Қазақстанда коронавирус жұқтырудың алғашқы деректері 13 наурызда тіркелді. 66 күннің оқиғаларын осы жерден оқуға болады.

18 мамыр. Коронавирус жұқтырғандар саны – 6440

  • Алматы – 1 848;
  • Нұр-Сұлтан – 1 251;
  • Атырау облысы – 627;
  • Шымкент – 404;
  • Батыс Қазақстан облысы – 323;
  • Қарағанды облысы – 250;
  • Қызылорда облысы – 246;
  • Ақтөбе облысы – 228;
  • Түркістан облысы – 222;
  • Жамбыл облысы – 205;
  • Алматы облысы – 209;
  • Павлодар облысы – 165;
  • Маңғыстау облысы – 161;
  • Ақмола облысы – 126;
  • Қостанай облысы – 79;
  • Шығыс Қазақстан облысы – 58;
  • Солтүстік Қазақстан облысы – 38.

Жазылғандардың жалпы саны – 3469

Көз жұмғандар – 35.

Мемлекет басшысы азаматтарға үндеу жасады

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтарды денсаулыққа зиян келтірмеу үшін қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырды.

Коронавирус инфекциясынан бір адам көз жұмды

Алматыда коронавирус инфекциясынан бір адам көз жұмды. Азаматша 1961 жылы дүниеге келген. Коронавирус жұқтырған науқастардың өлім жағдайын зерттеу жөніндегі комиссия бұл жағдайды коронавирус салдарынан орын алды деп тіркеуге шешім қабылдады.

Қазақстанда коронавирус инфекциясынан барлығы 35 адам қайтыс болды.

Оқи отырыңыз: Мешіттер 18 мамырда ашылады. Намаз оқу, құран оқыту және неке қидыруға қандай талаптар қойылады?

Қазақстан өңірлері коронавирус өсіміне байланысты үш топқа бөлінді:

Өткен аптада коронавирус жұқтырған 1 350 адам тіркелді (өсу қарқыны 2-5% арасында құбылады). Оның ішінде 80%-ы скрининг кезінде анықталды.

  • өсім 7%-дан асатын өңірлер – Ақтөбе, Ақмола, Түркістан және Жамбыл облыстары;
  • 7%-дан төмен – СҚО, Алматы, Павлодар, Қарағанды облыстары, Алматы қаласы және Нұрсұлтан;
  • 5%-дан төмен – ШҚО, Қызылорда және Маңғыстау облыстары.

Ведомствоаралық комиссия эпидемиологиялық жағдайды талқылады

Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен коронавирустың пайда болуына және таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысында қазіргі эпидемиологиялық ахуал мәселелері қаралды.

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мәлімдемесінде санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтау қажет екенін айтты. Себебі қарантин шараларын жеңілдету кейбір өңірлерде ауруды жұқтыру санын көбейтіп отыр.



Осыған орай өңірлерде қызметіне қайта кіріскен объектілерде санитарлық талаптардың орындалуына қатаң бақылау ұйымдастыру тапсырылды. Нұр-Сұлтанда санитарлық талаптарды орындамағаны және бұзғаны үшін 15 құрылыс нысанының қызметі анықталған кемшіліктерді орнына келтіргенше тоқтатылды.

Оқи отырыңыз: Карантиннен кейін АҚШ-тың бизнес саласы қалай өзгереді? Сараптама

Ведомствоаралық комиссияның шешімімен 20 мамырдан бастап Нұр-Сұлтан мен Петропавл қалаларында сауда-ойын-сауық орталықтарының (ойын-сауық алаңдары, фудкорттар, кинотеатрлар іске қосылмайды), қоғамдық моншалардың қызметін іске қосу туралы шешім қабылданды.

Ресей Федерациясынан 1 мыңдай Қазақстан азаматын, оның ішінде сол жақта оқитын қазақстандық студенттерді елге қайтару мәселесі қаралды.

Өңірлер арасындағы блок бекеттер әзір алынбайды

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, қалалар арасындағы блок бекеттер әлі де сақталады және облыстар мен өңірлер арасындағы қозғалысқа да шектеу бар. Өңірлердегі эпидемиологиялық ахуалдың әртүрлі болуымен байланысты блок бекеттерді алу қарастырылмаған.

Бірнеше күн бойы Шымкент пен Атырау облысында коронавирус жұқтырғандар саны айтарлықтай өскен. Өңірлер арасындағы карантин шараларын жеңілдету және блок бекеттерді алу инфекцияның Шымкенттен Түркістан облысына немесе Атырау облысынан оған жақын өңірлерге таралуына әкелуі мүмкін.

ПТР-тестілеуден кімдер тегін өте алады?

Медициналық сақтандыру қорының мәліметінше, ПТР тегін тестілеуге (11 500 теңге әр тест үшін) бюджеттен 5,4 млрд теңге бөлінді. 1,7 млрд теңге – стационарларға, 3,7 млрд теңге емханаларға бөлінеді. Қор сонымен қатар халықтың қай санатындағы азаматтар тестілеуден тегін өтетінін жария етті:

  • Covid-19 күдігімен провизорлық стационарға түскендер;
  • ЖРВИ немесе пневмония белгісімен түскендер;
  • коронавирус жұқтырған азаматтармен жақын қарым-қатынаста болғандар;
  • жоспарлы түрде стационарға жатқызылған азаматтар;
  • тыныс алу, эндокриндік және жүрек қан-тамыр аурулары бойынша динамикалық бақылаудағы азаматтар;
  • шетелден келген азаматтар;
  • коронавирустың таралуына жол бермеу жұмысына тартылған ІІМ қызметкерлері;
  • жүкті әйелдер және басқалар:

Оқи отырыңыз: Бірінші кезеңде 54 пойыз жолға шығады. Билет бағасында өзгеріс бола ма?

Сонымен қатар МСҚ эпидемияға қарсы шаралар аясында Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетіне қарасы Ұлттық сараптама орталығы халықтың келесі санатындағы азаматтар бойынша өз қаражатымен тегін тестілеу өткізеді:

  • үй карантинінде жатқан, байланыста болған азаматтар;
  • арнайы контингенттегілер (ауру белгісі бар және ауруды жұқтыру қаупі жоғары медициналық қызметкерлер, эпидемияға қарсы жұмылдырылған мемлекеттік органдардың қызметкерлері, қарттар үйіндегі адамдар, интернат мен басқа да мамандандырылған ұйымдағы азаматтар);
  • әскерге шақырылғандар және басқалар.

Түркия президенті Қазақстанның коронавирусқа қарсы күресіне қолдау білдірді

Түркия президенті Реджеп Тайип Эрдоган Қазақстанның коронавирустың таралуына қарсы қолға алған іс-қимылдарын мұқият бақылайтынын, ең алдымен індетпен күресудегі медицина қызметкерлеріне табыс тіледі.

"Қазақ халқы аз шығынмен осы дағдарысты еңсеретініне сенімдімін. Біз көмек қолын созуға дайынбыз және достас, бауырлас Қазақстанның күш-жігерін қолдау үшін қажет медициналық жабдықтарды жібереміз", – делінген хабарламада.

Сондай-ақ Түркіис президенті коронавирустан көз жұмғандарға көңіл айтып, қауіпті инфекцияға шалдыққан барлық адамдардың тез арада сауығып кетуіне тілектестігін білдірді.

Алматыда іске қосылатын нысандар туралы

25 мамырдан бастап Алаңы 500 м2 астам сауда нысандары, қонақүйлер, қоғамдық тамақтандыру нысандары жұмысын бастайды. 138 сауда нысанының жұмысына қойылған шектеулер алынады:

  • сауда үйі, сауда орталығы, сауда-ойын-сауық орталығы аумағында орналасқан;
  • азық-түліктік емес бутиктер;
  • сән салондары;
  • химиялық тазалау;
  • мейрамханалар жұмысын бастайды.

Оқи отырыңыз: Қадір түнінде мешіттер жұмыс істемейді. Қасиетті түнді үйде қалай өткізген жөн?

Аталған кезеңде банкеттер мен салтанатты тойлар өткізуге, караоке, бильярд, көңіл көтеретін мекемелердің жұмыс істеуіне тыйым салынады.



Сауда үйі, сауда орталығы, сауда-ойын-сауық орталығы аумағында орналасқан фуд-корттарды ашу 2-кезеңге жоспарланған. Сауда нысандарының жұмысына 23.00-ге дейін рұқсат беріледі. СПА, фитнес-орталықтарын және ойын-сауық нысандарын ашу 3-кезеңге жоспарланған. Кальян жұмысына карантиннің бүкіл кезеңінде тыйым салынады.

25 мамырдан бастап Алматыда 84,2 мың адамды жұмыспен қамти отырып, барлығы 3631 кәсіпорынды іске қосу жоспарланған.

Қазақстан Covid-19 қарсы вакцина жасаушылардың тізіміне ресми түрде енді

Қазақстандық ғалымдар инактивтендірілген вакцинаны клиникаға дейінгі сынақтан өткізу жұмысын бастады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қазақстандық ғалымдардың талдамасын тіркеп, оны өзінің ресми сайтына орналастырды. Талдама коронавирусқа қарсы вакциналарға үміткерлердің тізіміне енгізілген.

Бұл инактивтендірілген вакцинаны Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлері жасаған.