Қиын шақта жандарын қиған Қорғаныс және Ішкі істер министрліктері мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлерінің және жазықсыз опат болған бейбіт тұрғындардың отбасыларының қайғыларына ортақтасып көңіл айтамыз.

Араласқан астарлар

Әйтеуір сұрапылдан қалдық аман,
Сәби ек кекіл шашы жалбыраған.
Біздерге сүйенетін қамкөңіл ел,
Күніне сан қуанып, сан жылаған.

Жеті күн үйден аттап баспадық. Интернеті жоқ смартфонды ысырып тастап, ескі ұялы телефонды тауып радио еттік. Құлағымыз радиода болғанымен көзіміз кітапта еді. Қырыққа жуық кітап оқып тастаппыз. Соның ішінде осы шумақты көзіміз шалған. Сағи Жиенбаевтан.

Дәл. Еліміз бір сұрапылдан аман қалды. Өлеңдегідей соғыс жылдарындағы сәби емес, 30 жыл болған мемлекет-тұғын. Бірақ, сұрапылдан жараланып шықты. Ішкі саясаттан ірің ақты. Экономика қатты зардап шекті. Сыртқы беделге тыртық түсті. Енді "Қазақстан – Орталық Азиядағы қауіпсіз мемлекет" дей алмас. Талайға дейін.

Сана сан жерінен сынды. Басқа мүмкіндік таппаған соң бейбіт жиында бой көрсеткісі келген кедей, сыртқы жаумен айқасқан майданда емес, туған жерінде тепкіленген солдат, тыныштық үшін алынған көліктерді жалмаған қызыл жалын, өз қаласын қиратуға кіріскен тобыр – әлбетте, сананы аяусыз жаралаған көріністер.

Алматы мен Тараз, Шымкент пен Талдықорған ешқашан бұлай қирамаған. Бірінші һәм екінші дүниежүзілік соғыс театры бұл қалалардан шалғайда өтті. Желтоқсан көтерілісінде Алматының бір алаңы бүлініп, бірді-екілі автомашина зақымданғанымен мынандай сұрапыл, жойқын, қатігез адам дауылы өтпеген.

Онда жастар "елім" деген, елінің астанасын аялаған. Алаң мен ғимараттағы гранит пен мәрмарды бүлдіру емес, қоршаған қалың әскерге лақтыру үшін қолмен қопарған. Бірнеше техниканы аударса немесе өртесе, олар су шашып жатқандықтан қорғанудың амалы еді.

Енді мүлде өзгеше көрініс. Басқаша пайымдауды талап ететін жағдай.

Пайымдап отырсақ, мұнда – 2022 жылғы қаңтардың 5-8 арасында бүкіл Қазақстанды шарпыған бой көрсету мен бүлікте – кемінде үш қатпар бар. Әу-баста бір-біріне қатыссыз, бірақ оқиғалардың жедел өрбуі бір-бірімен араластырып жіберген үш астар.


Оқи отырыңыз: Атам сияқты адам


Ызғарлы ызалар

Біреулерге байлық жетпей ызалы,
Біреулерге айлық жетпей ызалы.
Біреулерге сыйлық жетпей ызалы.
Біреулерге билік жетпей ызалы.

Қадыр Мырза Әлидің "Домбыра" кітабынан оқыдық. Жетпісінші жылдардың басында жазыпты. Жарты ғасырдан соң айта-қатесіз дәл келіп тұрғанын қараңыз!

Негізі, апта бойы көркем әдебиетпен шектелмедік. Бес томдық "Қазақстан тарихын" қайта пысықтап шықтық. Соның ішінде 1930 жылдардан басталатын, бүкіл қазақ даласын шарпитын 300-ден астам көтерілістің себебі мен салдарлары жазылған беттерге үңілдік.

Тоқсан жылдан соң қазақ сорына қарай тағы жағдайын елеп-ескермейтін үкіметке тап болыпты. Бергі отыз жылда Ұзақбай Қараманов, Әкежан Қажыгелдин, Нұрлан Балғымбаев, Қасым-Жомарт Тоқаев, Даниал және Серік Ахметов, тағы басқалар басқарған үкіметтерді көрдік. Кейбірінің бағыт-бағдарын баспасөзде, кейбіреуін телевизияда сараптап материал жаздық. Соның ішінде тура Асқар Мамин басқарғандағыдай "соқыртеке" ойындағы сияқты "не көретін көзі, не еститін құлағы жоқ" үкімет көрмедік.

Кейінгі екі жылдағы мақаламызда билікті біраз сынағанбыз. Қалам ұстай алатынның бәрі баға сағат сайын қымбаттап, күн көру мүмкін болмай бара жатқанын ашына жазды. Кейінгі кезде жұрт азық-түлікті несиеге алып жатты.

Жаңа жыл қарсаңында базарға барғанбыз. Қатынымыз дастарханға оны-мұны, өзіміз балта алуға. Бұрынғысына "жиендік жасап" кетіпті. Балтаны "5 000 теңге" деді. "Онда Жаңа жылдан кейін алайын" деген сөз аузымыздан шығуы сол, "Жаңа жылдан соң басқа баға болады" деді сатушы. Базарда тұрған шаруашылық зат осылай өз-өзінен қымбаттайтын болса, азық-түлікке не жорық?!  

Үйден шықпай, тырт етпей жатқанда бес том "Қазақстан тарихын" тағы оқыдық дедік. Қараңыз, 1917 жылғы ақпан және қазан төңкерістерінде қалың қазақ онша қозғала қоймаған. Азғана көзі ашықтары қатысқан. Одан кейінгі Азамат соғысы үстінен өткен жерлерде қорғанғаны болмаса, ағыңа да, қызылыңа да жаппай қосылып кетпеген. Әліптің артын баққан.

Ал 1928-1930 жылдары малын тігерге тұяқ қоймай сыпырып алғанда амалсыз жаппай атқа қонған. Өйткені, ендігі күтіп тұрғаны – өлім. Аштан өлдің не, оқтан өлдің не, бәрібір.

Тарих осындай ой түйгізген. Үкімет халықты жардың шетіне жеткізбегенде жаппай қозғалуы мүмкін емес еді. Қымбатшылық қысқанда ғана қазақ қозғалуға мәжбүр болды. Соны ойламаған, ескермеген үкіметтегілер халқымыздың тарихымен таныс емес-ау деп топшылайсың.

Шыңғыс Айтматовтың "Қош, Гүлсарысын" қайта оқыдық. Қалай үйлескенін, телеарналар қосылған 8 қаңтарда осы бойынша түсірілген фильмді көрсетті. Лайсаң жыртық қорада, жем-шөпсіз, әйелі құлаған төбеден мертігіп жатқан, көмекке жіберілген қаршадай қыз ғана қасындағы ызалы шопан Танабай "мына қозыларды неге өлтірдің" деп семіз атпен шіреніп келген аудан өкілін жұлып алып сабап тастайды. Артына партиядан шығатыны, одан әрі сотталып кететіні бөлек хикая. Салыстырып көрерсіздер.

Бота тірсек бозымдар

Алматыда жүр жортып,
Бота тірсек боз бала.
Өзін мақтап әр жерде
Аңдығаны сөз ғана.

Қасым Аманжолов. 1954 жылы 10 август. Онда "тамыз" деп жазғызбайды. Ай аттарын қазақшалап алу тоқсаныншы жылдар басында еркін ойлы ағалардың арқасында мүмкін болған.

Жаңаөзенде газдың қымбаттауына автокөлігін осы көмірсутегі түрімен жүргізетіндер наразылық білдірді. Егер солар жиналған сәтте алдына барып әуре болмаса да, тікелей эфир ұйымдастырып, алаңдағылар сұрақтарын қойып, мыналар үкімет үйінің ішінде, жайлы кабинеттен жауап бергенде-ақ бар мәселе шешілетін еді. Сұйытылған газдың литрін 120 теңгеден төмен түсіруге болады екен ғой, сол жолы 70 теңге десе де, халық тынышталып тарап кетер еді.

Тікелей эфир ұйымдастыру оңай. Кез-келген телеарнаның мүмкіндігі қаптал жететін. Қиратылмай тұрғанда. Маңғыстаудың өзінде қаншама кәсіпорын ашылды деп талай телекөпір жасалған. Шықпайтын планшеттердің зауытынан да.

Бірақ, бұған биліктің зауқы болмады. Халық алдына шығуға үйренбеген. Нақты сұраққа жауап беруге қалыптаспаған. Мәселені шешуге білікті болмаған. "Түйем көпірден кеше құламай жүкті алып өткен, бүгін де құлай қоймас" дегенге әдеттенген. Ал көпір әлдеқашан шіріп кеткен-тұғын. Жаңаөзенде жиналғандарға жауап беріп, дереу шешім қабылдағанда Алматы қирамас еді.

Алматы. Аянышты. Қонаев заманынан соншалық сүйіспеншілікпен салынған, өзіміз әрбір жаңа ғимараты қалай тұрғызылғанына қуанған қаланы бірі бірінен кейін үш толқын тас-талқан етті. Бірінші толқында айқау-шуға толды. Екінші толқында қирап, қанға боялды. Үшінші толқында аяусыз тоналды.

Қасымның "Алматыда жүр жортып, Бота тірсек боз бала" дегені бар болғаны өздерін өлең өлкесінде танытқысы келетін, бойын шабыт қысқан азғана желікпе, желөкпелер еді. 50 жылдан соң қала ауылдан кәсіп таппаған, мал өсіруге жері жоқ, шаруашылық тіркеуге заңды білмейтін, істі бастауға несиеге қолы жетпейтін жастарға толды. Жиырма шақты базардағы, екі вокзалдағы қоларбаның өзіне таласып жатты.

Жастардың жұмыс істейтін цехтары, соған орай мамандықтары болса, Абай даңғылын даңғазаға толтырып жүріп өтпес еді. Ондай тұрақты жұмыс орны мен табысы жоқ бозөкпе бозымдар кез-келген ұранға ілеседі. Оған бірер жыл бұрын "Ринат Зайытовты ішкі істер бөлімінен босатып аламыз" деп шерулеткені дәлел.

Сол оқиға сабақ болып, жастармен айналысу керек еді. Жұмыс беру, білім беру, несие беру, бағыт беру керек еді. Оған ешкімнің мойны бұрылмады. Ақыры әлеуметтік желідегі өтірік-шынды сөз бен көріністі аңдыған бірнеше ондаған мыңдық қатпар пайда болды. Бірінші толқын – осы.

Олардың көбі Абай көшесін "адам ағысқа" толтырған сол кешпен тоқтап қалмай, екінші және үшінші толқынның ішінде жүрді. "Адам ағыс" – біздің термин емес, Оралхандыкі. Оны да оқыдық.


Оқи отырыңыз: Жанбаев түсірген жарық


Бөтендігі білінгендер

Кеш таныдым кімнің кім екендігін
Қайта бастау қиын-ақ екен бүгін.
Біреулерге ентелеп қол беремін
Біле тұрып ішімнен бөтендігін.

Мұқағали Мақатаев "абыржып, аса ұстататын" Әбділда Тәжібаевтың өлеңі. "Өкініш" деп аталған екен.

Бізде осы өкініш. Алматыны дәл мұндай етіп жастар талқандап кете алмас еді. Рас, жұмыссыз, жұмысы барының табысы қымбатшылыққа төтеп бере алмайды. Сондықтан ызалы, ашулы. Көздері қарайып тұр. Бірақ, оларда өртегіш, жарғыш зат пен атыс қаруы қайдан болсын?!

Бөтеннің қолы, өзгенің қаруы. Талас жоқ. Ғабит Мүсіреповте "Сөз жоқ, соның іздері" деген шығарма бар.

Ал енді "Х" сағатты күтіп дайын тұрған, мылтықты басуларына құланның қасуы сай келе қалған содырлар қалай пайда болды? Бір күнде бір жақ шекарадан баса-көктеп кірмеді ғой. Бұл өте күрделі сұрақ. Бірден емес, жіпті суыртпақтап шығарғандай ұзақ анықталар мәселе.

Алматы мен басқа аймақтардағы атыс кезінде біразының көзі жойылыпты. Қалғандарын аяусыз құртамыз деп жатыр. Сөйтіп еліміз ондай баскесерлерден тазарар.

Бірақ, мұндай құрылымдардың пайда болуына жол бергендер мен қызметіне жүрдім-бардым қарап, олардың бар екенін анықтай алмағандар бар ғой. Солар да жауапқа тартылуы керек.

Бізде билікті сынап жүретін азаматтар бар. Олар биліктің қарсыласы болғанымен, мемлекеттің жауы емес. Олар қарулы көтеріліске, қан төгуге шақырмайды. Қару таратпайды. Өз қаласын талқандап тастамайды. Өздері осында тұрады. Шетелге кетердей, онда меншігі жоқ.

Бірақ, өкіметтің билікті сынайтындардан сескеніп, сол күндері халықты мүлде ақпаратсыз қалдырғанын қолдай алмадық. Кімнің кім екенін, не болып жатқанын дер кезінде айту керек еді. Егер белгісіз баскесерлерге қосылып кеткенін білгенде талай бозым қаруды тастап, қиратуды қойып, тып-тыныш қайтып кетуі мүмкін еді. Адам мен материалдық шығын азаяр еді.

Бөтендігі кейін білінген екінші толқынға аяушылық жоқ. Ұрыс кезінде атып тасталғаны аянышты емес. Сот та ең ауыр жазаны тағайындар.


Оқи отырыңыз: Буын, буын бұлқыныс


Жайраған жаңқалар

Қала тұр қаусаған қаңқадай,
Қамшы осқан көк ала арқадай.
Бау-бақтар жайраған жаңқадай,
Алмалар шашылған алқадай.

Жұбан Молдағалиев. Совет Одағының Мемлекеттік сыйлығын алған үш поэмасының бірі. Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарының басында Алматыны жайпап өткен селді сипаттағаны. Бір ғасырдан соң Алматы сел өткеннен жаман тағы қаусады. Тағы басқа қалалар зардап шекті. Ұрыстан ғана емес, тонаушылардан да.

Үшінші топ – мародерлер. Өзінің қазақша баламасы жоқ, өйткені бұрын ондай қылық кездеспеген. Бұлардың қылмысы кісі өлтіргендерден сәл ғана жеңіл. Бірақ, аяусыз жазаға лайық.

Нарықтағы жағдайдың қатаңдығы ма, тәрбиенің мүлде жоқтығы ма, қазақ ұлттық сипаттан айрылып барады. Бабаларымыз "бүлінгеннен – бүлдіргі алма" деген. Кешегі соғыста Бауыржан атамыз Берлинді тонап қайтпаған. Жауды жеңді – бітті. Оны осы күндері қайта қолға алған "Ақиқат пен аңыздан" және оқыдық.

Отқа оранған Алматыдағы жаппай тонау көрінісі – ұлттық қасиеттен айырылғанымыздың белгісі. Кедей болсаң да, бірақ барына тәубе де. Бұрын осы ұстаныммен өмір сүретін. Отыз жыл ондай ұстанымды ысырып тастады. Жоғары жақтағылар мемлекеттен бөшкелеп алып жатқанда ең төменде тұрған саған қасықтап қалуға неге болмасын. Қазіргі ұстаным – осы. Биліктегі коррупцияны жоймаған мемлекет көшедегі тонауды жоя алмасы хақ. "Көрген көргенін істейді, көсеу түрткенін істейді". 

Айтпақшы, жаңа апта басталғанда, террорлық топтардың ашық бой көрсетуі басылып, енді күндіз үйден шығуға болар деп ойлаған шақта және бір кітапты оқи кеткенбіз. Сырбай Мәуленов. 1948 жылы жазыпты. Ол да соғыс көрген, от кешкен, бірақ Отанын қиратпаған, керісінше қорғаған ақын.

Орынсыз айқай салып желікпеген
Мен сенің сабырыңа сеніп келем.
Туған жер, бұл әлемде өзім үшін
Артықсың бар табиғи бөліктерден.

Сабыры да керек. Туған жерді осылай сүю керек. Бәрімізге.