Жаңа статистика:

13.45. Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны – 6: оның төртеуі – Алматыда, екеуі – Нұр-Сұлтанда.

Стационарлық карантинде – 1 090 адам, үй карантинінде 452 адам жатыр.

Үйде жұмыс істейтін мұғалімдерге жалақы төленеді

16 наурыз бен 5 сәуір аралығында оқушылар демалады. 5 сәуірден кейін қажеттілік болған жағдайда қашықтықтан оқытуға көшеді. Ал мұғалімдер каникул кезінде үйде болып, қашықтықтан жұмыс жасауға болады. Осы кезеңде оларға жалақы төленеді. Бұл ұсынысты Білім және ғылым министрлігі барлық білім беру бөлімдеріне, директорларға жеткізген.

"Мың бала" және өзге де олимпиадалар, әртүрлі спартакиадалар кейінге шегеріледі. Жыл бойы жұмыс істейтін "Балдәурен", "Бөбек" сияқты лагерьлер балаларды алуын тоқтатты.

Педагогтердің біліктілігін арттыру курстарына он мыңдаған мұғалім қатысуы керек еді. Алайда жағдайға байланысты курстар онлайн форматқа көшті. Мұндай форматқа көшпейтін курстарды кейінге қалдыру шешімі қабылданды.

Оқи отырыңыз: Оқушылар 16 наурыздан бастап каникулға шығады. Қазақстан тағы қандай сақтық шараларын қабылдады?

Мектептер қашықтықтан оқытуға дайын

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың сөзінше, цирфлық ресурстарға бай "Bilim Media Group" компаниясының қызметі осыған дейін ақылы болды. Ол жерде мектеп бағдаралмасына сай келетін 40 мың дәріс пен мультимедиалық сабақ бар. Министрлік пен компания келісімен соң, балалар олардың өнімдерін тегін қолдана алады. "Күнделік", "Дарын онлайн" секілді басқа да жүйелер ақысыз қызмет көрсетуге дайын. Қазір осы жүйелер тестіленуде. Ендігі мәселе – жүйелерді қажет контентпен толтыру болмақ.

"Барлығында бірдей қашықтықтан оқу мүмкіндігі бола бермейді. Балаларымыз үйде оқуын жалғастыру үшін бірнеше нұсқа әзірлеп жатырмыз. Балалар біз қалағандай көп кітап оқи бермейді. Осы кезеңде балаларға өзін дамытуға үлкен мүмкіндік. Білім және ғылым министрлігі ата-анаға, оқушыларға, мұғалімдерге қандай ресурстарды қолдануға болады, уақытты қалай өткізу керек, қандай кітаптарды оқуға кеңес береміз деген секілді ұсыныстар береді", – деді министр.

Оқи отырыңыз: Коронавируспен күрес. Үкіметтің "Б" жоспары қандай шараларды көздейді?

Жатақханада қалған студенттер ешкіммен байланыспауы керек

16 наурыздан бастап жоғарғы оқу орындары мен колледжер қашықтықтан оқытуға көшеді. 13 наурызда 30 пайызы көшіп үлгерді. Білім министрі Асхат аймағамбетовтің сөзінше, қашықтықтан оқыту бойынша мәселе жоқ, оқыту жүйелері дайын. Кейбір жүйелер бойынша тиісті ақпаратты енгізу, мұғалімдерді жүйеге бейімдеу мәселесі шешілуде.

Жатақхана мәселесі

"1-2 күн ішінде жатақхананы босат" деп барлық студентті үйге қуатындай жағдай жоқ. Билет алып уақытында үйге кету секілді мәселелер бар. Сондықтан ЖОО басшыларына, колледж директорларына тиісті тапсырмалар бердік. Мүмкіндігі болмай, "жатақханада қалуым керек, басқа баратын жерім жоқ" дейтін студенттер жатақханада қалып, әрі қарай осында бола алады. Бірақ та жатақханада ешқандай іс-шара өтпейді. Әрқайсы өз бөлмесінде болып, адамдармен араласпай, осындай режимде әрі қарай өмір сүруі керек болады", – деді Асхат Аймағамбетов.

Ал балалар үйінде шектеу режимі қабылданып, ешкімді кіргізбеу шектеуі қойылады. Балалар үйі жұмысын тоқтатпайды.

Оқи отырыңыз: Студенттер 16 наурызға дейін жатақхананы босатуы тиіс пе?

Балабақшаға бармайтын балалардың орны сақталады

Мектепке дейінгі ұйымдар штатты режимде жұмыс істейді. Министрлік ата-аналарға мүмкіндік болса балаларын үйде қалдыруды ұсынады. Бірақ, балабақшалар жұмыс істеп жатыр. Жағдайға қарай жұмысты тоқтатуға дейін шешім қабылданады. Осыған дейін бала бірнеше күн балабақшаға келмесе, оларды шығарып, орнын басқа балаларға беру нормасы болған. Енді министрлік бұйрығымен бала осы мерзімде балабақшаға бармаса, оның орны сақталады.

Оқушылар сарайы, музыкалық, өнер, спорт мектептері секілді қосымша білім беру ұйымдары 5 сәуірге дейін жұмысын уақытша тоқтатады.

Министрлік білім беру ұйымдарының басшыларына қызметкерлерді үш категорияға бөлуді ұсынды:

  • ұйымдардың қызметін қамтамасыз ететін қызметкерлер штаттық режимде жұмыс істей береді;
  • қашықтан жұмыс істей алатындар: ЖОО оқытушылары, мұғалімдер (Еңбек кодексінде қызметін орындайтындарға жалақысын беру көзделген);
  • еңбек демалысына байланысты шешім қабылдайтын бірінші басшылар.

Министрлік адам көп келетін жиналыстарды өткізуді тоқтатты. Әртүлі жиындар мен түрлі іс-шараларды онлайн форматқа ауыстырды.

Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова да қызметкерлер келесі үш категорияға бөлінгенін атап өтті:

  • мекемелердің қызмет етуін қамтамасыз ететіндер;
  • онлайн жұмыс істеп, қызмет көрсететіндер;
  • төленетін еңбек демалысына жіберілетіндер.

"Болашақ" бағдарламасы түлектері қайтарыла ма?

"Болашақ" бағдарламасымен 857 азамат шетелде оқып жатыр. 857 азамат 30-наурызда Қазақстанға қайтуға өтініш білдірген. Министрдің сөзінше, олардың кейбірі тіл бойынша курстарын, кейбірі оқуларын бітіру себебімен қайтып келіп жатыр.

"Болашақ" бағдарламасы, басқа да бағдарлама бойынша барлығы Қазақстанға қайтып келіп жатыр деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Ол жақта да оқу режимі бар. Оқып жатыр. Сәуір айында қайтып келем деген 12 адам, маусымда оқуын білдіретін 89 адам бар", – деді Білім және ғылым министрі.

Туристер шығыны өтеледі

Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың сөзінше, концерттер, мәдени шаралар тоқтатылды. Билет алған азаматтар билетті кассаға, алған жеріне тапсырып, ақысын қайтара алады. Министр түнгі клубтар да жұмыс істемеуі тиіс деп есептейді.

Шетелге шығатын туристерге қатысты

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің азаматтық авиация комитетінің ұсынысымен туристер әуе билеттерін қаржыларын ұстамай, айыппұлсыз 100 пайыз қайтаруға мүмкіндік береді.

Турпакеттерді қайтаруды "Қамқор" қоры қарастырады. Сонда жиналған қаржыға орай жұмыс атқарылып жатыр. Ол үшін турагенттіктер мен туроператорлар "Қамқор" қорында болуға тиіс.

"Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасымен ақылдасып, туристік агенттіктер мен операторлардың қаржысын орнына келтіру үшін қандай да бір шаралар қарастырылып жатыр. Қаржыны өтеу турпакетті алып жатқан азаматтар мен операторлар арасындағы қарым-қатынас шарттарына байланысты болып отыр. Сондықтан әрбір азамат шартқа қол қойғанда оны оқыса дейміз. Шартқа қарай олар ақшасын алады", – деді министр Ақтоты Райымқұлова.

Оқи отырыңыз: Коронавирус себебімен қысқарған әуе рейстерінің билетін қайтару ұсынылды. Қайда хабарласу керек?

Карантиндегі адамдарға жәрдемақы төленеді

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің төрағасы Ербол Нұрғалиевтің сөзінше, барлық медициналық мекемеге, үйге карантинге алынған қызметкерлерге еңбекке уақытша жарамсыздық қағазы беріледі. Еңбекке уақытша жарамсыздық бойынша жәрдемақы төлеу тәртібі Денсаулық сақтау министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бекіткен ережеде толығымен көрсетілген.

Өндірісті тоқтата тұру кезінде қызметкерлердің еңбекақысын төлеу мәселесі

13 наурыздан бастап сауда ойын сауық кешеніндегі кинотеатрлар мен балалар ойын алаңдары жабылып жатыр. Көпшілік шараларын өткізуге тыйым салынды. Министрдің сөзінше, кейбір кәсіпорындар жұмыстарын тоқтата тұруға мәжбүр. Еңбек кодексінің 112-бабында жұмыс берушіге және жұмыскерге байланысты емес себептер бойынша бос тұрып қалу уақытында жалақыны ең төменгі мөлшерден кем емес етіп төлеу тәртібі белгіленген. Егер еңбек шарттарында немесе ұжымдық шарттарда бұл мәселе қарастырылған болса, одан да жоғары төлеуге мүмкіндік бар.

Оқи отырыңыз: Коронавирус пандемиясы. Ол әлем елдерін карантин жариялауға міндеттей ме?

Еңбек кодексінің 138-бабында қашықтан орындалатын жұмысқа ауысу жағдайы толығымен көрсетілген. Мұндай жағдайда барлық жұмыс уақытын есептеу мен жалақыны төлеу жұмыс берушінің актісінде белгіленеді.

Денсаулық сақтау министрлігі профилактикалық 5 шараны тұрақты істеуге кеңес береді:

  • қол мен бетті сабынмен жиі және мұқият жуу;
  • қолға арналған спирттік антисептиктерді қолдану;
  • көп адам жиналған орындардан аулақ болу;
  • науқас адамдармен байланысқа түспеу;
  • салқын тию белгілері (дене қызуының көтерілуі, мұрынның бітелуі, жөтел, тамақтың ауруы) пайда болғанда міндетті түрде дереу үйге жедел жәрдем шақыру қажет.