Іnformburo.kz әлемдегі коронавирус пандемиясына қатысты оқиғаларға шолу ұсынады.

Қытайда коронавирустың таралуы толығымен тоқтады

Бұл туралы ҚХР Денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі мемлекеттік комитетінің ресми өкілі Ми Фэн мәлімдеді.

"28 наурыздағы жағдай бойынша инфекцияны жұқтырғаны расталғандар саны 3 мыңға азайды. Ал Қытай аумағында эпидемияның таралуы толық тоқтады", – деді Ми Фэн.

Ол коронавирус індеті басталғаннан бері Қытайда 81,4 мыңнан астам науқас тіркелгенін айтты. Бұл ретте дәрігерлер 75,5 мың адамды емдеген. Ауру 3 мыңнан астам жанның өмірін қиды.

Оқи отырыңыз: Коронавирус Қазақстанда: оқиғалар хронологиясы. 29 наурыз

Италияда мәйіт жерлейтін орын жетіспей жатыр

Италияның солтүстік-батысындағы Тортона коммунасында зират пен колумбарий сөрелерінде коронавирус құрбандарын жерлейтін орын жоқ. Жергілікті аурухананың сыйымдылығы да шегіне жеткен. Жағдай туралы қала мэрі Федерико Чиоди баяндады.

"Өкінішке орай, біз кремация немесе жерлеу орнын күтуге мәжбүрміз. Бұл кезде құрбандардың денесін салқындатылған контейнерде сақтаймыз", – деді ол.

Елдегі қатты зардап шеккен Бергамо провинциясында да жағдай ушыға түсті. Ондағы жерлеу қызметкерлері дүйсенбіден бастап жұмысқа шықпайтындарын ескерткен. Олар билікке вирус жұқтырып, қайтыс болған адам жатқан ауруханалар мен үйлерге күн сайын бару денсаулығы мен жақындарына қауіп төндіретінін айтты.

Оқи отырыңыз: Коронавирустан кейін...

Трамп коронавирус жұқтырған 200 мың америкалықтың көз жұмуын "жақсы" көрсеткішке балады

АҚШ үкіметі коронавирустың таралуының алдын алу үшін еш шара қолданбай, қол қусырып отырса, 2 миллионнан астам америкалық қайтыс болар еді. Сондықтан Covid-19 салдарынан 100-ден 200 мың адамға дейінгі өлім көрсеткіші – жақсы нәтиже деп мәлімдеді АҚШ президенті Дональд Трамп.

"Кейбір болжамдар бойынша Америкада өлім-жітім саны 2,2 миллион адамға жетуі мүмкін делінген еді. Егер біз өлім-жітім санын 100-200 мың адамға дейін қысқарта алатын болсақ, бұл біз жақсы жұмыс істедік деген сөз", – деді Трамп.

Қазіргі таңда АҚШ-та коронавирус жұқтырғандар арасында көз жұмғандар саны 2,5 мыңнан асты. Ақ үй басшысы алдағы 2 аптада өлім санының күрт артуы мүмкін екенін хабарлады. Ал пандемиядан кейін елдің қалпына келуі 1 маусымнан басталмақ. Трамп коронавирустың таралуына қарсы шараларды 30 сәуірге дейін ұзартуға өкім етті.

Оқи отырыңыз: Коронавирус құрбандары 30 мыңнан асты. Өзбекстанда жеке көлікпен жүру шектеледі. Әлем жаңалықтары

Нью-Йоркте әлеуметтік қашықтықты бұзғандарға айыппұл салынады

Әлеуметтік қашықтықты сақтамаған Нью-Йорк тұрғындарына айыппұл төлеуге тура келеді. Бұл туралы мегаполис мэрі Билл де Блазио мәлімдеді. Айыппұл көлемі – 250-500 доллар.

"Егер полиция қызметкері біреудендистанция ұстауды сұрап, ол талапты орындамаса немесе тәртіп сақшысының айтқанын тыңдап, бірақ кейін тәртіпті бұзса, онда бұл адамға айыппұл салу орынды деп санаймын. Айыппұл тек төтенше жағдайда ғана тағайындалады", – деді қала басшысы.

Билл Де Блазионың айтуынша, Нью-Йоркте жексенбі күні кешкісін коронавирус жұқтырудың 32,3 мың дерегі тіркелді. 678 адам қайтыс болды.

Оқи отырыңыз: Коронавирус жұқтырғандар саны жөнінен АҚШ алға шықты. Украина шекарасын жапты. Әлем жаңалықтары

Мәскеуде карантин толықтай енгізілді

Мәскеу мэрі Сергей Собянин коронавирустың таралуын тоқтату үшін қатаң карантиндік шаралар енгізді. Алдағы күндері Ресей астанасында көшеге қала басшылығы берген арнайы рұқсат қағазы болған жағдайда ғана шығуға болады. Шектеулер Мәскеу аумағында 30 наурыздан бастап барлық жастағы азаматтарға қойылады. Үйден тек шұғыл медициналық көмек алу, жұмысқа бару және қоқыс төгу үшін шығу рұқсат етіледі. Үй жануарларын тұрғылықты жерінен 100 метр қашықтықта серуендетуге болады.

Оқи отырыңыз: Ауруханалар карантин режимінде қалай жұмыс істейді? Фоторепортаж

Албанияда көшеге шығу үшін смс-хабарлама арқылы рұқсат алу керек

30 наурыздан бастап Албания билігі үйден шыққысы келетін азаматтарға ерекше шарт қойды. Енді ел тұрғындары көшеге шығар алдында міндетті түрде смс-хабарлама жіберуі тиіс. Онда жеке басын куәландыратын құжаттың мәліметтерін және қалаға шығу уақытын көрсету қажет. Рұқсат жауап 24 сағат ішінде смс түрінде келеді. Бұл ретте үйден 5:00-ден 13:00-ге дейінгі аралықта 1 сағатқа ғана шығуға рұқсат етіледі.

Көшеге шығатын адам міндетті түрде өзімен бірге смс-рұқсаты бар телефонды және жеке басын куәландыратын құжатты алуы керек. Рұқсатсыз жүргендерге полиция айыппұл салады. Албания билігі 25 наурыздан бастап коронавирус таралуына байланысты елде төтенше жағдай режимін енгізген болатын.