Тікелей эфир

Тасқа таңбаланбаған аң

Суыр қазақ поэзиясында елеулі орын алыпты.

Бала мен дана

Жаз. Жер үстіндегі тіршіліктің қызған шағы. Адамзат ғана емес, бүкіл жан-жануарлар табиғаттың беріп тұрған мүмкіндігін пайдаланып қалмақ. Шөп бар, дән мен жеміс бар. Су бар. Ең бастысы қызуын төгіп тұрған күн бар. Осындай қызу тіршілік бүкіл аң мен құстың ішінде суырға да тән.

Бұл шағын аң жайында кезінде біраз зерттеу жүргізіп, қалам тербегенбіз. Бұл жолы оралып соққызған мына жағдай: Австрия мемлекетінде Маттео Вальча деген бала он үш жылдан бері суырлармен дос көрінеді. Бала ата-анасымен Альпінің "Төскейдегі тауэрн" ұлттық қорығына барған. Онда мемлекет жан-жануардың мамыражай тірлігін қорғайды.

Негізі Альпі тауларының етегімен Австриядан Италияға дейін сапар шеккенде өзіміз көргенбіз. Мемлекет қорғамаса да, бұл елде аң мен құсқа төніп тұрған қатер жоқ. Ешкім бұл жақта асудан асып, ат терлете қоймайды. Алты жолақты автобан қырық-елу шоқының астынан тоннел арқылы өтеді. Сондықтан төскейден ін қазған суырдың тыныштығын бұзар жағдай байқалмайды. Тіпті автобаннан тарайтын шағын жолдардың өзіне "Абайлаңыз, суыр" деген арнайы белгілер қойылған. Бұған суырдың сақтығын қосарсыз.  

Сонымен, әдетте адамға жолай қоймайтын суырлар неге екенін қайдам, Маттеодан қорықпаған. Қайта баланы қоршап айнала секірген. Өз туысы есебінде қабылдаған. Бала да олардан сескенбей ортасында ойнапты.

Маттео Вальча Альпі суырының арасында. Фото 4lapki.com сайтынан алынды

Міне, содан бері жаз шыға Меттео сол жерге барып, кемінде жарты ай суырдың ортасында жүреді. Бұл уақыт аралығында әлгілердің жаңа ұрпағы өсті. Олар да Маттеоға сеніммен қарайды. Ал басқа адамның төбесі көрінсе, бір-біріне белгі берісіп, дереу інге тығылып қалады.

Ғалымдар бұл ерекше құбылысқа қатысты ешқандай болжам айта алмай отыр. Баланың суырлар сеніміне кірген себебі түсініксіз. Бірақ, осы жәйт Альпі төсіне көктем мен күз аралығында пайда болатын шағын аңның тіршілігіне деген қызығушылықты оятыпты.

Қазақта суыр сеніміне кірмесе де, онымен бірталай жыл көрші болып, көзі үйреніскен адам болған. Ол – данагөй Мәшһүр Жүсіп. Жыл сайын жайлауға қонғанда жақын тұстан ақ суырды көреді. Табиғатта ақ түстісі сирек. Терісі қоңыр мен сарғыш аралығында. Мынау ғалымдардың "альбинос" атайтыны.

Ауылдағы әрі-бері жүргіншіні көзден қалт жібермей, керек кезінде інге тығылып үлгеретін суыр Мәшекеңнен ғана бой тасаламайды екен. Әулие де оның іннен шыққаны мен қайта кірген аралықтағы томпаң қағып жүргенін қарап отырады.

Бір жазда ауылға суыр аулайтын жігіттер келеді. Қазақ негізі бұл аңның етін жемейтін. Терісіне де қызықпаған. Бар пәле Кеңес өкіметі орнаған соң басталған. Суырды аулатып, терісін кәдеге жаратқан, тіпті жоспарға кіргізіп қойған – қызыл өкімет.

Аулаушылар басқа рудың азаматтары көрінеді. Олар Мәшекеңе сәлем береді. Жөн сұрасқан соң әулие өзіне көрші ақ суырға тиіспеулерін ескертеді. Аңшылар бұл сөзге бас изесіпті. Әттең қазақтың "қырсыққанда қымыран іриді" деген мақалының кері келіп, ақ суыр аңшылар құрған тұзаққа түсіп өліпті.

Назаланған Мәшһүр Жүсіп әлгі рудың ақсақалына хат жазып жібереді. Оның мазмұны сақталмаған. Бірақ, кешікпей ол атаның "Суыр жеген Қозан" деп аталып кетуіне қарағанда хаттағы сөз өте уытты болса керек.

Ал суырды тұзаққа түсірген аңшы ұрпақсыз қалыпты. Оған дейін бар балалары түрлі себеппен өліп қалған, әрі қарай әйелдері перзент көтермей қойған. Ақ суырдың қазасы әлде әулиенің наласы себепкер ме, кім білген?!

Бала мен дананың суырға қатысты хикаялары осындай.

Өнім мен өлім

Альпі суырын зерттеген алғашқы мақала Еуропада 1859 жылы шыққан. Ол "Табиғи ғылымдар хабаршысы" журналының оныншы нөмірінде жарияланыпты. Суырдың көзге көрініп тұратын жазғы әрекеті емес, қысқы ұйқысына арналыпты. Ол кезде қазіргі тырнақтай ғана бейне камера жоқ. Сондықтан суырдың ұйқыдағы кезеңін сипаттау еуропалық оқырмандарды елең еткізгені даусыз.

Суырдың алғашқы суреті Еуропада 1572 жылы салынған. Табиғат мұражайларында оның бас сүйегінен бақайшағына дейін сақталып тұр. Өзіне Альпі тауларында адамнан қауіп жоқ. Бір қауіп болса, ол жаһандық жылынудан болмақ. Себебі суыр салқын жерде тіршілік кешуге бейімделген. Ыстық, құмды аймақтарға жоламайды.

Еуропада суреті ерте заманда-ақ салынса, қазақ даласындағы, әсіресе суыры қалың Тарбағатай тауларындағы тастағы таңбаларда оның бейнесі кезікпейді. Сиыр мен жылқы бар. Бұғы мен бұлан бар. Арқар мен таутеке бар. Бірақ суырдың суреті салынбаған. Оның сыры әлгінде айтқанымыздай қазақтың ежелде суырдың не етін, не терісін пайдаланбағандығында болса керек.

Ал іргелес халқа халқы оны сүйсініп жейді. Мұхтар Мағауин тек ғылыми зерттеушілер мен саяхаттаушылардың жазбаларына негіздеп қалам тербеген "Шыңғыс хан" романының екінші кітабында "Кеш бата белін майыстыра тарбаған артқан тарғыл шолақ атын жетелеп Белгүтай да келеді" деген сөйлем бар.

Осы тарихи төрт томдықтың бірінші кітабында Рубруктың "Онда суыр деген аң бар. Өте көп. Бір шұңқырға жиырма-отызы қабатынан жиналып, қыстың алты айында ұйықтап жатады" деген жазбасы келтірілген. Мағауин оған "Түпнұсқа мәтінде "суыр" ("согур") деп жазылған, түрікше атау, моңғолдар "тарбаған" дейді және өзгеше бір асы. Мұсылман дінінен тыс қалған тыба мен алтай түріктері әлі күнге жейді" деген анықтама бере кетеді.

Ін аузындағы суыр. Фото jasylalem.acbk.kz сайтынан алынды

Моңғолияда суыр ежелден ауланғаны осы жазбалардан байқалмақ. Бірақ, дәл мәліметі жоқ. Кімнің қанша аулағаны саналмаған. Ал бұл ел саясат жағынан Кеңес Одағына тәуелді болған ХХ ғасырдың жетпіс жылындағы ахуалдан дерек бар. Моңғолия Кеңес Одағына жыл сайын екі жарым миллион суыр терісін беріп отырған. Етін өздері жейді, терісін бері қарай өткізеді. Кеңес Одағы одан құлақшын тігіп, сауданы қыздырған.

Мәшһүр Жүсіпті тітіркендірген суыр аулау оқиғасы қызыл биліктің табыс табу үшін даланың бейбіт аңына қырғын әкелген жылдардың бастапқы кезеңіне сәйкес келмек. Бұл қырғын Кеңес Одағы тарқағанша жалғасты. Моңғолияның беріде пайда болған "жаңа байларының" біразы алғашқы капиталды суыр терісін саудалаудан жинады.

Қазір ол жақты қайдам, қазақ даласында суыр аулау қарқыны баяулады. Өйткені, суыр ежелден мекендейтін Баянауылда, Тарбағатай мен Алтайда Ұлттық қорықтар құрылды. Ол жерде аң аулауға мүлде тыйым салынған. Бұл аймақтың суыры Альпідегі туыстары сияқты тыныш тіршілікке көше бастады. Өнім болып өлуден құтылды. Қасқырдың тісі мен бүркіттің тырнағында кетсе, ол басқа әңгіме. Табиғаттың заңдылығы.

Біздің бағзы бабалар суырдың суретін тасқа салмағанмен, оның өлеңдегі бейнесі баршылық. Шәкерім Құдайбердіұлының "Бояулы суыр" дастанының өзі неге тұрады!

Бір суыр адасыпты оттап жүріп,

Кез болды бір ауылға көп қаңғырып,          

Ит қуалап тыққан соң иесіз үйге,

Бояу толы шелекке кетті кіріп.

Содан суырдың түсі өзгереді. Ол өзгерісті суыр өзгеше қасиетке балап, өзін қауырсыны мың түрлі құлпыратын тауыс құсына айналғанын, осылайша суырлардың патшасы болғанын мәлімдейді. 

Тауыс деңдер мені енді суыр демей,

Қорқыңдар рұхсатсыз шөп те жемей.

Жүнім асыл, сендерден түрім бөлек,

Немене мен суырдың патшасы емей!

Бәрі мұны "патшамыз екен" деп мойындап жатқанда ін түбінен кәрі суыр шығады. Ол жас кезінде тауысты көргенін, онда қанат барын, ұша алатынын айтады. Мұны естіген мақтаншақ суыр "мен де ұша аламын" деп жартастан секіргенде ағын суға түсіп батып өледі. Өмірде қайдам, әдебиетте ажалы мақтаншақтықтан болған жалғыз суыр осы шығар. 

Ін мен үн

Ең қызықтысы суырдың Альпіде қалай пайда болғаны жайында. Негізі бұл аңның арғы түбі еуразиялық емес. Альпі тұрмақ, Тарбағатай мен Алтайдың суыры да жергілікті саналмайды. Келімсек.

Бұл аң әу баста сонау Америка құрылығын мекендеген. Ол дәуірлерде Азия мен Солтүстік Американы жіптіктей құрғақ жер жалғастырып жатқан. Беріде әлемдік мұхиттың деңгейі көтерілген соң ол Беринг бұғазының астында қалды. Бұл кезде суыр Америкадан Азияға, ал бизон мен оны қуған үндіс тайпалары Азиядан Америкаға өтіп үлгерген. Одан қашан қайық пен кеме жасалғанша екі жақта мыңдаған жылдар бойы байланыс болмаған.  

Суыр өзінің Америкасында 20 миллион жылдан бері бар. Еуразия келгелі 1 миллион жылдан асыпты. Бұл деректерді  Францияның Лион университетінің профессоры Раймонд Рамюс келтіреді. Суыр Азияға өткен заманда жер үстінде зіл, яғни мамонт, одан басқа қылыш тісті жолбарыс пен жүндес мүйізтұмсық тірі еді. Олардың қырылып, суырдың аман қалу сыры – жылы інге кіріп қысқы ұйқыға жатуында деп түйіндепті ғалымдар.

Суырдың іні үш түрлі болады. Ең бастысы – бүкіл әулет өмір сүріп, қыстай ұйықтайтыны. Ол жер астында бірнеше тармақталып кетеді. Төмен қарай қазылып, бір тұста қайта жоғары қазылатын "бөлмелер" бар. Кәдімгі көп қабатты үйдің жоғары қабаттары сияқты. Інге су кіріп кеткенде құрғақ тұрады. Күндіз дем алатын немесе қуған жаудан қашып кіретін жайдақ ін де қазып қояды.

Суырдың ін қазғаны ақын Жәркен Бөдеш ағамыздың Қаныш Сәтбаевқа арналған дастанында суреттелген ғой.

Көктем сайын көгілдір суыр, көртышқан,

Күйбең қағып ін қазар,

Мұның өзі бір базар.

Бастысы, үлкен інде қыстап шығатын "бөлмелерден" басқа шөп жинап алатын қуыстар бар. Бастапқыда оны қыста жеу үшін жинайды деген ғалымдар ақырында тек төсеніш етіп пайдаланатынын анықтапты. Қыс бойы суыр нәр татпайды. Жаз бойы жинаған майы бойына әл беріп тұрады. Ұйықтап жатқанда дененің жылуы 10 градустан аспайды. Жүрек соғысы жеті есе азаяды. Осының бәрі майды үнемдейді. Әрбір жиырма тәулікте бір оянып, дененің құрыс-тұрысын жазады. Осы ұйқымен алты айды өткізеді.

Ең кереметі ұйқыға жатар алдында суыр өз денесін бүрге мен кене сияқты зиянкестерден, ал ішкі ағзасын бактериялардан тазалайды. Осылайша ұйқыға жатқан кезде бойында еш ауру қоздырғыш болмайды. Ғалымдар осы тазаланудың құпиясын аша алмай келеді. Оны тапса, адамзатты талай дерттен сақтаудың кілтін қолға ұстар еді...

Кейде ғылым тура жолды таппай, адасып кетеді. Оның зардабын суыр да тартқан. Өткен ғасырдың қырқыншы жылдары Ресейдің Алтай мен Саян таулары арасындағы суырға өзгеше қырғын келген. Орыс ғалымдары "осы өңірде оба шығуы мүмкін, оны суыр таратады" деген долбар жасайды. Сөйтіп он жеті жыл бойы суыр ініне у құйылған. Миллионнан астам суыр қырылған. Тек 1956 жылы суырдың оба таратқыштар қатарына жатпайтыны түпкілікті анықталған. Оның ініне бойын тазалап барып жататыны дәлелденген.

Сол індегі алты айғы ұйқыдан кейін көктем туа далаға шығады. Жайылу үшін, ұрпақ қалдыру үшін. Келесі қысқа армансыз май жинау үшін.

Суырдың далаға шыққанын әр жердегі шаңқылдаған дауысынан білуге болады. Осылай дыбыстау арқылы бір-біріне белгі беріп тұрады. Дыбыстың дені жау төбесі көрінгенін хабарлап, дабыл беруге арналған. Бұл дауыс Мұқағали ақынның құлағында қалса керек, дала туралы өлеңінің бірінде былай жазыпты:

Бір тынбайды шегірткенің шырылы,

Жел қозғаған ақ шилердің сыбыры.

Бәрі таныс: кісінеген құлыны,

Ін аузында шаңқылдаған суыры.

Түптеп келгенде суырдың "тасқа таңбаланбадым" деген өкпесін біздің ақындарымыз өлеңмен әлдеқашан жазып алғандай.

Сөз соңында айтарымыз, даланың суырын тамашалау – қазақ даласындағы туризмді дамытудың бір тірегі болар еді. Біле білгенге. Тек ол үшін Шәкерімді, Мұқағалиды оқитын министрлер керек-ау қазаққа.

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Біздің Telegram-каналдағы ең көп оқылған жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары