Ойда қалғаны

1980 жылдың ортасында Алматы қаласында ірі панелді тұрғын үйлер құрылысы қарқын алды. Алдымен "Ақсай", одан кейін "Жетісу" ықшам аудандары өсіп шықты. Бұрын қаланың шеті саналған Жұмағали Саин көшесінің батыс бетіндегі жүгері алқабы бірнеше мың пәтері бар бес және тоғыз қабатты үйге толды.

Ірі панелді тұрғын үйдің салынуы тез, әрі жер тітіреуіне төзімді болғанымен елеулі кемшіліктері бар еді. Төменгі қабатты дүкен немесе басқадай әлеуметтік нысан ету қиын. Пәтерлер бірінші қабаттан басталады. Әрі бір үй егіз қозыдай екіншісінен аумай тұрады. Бұл – кеңестік қалалардың бәріне ортақ олқылық.

Осыны түзегісі келді ме, Алматы үй құрылысы комбинаты Саин көшесінің бойындағы бірнеше үйдің терезе жоқ қабырғаларына түрлі архитектура үлгілерінің бедерін салды. Батыстың, шығыстың классикалық діни құрылыс бағытын танытқан суреттер пайда болды. Оны құрайтын қабырғалар комбинаттың өзінде өрнектеліп шығатын. Құрылысшылар панелдердің орындарын ауыстырып алмай, тұрғыза қояды. Біздіңше, Алматы қаласына мурал деген өнер сол кезде келді. Бірақ, оны байқаушы да, бағалаушы да бола қоймады.

Рас, қабырғадағы суреттердің бояуы қанық емес, тым қарапайым салынды. Бетон үстіне бояу жақпай, боялған бетонды құйғаны байқалатын. Соның өзінде жүздеген біркелкі үйге қарағанда осы төрт-бес үй көзге ерекше түсетін. Осындай әдіспен құрастырылған тағы бір тоғыз қабатты үй Алматы үй құрылысы комбинатының Шаляпин көшесінің бойындағы өз офисі еді.

Одан бері Үлкен Алматы өзенінен талай су ақты. Жұртты үміттендірген, елеңдеткен "Тұрғын үй-91" деген бағдарлама болғаны ұмыт қалды. Әлгі үйлердің дәл осы бағдарлама бойынша салынғанын енді қала тұрғындарының көпшілігі білмейді. Жаңа заман өз жаңалықтарымен орнықты.

Соның бірі – мурал. Десе де ел "мурал" деп атамаса да, сыртқы қабырғаға сурет салу үрдісі еліміздің сол тұстағы астанасында болғанын ұмытпаған ләзім.


Оқи отырыңыз: Көргені – азап, естігені – мазақ


Көзге түскені

Біздің елде оған жеткілікті мән беріле қоймаған шақта Дания астанасын аралап, кірпіштен қаланған ескі үйдің қабырғасынан Шерлок Холмс бейнеленген мурал көріп, риза болғанбыз. Біріншіден: тапқырлығы. Бұл – тұрғын үйге қолы жете қоймағандардың зарын жеткізетін туынды. Холмстың фамилиясы мен баспананың арасына каламбур жасаған. Әдеби кейіпкердің фамилиясы Holmes болса, мұнда Homeless – яғни "үйсіз" деп жазылған. Астындағы жазу "үй іздеп жүрмін" деп тұр. Холмсты қағаз қораптан шығарғаны, лупамен үйді тексергені және басқасы баяғы "Ара" журналына шығатын карикатура сияқты. Суретшінің юморы муралға көз салғанның бәріне езу тартқызады.

Италиялық Mr. Thoms-тың Копенгагендегі муралы. Фото интернеттегі ашық көздерден алынды

Екіншіден: еуропалық тұтастығы. Шерлок – ағылшын астанасында туған әдеби кейіпкер. Оған арналған муралды Данияның астанасына көру – еуропалық тұтастықтың, оларға саясат пен өнердің ортақтығының белгісі.

Еуропалық тұтастықтың және бір белгісі бар. Копангагендегі муралды салған Италияның суретішісі көрінеді. Қазақстан астанасындағы үйдің қабырғасына түркімен суретшісі мурал салғанда біз де түркілік тұтастықты көпке әйгілейтін шығармыз.   

Мурал кәдімгі бейнелеу өнеріне жатады. Қабырғаны шимайлап кететін граффити әуесқойлық. Екеуінің айырмашылығы осында. Граффити көбінесе түсініксіз сурет пен өрнек немесе жазу десек, мұнда кәнігі суретшінің қолтаңбасы мен көркемдік шешімі тұрады. Еріккендер салатын граффитидің мақсаты – бос дуал мен қабырғаны "меншіктеп" алу. Ал майталман суретшілерге тапсырылатын муралдың мақсаты – ой салу, насихат айту. 

Өзі латынның "қабырға" деген сөзінен шыққан. Қабырғаға немесе төбеге көлемді сурет салғанды білдіреді. ХХІ ғасырда мурал саяси белсенділік өлшеміне айналды. Қай қалада мурал молынан салынса, онда еркіндік бар деген ой туындайды. Өйткені, оны көру мен тамашалау үшін көрме мен музейге барудың қажеті шамалы. Көшеге шықсаң-ақ көзіңе оттай басылмақ.

Муралдың көрмедегі картинадан бір артықшылығы – өнерге саясатты жымдастырып жіберетіні. Осындай екі сала қоса өрген муралдың бірін Иордания астанасынан көруге болады екен. Онда өткен мен болашақ арасындағы әйел бейнеленген. Суретші түзу қабырғаға бір әйелдің екі бейнесін тоғыстырған. Бірі – болашаққа қараса, екінші бет-жүзін көрсетпей, өткен күнге қарап қалған.  

Амман қаласында екі дәуір арасындағы әйелге арналған мурал. Фото интернеттегі ашық көздерден алынды

Саясатқа арналған бір мурал Берлиндегі Трептев паркінен орын алды. Ол қабырғаға емес, жасыл көгал үстіне салынды. Бір ерекшелігі: бояу қолданылмады. Жерге бояу төгуге экологияны қатаң сақтайтын неміс елінде жол берілмес еді. Бұл "ойбай, ертең Президент келеді" деп түнделітіп сарғайған шөптің үстін жасылға бояп шығатын Қазақстан емес. Парктегі суретке біртіндеп шіріп кететін табиғи, биологиялық материалдар қолданылды.

Мұнда бір-бірін қысып тұрған екі қол салынған. Бауырластықты байқатады. Еуропалық бірліктің белгісі. Мұндай муралды Алматыдағы Президент паркіне салуға болар еді. Тегін идея ұсынамыз.

Берлиндегі Трептев паркіндегі мурал. Фото интернеттегі ашық көздерден алынды

Оқи отырыңыз: Тасқа таңбаланбаған аң


Ерекше ескерілгені

Мурал саласының айрықша ізденістері әлем жұртшылығын қызықтырмай қоймайды. Сондықтан жаңа туындыларды журналдар жиі жариялап жатады. Қайталанбас туынды қалдырып кететін суретшілердің даңқы дүңкілдеп жатады.

Айталық, Уэльстегі ғимарат сыртына мурал салған Бэнкси деген суретші өз талантымен таңдай қақтырған. Ол шана сүйреп келе жатқан баланың қар ұшқынына қуанып, оны тілімен тамсап тұрғанын бейнелеген. Осы муралға көшенің екінші бетінен қарағанда мүлде басқа көрініс шығады екен.

Қабырғаға алдымен граффити мен мурал салып, біртіндеп кенепке майлы бояу арқылы түсетін көркем суретке ауысқан Жан-Мишель Баския өзін даңққа бөледі. Ол басында Нью-Йорк көшелерін граффити мен муралға толтырған. Содан 1981 жылы бір галереяның жертөлесінен шеберхана алып, енді нағыз сурет өнерін бастайды. Қолының жаттыққаны, ойының ұшқырлығы, бірден көзге ұратын бояулар сырын білетіндігі, шимай мен шытырман арқылы бас қатыруға әуестігі, бәрі-бәрі қосыла келгенде оны ХХ ғасырдың соңындағы теңдессіз суретшіге айналдырды. Әрбір туындысы долы мінезді, бой бермес қуатты, бұра тартатын бүлікті аңғартты. Басқа суретшілерден ерекшелігі: граффити салғандағы әдетімен картиналарына ат қойып әуре болмады.

Бес жыл ішінде салған "Аты жоқ" делінетін үздік он картинасы суретшінің атын шығарды. Осының ішіндегі 3-нөмірлі картинаны жапон миллиардері Юсаку Маэдзава 37,2 миллион долларға сатып алған. Ал суретшінің осы топтағы алғашқы картинасы 1984 жылы 19 мың долларға сатылса, 2017 жылы қайтадан саудаға қойылды. Оны әлгі миллиардер 110,5 миллион долларға аукционда сатып алып, өзінің сауда бәсекесіндегі жеңісіне риза екенін мәлімдеген.

Жан-Мишель Баскияның "Аты жоқ" қымбат картинасы. Фото интернеттегі ашық көздерден алынды

Егер Жан-Мишель қабырғаны шимайлаумен шұғылдана берсе, туындылары бұлай бағаланбас еді. Есесіне өнерді мурал мен граффити салудан бастамаса, мұншалықты шырқау биікке шыққан картина салуға тәжірибесі мен өресі жетпес еді. Көрдіңіз бе, қалай бір-бірімен байланысып жатыр?! 


Оқи отырыңыз: Қос дөңгелекке құрмет


Ерланның есіндегі

Кеңес Одағы кезінде екі жылдан астам уақыт жастар газетінің Орталық Қазақстан аймағындағы меншікті тілшісі болып, Қарағанды қаласында қызмет еттік. Сонда Ерлан Айтуаров деген жас суретші Алматыдан келді. Анығында Львовтағы қолданбалы өнер институтын бітіріп, жолдамамен келген кезі. Біз сияқты бірер жылдан соң жолдамадағы мерзімді аяқтап, Алатау баурайындағы астанаға қайту ниетінде болған. Бірақ, суретші Қарағандыда түпкілікті қалыпты. Қазір сол қаладағы қылқалам мен мүсін шеберлерінің көшбасшысына айналған.

Суретші Ерлан Айтуаров өзі безендірген қабырғаның қасында. Суретті түсірген Ж. Керімбекұлы

Сол кезде Қарағандыда кәдімгідей шу болғаны есімізде. Ерлан Айтуаровқа қаладағы кооперация институтының ішін безендіру тапсырылған екен. Ол қабырғаға бір шеті баяғы батырларлардан басталатын мурал салып шыққан. Яғни, социализм мен коммунизм жетістігі атымен көрінбейтін, тарихты толғайтын туынды тұр.

Қазақ батырынан басталатын сюжетті сурет талайларды шошытты. Облыстық партия комитетінен комиссия шығып тексерді. "Ұлттық-тарихи бағыттағы суретті салуға кім рұқсат етті" деген мәселе қала мен облысты аяғынан тік тұрғызған. Енді бұл муралды, иә, ол кезде тіл мен түсінікке "мурал" сөзі кірмеген ғой, бұл суретті қырып тастау жайында шешім қабылдау үшін Москваның өзіне ресми хат жолданған.

Бірақ, сол тұста қабырғадағы сурет кеңес суретшілерінің үздік үлгісінің бірі ретінде Москвада шығатын "Декоративное искусство" журналында жарқ ете қалады. Даттау емес, мақтау сөздермен. Қарағандыда өз көлеңкесінен өздері қорқып жүргендер сонда сабасына түсті.

Беріде Айтуаров Қарағандыдағы цирктің төбесіне акробат қыздың мүсінін қойды. Бурабайдағы Абылай хан алаңына зәулім сағана орнатты. Енді оның жолына ешкім кедергі емес. Атақ бар. Абырой жеткілікті. Ал жеңісті жол институттың холындағы муралдан басталғанын ешкім біле бермейді.


Оқи отырыңыз: Әншілер мен әкелер


Мұхиттың тереңдігі

Алматыда Мұхит атты суретші бар. Қазір аты-жөнін Мұхит Дулы деп жазып жүр. Негізі, оған өзін танытып, жол таппай-ақ, аталарының атымен-ақ қырық жыл ел ішінде еркін жүре беруіне болатын еді. Өйткені, өз атасы – атақты ақын Қадыр Мырза Әли. Нағашы атасы – сурет өнерінде ешкімге дес бермеген Амандос Ақанаев.

Мұхит болса қазақ еліндегі мурал өнерінің шеберіне айналып үлгерді. Муралға дейін таланты мен еркіндігі бір арбаға жегілген қос асау аттай тізгін бермей, бос тұрған дуал мен гараж сыртына граффити салумен шұғылданған. Оны тәй-тәй басып жүрген кезінен бастапты.

"Атам классик ақын болды. Нағыз шығармашылық адам еді, – дейді Мұхит Дулы. – Ол кісі тар кабинеттің ішінде отырып өлең жазғанда қиялы жер үстін еркін шарлайтын. Жер деген не, тіпті ғаламды шарлайтын".

Бұл кезде Қадырдың немересі Мұхит қолына түскен қарындашпен қабырғаны шимайлап жатады. Мұны көрген нағашы атасы Ақанаев:

"Әй, Мұхит батыр! Сен атаңның үйін шимайлама. Мұнда атақты, үлкен кісілер қонаққа келеді. Солардан ұят болады. Шимайлаймын десең, мен саған бір емес, бірнеше қабырға берейін", – деп өзінің шеберханасына алып кетеді.

Суретші Мұхит Мырза Әли-Ақанай кезекті идея үстінде. Суретті түсірген Ж. Керімбекұлы

Мұхиттың атасы ғана емес, әжесі Нэлли, анасы Ботагөз Ақанаева да атақты суретші болған соң бұл әулеттегі үшінші толқынды бастаған суретші болып шықты. Табиғи заңдылық. Әулеттің дәстүр жалғастығы.

"Мен ештеңе таңдамадым. Алдымда тек суретші болу жолы дайын тұрды. Көз ашқалы бояу көрдім. Сол бояулардың өзгеше әлемінде өстім", – дейді Мұхит.

Бірақ, ол сурет саласында ата, әже, ана, бауыр-қарындастарынан өзгеше бағытта ізденді. Граффитиден бастап, муралға тоқтады. Алматыда стрит-арт фестивалі өте бастауына мұрындық болған.

Қазір оған қабырғаны "шимайлауды" арнайы тапсырады. Мұхиттың барысқа, сәукеле мен қобызға арналған муралдарын Алматыдағы үйлердің сыртынан тамашалауға болады. "Қобыз" муралының биіктігі 20 метрге жуықтайды, ені 10 метрден астам. 50 шақты құты бояу жұмсалған. Мұхит нақты тұлғаны муралға айналдыруды көздемейді. Онысы дұрыс та шығар.

Ал соңғы кезде Қазақстанның түрлі қалаларында белгілі адамдарға арналған муралдар пайда болды. Бір қалада Әбіш Кекілбай мен Фариза Оңғарсынова, тағы бір қалада Бейсен Құранбек биік қабырғадан қарап тұр. Бірақ, күн сәулесі мен жауын мен қар астында ең мықты деген бояу алты-жеті жылға ғана шыдайтынын ескерген ләзім. Мурал мәңгілік емес. Әп-сәттік өнер. Әрі белгілі тұлғаны келістіріп сала алмаса, ол суретші ғана емес, қала тұрғындарына сын. Бірер жылдан кейін бояуының әр жері кетіп, өңі өзгере бастағанда ол біздің Әбіш Кекілбайға деген құрметімізді кеміте бастаса қайтпекпіз?

Сондықтан біз мурал салғанда өзіміз Копенгагенде көрген, астарлы әзілі бар аллегориялық бағытты жөн дер едік.