Прямой эфир Новости спорта

"Боранның" болмаған экипажы

Қызылорда облысы әкімдігі баспасөз қызметінің ұсынған фотосы
Қызылорда облысы әкімдігі баспасөз қызметінің ұсынған фотосы
Олар ғарышқа барып-қайтатын ұшақты тізгіндеуге даярланды. Бірақ, Кеңес елінде ешбіріне ондай бақытты сәт бұйырмады.

Түпнұсқа мен макеттер

Республикамыздың астанасындағы Тұран даңғылының Қосшы ауылына шығар шетінде сорайып-сорайып үш зымыранның макеті тұр. Олардың қасына қызылордалық шеберлердің темірден дәнекерлеғен, әппақ етіп бояған кеңестік алғашқы ғарыш ұшағы "Боранның" үлгісі қонақтаған. Біз кезінде Байқоңырдағы алып ангардың ішінен ғарыштан қайтып оралған нағыз "Боранды" көргенбіз. Қасында және екі кәдімгі "Боран" тұрған. Бірі ортасынан қақ жарылып ашылған. Бүкіл тетіктерін тексеру үшін. Екіншісі тұтас, алдағы уақытта ғарышқа аттану үшін.

Көк жүзін шарлап қайтқан тұңғышының сауырын сипадық. Ғарыш шаңын сезінуге. Айтпақшы, әр жеріндегі қаптама шаршылары түсіпті, кейбіреуі түспесе де шытынаған. Тура осы ғажап аппарат ғарыштан қонған сәтінде оны жасаған"Энергия" ғылыми-өндірістік бірлестігінің бас конструкторы Юрий Семенов: "Боран", сен аман-есен оралдың ба? деп тебіренген" деседі.

Онда Қазақстан – Одақтағы құрамдас он бес республиканың бірі. Біз күнделікті шығатын газеттегі ағылып жатқан ақпаратқа жауаптымыз. Бәрі телетайп арқылы түседі. Сиырдың тіліндей шұбатылған сары қағаздарға сарт-сұрт басылып шығатын. Мұқағалиша айтқанда: "ол күндер – бүгін ертегі".

1988 жылы қарашаның 15-і күні сол ақпарат тетігі арқылы ресми хабар келді. Партия, өкімет және үкімет "Энергия" әмбебап зымыран-ғарыш көлік жүйесі мен "Боран" орбиталық кемесін жасаушы және ұшуын жүзеге асырушы ғалым, конструктор, техник, жұмысшы, құрылысшы және әскери мамандарды отандық ғылым мен техниканың жаңа жетістігімен құттықтапты.

Кешкісін Орталық телевидение көрсетті. Түрі кәдімгі ұшаққа ұқсайтын, бірақ тұрқы олардан анағұрлым ірі ғарыш кемесі заулап келіп ұзын бетон жолаққа қонған. Екпіні мен ентігін басып тоқтағанда алдынғы дөңгелегін құшып, қуанып жатқан топты адам.

Арада бірер жыл өткенде Байқоңырды алғаш Кеңес Одағының бір топ журналистеріне таныстырғанда ұжымның бас конструкторы Юрий Павлович Семеновтен "Боран", сен аман-есен оралдың ба? деп тебіренгеніңіз рас па?" деп сұрағанбыз. Растады.

Былай қарағанда тілсіз мелшиген техникамен сөйлесуі ақылға сыймастай. Бірақ басқа кіммен сөйлессін? Ол жолы "Боран" Жер төңірегіндегі орбитаға ғарышкерсіз барып-қайтқан.

Иә, көп мәрте ұшу үшін жасалған "Боран" жалғыз сапарына ғарышкерсіз аттанды. Автоматты түрде басқару дейді мұндайды. Алып аспан кемесін ғарышкерсіз қондыруға күмән келтіргендерге "Боран" жүйесінің авиациялық бөлігіне жауапты "Молния" ғылыми-өндірістік бірлестігінің бас директоры Лозино-Лозинский: "сендер жасамасаңдар, Тушин әуежайындағы пионерлерге жасатып аламын" дейді. Өйткені, сол жерде балалардың радиомен басқарылатын ұшақ үлгілерін ұшырып-қондырғанын көріпті.


"Боран" ғарыш кеңістігінде

"Боран" ғарыш кеңістігінде / Сурет интернеттегі ашық көздерден алынды


Міне, Семенов, Лозино-Лозинский және басқару жүйесіне жауапты Лапыгин сынды біртуар конструкторлар ақыры мақсатқа жетті. Сол күнгі таңғы 6-да старт берілді. "Боранды" бауырына басып ұшқан "Энергия" зымыраны оны Жер төңірегіндегі орбитаға ойдағыдай шығарды.

Кейін екеуін Байқоңырдағы старт алаңынан көргенбіз. Ботасын бауырына жанастырған аруанадай болып елестеген.

Теледидар арқылы ұшқаны мен қонғанының көрсетілгені, баспасөзде партия, өкімет және үкімет басшыларының құттықтауының шыққаны – "Боранға" қатысты жария ақпараттар. Ал оның қайда, қалай жасалғаны көрсетілмеген. Сол сияқты экипажына дейін құпия ұсталды.

Әскерилер мен әскери еместер

Иә, арнайы ғарышкерлер даярланды. Көп мәртелі кемені ғарышқа зымыран шығарғанмен өзі ұшақ сияқты оралады. Бірден қону жолағына дәл келуі керек. Екінші айналып келе алмайды, себебі қозғағыштары жоқ. Байқоңырдан басқа екі жерде: Қырым мен Коль түбегінде қону алаңдарының жасалуы сыры содан. Оралуы осындай күрделі болғандықтан "Боран" тобына шыныққан сынаушы-ұшқыштар қабылданды. Олардың ағзасына түсер қысым бұрынғыдан ауыр, себебі ғарыш кемесі тік шаншылып келіп қонады.

"ТУ-154 ЛЛ" және "МиГ-25 ЛЛ" ұшақтарын аэродинамикалық жағынан "Боранға" жақындатып қайта жабдықтайды. Алдымен сынаушылар "МиГ-ті" 10 шақырым биікке көтеріп, қозғағышты өшіреді. 6 шақырымға төмендегенде қайта қосады. "ТУ-мен" шөкелетіп қондыру тәжірибесі жасалды.

Кешікпей түрі мен ауқымы "Боран" сияқты "БТС-02" деген ұшу аппараты жасалды. Оған төрт газтурбинасы орнатылды. 1985 жылы 10 қарашада "БТС-02-мен" сынаушы ұшқыштар Игорь Волк пен Римантас Станкявичюс алғаш ұшады. Кейін "БТС-02-ні" Германияның Шпейер қаласындағы техникалық музейге сатқан.

Сынақ негізінен "Боранды" қондыру бағытын анықтауға арналды. 4000 метрлік биікте келе жатып үш түрлі тәсілмен: қолмен, директорлық және автоматты басқару арқылы қону жолағына жеткізеді. Ақыры 1987 жылы 16 ақпанда реттік нөмірі оныншы сынақты "БТС-02-ні" толық автоматты қондырады.

Жалпы сынаушылар 24 рет ұшып көреді. Бұл сынаққа жоғарыдағы екеуден басқа А. Левченко мен А. Щукин, И. Бачурин мен С. Бородай қатысқан.

Негізгі даярлық әдеттегідей кешенді стендте өтеді. "Боранның" ұшып шығар сәтінен қонатын кезіндегі жағдайына сай келетін жабдықтар мен аппараттар жасалды. Борт жүйелері ғарышқа ұшқандағыдай жұмыс істейді.

Бастапқыда "Боран" төрт рет ғарышқа автоматты түрде ұшып барады деп ұйғарылған. 1988 жылы жасалған бұл жоспарға болашақ "бораншылар" келіспеді. Олар, ішінде атақты ғарышкер А. Леонов пен "Боран" ғарышкерлер тобының командирі И. Волк та бар, үкіметке хат жолдап, бірінші сапардан бастап ғарышкер басқаруын сұрайды. Арыздан кейін жоспар қайта қаралып, екінші сапарды ғарышкерлер басқарады деп шешілді.

Экипажға командир болып И. Волк, борт инженерге А. Иванченков бекітілген. Волктің қолмен басқарылатын сапарға екінші ұшқыш ретінде Р. Станкявичусті қосу туралы өтініші орындалмады.

1992 жылға жоспарланған екінші сапардың мән-жайы былай еді. "Боран" өзі ұшып шығады. Оның ізін ала Байқоңырдан "Союз" ұшады. Екеуі ғарышта түйісіп, ғарышкерлер "Боранның" ішіне кіреді. Екі күн оны басқарып, қайтарда "Союзға" мінеді. "Боранның" қонуы автоматты түрде жүзеге асады. Сол сияқты Жер төңірегіндегі орбитада жүрген "Мирмен" осындай түйісу көзделді. Одақ тарқады да, ол жоспар адыра қалды.

"Боранда" ұшу үшін 27 үміткерді даярлаған. Таңдау құпия және қатаң жағдайда өтті. Көп мәрте ұшатын кемені әскери және азаматтық мақсатта пайдаланатын болғандықтан, болашақ ғарышкерлер екі топтан тұрды. Даярлыққа келген әскери ұшқыштар арасынан жетекші болып полковник Иван Бачурин тағайындалса, азаматтық ұшқыштар тобының серкесі Игорь Влок еді. Әскерилер тобы – 16, келесісі – 11 үміткерден тұрды.

Қайырлы және қайғылы тағдырлар

"Боран" үшін жиналған экипаж мүшелері әлдебір қарғысқа ұшырағандай. Ғарышқа жетпей қаза тапқандар тізімін Олег Кононенко бастайды. 1979 жылы топқа алынып, келер жылы Оңтүстік Қытай теңізінде "Минск" ұшақ тасушы крейсерінен "ЯК-38-бен" ұшып шығар кезде құлаған.

Иә, Кеңес Одағы өзінің басты қарсыласы АҚШ-пен қаруланудың барлық саласында жанталаса бәсекеге түсті. Соның бірі – жүзбелі әуежай, яғни ұшақ тасығыш алып кеме. Оған ұшып-қону оңай емес. Қаһарман, алғашқы қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіров кемеден әскери жойғыш ұшақты ұшып-қондырғаны үшін Кеңес Одағының Батыры атанған. Ал, Кононенко сондай сынақта қаза тапқан.

Әскери ұшқыш, "Союз" кемесімен ғарышқа барып-қайтқан Анатолий Левченко барлық сынақтан сәтті өткен. Тіпті, көшірме ретіндегі "БТС-02-ні" басқарып ұшқан. Оның ғұмыры "Боранның" алғашқы автоматты түрдегі сапарын көруге жетпеді. 1988 жылы тамыз айында ми ісігінен қайтыс болды. Қазанамасын "Правда" газетінен оқығанбыз. Беріде білдік, мидың ісігі бастағы жарақаттан басталыпты. Левченко "Союз ТМ-4-тен" бөлініп, капсула Жерге қонған кезінде басымен қатты соғылған.

Журналист ретінде есімізде, Тоқтар Әубәкіров ағамыз ғарыштан қонған кезде экипаждың басқа екі мүшесі оның үстіне құлағанын айтқан. "Денемнің ірілігінен соған шыдап, сүйектерім сау қалды" деп күледі. 2015 жылы қыркүйекте үшінші қазақ ғарышкері Айдын Айымбетовтің қалай қонғанын сан рет эфирден көрсеттік. Даланың топырағы бұрқ ете түскенін айтпағанда, отты жалын жарқ етті. Құлдилау аппаратында жанармай болмайды, демек жалын қатты соққыдан шығады. Тәубе, біздің ғарышкерлер қонғандағы жарақаттан аман, ал Левченконың ажалына сол себеп болыпты. Осы орайда арнайы әуежайға дөңгелектермен қонатын "Боранның" артықшылығы аңғарылады.

Хош, "Боран" ұшқанша экипажы тағы ойсырайды. 1988 жылы "Су-26" ұшағын сынау барысында болашақ ғарышкер А. Щукин қаза тапқан. Бірнеше рет "БТС-02-мен" ұшқан, "ТУ-154 ЛЛ-ды" көзделген траекториямен Байқоңырдағы жолаққа бірінші қондырған кәнігі сынаушы еді.

"Боранның" тағдыры біржолата шешілгенге дейін экипаж төртінші мүшесінен айрылған. Ол – ең тәжірибелі, алдымен ұшатындар қатарындағы Римантас Станкявичус. 1990 жылы 9 қыркүйекте Италияда өткен халықаралық әуе көрмесі кезінде "Су-27" ұшағын көрсетемін деп апатқа ұшырады. Қазанамасын Кеңес Одағы әскерилерінің "Красная звезда" газетінен оқыдық.

"Боранның" бағдарламасы ресми тоқтаған соң енді АҚШ-тағы "Шатлл" арқылы ғарыш сапарына аттанудан үмітті Приходко сол жақта 1994 жылы қайтыс болды.

Кеңес заманында ғарыш сапарында қаза тапқандардың атын мәңгі сақтау үшін бірқатар шаралар атқарылатын. Оның елеулісі – кемелерге атын беру. "Боран" сапары барысында Ұшуды басқару орталығына жер бетіндегі алты бақылау станциясымен қатар Тынық мұхитта екі кеме, Атлант мұхитында екі кеме жедел мәлімет жолдап тұрды. Олардың аттары "Ғарышкер Добровольский", "Ғарышкер Волков", "Ғарышкер Беляев" және "Маршал Неделин". Ал "Боран" ғарыш кемесі үшін даярланған экипаждың қаза тапқан мүшелерінің атына кеме бұйырмады. Олардың қазасы ғарыш сапарында емес, басқа жағдайда болған себепті.

Сөз реті келіп тұр екен, Жер бетіндегі бақылау станцияларының бірі Қазақстандағы Жосалы теміржол станциясы түбінде тұрғанын айта кету керек. Бұл станция "Боран" эпопеясынан кейін де бір рет ауызға алынған. Онда Ресей ғарышта жүріп тозған "Мир" модулін суға батырды. "Жосалыдағы ғарышты бақылау станциясы "Мирдің" тұяқ серпер сәтін тіркеді" деп жазылған ресми есепте.

Жаңа Приходконың "Шатлл" арқылы ұшудан үміттеніп АҚШ-қа кеткенін айттық. Оның ешқашан орындалмаған арманы басқалардың қолынан келді. "Боран" үшін даярланған Валерий Токарев, Игорь Лончаков және Леонид Каденюк "Шатлде" ұшты.


Леонид Каденюк "Шатлл" экипажының құрамында

Леонид Каденюк "Шатлл" экипажының құрамында / Сурет интернеттегі ашық көздерден алынды


Каденюк – тәуелсіз Украинаның алғашқы ғарышкері. Рас, Кеңес Одағы кезінде және кейін Ресейдің атынан ұшқан, яғни біздің Тоқтар мен Талғат сияқты, ұлты украин ғарышкерлер болған. Ал Каденюктің мәртебесін Айдын Айымбетовпен теңеу керек.

Тағы не айтайық? Кейін Жер төңірегіндегі орбитада болған француз ғарышкерлері бастапқыда "Боран" үшін даярланған. Топтағы әскери ұшқыштың бірі дағыстандық Магомед Толбаев "Боран" сапардан оралғанда оны "МиГ-25" ұшағымен стратосферада қарсы алған.


Магомед Толбаев "Боранды" ғарышта қарсы алғаннан кейін

Магомед Толбаев "Боранды" ғарышта қарсы алғаннан кейін / Сурет интернеттегі ашық көздерден алынды


Ұлты башқұрт Орал Сұлтанов ерекше сынақты бастан өткізді. Ол бір апта су астында салмақсыздық жағдайында болып, содан кейін тік төмендеу тәсілімен "ТУ-154 ЛЛ" ұшағын Байқоңырға қондырды.

Біздің отандық оқырмандардың құлағына жағымды бірер дерек: топтағы Анатолий Полонский – бұрынғы Талдықорған облысы Пограничник ауылының тумасы. Ал Балқаш қаласында туып, көп мәртелі ғарыш кемесін басқаруға даярланған Лончаков болса беріде, ХХІ ғасырда АҚШ-та "Шатлдың" бірі "Индевор" арқылы бір рет, Ресейде "Союз" арқылы екі рет ұшты.

"Боран" ғарышкерлер тобының шағын шежіресі осындай.

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Была ли эта статья для вас полезной?
0

  Если вы нашли ошибку в тексте, выделите её мышью и нажмите Ctrl+Enter

  Если вы нашли ошибку в тексте на смартфоне, выделите её и нажмите на кнопку "Сообщить об ошибке"

Популярное в нашем Telegram-канале
Новости партнеров