Жалған ақпарат таратушылар қалай жазаланады? Қылмыстық және әкімшілік кодекс баптары
Ақпарат тұтынушылардың көбі мәліметтің рас-өтірігін ажырата алмайды. Әсіресе, апатты және төтенше жағдайлар, саяси оқиғалар кезінде әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде жалған хабарламалар көптеп тарайды. Қазақстан заңнамасына сәйкес, фейк ақпарат таратқандар жазаланады. Десе де, көп адам мұндай әрекеті үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылатынынан бейхабар.
Жалған ақпарат таратушылар қандай жазаға тартылады?
Қазақстанда жалған ақпарат таратқаны үшін 20 АЕК сомасындағы айыппұл төлеуден бастап, 7 жылға бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза көзделген.
Жалған ақпарат тарату 2015 жылы жаңа Қылмыстық кодексі қабылданғаннан кейін қылмыс түрінде (274-бапқа сәйкес) қарастырыла бастады. Жоғарғы соттың ақпараттық базасындағы мәліметтерге сенсек:
- 2015-2016 жылдары – 2 іс;
- 2017 жылы – 4 іс;
- 2018 жылы – 1 іс;
- 2019 жылы – 3 іс бойын.
"Қылмыс құрамының басты шарттарының бірі – таралған ақпараттың қоғамға, азаматтарға елеулі зиян келтіруі. Яғни, таралған ақпарат қоғамда резонанс тудыруы қажет. Істердің аздығынан сот практикасын да болжау қиын", – дейді заңгер Болатбек Ержан.
Мысалы, 2019 жылғы Арыс оқиғасына қатысты "4-сынып бастауыш мектебі" WhatsApp чатында жалған аудиожазба таратқаны үшін Арыс қаласының тұрғыны 3,5 жыл бас бостандығынан шектеу жазасына тартылды. Өз кінәсін толық мойындап, процессуалдық келісімге келгендіктен, оған бас бостандығынан айыру жазасы қолданылмады.
"2016 жылы жер мәселесіне қатысты митингілер кезінде осы оқиғаларға түк қатысы жоқ фотосуреттерді Facebook-те "Қызылорда қаласындағы митинг" деп жариялаған азамат 2 жылға бас бостандығынан шектеу жазасына тартылды. 2017 жылы YouTube сервисінде тұрғын үйлердің біреуі құлағаны жайлы видео таратқан Семей тұрғыны кінәсін мойындап, 2,5 жылға бас бостандығынан шектеу жазасына тартылды", – дейді Болатбек Ержан.
Заңгер сот практикасында стандартты емес істер де кездесетінін атап өтті. 2018 жылы Астана (қазіргі Нұр-Сұлтан) тұрғыны өзінің темір жол вокзалын жаруға бара жатқаны жайлы хабарлаған. Бұл іс 273-бап – "Терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау" ретінде қарастырылмай, 274-бап бойынша сот үкімі шыққан.
2017 жылы ұлттық гвардия сарбазы қызметі аясында марапат алу үшін жалған муляж жасап, кейін өзінің бомбаға ұқсас зат тапқанын командирлеріне хабарлайды. Сот айыпталушыға 2 жыл бас бостандығынан шектеу жазасын тағайындады.
Оқи отырыңыз: Ақпараттық қауіпсіздікті қалай қорғаймызЖалған ақпарат тарату 274-баппен шектелмейді. Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша жалған ақпарат таратушылар жазаланады:
- екi жылдан жеті жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу не сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады.
- 5000 АЕК мөлшерінде айыппұл салу;
- түзеу жұмыстарына не бес жылға дейінгі мерзімде бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады.
Қоғамдық тәртіпті бұзу немесе азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтіру қаупін төндіретін көрінеу жалған ақпарат таратқануы үшін:
- 1000 АЕК (2 651 000 тг) дейінгі мөлшерде айыппұл салу;
- түзеу жұмыстарына не 400 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту;
- бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте жалған ақпарат тарату келесі екі баппен қаралады және айыппұл түрінде әкімшілік жаза қолданылады.
- жеке тұлғаларға ескерту жасауға не 20 АЕК (53 020 тг) мөлшерінде айыппұл салуға;
- әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекет үшін 40 АЕК (106 040 тг) мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
Көрінеу жалған ақпаратты БАҚ-та, ақпарат иеленушінің интернет-ресурсында, ашық деректер интернет-порталында немесе Қазақстан заңнамасында көзделген өзге де тәсілдермен орналастыру
- лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне, коммерциялық емес ұйымдарға – 30 АЕК (79 530 тг);
- орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 50 АЕК (132 550 тг);
- ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 100 АЕК (265 100 тг) көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады;
- әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалса айыппұл мөлшері екі есе көбейеді.
Оқи отырыңыз: Жалған ақпарат пен жала жабуға қарсы күрес күшейеді
Жала жабу қылмыс деп танылмайды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында Қылмыстық кодекстің 130-бабы – "жала жабуды" қылмыс деп танымай, Әкімшілік кодекске ауыстыру туралы шешім қабылдады.
130-бап. Жала жабу. Жала жабу, яғни басқа адамның абыройы мен қадiр-қасиетiне нұқсан келтiретiн немесе оның беделiн түсiретiн көрiнеу жалған мәлiметтер таратқаны үшін
- 1000 АЕК (2 651 000 тг) дейiнгi мөлшерде айыппұл салу;
- түзеу жұмыстарына не бір жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады.
Көпшiлiк алдында, БАҚ, телекоммуникациялар желілерін пайдалана отырып жасалған дәл сол іс-әрекет үшін:
- 2000 АЕК (5 302 000 тг) дейiнгi мөлшерде айыппұл салу;
-
түзеу жұмыстарына не екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады.
2011 жылы Ресей билігі де "жала жабуды" қылмыс деп танымай, әкімшілік құқық бұзушылыққа жатқызған болатын. Алайда, біршама уақыт өткен соң, түзетулер енгізіліп, ол қылмыстық кодекске қайтарылды. Қазір Ресейде "жала жабу" бойынша бас бостандығынан шектеу не айыру санкциялары қолданылмаса да, айыппұл көлемі арттырылған.
"Соңғы он жыл бойы медиа қоғамдастық "жала жабуды" қылмыс деп танымауға күш жұмсады. Бұл бір күннің, бір адамның не ұйымның ғана еңбегі емес, журналистер, құқық қорғаушылар мен медиа сарапшылар қатысқан өте ұзақ процесс. Халықаралық қоғамдастықтың Қазақстан туралы ескертпелері де әсер етті", – деді "Құқықтық медиа орталық" қоғамдық ұйымының заңгері Гүлмира Біржанова.
Оның сөзінше, мемлекет "жала жабуды" Әкімшілік кодекске ауыстыру арқылы "өз мүддесіне теріс пайдаланауы" мүмкін.
"Иә, бұл қылмыстық жауапкершілік емес. Сонда да қомақты айыппұлдар мен қосымша шектеулер болуы мүмкін. Әкімшілік кодекске ауыстыратыны бізді қуантса да, таяқтың екі ұшы бар екенін ұмытпау керек. Іс қозғап, әкімшілік өндірісте жауапкершілікке тарту жеңілірек. Осы бапқа қатысты әкімшілік айыппұлдарың көлемі қандай болады деген сауал туып отыр", – дейді заңгер.
Оқи отырыңыз: Екінші мәрте ұрлық жасайтындарға кешірім жоқ. Қылмыстық кодекске ұрлыққа қатысты тағы қандай өзгертулер енгізілді?
Фейк ақпарат таратушылар қылмыстық жауапкершілікті білмейді
Көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілікке тартылмас үшін азаматтарға жалған ақпарат таратудан сақтануы керек. Заңгер Болатбек Ержанның сөзінше, ақпарттың БАҚ-та, әлеуметтік желілерде таралуы шарт емес. Ол мессенджерлердегі шағын топта жарияланса да, қылмыс саналатынын айтады.
Журналист, қоғам белсендісі Бэлла Орынбетова ақпаратты тексерудің оп-оңай екенін, алайда адамдар енжарлық танытып, назар аудармайтынын айтады. Оның сөзінше, Смартфонда геолокация қосылып тұрса, бейнежазбаның қандай телефонға және қашан түсірілгені айқын көрінеді. Интернетке метадатасын өзгертпей жүктегенде, деректердің барлығы бірге жүктеледі.
"Адам бір ақпаратқа назар аудармай, тексеруді қажет етпей өтіп кетсе де, кейін біреумен дауласқанда аргумент ретінде оны шын ақпарат ретінде беретін феномен бар. Ақпарат адам санасында сақталып қалады. Сөйтіп, жалған ақпаратпен күрескердің өзі де фейк ақпаратқа сеніп, оны кейін қолдануы мүмкін. Сондықтан, әрбір ақпаратты тексеріп тұруды тексеріп тұруды әдетке айналдыру керек", – дейді Бэлла Орынбетова.
Ол Қазақстанда деректердің көп бөлігі ашық екенін, stat.gov.kz және goszakup.gov.kz сайттарынан қажетті мәлімет алуға болатынын айтты.
Оқи отырыңыз: ЖОО студенттерінің 36 пайызы фастфуд тұтынады, 37 пайызының асқазаны ауырады. Зерттеу нәтижелері
Психолог Қарлыға Бүйенбай адамдар әлеуметтік желіде жалған ақпаратты әдейі не білмей тарататынын айтады. Біріншісіне, әдетте, себеп – жарнама жасау қажеттігі болса, екіншісінің негізгі себебі – жалған сөйлеу әдеті. Ал әдет қалай қалыптасады?
"Кез-келген бала табиғатынан сезімтал келеді. Тіпті, оған ата-анасы сөзбен айтпаса да, не айтқысы келгенін сезіп-біліп тұрады. Ата-ана баласына қатысты қандай да бір шындықты қабылдағысы келмесе, балалар өтірік айтуға дағдылана бастайды. Өйткені, бала үшін ең жақын адамының махаббатынан айырылып қалу – трагедия", – дейді психолог.
Оның сөзінше, балалардың сәби шағынан жазадан құтылып кету үшін өтірік айтуы уақыт өте келе әдетке айналады. Бала өтірік айтуға дағдыланады. Адамдардың жалған ақапарат тарату мен жалған ақпаратты оңай қабылдауының түпкілікті себебі – олардың бойында бала кезден қалыптасқан әдетте жатыр.