзі о дүниеге аттанып кетті.
Ал ТМД құрылғандағы келісім бойынша әр республиканың аумағында не нәрсе қалды, сол меншігі болады. Сөйтіп, 1.02 Қазақстанның меншігіне айналып шыға келді. Бірақ, оны ғарышқа ұшыруға біздің елдің шамасы жоқ. Көрпеге қарай көсіліп жасалған "ҚазСаттың" өзі қаңғып кеткенде қаңсыған "Боранды" қалай Жер орбитасынан әрі асыра алмақпыз?!
Байқоңырдағы екеуден басқа Кеңес Одағы тарқар тұста Ресейдің зауыттарында ғарышқа ұшу үшін және үш "Боран" жетілдіріле жасалып жатты. Олар 2.01. 2.02 және 2.03 деп нөмірленген. 2.02 мен 2.03 бітпеген қалпы қайта бұзылып, балқымаға кетті. Ал 2.01 шала қалпында зауытта тұрды. Оны 2011 жылы Мәскеу түбіндегі Жуковка әуежайында өткен Халықаралық әуе-ғарыш көрмесіне апарды. Ғарыштан түсірілген суреттерге қарағанда әлі сонда қаңқайып тұр.
Оқи отырыңыз: "Боранның" болмаған экипажы
Байқоңырда біз көргенде бұл топқа жатпайтын, яғни ұшпайтын "Боранның" екеуі тұрды. Бірін көлденеңінен қақ айырып тастапты. Кәдімгі қиярды ұзынынан екіге тіліп, тіліктерін қатар қойған сияқты. Бұл – электр жүйесін сынау үшін жасалған түрі. Автоматты басқару жүйесін сынау үшін жасалған төртіншісі де ғарышқа ешқашан ұшпайды.
Бұл екеуінен басқа сан түрлі сынақтар үшін "Боранның" және жеті толық қалпындағы үлгісі жасалған. Жер бетіне тарақандай тарап кеткен осылар ғой.
Оның бірін Мәскеудегі Халық шаруашылығы көрмесінен көруге болады. Тағы бірінің тағдыры тым қызық. Ғарышқа шыға алмаса да, ұшақ сияқты ұша алатын, сондықтан әуеде сынақтар жасалған бұл үлгіге төрт қозғағыш қойылған. Оны кейін Ресейден Австралия компаниясы лизингке алып, Сиднейдегі 2000 жылғы жазғы Олимпиада кезінде пайдаланған. Ойын біткен соң Бахрейннің миллиардері алған. Біраз соттасқан соң бұл "Боран" Сингапурдің компаниясына өтіпті. Бірақ, өзі Бахрейнде қала берген.
2008 жылы оны Германиядағы Шпайер техникалық музейі 10 миллион евроға сатып алды. Дереу Бахрейннен Роттердам портына жеткізеді. Енді Рейн өзенімен өрге қарай оны үш баржа сүйрейді. Суда бара жатқан "Боранды" Дуйсбергтің, Дюссельдорфтың, Кельннің, Бонның, Кобленцтің, Майнцтың, Мангеймнің тұрғындары армансыз тамашалаған.
Ақыры түпкі нүкте Шпайерге тура 12 сәуір күні жеткізілген. Бұл қандай дата екенін талайлар білетін шығар. Оған арнап биіктігі 22 метрлік ангар салынған. Музей директоры Херманн Лайердің "әлемдегі ең ірі бұланды атып алған аңшы сияқтымын" деген мақтаныш сөзі "Боранның" жәдігер ретінде қаншалықты маңызы барын айғақтайды. Айтпақшы, осы музейден атақты "Конкорд" ұшағын көруге болады.
Міне, "Боран" туралы біз көрген және естіген хикаялар осындай. Ал көп мәрте қолданылатын ғарыш кемесін басқаруға арнайы даярланған ғарышкерлердің тағдыры туралы бұған дейін сөз еткенбіз. Осы сайттан тауып, оқимыз десеңіздер, мархабат. Ол ғарышкерлер тізімі шерлі шежіре болып тарихта қалды. "Боранның" өзінің тізімі сияқты.