Жеңімпаздар емес
Осыдан тура сексен жыл бұрын Екінші дүниежүзілік соғыстың құрбаны ең көп, қасіреті ең ауыр бөлігі – Германия мен Кеңес Одағы арасындағы қырқыс басталды. Қалың елге қайғы бұлты төнді.
Ал содан елу жылдан соң Қазақстан тәуелсіздігін алып жатты. Ел тұрғындарының басым көпшілігі бөркін аспанға атты десек, олардың арасында айрықша қуанышты топ болды. Соғыс біте сала Кеңес өкіметінің қуғынына түскен, түрмесінде отырып, итжеккенге айдалғандар тобы еді. Қазақстанның азаттық алуы – олардың соңғы қуаныш, соңғы үміттері. Бірақ, үміт ақталмаған.
Бұлар – Екінші жаһандық соғыс кезінде қарсы жақтың қолына түсіп, кейін еліне қайтарылған әскери тұтқындар. Отыз жыл бұрын олардың қатары әрі кеткенде оң мыңға жетпейтін. Өйткені, соғыс біткен тұста Германия мен оның одақтастарының лагерьлерінен 25 мың қазақ босатылып, Кеңес Одағына жіберілген. Олардың кемінде тең жартысы қырық бес жылғы қорлық пен зорлық кезінде, тәуелсіздіктің таңы атқанын көре алмай өмірден өткені даусыз.
Арнайы еcеп болмағандықтан, әлде құпия қалғандықтан 1991 жылдың желтоқсанында республикада қанша әскери тұтқын тірі жүрді деген мәліметті таппадық. Егер оларға үкімет көмек көрсетіп, жәрдемақы тағайындап жатса, мәліметі сопаң етіп шыға келер еді. Кеңес өкіметі жау қолына түсіп қалғандарға жақсылық жасауға келгенде соқыр әрі саңырау болған.
Мәліметке қатысты тағы бір мәселені айта кетелік. Екінші жаһандық соғыстың Германия мен Кеңес Одағы шебіндегі шайқастарда коммунистер жағынан фашистер жағына тұтқынға түскендер саны екі түрлі беріледі. Германияның әскери басшылығынан қалған ресми мәліметте 5 миллион 270 мың адам деп көрсетілген. Кеңес Одағы Бас штабының мәліметінде оның саны 4 миллион 559 мыңмен тоқтаған.
Бұлардың бір бөлігі соғыс біткенше-ақ лагерьдегі азап пен аурудан қаза тапты. Кейбіріне медициналық және басқа сынақтар жасалып, соның салдарынан көз жұмды. Тірі қалғандарының алдында Жеңіс күнінен кейін екі түрлі жол тұрды. Бірі – сол мемлекетте: Германия, Австрия, Италия, Франция және басқасында қалып, жаңа өмір бастау. Екіншісі – Отанға оралу.
Бірақ, жеңімпаз болып оралмайды. Өмір бойы ардагер қатарында саналмайды. Мұны дер кезінде білмесе керек, Германия мен оның одақтастарында және олар басып алған елдерде қалған кеңестік әскери тұтқындардың көбі оралғанды жөн санады. Пойызбен, кемемен кері қайтты. Ерікті түрде. Осылайша Кеңес Одағында "соғысқа қатысқан, бірақ ардагер емес" деп саналатын жаңа әлеуметтік топ пайда болды.
Бұлар үшін жыл сайын ең ауыр күн – 9 мамыр. Өздері қатарлы майданға аттанып, бірақ жау қолына түспей қайтқандар армансыз құрмет көреді. Мектепте, кәсіпорында және басқа жерлерде кездесулерге қатысып, естелік айтады. Мұны Кеңес заманы кезінде Жұбан Молдағалиев қапысыз жырлап кеткен:
"Бәрі есте, ол да осындай май күні еді.
Көңіл – күн, құшағымыз – ай, гүл еді.
Жер-жаһан жатты тойлап Жеңіс күнін,
"Жаса!" деп Октябрьдің әйгілі елі".
"Октбярьдің әйгілі елі" тарих сахнасынан сыпырылып түсіп, Қазақстан жеке мемлекет атанғанда бұрынғы әскери тұтқындар, "отанын сатқан" болып саналғандар елеңдеп еді. "Енді ақталармыз, біздің тағдырымызға басқаша қарар" деп үміттенген. Ол үміттің бірте-бірте сөне бергенін төмендегі кейіпкеріміздің ғұмырынан аңғарамыз.
Оқи отырыңыз: Тасқа таңбаланбаған аң
Құрметтілер емес
Бұдан тура жиырма жыл бұрын "Қазақстан" телеарнасы Жаңалықтар дирекциясының жас журналисі Жадыра Сейдеш, оператор және сол кезде дирекцияны басқарып тұрған біз Астанадан Степногорск қаласына аттанғанбыз. Онда соғысқа қатысқан, бірақ ардагер мәртебесін алмаған ақсақал тұратын. Сол кісінің тағдыры туралы материал дайындап, оны республиканың Бас прокурорының назарына ұсынбақ едік. Тапсырманы жас журналиске жүктегенбіз. Өзіміз тәлімгер ретінде оның кейіпкерді қайтіп сұқбатқа тартып, арнайы репортажды қалай дайындарын бақылау үшін бірге жүргенбіз.
Ал кейіпкердің тағдыры өте күрделі. Мәсіғұт Нәбиев деген ақсақал. Қалалық ардагерлер кеңесінен редакцияға хабарласып, атаға соғыс ардагері деген мәртебе берілмегенін, ондай мәртебесі жоқтығынан сый-құрмет тұрмақ, қарапайым игіліктерден құр қалып келе жатқанын айтқан. Ең бастысы, жау қолында тұтқын болғаны үшін Сталин заманында сотталып, сол айыптан ақталмаған. Жоғарыда айтылған тағдыры күрделі 25 мың қазақтың бірі.
Арқа өңірінде туған Мәсіғұт 1938 жылы Қызыл Армия қатарына шақырылған. Атқа мініп үйренген ауыл жігіті аяғына шаңғы байлап, Кеңес Одағы мен Финляндия арасындағы соғысқа қатысқан. Атақты Менгрейм шебін бұзу үшін шабуылдағандардың қатарында жүрді. Қарсы жаққа қарағанда бірнеше есе көп құрбандықпен бұл соғыс тынды. Оның нәтижесін Қызыл Армияның қолбасшылары, Бас штабы, тіпті Сталиннің өзі жақсылап талдап, қорытынды шығарғанда, бәлкім алдағы зор майдан жеңілірек, құрбандығы азырақ болар ма еді. Керісінше Фин соғысынан бастап Қызыл Армия сапамен емес, санмен алу бағытын ұстанды.
Әлбетте, мұндай үлкен саясатта Мәсіғұттың шаруасы қанша. Кешікпей бұл құрамындағы дивизия Балтық бойындағы үш республикаға басып кірді. Осылайша Литва, Латвия және Эстония Кеңес Одағының құрамына қосылды. Ресми құжаттарда "өз еріктерімен" делінсе де, бұл – басқыншы әскердің қаруының күші арқылы жүзеге асқан "қосылу" еді. Ар жағында Шығыс Еуропаны бөліп алу туралы Гитлер мен Сталиннің зұлым саясаты, Роббинтроп пен Молотовтың қолын қойғызған құпия шарты тұрды.
Кешікпей Германия Кеңес Одағына басып кірді. Соғысқа тыңғылықты әзірлік жоқтығынан, қару-жарақ пен азық-түлік жетпегендіктен, абдырап қалған қолбасшылардың дарынсыздығы мен сатқындығынан дивизиялар, бір тұста тұтас армия қоршауда қалды. Оның соңы басқыншылар жаққа берілумен аяқталды. Екі-үш солдатқа берілген, әрі оғы жоқ бір винтовканы жауға тапсырып, Мәсіғұт сияқтылар фашистердің қолына тұтқынға түсті. 5 миллионның о жақ, бұ жағы делінетін әскери тұтқынның көпшілігі соғыстың бастапқы айларында пайда болған.
Тұтқындарды айдап апарған қосындар бұлар үшін құданың үйі емес еді. Оның сыры Германияның "Кеңес Одағы өз уақытында Әскери тұтқындар туралы халықаралық конвенцияға қол қоймады, сондықтан біз де конвенция талаптарын сақтамаймыз" деген уәжінде жатты. Сол қаһарлы 1941 жылдың күзінде Мұстафа Шоқайдың жәрдемімен қара жұмысқа ауысқандардың бірі Мәсіғұт Нәбиев болатын.
Соғыс аяқталғанда бұл Италияда жүрді. Кеңес Одағы мен оның одақтастары жеңген соң бұрынғы әскери тұтқындарды "енді азатсыңдар" деп еліне қайтарған. Әлбетте, ерікті түрде. "Қайтпай қала беремін" дегендерін кедергі жасамаған.
Елге қайтқан Мәсіғұт Нәбиев ауылына, күтіп отырған қалыңдығына жете алмаған. Шекарадан бері өте салысымен бұларды әскери трибунал қарсы алып, "Отанын сатқан" деген айыппен 25 жылға соттап жіберген. Содан Сібір мен Қиыр Солтүстіктегі азап лагерьлерінің талайына тап болды. Елдегі қалыңдығы Зағипа күте-күте сарғайып, ақыры басқа азаматқа тұрмысқа шыққан. Бұл туралы Мәсіғұтттың інісі ақын Әскен Нәбиев "Зағипаштың зары" деп өлең жазған. Ол әнге айналып, Арқа өңірінде жиі шырқалған.
Жүрекке салып кеттің ауыр жара,
Өлермін қайғы құшып бара-бара.
Келгенде ел шетіне сүйген жарым
Сүйінші сұрар екен қандай бала?
Мәсіғұт Нәбиев 18 жылғы сергелдеңде болып, Сталин өліп, рақымшылық жарияланғанда ғана Арқа төсіне оралған. Інісі шығарған "Зағипаштың зарын" тыңдаған. Зағипаның өзін іздеу енді мәнсіз. Басқа жар тауып үйленді, 4 бала сүйді. Кейін 11 немеренің маңдайынан иіскеді. Келіні Ұлпан қайын атасының бүкіл жағдайын жасаған.
Соғысқа қатысып, ресми ардагер атанғандар балалары мен немерелеріне бірнеше үй әперген, көлік мінген, жыл сайын сый-сияпатқа бөленген кезде бұлар іштен тынатын. Бас прокуратураға, басқа ресми органдарға жазылған сансыз хатқа жаттанды жауап келетін. Ақыры ақталмаған атасын 2008 жылы ақтық сапарға аттандырған Ұлпан әлі "құжат соғысын" жалғастырып жатыр. Материалдық игілік емес, марқұм атасының моральдік хақысы үшін.
Оқи отырыңыз: Қос дөңгелекке құрмет
Ұмытылатындар емес
Әр жылдары журналистік сапарда фашистік тұтқында болған бірнеше қартқа жолықтық. Күнтуған Бәзілбекұлын Америка Құрама Штаттарынан көріп, "Егемен Қазақстан" газетіне мақала жаздық. "Кебенек киген Күнтуған" деген атпен. Кейін тағы қаншама журналистер бұл ақсақал туралы жазды.
Журналистер арасында бізден бұрын Нұрмахан Оразбеков ағамыз жолыққан. Кеңес заманында. Сондықтан кең көсілтіп жаза алмай, қаламын тежегені даусыз. Өйткені, Күнтуған – соғыс тұтқыны. АҚШ азаматы. Оны жазсаң тек даттауың керек. Оған парасатты Нұрмахан аға барсын ба!? Сондықтан атын атап өте салса керек.
Негізі Мәсіғұт замандасы тап болған кепке Күнтуған да түсер еді. Егер Кеңес Одағына қайтып оралғанда. Мұның тағдырын өзгеріске салған оқиға мынандай. Соғыс біткен соң жиналып қалған әскери тұтқындарды еліне қайтаруға дайындайды. Бірінші эшалон кетеді. Енді бірер күннен соң АҚШ фашизмнен азат еткен жер мен Кеңес Одағы азат еткен аймақтың арасынан бұлар аттанбақ.
Сөйтіп жатқанда бірінші эшалонда кеткен тұтқынның бірі қан-қан, жара-жара болып кері қашып келеді. Оның айтуынша Кеңес Одағы басып тұрған аумаққа кезде пойыз бомбыланған. "Сатқындар керек емес, оларға – өлім" деген бұйрық түсіпті. Мұны естіген Күнтуған және тағы біраз кеңестік тұтқындар жат елде қала беруді жөн санаған.
"Батыс Германияның өзінде маған Кеңес Одағының Мемлекеттік хауіпсіздік комитетінің жансыздары маза бермейтін. Амал нешік, бастың амандығы үшін мұхит көктеп кетуімен тура келді", – деп еді Күнтуған қария.
Беріде қазақ даласындағы туыстарын тапты, жүздесті. Оның тағдырының ерекшелігі – сотты болмағаны. Егер Кеңес Одағына оралса, не апатқа ұшыратар, не соттар еді. Сосын "отанын сатқан" атанып, Мәсіғұт сияқты ақтала алмай жүрер еді.
Соғыста тұтқынға түскен тағы бір қария туралы тоқсаныншы жылдардың ортасында кітап жаздық. Баласы Нұрмұрат Науанов деген банкирдің өтінішімен. Еңбегіміз ақталмағаны, келісілген қаламақыны ала алмағанымыз – бөлек әңгіме. Оған Нұрмұраттың әкесі Әлімханның қатысы жоқ.
Әлімхан Науанов та дарынсыз командирлердің кесірінен соғыс басында тұтқында түседі. Екі жылы концлагерьде өтеді. Өздері жататын баракты тұрғызған. Одан ағаш дайындайтын зауыт салып, сонда жұмыс істеген.
Екі жылдан соң топ болып ұйымдасып қашып шығады. Қалың орманда партизан болады. Оған куәгер бар. Командирі Д. Медведев кітабында "қасымда серігім болды" деп атап жазған. 1944 жылы Совет армиясына қосылған. 1-Украин, одан 2-Беларусь майдандарында соғысқан. Праганы азат еткендегі ұрыста көрстекен ерлігі үшін Үшінші дәрежелі Даңқ орденін алған.
Бұдан артық не керек?! Елге оралған соң Қармақшыда аудандық банкте қызметкер болады. Өйткені, соғысқа дейін есеп техникумында оқыған еді.
Ардагермен әңгіме кезінде соғыстан соң ондаған жылдар бойы Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері маза бермегенін білдік. Түн ортасында үйінен алып кетіп, "фашистерге қызмет еткеніңді айт, Мұстафа Шоқайдың қамқорлық жасағанын айт" деп қинайтын. Күндіз банкте ел экономикасы үшін қызмет етеді, ал түнде "сатқын болғаныңды мойында" деген тергеуде отырады. Сұмдық қой.
Қайсар жан соған да сынбайды. Москваға бірнеше рет хат жазып, жазықсыз жазғырудан құтқаруды сұрайды. Құжаттарын алғызады. Ақыры Сталин өлгенде барып құлағы тыншиды. Одан соң университеттің экономика факультетін сырттай оқып, облыстық банкті басқаруға дейін жетеді.
Байқап отырсақ, соғыс кезінде фашистік тұтқында болып, Кеңес кезінде тағы зәбір көргендердің тағдыры қайта електен өткізуді талап етеді. Германия үкіметі соғыстан соң лагерьлерден босатылған қазақстандықтарға 1 миллион теңгеден өтемақы төлегенде, біздің өкімет тілін тістеп қалған.
Тек 2020 жылы 24 қарашадағы Президент жарлығы бойынша Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі комиссия құрылып, оның ішінде Түркістан легионында және тұтқында болғандар ісімен айналысатын топ жұмысын бастады. 25 мың тағдырдың бастан кешкенін таразылап шығу оңай болмас. Мәсіғұт Нәбиев сияқтылар өмірден өтіп кетті. Құжаттары Германия мен Ресей арасында қалды.
Десек те, Мәсіғұт ақсақалдың келіні Ұлпан сияқтылар үшін бұл ақтаудың мәні мен маңызы ерекше.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.