Тікелей эфир

Балаларды кибербуллинг құрбаны болудан қалай құтқарамыз?

Бұл сұраққа 31 арнаның "Неге?" хабарының қонақтары жауап іздеді.

Ғаламтор технологиялары дамып, әлеуметтік желілердің саны көбейген сайын адамзат тағы да бір қауіп-қатерге тап болды. Ол – кибербуллинг. Қазақстандағы оның қаупі қай деңгейде? Бұл сұраққа сарапшылар бүгін кешке сағат 22.00-де 31 арнаның эфирінен көрсетілетін "Неге?" ток-шоуында да жауап берді. 

Заң жобасының жаңалықтары қандай?

Мәжіліс депутаты Айдос Сарымның айтуынша, заң жобасының мақсаты – Қазақстандағы адам, оның ішінде бала құқығын қорғау, мемлекеттің, ұлттық мүддесіне ешкім қол салмауына жағдай жасау.

"Қазақстандағы 6,5 миллион баланың құқығы мен өмірін қорғау ескерілген бұл заңда. Олардың қатарында жетімі де, мүгедегі де, басқасы да бар. Міне, солардың құқықтарын қорғауды күшейтетін жүздеген мәселе көтерілген. Алайда әлеуметтік желіні қадағалауға қатысты айналдырған 3-4 бап қана қоғамдық пікір тудырып жатыр", – деген Айдос Сарым заңдағы кибербуллингке қатысты жаңалыққа тоқталды:

"Заңнамаға тұңғыш рет буллинг, кибербуллинг деген дүниені енгізіп жатырмыз. Заңға бұл ұғымның енуі алдағы уақытта ол Әкімшілік кодекске, өзге де заңдарға енеді дегенді білдіреді. Тиісінше, мұндай қылмыс болып жатса, оған заң тұрғысынан қарауға мүмкіндік береді. Биылдың өзінде  жүз шақты бала өз-өзіне қол жұмсаған деген дерек бар. Оның ішінде қаншасы кибербуллингтен, яғни, мәселен интернеттен, мессенджерден табалағаннан өзіне қол салғаны белгілі болғанымен, оны зерттеу үшін негіз жоқ. айталық, Қылмыстық кодексте бір ғана бап бар: "өлімге дейін жеткізген" деген. Ал интернетте қудалау деген сияқты баптар қарастырылмаған". 

Кибербуллинг қайдан шықты?

Кибербуллингтен құқықтық қорғану кітабының авторы, заңгер Тайыр Назхановтың сөзінше, кибербуллинг ұғымы әлі қазақстандық заңнамаға енгізілген жоқ.

"Қарапайым сөзбен айтқанда, буллинг деген қудалау, қорлау дегенді білдірсе, кибербуллинг де дәл осы, тек ол интернет желісі арқылы жасалады", – деп түсіндірді ол.

Оның сөзін жалғаған Сүлеймен Демирел университетінің заң факультетінің аға оқытушысы, заңгер Әйгерім Құсайынқызы қазақ қоғамы әлі үшін кибербуллинг ұғымы әлі таңсық екеніне тоқталды. Әсіресе, атауы басқа тілде болғандықтан, оны қабылдау қиын. Сондықтан да заңгердің ойынша, заңды қабылдамас бұрын ақпараттық сауаттандыру ісін жүргізу керек еді. Депутаттар азаматтық қоғам өкілдерімен кездесіп, қандай да бір зерттеу жүргізуі керек. Алайда бұл пікірге Мәжіліс депутаты Айдос Сарым қарсы уәж айтты. Оның сөзінше, зерттеу аз жүргізілмеген. Бұл заңды әзірлеу жұмыстары 3-4 жылдан бері жүріп жатса, осы уақыт аралығында әлемдік зерттеулер зерделеніп, БҰҰ жасаған зерттеу қаралып, тіпті қазақстандық ұйымдардың да зерттеулері назарға алынған.

"Қазақстан интернет алаңын өз ұлттық заңнамасына бағындыруға тырысқан тұңғыш мемлекет емес. Дәл осындай заңнаманы Еуропаның көптеген елі қабылдаған", – деді ол.

Психологиялық зардабы қандай?

Ал психолог Жаннұр Дәуренбекова мәселенің психологиялық қырына тоқталды. Оның айтуынша, кезінде "Синий кит" ойыны пайда болғанда соның жетегінде көптеген жасөспірімдер суицид жасаған.

"Алатау ауданындағы "Бақытты отбасы" орталығында 3 мың балаға арнайы сауалнама жасап, талдау жасағанымда олардың тең жартысы онлайн не офлайн болсын, буллингтен зардап шеккенін байқадым. Буллингтің өрескел түрі – секстинг, яғни біреудің жалаңаш суретін не видеосын алып, сол арқылы бопсалау. Бұл балада өте үлкен психологиялық жарақат тудырады", – деді ол.

Психологтың сөзінше, кибербуллингтен тек балалар ғана емес, ересек адамдар, оның ішінде танымал тұлғалар да зардап шегіп, тіпті, құрбаны да болып жатыр.

"Әлеуметтік медиа берген еркіндікті дұрыс пайдаланбай отырмыз"

Студиямен ғаламтор арқылы байланысқа шыққан медиасыншы Молдияр Ергебеков кибербуллинг, буллинг деген ұғымдардың Қазақстан заңдарында орын алуы маңызды екеніне тоқталды.

"Бірақ, бұл ұғымдар арқылы медиаға деген цензура құралына айналдырмауымыз керек. Еліміздегі кибербуллингтің осыншалықты асқынып кетуіне себеп болып отырған екі фактор бар, – деді ол. – Бірінші фактор, азаматтарымыз әлеуметтік медианы қалай қолдану керек екенін, өзін қалай ұстау керек екенін, қарсы алдымызда адамның бар екенін білмейді. Оған өкінішке қарай сауатымыз жетпей жатыр. Әлеуметтік медиада бір бірімізді балағаттауда, әлеуметтік медиада кибербуллинг жасауда ешқандай да ойланып жатқан жоқпыз, бірден жасап жатырмыз. Сондықтан да оған қоғамның әлеуметтік медиа берген еркіндікті дұрыс пайдаланбауы себеп болып жатыр. Екіншіден, мемлекеттік басқару органдары, елімізде мемлекеттен медиалар тендер ұтып алатын кезде ең негізгі критериийдің бірі медианың аудиториясының көп болуы. Кез келген медиа жаңадан құрылған кезде немесе аудитория жинағысы келген кезде сарыжағал ақпарат, қоғамды елең еткізетін сұмдық контент таратумен айналысады. Осылай қоғамдағы агрессияның одан әрі өршіп-өрбуіне себеп болып отыр. Адамдар ақпараттың астына қаншалықты көп пікір жазса, ақпарат соншалықты көбірек тарайды. Жаңа медиа технологиясының алгоритмі сондай".


Бағдарламаның толық нұсқасын бүгін, 2 қазан күні сағат 22.00-де 31 арна эфирінен не YouTube арнасынан тікелей эфирде көруге болады.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары