Тікелей эфир

Жеке куәлік пен паспортты кім және қалай тегін жасата алады?

Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
Биыл паспорт рәсімдеу құны 22 224 теңгеге тең болса, жеке куәлік жасату үшін 556 теңге баж төлеу қажет.

Қазақстан азаматтарының тұрғылықты мекенжайына қарамастан, жеке басын куәландыратын құжаты болуы тиіс. Олар:

  • жеке куәлік;
  • паспорт.

Паспорт азаматтарға жасына қарамастан өз қалауы бойынша және 10 жыл мерзімге беріледі. Ал жеке куәлік азаматтарға 16 жастан бастап 10 жылға беріледі және ел аумағында жарамды.

Паспорт және жеке куәлік қазіргі таңда "Азаматтарға арналған үкімет" корпорациясының филиалдарында рәсімделеді және оның қызмет ақысы үшін төленетін мемлекеттік баж айлық есептік көрсеткішпен есептеледі.

2020 жылдың 1 сәуірінен бастап 1 АЕК мөлшері – 2 778 теңгеге тең. Сәйкесінше:

  • жеке куәлік рәсімдеу бағасы – 556 теңге (0,2 АЕК);
  • паспорт рәсімдеу бағасы – 22 224 теңге (8 АЕК).

Оқи отырыңыз: Нотариус қызметін қалай тегін пайдалануға болады?

Салық кодексінің 622-бабына сәйкес, келесі санаттарға жататын азаматтар жеке куәлік, паспорт рәсімдеуде мемлекеттік баж төлеуден босатылады:

  • Кеңес Одағының батыры, Социалистік Еңбек ері;
  • үш дәрежелі Даңқ орденінің және үш дәрежелі Еңбек Даңқы, "Алтын Қыран", "Отан" ордені иелері, "Халық қаһарманы", "Қазақстанның Еңбек Ері" атағына ие болғандар;
  • "Батыр Ана" атағы, "Алтын алқа", "Күмiс алқаға" ие көп балалы аналар;
  • ҰОС ардагерлері, оларға теңестірілгендер және басқа мемлекеттер аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері;
  • мүгедектер, сондай-ақ бала жасынан мүгедектің, мүгедек баланың ата-анасының бірі;
  • қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық-әлеуметтік мекемеде тұратын қарттар, балалар үйінде, интернатта тұратын, мемлекеттің толық қамсыздандыруындағы және жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар;
  • Чернобыль апатының салдарынан зардап шеккендер.

Оқи отырыңыз: Еңбекақыдан жеке табыс салығын төлемеу үшін не істеу керек?

Бұл жеңілдікке ие болу үшін жоғарыда аталған санаттарға жататын азаматтар жеке басын куәландыратын құжат пен бірге сәйкес санатқа жататынын растайтын құжатты ұсынуы тиіс. Ал мүгедек баланың ата-анасы келесі құжаттарды ұсынады:

  • мүгедек баланың туу туралы куәлігі;
  • ата-анасының бірінің жеке куәлігі;
  • баланың мүгедектігі туралы анықтама.

Ескерту: құжаттарды ресімдеу кезде баланың болуы міндетті.

Паспорт және жеке куәлік 15 жұмыс күні ішінде дайын болады. Ал одан тезірек алу үшін жедел қызметке бөлек ақы төлеу қажет. Бұл ретте жеңілдікке ие азаматтар рәсімдеу ақысын емес, жеделдетілген қызмет ақысын ғана төлейді.

Серіктестер жаңалықтары