Дегенмен Салық кодексінің 618-бабына сәйкес, келесі санаттарға жататын азаматтар бұл ақы түрінен босатылады:

  • Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер және басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері;
  • Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдар;
  • 1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемінде алты ай жұмыс істеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталмаған адамдар;
  • мүгедектер;
  • бала жасынан мүгедектің, мүгедек баланың ата-анасының бірі, қорғаншылар (қамқоршылар), мемлекеттiк ұйымдар.

Бұл жеңілдікті, мысалы, баланың туу туралы куәлігі жоғалып немесе бүлініп қалса, баланың аты-жөні өзгергенде куәлікті қайта алғанда пайдалануға болады. Ол үшін баланың ата-анасының бірі өтініш жазады және басқа құжаттармен бірге мүмкіндігі шектеулі туралы анықтаманы ұсынады. Рәсімдеген сәтте баланың болуы міндетті емес.

Оқи отырыңыз: Жеке куәлік пен паспортты кім және қалай тегін жасата алады?

Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы кодексі, 188-бап, 1-тармағы бойынша баланың туу туралы куәлігін ата-анасының не олардың бiреуiнiң қалауы бойынша ҚР аумағындағы кез келген тiркеушi органнан алуға болады.

Егер бала бір жастан асқан және туу туралы куәлігі жоқ болса, баланың тууын мемлекеттік тіркеу үшін:

  • ата-анасының түсініктемесі;
  • туу туралы медициналық куәлік;
  • тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің тіркеуші органының туу туралы акт жазбасының болмауы туралы хабарламасы;
  • тұрғылықты жері бойынша баланың денсаулығы туралы анықтама ұсынылады.

Айта кетейік, қазіргі таңда басқа да қызметтермен бірге туу туралы куәлікті перзентханада кезде-ақ рәсімдеуге болады. "Проактивті" деп аталатын бұл қызметті пайдалану үшін баланың анасы мобильді азаматтар базасында тіркелген болуы тиіс.