Ninety One тобының мүшелері Батырхан Мәлік, Азамат Ашмақын, Дулат Мұхаметқали, Данияр Кұлымша ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы ізгі ниет елшілері атанды. Осылайша олар балалардың құқықтарын қорғау және ілгерілетумен айналысатын Лионель Месси, Серена Уильямс, Джеки Чан секілді әлемге атақты адамдардың қатарына қосылды.

1 маусым  балаларды қорғау күні қарсаңында БҰҰ Балалар Қоры (ЮНИСЕФ) танымал q-pop тобы Ninety One мүшелерін Қазақстандағы ізгі ниет елшілері ретінде тағайындады.

"Ninety One тобы Қазақстанда ғана емес, шетелде де танымал. Әлеуметтік желіде миллиондаған адамның жүрегін жаулап алды. Ninety One жастардың дауысы естілуі керек дейді. Біздің құндылығымыз да ұқсас. Музыка адамдарға үміт береді. Әндері арқылы жастарды өзін дамытуға, әр адам ерекше екенін түсінуге шақырады. Біз бірге бірнеше жобаны жүзеге асырамыз. Балалар мәселесін музыка, әлеуметтік желі арқылы көтергіміз келеді. Биыл жастар жастармен маңызды дүниелер туралы әңгімелесетін UNICEF Talks-та сөз сөйлейді. Ninety One мүшелері ЮНИСЕФ-тің керемет ізгі ниет елшілері болатынына сенімдімін", – деді ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілі Артур Ван Дизен.


Оқи отырыңыз: Қазақстандағы ЮНИСЕФ: Ауылдағы әрбір екінші мектепте қол жуатын жылы су жоқ


Оның айтуынша, ізгі ниет елшілерін алғаш тартқан ЮНИСЕФ ұйымы балалар құқығын қорғауға дайын атақты адамдармен жұмыс істейді. Орландо Блум, Кэти Перри, Джеки Чан секілді елшілердің қатарына бүгін Ninety One қосылды. Марқұм әнші, музыкант Батырхан Шүкенов ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы алғашқы елшісі болды. Бұл мәртебеге бес жыл бұрын шахматшы Динара Сәдуақасова ие болды.  

"Бүкіл әлемде балалар көптеген мәселемен бетпе-бет кездеседі. Шынын айтсақ, қазіргі заманда бала болу, әсіресе, жасөспірім болу оңай емес. Оларды үрей мен депрессия мазалауы мүмкін. Өз сезімдерін айта амласа, ешкім қолдамаса өзіне қастық жасап, тіпті қол жұмсауы мүмкін. Қазақстанда жасөспірімдер арасындағы суицид өте өзекті мәселе болып отыр. Біз бүгін Ninety One тобымен бірге "It’s ok not to be ok" деген өте маңызды үндеуді жеткіздік. Адам өзінде бірнәрсе дұрыс емес десе, онда ол жаман деген сөз емес. Депрессия да, үрей де қалыпты нәрсе. Олар туралы айту арқылы жеңуге болады. Бала проблемаларын ашық айтуы үшін бізге сенетіндей қарым-қатынас орнатуымыз керек. Бала мазалап жүрген дүниені біреуге айтса, онда мәселе шешілді деген сөз. Сондықтан біз ересектерді әңгімелесуге, балалармен сөйлесуге шақырамыз", – деді Артур Ван Дизен. 


Оқи отырыңыз: Балалар БҰҰ бала құқықтары жөніндегі комитетіне тікелей шағымдана алады


Ninety One мұшелері ЮНИСЕФ-тің ізгі ниет елшісі болу үлкен мәртебе екенін айтты.

"Біздің елде ғана емес, бүкіл әлемде үлкен жұмыс атқарып жатқан ЮНИСЕФ-тің алдағы жобаларына қолдау көрсету мүмкіндігіне ие болғанымызға өте қуаныштымыз. Адамдарды біріктіретін музыкамыз арқылы балалар мәселесін адамдардың жүрегі мен санасына жеткіземіз деп үміттенеміз. Ғаламшарымызға пайдамыз тисе екен дейміз", – деді Ninety One тобының мүшесі Азамат Ашмақын.

Қазақстандағы ЮНИСЕФ-тің ізгі ниет елшілері балалар мен жасөспірімдер арасындағы буллинг мәселесіне баса назар аудармақ.

"Бұл әрі үлкен мәртебе, әрі үлкен жауапкершілік. Әндеріміз арқылы жастарды жігерлендіріп, олармен жақынырақ болуға тырысып жүрміз. Балалар мен жасөспірімдер арасындағы әлеуметтік проблемаларды да міндетті түрде көтеруге тырысамыз. Әсіресе, кибербуллинг пен менталды денсаулыққа назар аударып отырмыз. Біз де оған тап болдық, бірақ дайын болмадық. Басымыздан өткен соң оған қаншалықты көңіл бөлу керек екенін және қалай күресу керек екенін білеміз. ЮНИСЕФ Talks-та жастардың дауысы қаттырақ шықса дейміз", – деді Ninety One мүшесі ZAQ.


Оқи отырыңыз: Балаларды кибербуллинг құрбаны болудан қалай құтқарамыз?


Топ мүшесі Данияр Құлымша да буллингтің не екенін жақсы түсінетінін және оны жеңу қаншалықты қиын екенін айта кетті. "Кішкентай балаларға қысым көрсетілмесін, денсаулықтарын сақтап қалайық, болашақтары жарқын болсын деген ниетпен ЮНИСЕФ-ті қолдаймыз", – деді ол.

"Бәріміз кішкентай кезде үлкендердің бізді жақсы түсінгенін қалаймыз. Өсе келе балалардың арман-мақсаты, олардың еркіндігі қаншалықты маңызды екенін түсіндім. Жанкүйерлердің арқасында жастардың көп мәселесін түсіндік. Сондықтан әндеріміз арқылы оларды жігерлендіруден жалықпаймыз. Олар жаңа нәрседен қорықпаса, өздеріне сенсе дейміз. Әр бала арманына жетуі үшін ЮНИСЕФ-пен көп жұмыс атқарамыз деп сенемін", – деді Alem.

Ninety One мүшелері ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы ізгі ниет елшілері ретінде интернеттегі психикалық денсаулық пен қауіпсіздік мәселесіне баса назар аударып, медиада балалардың құқықтарын қорғайды. 


Оқи отырыңыз: Әрбір үшінші оқушыға әлімжеттік жасалады. Мектеп неге буллинг мекеніне айналды?


Еске сала кетсек, былтыр Ninety One тобы ЮНИСЕФ пен TikTok-тың психикалық денсаулық туралы ақпарат тарататын бірлескен акциясын қолдады. 

Бүгінде бүкіл әлемде ЮНИСЕФ-тің 200-ге жуық халықаралық, аймақтық және ұлттық ізгі ниет елшісі бар. Олар балалар мен әйелдердің құқықтарын қорғау мәселесін көтеріп, ЮНИСЕФ қызметі туралы қоғамды хабардар етеді. Осылайша балардың мүддесі үшін саясатқа әсер етіп, қоғамның назарын балалар мәселесіне аударып, сонымен бірге ЮНИСЕФ қолдайтын бағдарламаларға қаражат жинауға атсалысады. Елшілер балаларды қолдау үшін өз уақыттарын ерікті түрде құрбан етеді.