Коронавирус Қазақстанда: 6 сәуір хронологиясы. 78 адамның вирус жұқтырғаны анықталып, карантинге жабылған қалалар саны артты
Қазақстанда коронавирус жұқтырудың алғашқы деректері 13 наурызда тіркелді. Алғашқы 24 күннің оқиғаларын осы жерден оқуға болады.
23.59. Коронавирус жұқтырғандар – 662:
- Нұр-Сұлтан – 221;
- Алматы – 119;
- Қызылорда облысы – 50;
- Қарағанды облысы – 48;
- Ақмола облысы – 42;
- Жамбыл облысы – 40;
- Түркістан облысы – 33;
- Атырау облысы – 29;
- Солтүстік Қазақстан облысы – 25;
- Шымкент – 19;
- Ақтөбе облысы – 11;
- Алматы облысы – 10;
- Шығыс Қазақстан облысы – 6;
- Маңғыстау облысы – 5;
- Батыс Қазақстан облысы – 2;
- Павлодар облысы – 1;
- Қостанай облысы – 1.
Жазылғандардың жалпы саны – 46.
Көз жұмғандар – 6.
23.59. 6 сәуір қорытындысы:
- бір күнде коронавирус жұқтырған 78 науқас тіркелді;
- төрт адам емделіп шықты: Нұр-Сұлтан – 1, Алматы – 2, СҚО – 1.
23.50 – Шымкентте коронавирус жұқтырған 5 адам туралы:
Олардың бәрі – Шымкент тұрғыны. Олар 5 сәуірде вирус жұқтырған науқастың отбасы мүшелері болуына байланысты оқшауланған болатын. Зертханалық сынама алынып, диагноз нақтыланды. Қазіргі таңда жұқпалы аурулар ауруханасында бекітілген хаттамаға сәйкес тиісті ем жүргізілуде. Науқастарың денсаулық жағдайы – қанағаттанарлық. Вирус ошағында эпидемиялық зерттеу және дезинфекциялық жұмыс жүргізілген.
23.40 – Қызылорда облысында коронавирус жұқтырған тағы 5 адам туралы:
Ауру жұқтырғандардың барлығы Шиелі ауданында тіркелді. Олар бұған дейін вирус жұқтырған адаммен тығыз қарым-қатынаста болуына байланысты карантиндік стационарға жатқызылып, зертханалық сынама алынған болатын. Диагноз нақтыланып, ауданаралық аурухананың жұқпалы аурулар бөліміне ауыстырылған. Науқастардың жағдайы – қанағаттанарлық. Бекітілген хаттамаға сәйкес тиісті ем жүргізілуде.
Аймақта коронавирус жұқтырған барлығы 50 адам анықталған:
- Қызылорда қаласы – 6;
- Жаңақорған ауданы – 16;
- Қармақшы ауданы – 4;
- Шиелі ауданы – 24.
Оқи отырыңыз: Карантин бізге неге керек?
23.22 – Коронавирус жұқтырған тағы 11 адам тіркелді:
- Түркістан облысы – 1;
- Жамбыл облысы – 5;
- Қызылорда облысы – 5.
Қазақстан бойынша барлығы – 662 адам.
22.48 – Қызылорда облысында коронавирус жұқтырған 8 адам туралы:
Ауру жұқтырғандардың барлығы Шиелі ауданында тіркелді. Олар бұған дейін вирус жұқтырған адаммен тығыз қарым-қатынаста болуына байланысты карантиндік стационарға жатқызылып, зертханалық сынама алынған болатын. Диагноз нақтыланып, ауданаралық аурухананың жұқпалы аурулар бөліміне ауыстырылған. Науқастардың жағдайы – қанағаттанарлық. Бекітілген хаттамаға сәйкес тиісті ем жүргізілуде.
22.27 – Коронавирус жұқтырған тағы 22 адам тiркелдi:
- Түркістан облысы – 4 адам;
- Нұр-Сұлтан – 2 адам;
- Алматы – 3 адам;
- Шымкент – 5 адам;
- Қызылорда облысы – 8 адам.
Қазақстан бойынша жалпы саны – 651 адам.
Оқи отырыңыз: Жазғы ыстықта коронавирус жойыла ма? Вирусолог мамандардың зерттеуі
21.30 – Біріккен Араб Әмірліктері Қазақстанға коронавирусқа қарсы күрес үшін медициналық қорғаныс құралдарын жіберді.
БАӘ-ден бортында жалпы салмағы 13 тоннаны құрайтын толық және жартылай медициналық қорғаныс құралдары, бір реттік қолғаптар, медициналық маскалар, бахилалар, антисептиктер және өзге де медициналық құралдар бар ұшақ Нұр-Сұлтанға келіп қонды.
Қазақстанға бұған дейін де АҚШ, Қытай, Оңтүстік Корея, Жапония, Түркия және Израильден түрлі көмек жіберілді.
21.25 – Солтүстік Қазақстан облысында коронавирус жұқтырған 1 адам емделіп шықты.
Қазақстан бойынша жазылғандар саны 46-ға жетті.
20.30 – Шымкент әкімі Мұрат Әйтенов қалада салынып жатқан 200 орындық аурухана құрылысымен танысты. Төтенше жағдай кезінде науқастарды қабылдайтын госпиталь тез құрастырылатын материалдардан тұрғызылады.Толықтай отандық құрылыс заттары. 400-ге жуық жұмысшы жергілікті жерден тартылған.
Арнайы аурухана стационар, жан сақтау сынды бірнеше бөліктен тұрады. Медицина қызметкерлері жатып жұмыс істейтін жай салынып, оған қажетті мамандар іріктеліп алынады.
19.45 – Алматыда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының
шекті бағасы бекітілді:
- бірінші сортты бидай ұны, 1 кг – 211 теңге;
- бірінші сұрыпты бидай ұнынан пісірілген нан (формовой), 1 кг – 146 теңге;
- рожки (өлшеніп салынған), 1 кг – 209 теңге;
- қарақұмық жармасы (ядрица, таразы), 1 кг – 339 теңге;
- күріш, 1 кг – 310 теңге;
- сиыр еті ( сүйектері бар жауырын-кеуде бөлігі), 1 кг – 2169 теңге;
- тауық жұмыртқасы (I санат) он данасы – 367 теңге;
- күнбағыс майы, 1 кг – 434;
- ас тұзы ("Экстрадан" басқа), 1 кг – 59 теңге.
Жоғарыда аталған тауарлардың бағасын өсіргендер анықталса, оларға 265 100 теңгеден 530 200 теңгеге дейін айыппұл салынады.
Оқи отырыңыз: Коронавирус майданы. Батырлар жыры сарынына салғанда...
19.40 – 7 сәуірдегі телесабақтар кестесі:
19.20 – Ақмола облысында анықталған 19 науқас туралы:
Қауіпті инфекция 2 сәуірде қайтыс болған Целиноград ауданының тұрғыны, 1947 жылы туған ер адаммен байланыста болған 19 ақмолалықтан бірден анықталды.
Санитарлық-эпидемиологиялық шаралар жүргізілуде.
Қазіргі уақытта диагнозы расталған барлық азаматтар Нұр-Сұлтан қалалық фтизиопульмонология орталығына және Көкшетау қаласындағы Ақмола облыстық туберкулезге қарсы диспансеріне жатқызылып жатыр. Емделушінің ең үлкені 1933 жылы туған, ең жасы ‒ 1984 жылғы.
Өңірде вирус жұқтырған жалпы 42 адамның 35-і – Целиноград ауданында, 3 – Аршалы ауданында, 3 – Нұр-Сұлтанда, біреуі Көкшетау қаласында тіркелді.
19.10 – Атырау облысында кешкі сағат 21:00-ден таңғы сағат 06:00-ге дейін көшеде жүруге тыйым салынады.
19.05 – Атыраудағы коронавирус жұқтырған 29 науқастың жағдайы:
Инфекциялық стационарға жатқызылған 26 науқастың жағдайы қанағаттанарлық. 29 науқастың ішінде 16 жасқа дейінгі екі бала бар. Екі емделушінің ауру деңгейі орташа, бір науқастың ауруы күрделі өтуде.
- инфекциялық стационарда 29 науқас;
- провизорлық стационарда - 20 адам;
- карантиндік стационарда - 174 адам;
- үй карантинінде - 889 адам оқшауланған.
Оқи отырыңыз: Коронавирус қаупі жағдайында қорқынышты қалай жеңуге болады? Психоаналитик кеңесі
19.00 – Қашықтан оқытуды тоқтатудың еш мәні жоқ – Асхат Аймағамбетов.
"Бұл жағдай қашан бітетіні белгісіз. Қашықтан оқытуды тоқтатудың мәні жоқ. Бірі оқуды тоқтатып, өткен тоқсандарға қарап бағалауды сұрайды. Бірі оқуды шілде, тамызға ауыстыруды сұрайды. Бала шілде-тамызда оқитын болса, онда үзіліссіз маусымға дейін оқу қиын. Жазда мектепті жөндеу, оқу жылына дайындау керек. Оңтүстікте, тіпті солтүстікте жазғы кезең оңай емес.Ауа райы білім алуға қолайсыз. Барлық ел оқуды жалғастыру туралы шешімді бекер қабылдамады. Бұл мәселені талқылаудың қажеті жоқ. Төртінші тоқсанды бастадық. Бізге оңай болмаса да, бұл білім саласы мен оқушылар үшін тиімді және қажет шешім", – деді Білім және ғылым министрі.
18.55 – Білім министрі Асхат Аймағамбетовтің сөзнше, Қазақстанның білім саласында "бағдарлық қағаз" деген жоқ. Мұғалімдердің түсінігінде бұл – күнтізбелік тақырыптық жоспарлау. Олар әдеттегі құжаттарды жүргізеді. Жаңа құжат енгізілмейді. Мұғалімдер есеп бермейді.
18.40 – Жамбыл облысында бүгін анықталған 6 науқас туралы:
Коронавирус жұқтырғандар – Қордай ауданының 1958, 1963, 1968, 1971, 1988 және 2001 жылы туған тұрғындары. 17 наурызда Қордай ауданына жақын туысын жерлеу рәсіміне келген Нұр-Сұлтан қаласының 30 жасар тұрғыны жұқтырған деген алдын ала мәлімет бар. Байланыста болған адамдарды анықтау, оларды карантиндік стационарға орналастыру, зертханалық зерттеу үшін талдау алу жұмыстары жүргізілуде. Санитарлық-эпидемиялық қызметтер ошақтарында олардың тұратын және барған жерлері дезинфекцияланады.
18.34 – Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің сөзінше, министрліктің видеоконференциясына қатысқан Дүниежүзілік банк өкілі Қазақстандағы қашықтан оқытуға жоғары баға берді.
18.07 – Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов қашықтан оқытудың алғашқы күнін қорытындылады:
- 3,2 млн оқушы 4-тоқсанды бастады;
- интернетті қолданып қашықтан оқуға көшкен оқушылар саны – 2,4 млн;
- "Күнделік" жүйесіне бүгін 2,2 млн оқушы кірген және 32 млн сессия жүргізілді. Бүгін бұл плафтормада екі рет ақау болды;
- Daryn.online қосымшасында 300 мыңға жуық бала жұмыс істеді;
- Bilimland платформасында 400 мыңнан астам оқушы жұмыс істеді.
17.58 – Алматыда 7 сәуірден бастап қала ішінде қозғалуға қатысты барлық рұқсаттама қағазы мен анықтамалар алынып тасталады. Шұғыл штаб карантин кезінде жұмыс істеп жатқан кәсіпорындардың деректер базасын жасады. Ұйымдардан өтінім 1 сәуірге дейін қабылданды. Басшылар қызметкерлеріне 6 сәуірге дейін жарайтын анықтама берді. Енді қағаз көрсетудің қажеті жоқ, тек электронды база жұмыс істейді.
17.48 – Алматы қаласы қорғаныс істері жөніндегі департамент басшысы Амантай Өсербаевтың сөзінше, Алматы қаласынан арнайы жиынға 200 әскери міндетті шақырылады. Мерзімі алдын ала бір ай деп белгіленген. Алматы қаласы әкімінің қаулысы шыққан соң нақты саны мен мерзімі белгілі болады.
Бүгінде Алматыда 300 адам өз еркімен жиынға қатысуға өтініш білдірген.
17.40 – Daryn.online жобасының бас серіктесі Айбек Қуатбай сервер жүктемесін азайту үшін бастауыш сынып сабақтарын түстен кейінге қалдырылғанын айтты. Видеосабатар оқушыларға қолжетімді болады. Алдағы уақытта техникалық мүмкіндіктерге қарап қажет сабақтар жүктеледі. Видеосабақтардың бәрі түсірілген, дайын. Платформадағы Member қосымшасы арқылы мұғалімдер мен білім басқармалары жүйеде сабақ оқып жатқан балалардың барлық операциясын көре алады. Платформаға екі миллион қолданушы тіркелген.
17.33 – Bilimland жобасының жетекшісі Рауан Кенжеханұлы телеарналардан көрсетілген видеосабақтар платформаның YouTube-тегі парақшасында жарияланып отыратынын айтты. Bilimland платформасындағы "Онлайн мектеп" деген парақшадан кесте бойынша сабақтарды ашып көруге болады. Ол жерде жаттығулар, тест сұрақтары, мұғалімдермен жеке байланысқа шығып, хабарлама алу, үй жұмыстарын беру және бағалау функциялары бар. Бұл модуль екі күн бұрын ғана қосылған.
17.20 – Алматы қаласына блокбекеттер арқылы кіру/шығуға рұқсат етілген азаматтардың тізімі кеңейтілді. Енді денсаулығына байланысты өздігінен қозғалу мүмкіндігі жоқ және шұғыл түрде емделуге бағытталған азаматтарға және оларды алып жүретін адамдардың қозғалысына рұқсат берілді. Медициналық мекеменің хат түріндегі жолдамасы болуға тиіс және науқасты алып жүруші екеуі бір автокөлікпен жүруге тиіс.
17.10 – "Күнделік.кз" жобасының жетекшісі Мұхтар Ілиясовтің сөзінше, бұл платформаға бүгін таңғы 8.00-ден түскі 13.00-ге дейін 985 мыңдай адам, ал бір минутта 85 мың адам кірген. Қолданушылардың 80%ында интернет сапасы жақсы болған. Сағат 15.00-ге дейін 5000 хат пен call-орталықтың 4000 қоңырауына жауап берген.
"Мұғалімдер мен оқушылар өте үлкен файл жүктеп жатыр. Салмағы үлкен файлды жүйеге жүктемесін деген шектеу қойдық. Қолданушы саны 85 мыңнан 35-40 мыңға түсті. жүйе тұрақты істеп жатыр", – деді жоба жетекшісі.
17.00 – Коронавирус жұқтырған тағы 25 адам тiркелдi:
- Жамбыл облысы – 6 адам:
- Ақмола облысы – 19 адам.
Қазақстан бойынша жалпы – 629 адам.
16.40 – Цифрлық даму, иннофвациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев 42 500 теңге әлеуметтік төлем алуға өтініш қабылдайтын Telegram bot аймақтар бойынша да ашылғанын айтты.
"Әлеуметтік төлем алуға өтінім беру арналарының санын арттыру мақсатында бүгін біз Telegram арнасынан жаңа Bot-ты іске қостық. 44 433 өтінім қабылданды, олар міндетті түрде өңделеді. Бізге қазір Bot-тың өте баяу жұмыс істеп тұрғаны туралы азаматтар шағымдануда. Бұл пайдаланушылар санының көптігіне байланысты. Сондықтан біз жүктемені азайту мақсатында Bot-ты аймақтарға бөлу туралы шешім қабылдадық. Өтінім беру алдында өз аймағыңызды таңдауыңыз қажет. Сондай-ақ, Еgov.kz және 42500.enbek.kz сайттары арқылы да өтінім қабылдау жалғасуда", – деді министр.
Ол азаматтарға тексерілген сілтеме арқылы өтуді сұрады. Себебі кейбір "пысық" азаматтар өз арналарына жазылушыларды көптеп тарту үшін фэйк аккаунттарды іске қосып жатқанын айтты.
- Республика бойынша: https://t.me/Help42500Bot
- Жамбыл облысы: https://t.me/JambylObl42500Bot
- Қостанай облысы: https://t.me/Kostanai42500Bot
- Қарағанды обылсы: https://t.me/Karagandy42500Bot
- Атырау облысы: https://t.me/Atyrau42500Bot
- Түркістан облысы: https://t.me/Turkistan42500Bot
- Ақтөбе облысы: https://t.me/Aqtobe42500Bot
- Павлодар облысы: https://t.me/Pavlodar42500Bot
- Маңғыстау облысы: https://t.me/Mangystau42500Bot
- Батыс Қазақстан облысы: https://t.me/ZKO42500Bot
- Қызылорда облысы: https://t.me/Qyzylorda42500Bot
- Солтүстік Қазақстан облысы: https://t.me/SKO42500Bot
- Шығыс Қазақстан обылсы: https://t.me/VKO42500Bot
- Нұр-Сұлтан қаласы: https://t.me/NurSultan42500Bot
- Шымкент қаласы: https://t.me/Shymkent42500Bot
- Алматы қаласы: https://t.me/Almaty42500Bot
- Алматы облысы: https://t.me/AlmaObl42500Bot
- Ақмола облысы: https://t.me/Akmol42500Bot
16.22 – Шығыс Қазақстан облысында коронавирус жұқтырған науқас жайлы:
Бүгін Семейде 2007 жылы туған тағы бір оқушыда коронавирус расталды. Ол бұған дейін осы диагнозбен стационарға түскен 2006 жылғы науқастың інісі. Ағасымен жақын байланыста болған соң 5 сәуірде алынған Covid-19 талдауы оң нәтиже көрсетті.
Екеуі де инфекциялық стационарда. Жағдайлары орташа дәрежеде. Кеңейтілген эпидтергеу жүргізілуде.
Шығыс Қазақстан облысында жалпы коронавирус жұқтырған алты науқас анықталды.
16.18 – Жамбыл облысындағы Covid-19 инфекциясының жаңа дерегі туралы әкімдік мәліметі:
Науқас – Нұр-Сұлтан қаласының 1992 жылғы тұрғыны. Ол өз автокөлігімен Тараз қаласында тұратын ата-анасына келген. 5 сәуірде ЖРВИ белгілерімен провизорлық стационарға жатқызылған. Covid-19 талдауы оң нәтиже көрсетті. Барлық байланыста болған адам карантиндік стационарға жатқызылды. Олардың жағдайы қанағаттанарлық, шағымдары жоқ. Мекен-жайы және орналасқан жері бойынша ошақтарда дезинфекциялық өңдеу шаралары жүргізілді.
Жамбыл облысында жалпы коронавирус жұқтырған 29 науқас анықталды.
16.05 – 4 сәуір күні Түркиядан эвакуациялық рейс арқылы Павлодарға жеткізілген Нұр-Сұлтан қаласының 34 тұрғыны арнайы ұйымдастырылған автобуспен елордаға жөнелтілді. Қалған жолаушылар, оның ішіндегі Павлодар қаласы мен Павлодар облысы тұрғындары, карантиндік госпитальде қалып, 14 күн медициналық бақылауда болады.
Еске сала кетсек, рейстегі 102 жолаушыдан алынған Covid-19 талдауы теріс нәтиже берді.
16.00 – Нұр-Сұлтанда карантин жарияланғаннан бері блок-бекеттерге кіру және шығу тәртібін бұзғаны үшін 128 адам жазаланды. Оның 99-ы қамауға алынып, 19 азаматқа айыппұл салынды, тағы 10 іс сот қарауына жолданды.
15.57 – Карантин кезінде туындаған барлық мәселелер бойынша, тауарлар мен дәрі-дәрмектерді алуда алып-сатарлыққа тап болған жағдайда Нұр-Сұлтан қалалық прокуратурасының мобильді тобына 8 (7172) 71-24-97, 8-701-999-17-59 номері арқылы хабарласуға болады. Бұл туралы елорда әкімдігінің сайты хабарлады.
15.50 – Бас санитар дәрігердің мәліметінше, Қазақстанда медицина ұйымдарындағы төсек орынның 21%-ында науқастар жатыр. Алматыда – 43%, Атырау облысында – 35%.
"Бүгінде коронавируспен күреске 16 мың медицина қызметкері жұмылдырылды. 10 мың медицина қызметкері бар резерв құрылды. Карантин жағдайында барлық медицина ұйымдарында жоспарлы көмек шектеулі. Қажет болған жағдайда осы ұйымдардағы барлық медициналық қызметкер короновирустық инфекциямен ауыратындарға көмек көрсету үшін пайдаланылады", – деді Айжан Есмағамбетова.
15.40 – Қазақстанға 96 000 тест әкелінді. Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында орта есеппен күніне 50-ден 1000-ға дейін экспресс тестілеу жоспарланып отыр. Бас санитар дәрігердің қаулысымен экспресс-тест жасалатын адамдар санаты бекітілді:
- жедел жәрдем қызметінің медицина қызметкрелері;
- ЖРВИ белгілерімен ауруханаға жатқызылған науқастар;
- коронавирус жұқтырғандармен байланыста болғандар;
- Қазақстан ішінде автокөлікпен блок-посттардан өтетін және темір жол арқылы қатынайтын тұлғалар;
- төтенше жағдай кезінде жұмыс істейтін жергілікті және орталық мемлекеттік органдар қызметкрелері.
15.30 – Қазақстанның бас санитар дәрігері Айжан Есмағамбетованың сөзінше, коронавирус жұқтырған жалпы 45 бала анықталды. Олардың төртеуі аурханадан шығарылды. Балалардың ауыру деңгейі – жеңіл.
15.25 – Қарағанды облысындағы Covid-19 анықталған 16 науқас туралы:
Олар отбасы мүшелері және коронавирустан қаза тапқандармен байланыс жасаған. Барлығы індетке қарсы қауіпсіздіктің қажетті шараларын сақтай отырып оқшауланды және емдеу курсынан өтеді.
Жалпы 48 науқастың үшеуі жан сақтау бөлімінде ауыр жағдайда жатыр. Олардың бірі жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Үш науқастың жағдайы орташа ауыр деңгейде. Барлық жұқтыруы ықтимал адамдарды анықтау үшін мұқият эпидемиологиялық тексеру жүргізіледі. Жұқтырғандармен байланыста болғандар оқшауланады.
Қарағанды облысында үй карантинінде 1 346 адам жатыр.
15.22 – Қазақстанда 120 медицина қызметкері коронавирус жұқтырған.
Олардың ішінде 67 адам коронавирус жұқтырды деген күдікті немесе жұқтырғандармен жұмыс істеген. Біреуі адамның жағдайы ауыр, 7% не 9 адамдыкі орташа ауыр. Қалған 57 адам жеңіл және симптомсыз жатыр.
15.15 – Қазақстанның бас санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова берген мәлімет:
- науқастардың 122-сі – сырттан жұқтырған, 351 – отбасында, еңбек ұжымында жұқтырғандармен байланыста болған, 131 адамның қайдан жұқтырғаны белгісіз;
- 45 адам ауруханадан шығарылды: 24 – Нұр-Сұлтан, 21 – Алматы;
- науқастардың 85%-ында ауру жеңіл, симптомсыз өтеді, ал 11,5% ауырлығы орташа, 16 науқастың жағдайы ауыр;
- індет ошақтарында байланыста болған 17 мыңнан астам адамның 10 мыңы үй карантинінде;
- елордада 27 наурыздан 5 сәуірге дейін күн сайын 60 науқастан нөлге дейін төмендеді. Алматыда күн сайынғы өсім 15 пен 6 науқас аралығында;
- республика бойынша инфекция жұқтыру өсімі 11% аспайды, Қызылорда, Қарағанды, Түркістан, Атырау облыстарында жоғары өсім байқалады. Бұл қосымша карантиндік шектеу шараларын қабылдауды қажет етеді.
14.40 – Коронавирус індетін жұқтырған тағы 20 адам тiркелдi:
- Жамбыл облысы – 1 адам;
- Маңғыстау облысы – 2 адам;
- Қарағанды облысы – 16 адам;
- Шығыс Қазақстан облысы – 1 адам.
Қазақстан бойынша жалпы – 604 науқас.
14.28 – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов бес жасанды тыныс алу аппараты сатып алынғанын айтты. Әкім бүгін 10 жасанды тыныс алу аппараты қойылған қалалық бірінші аурухананың жан сақтау бөліміне барды. Облыста барлығы – 74 аппарат бар.
Аймақта коронавирус жұқтырған 25 науқас анықталды. Араларында жағдайы ауыр науқас жоқ. Жазылған бір адам бүгін үйге шығарылады.
14.18 – Қазақстанда Covid-19 онлайн диагностикалау қызметі үш тілде іске қосылды.
"Электронды үкімет" порталының eGovMobile мобильді қосымшасында коронавирус белгілерін анықтау үшін онлайн сауалнамадан өтуге болады. Қызмет қазақ, орыс, ағылшын тілінде. Сауалнаманы толтыру үшін азаматтар 12 сұраққа Иә/Жоқ деп жауап береді, қажет болған жағдайда жеке ақпарат енгізеді. Толтырып болғаннан кейін "Сауалнаманы жіберу" батырмасын басу керек. Ақпарат Денсаулық сақтау министрлігіне жіберіледі.
Азаматтар eGovMobile арқылы "Covid-19 картасы", "Covid-19 туралы FAQ" қызметтерінен коронавирус туралы жиі қойылатын сұрақтарға жауап алады.
14.05 – Нұр-Сұлтанда 1 адам коронавирустан емделіп шықты. Қазақстан бойынша жазылғандар саны 45-ке жетті.
13.40 – Алматы көшелерін санитарлық зарарсыздандыру жұмыстары күн сайын жүргізіледі. Тұрғындар зарарсыздандырудан кейін 5 сағат үйден шықпауы қажет.
12.40 – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмыс істеп, жалақы алатын адамдар әлеуметтік төлем алу үшін бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) төлеп өтініш берсе, алайда өтініші қабылданбаса олардың БЖТ қайтарылмайтынын ескертті.
12.35 – 7 сәуірден бастап Қарағанды облысында қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін ұйымдарды қоспағанда, барлық ұйым мен кәсіпорын қызметі тоқтатылады.
12.30 – Маңғыстау облысында коронавирус індетін жұқтырған тағы екі адам тіркелді. Бұл туралы қоғамдық коммуникация орталығында өткен шұғыл брифингте облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ержан Күмісқалиев хабарлады.
Олар 3 сәуір күні коронавирус инфекциясы анықталған қызылордалық ерлі-зайыптылармен байланыста болған. 5 сәуір күні Ақтау қаласы, 14-шағын ауданында орналасқан 38-үйдің төрт тұрғыны жедел стационарға жеткізілген. Олардан сынама алынып, екеуінен Covid-19 анықталған. Екі әйел адам да – 1990 жылы туған Өзбекстан Республикасының азаматтары. Олар бірден арнайы боксқа оқшауланды. Қалған екеуінен алынған сараптама теріс нәтиже берді. Қазір олар провизорлық ауруханада.
Олар тұрған подъезд карантинге жабылып, дезинфекцияланып жатыр.
12.25 – Ақмола облысының денсаулық сақтау басқармасы 4 сәуірде коронавирус табылғандар жайлы:
Қосшыда қайтыс болған әйелдің 7 жасар немересіне вирус атасынан жұққан. Қосшыдағы 1978 жылғы тұрғыннан да Covid-19 табылған. Вирус анықталған соң Ақмола облыстық туберкулезге қарсы диспансердің жұқалы аурулар бөліміне жатқызылған.
Ақмола облысында 23 науқас тіркелді: 16 – адам Целиноград ауданы, 3 адам Аршалы ауданы, 3 адам – Нұр-Сұлтан және бір адам Көкшетаудан.
12.22 – Болат Өтемұратов қоры Нұр-Сұлтан мен Алматы денсаулық сақтау басқармаларына 47 мың экспрес-тест жинақтарын табыстады. Қайырымдылық ұйымы бұл жобаға 200 млн теңге жұмсаған.
12.10 – Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев тұрғындарға үндеу жасады.
"Карантин кезінде коронавирустың таралуының алдын алу үшін қаланы дезинфекциялау қажет. Коммуналдық қызметтер мен Алматы гарнизонының әскери қызметшілерінің күшімен жолдарды, тротуарларды, жаяу жүргіншілер аумағын, ортақ пайдалану орындарын санитарлық өңдеу жүргізіледі. Сондай-ақ, үй кіреберістері мен аула үнемі өңделеді. Қала тұрғындарын қауіпті вирустан қорғау үшін бәрін жасайды. Қалаңызға көмектесіңіз, үйде қалыңыз", – деді ол.
12.07 – Алматы қаласындағы блок-бекеттер арқылы кіру/шығуына рұқсат етілген тұлғалар тізіміне өзгерістер енгізілді.
Енді өзге аймақтардың құқық қорғау және арнайы органдарының (ҰҚКД, Прокуратура, ЭТД, МКД, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі, ЖКҰБ, ҚР МҚК, ЖП, Ұлттық гвардия, ҚМ, ТЖД) қызметтік қажеттілікке орай Алматы қаласына кіру және шығу үшін, аймақтық органның бірінші басшысының қолы қойылған қағаз жүзінде рұқсаты болуы тиіс.
12.04 – Банктер мен "Қазпошта" карантин кезінде 09.00-ден 14.00-ге дейін жұмыс істейді. Олар әлеуметтік төлем алуды қажет ететін табысынын айырылған жеке тұлғаларға ғана қызмет көрсетеді. Адамдар 42 500 теңге алу үшін карта немесе есепшот аша алады.
Жұмыс істейтін бөлімшелердің нақты кестесі мен мекенжайларын банктердің өздерінен білу керек. Көптеген банк картаны онлайн ашу және үйге жеткізу қызметін көрсетеді.
11.56 – Банктер 42 500 теңге әлеуметтік төлем алу үшін арнайы есепшот ашуды талап ете алмайды.
"Бұл дұрыс емес. Қаржылық нарықты реттейтін агенттік барлық банкке нұсқаулық беріп, талап қойды. Арнайы шот ашудың қажеті жоқ. кез келген банк картасына аударылады. Банктердің 42 500 теңгеден қарызды өтеп алуға, несиені жабуға құқығы жоқ", – деді Біржан Нұрымбетов.
11.52 – Төтенше жағдай кезінде берілетін 42 500 теңге әлеуметтік төлем бір рет тағайындалады, бірақ ай сайын төленеді.
Жеке кәсіпкерлер мен ЖШС басшылары өз атынан өтініш бере алады. Сондай-ақ, баласы бір жастан асқан декреттегі әйелдерге 42 500 теңге төлем тағайындалады.
11.48 – Есепшоты жоқ азаматтар 42 500 теңге әлеуметтік төлем алуға өтінішті шот номерінсіз тапсыра алады.
"Біраз азаматтарда есепшот жоқ, өмірінде ешқашан есепшот ашпаған. Адамдар үлгермей қалатын болдық деп банктерге жүгіріп жатыр. Бір-екі күнде мынадай өзгеріс енгіземіз. Өтініш берген кезде банкте шотыңыз болмаса ол жерге ештеңе көрсетпейсіз. Талаптарға сай келсеңіз өтінішіңізді қабылдаймыз да, 42 500 теңге тағайындаймыз. Есепшотты бергенше бір айға дейін күтеміз. Шотты алған соң тағайындалған төлемді аударамыз", – деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов.
Министр банктерден есепшотты қашықтан ашып, адамдардың үйіне дейін жеткізіп беруін сұрады. Оның сөзінше, "Қазпошта" мен "Халық банкі" осындай тәсілге көшкен.
11.25 – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, жұма-сенбі күндері 42 500 теңге әлеуметтік төлем алуға өтініш 412 мың адамнан қабылданған. Министрлік "мен табысымнан айырылдым, ақшам жоқ" деп өтініш берген 1873 адам туралы ақпараттық жүйеден мәлімет іздегенде, олардың қаңтардан бері орта есеппен 500 мыңнан миллион теңгеге дейін табысы бар азаматтар екені анықталған.
"Олардың 16 наурыздан ақшасы қалмай қалыпты. Бұл енді дұрыс емес шығар. Кешірім сұраймын, уақыт бөліп сайтта өтініш жібердіңіздер, бірақ 42 500 теңге сіздерге төленбейді", – деді министр Біржан Нұрымбетов.
11.15. Үш күнде 42 500 теңге әлеуметтік төлем алуға келіп түскен 1 млн 284 мың өтініш 938 мың адамнан келген. Қалған өтініш бір адамнан бірнеше рет қабылданған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі ақпараттық жүйе өтініштерді сұрыптап, тексеретінін, бір адам әлеуметтік төлемді екі-үш рет ала алмайтынын ескертті.
11.10 – Қазақстанда ай сайын 300 млрд теңгеге дейін зейнетақы мен жәрдемақы төленіп жатыр және ол индекстеледі.
11.02 – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтің сөзінше, 42 500 теңге әлеуметтік төлем алуға eGov порталы мен 42500.enbek.kz сайты арқылы үші күнде 1 млн 284 мың өтініш келіп түскен. Бүгін Telegram бот іске қосылды.
10.48 – Телеарнадан көрсетілетін видеосабақтар ұзақтығы неге 10 минут қана?
Білім және ғылым вице-министр Шолпан Қаринованың сөзінше, он минутта мұғалім жаңа сабақты түсіндіреді. Содан кейін әр мұғалім сыныптағы балалармен жеке жұмыс істейді. Оқушы мектеп оқулығы, әдістемелік нұсқаулықтарды пайдаланады. Сұрақтарға жауап беріп, тапсырманы орындайды.
Вице-министр ата-анадан баласының сабақ оқуына тиісті жағдай жасап, эмоционалды-психологиялық қолдауды сұрады.
10.42 – Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев медицина саласындағы ғылыми орталықтардың қызметкерлерін құттықтады.
"Ғылыми институттардың ұжымдарын Covid-19 коронавирусын анықтауға арналған диагностикалық тест жүйесін әзірлеуімен құттықтаймын! Аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығы мен Ұлттық биотехнология орталығының ғалымдары халықаралық стандарттарға сай келетін қажетті тест жүйесін қысқа мерзімде жасап шықты. Сіздердің жетістіктеріңіз отандық биомедицина саласының бәсекеге қабілеттілігі жоғары екенін көрсетеді", – деп жазылған Мемлекет басшысының құттықтау хатында.
Мемлекет басшысы әлемге тараған коронавирус індетіне қарсы күресте бұл жаңалық өте маңызды екенін атап өтті. Әзірленген тест жүйесі мыңдаған азаматтың өмірі мен денсаулығын сақтап қалуға көмектеседі деген сенімін білдірді.
10.25 – Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Қаринова оқушыларды қашықтан оқытудың алғашқы нәтижесін айтты:
"Таңертеңнен бастауыш сынып сабақтары өтіп жатыр. Цифрлық платформаларда да сабақтар жүруде. Электронды журналдарды қарасақ, 1 млн жуық қолдануышы жұмыс істеп жатыр", – деді вице-министр.
Ол әр мектепте қатып қалған сабақ кестесі жоқ екенін, мұғалім өзіне ыңғайлы сабақ кестесі арқылы шығармашылықпен жұмыс істейтінін ескертті. Видеосабақтарды қысқа мерзімде дайындаған мұғалімдерге алғыс айтты.
10.15 – 42 500 теңге әлеуметтік төлемін алу үшін өтінім беруге арналған Telegram бот іске қосылды.
Ол үшін Telegram мессенджеріне кіріп, https://t.me/Help42500Bot сілтемесі арқылы өтіп, Start батырмасын басу қажет.
Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азамат үшін:
- "Өзін-өзі жұмыспен қамтушы" батырмасын басу;
- Өзінің ЖСН енгізу;
- Электронды пошта адресін енгізу;
- Телефон нөмірін енгізу;
- Банктік шот нөмірін енгізу (IBAN);
- Өтінішті растау.
- сіздің өтініміңіздің қабылданғандығы туралы;
- сіздің өтініміңіздің тіркеу нөмірі;
- сіздің өтініміңіздің өңделгені туралы жауап.
Қызметкер үшін:
- "Қызметкер" батырмасын басу;
- ЖСН енгізу;
- Жұмыс істейтін ұйымның БСН-ын енгізу;
- Электронды пошта адресін енгізу;
- Телефон нөмірін енгізу;
- Банктік шот нөмірін енгізу (IBAN);
- Өтінішті растау.
Бұдан кейін келесі мазмұнда хабарламалар келеді:
- сіздің өтініміңіздің қабылданғандығы туралы;
- сіздің өтініміңіздің тіркеу нөмірі;
- сіздің өтініміңізді өңделгені туралы жауап.
10.10 – Алматыда коронавирус жұқтырған жалпы 116 адам тіркелген. 96 науқас инфекциялық стационарда жатыр. 79 науқастың жағдайы – қанағаттанарлық, 2 ересек науқастың жағдайы – аса ауыр, екі адамның жағдайы – ауыр, 13 ересек адамның жағдайы – орташа ауырлық деңгейде.
9.52 – Алматы қаласында 2 адам коронавирустан емделіп шықты.
Жазылып шыққандар – 1997 және 1998 жылғы қыз балалар. Олардың бірі 15 наурызда Ыстанбұл ‒ Алматы рейсімен ұшып келген, екіншісі бұған дейін вирусты жұқтырған адаммен байланыста болған.
Қазақстанда жазылғандар саны 44-ке жетті.
9.00 – Қазақстанда оқушыларды қашықтан оқыту басталды.