Айдын Әлімбеков, 33 жас, Бостон университеті, Бостон, Массачусетс

Мамандығы – Project Management (магистратура)

– "Болашақ" бағдарламасы бойынша магистратураға дайындық курсын АҚШ-тың Пенсильвания штатындағы Филадельфия қаласында оқыдым. Сосын бірқатар жоғары оқу орындары мені оқуға қабылдады. Олардың қатарында танымал Плющ лигасының (Ivy League) құрамына кіретін Корнелл университеті де болды. Корнелл әкімшілігі мені қабылдағанымен, оқуды бастауыма "Болашақ" бағдарламасы бойынша маған берілетін ай сайынғы шәкіртақы көлемінің аз болуы кедергі болды. Нақтырақ айтсам, Корнелл университеті қабылданған әрбір студентке ай сайынғы түсетін табысы 2 300 АҚШ долларынан кем болмауын міндеттейді.

Ал студенттің отбасы болса, табыс көрсеткіші одан да жоғары болуы тиіс. Мен отбасымнан бөлінбеуді қаласам да, Корнеллде оқу үшін оған да келістім. Себебі бұл университет мен түскен сала бойынша әлемдік рейтингте бірінші орында. Бірақ Болашақ әкімшілігінің осы университетке бекіткен шәкіртақысы $1 650 болғандықтан, мен оқуымды бастай алмадым. Сосын Корнеллден басқа құжаттарымды қабылдаған университеттер арасынан Бостонды таңдадым.

Бостон университетінде бізге ай сайын берілетін шәкіртақы көлемі 2 000 АҚШ долларын құрайды. Бұл қала Гарвард университеті және Массачусетс технология институтымен әйгілі. Сондықтан студенттер қаласы деп те аталады. Сәйкесінше, өмір сүру деңгейі де жоғары.


Айдын Корнеллден бөлек Урбана-Шампейндегі Иллинойс, Бостон және Джордж Вашингтон университеттерінен шақырту алған / Фото Айдынның жеке мұрағатынан алынды

Оқуға метромен қатынаймын. Оған бір семестрге (4 ай – ред.) $320 жұмсаймын. Орташа есеппен отбасыма айына азық-түлікке $1 000-1 200 шығындалады екенмін. Сондай-ақ, балалардың мектептегі азды-көпті шығындары бар. Оның бәріне ақша қайдан дейсіз ғой. АҚШ-қа келмес бұрын Қазақстанда мінген көлігімді саттым. Одан бөлек, университет әкімшілігімен сөйлесіп, кампуста қосымша жұмысқа орналастым. Болашақ әкімшілігіне шығынның көп екенін айтсаңыз, олар "отбасыңызды қалдырып кетіңіз" деп ұсыныс айтумен шектеледі. Бірақ мен отбасымды қалдыра алмайтын. Себебі, оларды қаржылай қамтамасыз етуші мен өзіммін. Балаларым әлі кішкентай. Жұбайым олардың тәрбиесімен айналысады.

Біз үшін қиындықтардың тағы бірі медициналық сақтандыру болды. "Болашақ" бағдарламасы студентке тек медициналық сақтандыруды төлейді. Сондықтан отбасыма сақтандыру іздедім. Егер жекеменшік сақтандыру компанияларының ұсыныстарын тұтынсаңыз, ай сайын кем дегенде әр отбасы мүшесіне 200 АҚШ доллары кететіні анық. Сондықтан, біз сақтандыруды Қазақстанда жүрген кезде ең тиімдісін тауып, төледік.

Оқи отырыңыз: АҚШ университеттеріне оқуға түсу үшін қалай дайындалу керек?

Нурилә Байтай, 27 жас, Оңтүстік Калифорния университеті, Лос-Анджелес, Калифорния

Мамандығы – Заң (Магистратура)

– "Болашақ" бағдарламасы АҚШ-тың Калифорния штатында оқитын студенттерге $1 900 көлемінде шәкіртақы тағайындаған. Бұл көрсеткіш тек Сан-Франциско қаласына қатысты емес. Себебі, аталмыш қалада өмір сүру құны өзге аймақтарға не қалаларға қарағанда қымбат. Берілетін шәкіртақының 1 000 АҚШ доллары пәтер жалдауға, қалғаны өзге шығындарға мөлшерленген.

Ал Лос-Анджелестегі орташа жалақы айына $4 000 құрайды. Шәкіртақы бұл көрсеткіштен екі есе аз болғанымен, шығындарыңызды дұрыс жоспарласаңыз, жетуі тиіс. Әрине, отбасыңызбен келсеңіз, шәкіртақы жетпейтіні анық. Мен бір студентке кететін шығынды ескеріп айтып отырмын. Мұнда пәтер жалдау құны салыстырмалы түрде қымбат әрі жұмысы көп. "Болашақ" шәкіртақысымен өзіңізге жеке пәтер жалдай алмайсыз. Сосын пәтер бір жылға беріледі. Ал менің оқуым 9,5 айға жоспарланғандықтан, мен бір жылға жалға алған кісіден бөлмеден орын жалдауыма тұра келді. Сонымен, мен тағы үш "Болашақ" студентімен бірге екі бөлмелі пәтерге 3 200 АҚШ долларын төлейміз, яғни әрқайсымызға 800 АҚШ долларынан шығады.

Менің оқуым жуырда бітіп, елге қайтамын. Бірақ 2 жыл оқуға келгендерге қиындау болады. Себебі, "Болашақ" бағдарламасы студенттеріне жазғы демалыс уақытында шәкіртақы төленбейді. Демек бір жылға пәтер жалдаған студенттер жаздағы пәтер ақысын өздері төлеуі тиіс. Сондай-ақ, егер оқудың бірінші және соңғы айларындағы оқу күндері 30-дан аз болса, осы екі айдың біріне ғана шәкіртақы беріледі. Менің жағдайымда, "Болашақ" есебі бойынша мамыр айында шәкіртақы алмаймын. Себебі оқуым 16 мамырда бітеді. Десе де, пәтер ақысын бір айға алдын ала төлеуім керек.

Бір қызығы, "Болашақ" сынды бағдарламалармен өзге елдердің азаматтары да АҚШ-та оқиды. Мысалы, Сауд Арабиясы және Біріккен Араб Әмірлігі сынды елдерден келетін студенттерге толық оқу жылына, жазғы демалыстармен бірге шәкіртақы төленеді екен. Сосын оларда студенттің отбасы болған жағдайда, қосымша қаражат та қарастырылған.


Оңтүстік Калифорния университетінің территориясы / Фото archinect.com сайтынан алынды

Бастапқыда университет жатақханасынан орын алуды ойлағанмын. Бірақ бір санузелі бар екі бөлмеде 4 студент ар қайсысы 800 АҚШ долларына төлейді екен. Біздің жалдап отырған пәтер ақысымен тең. Сосын университет қалашығы салыстырмалы түрде қауіпті аудан болып саналады. Студенттер университет қалашығын әзілдеп "Гетто" деп атайды. Бізге күн сайын электронды поштамызға түрлі қылмыстық оқиғалардың болғаны жайлы ақпарат келеді. Сондықтан алыс болса да, қауіпсіз ауданда тұрған жөн деп шештім. Әрине, арзандау пәтерлер табуға болады. Бірақ олар әдетте 1920 жылдары салынған өте ескі болып келеді.

Университет қоғамдық транспортқа жеңілдетілген жол картасын береді. Оған семестрге 112 АҚШ долларын төлеймін. Таңғы және кешкі асты әдетте үйде ішуге тырысамын. Үлгермеген жағдайда университет асханаларында ішемін. Себебі онда бір асқа шамамен $15 кетеді. Бұл Лос-Анджелестегі ең қолжетімді тамақ бағасы деуге болады. Одан бөлек, жоспарда жоқ шығындар көп. Мысалы, пәтер иесі әдетте депозит сұрайды. Әдетте, пәтерді жалға алу үшін сіз бірінші және соңғы айдық ақысын және қосымша депозит төлейсіз. Депозит көлемі әдетте пәтердің бір ай құнынан аспайды. Сосын оны көшіп кеткеніңізде толық қайтарып алу қиын. Содан кейін, АҚШ-та пәтерлер жалға толықтай бос күйде беріледі. Сол себепті де матрастан бастап қасыққа дейін өзіңізге қажет жабдықтарды сатып алуыңыз керек. Тек бір шәкіртақыға өмір сүретін студентке осындай шығындар ауырлық етеді.

Әлемнің үздік университеттерінде білім алуға мүмкіндік жасап жатқан Қазақстан үкіметіне, "Болашақ" әкімшілігіне алғысым шексіз. Мен осы мамыр айында оқуды тәмамдап, елге қайтамын. Десе де, "Болашақ" жетекшілері кейінгі келетін студенттерге әр аймақтың орташа табысын ескере отырып, шәкіртақы көлемін қайта қарастырса екен деймін.

Оқи отырыңыз: "Болашақ" бағдарламасына қалай түстім? Үміткерге арналған нұсқаулық

Хамит Батыр (аты-жөні респонденттің қалауымен өзгертілді), Мичиган штаты университеті, Ист-Лансинг, Мичиган штаты

Білім беру колледжі (PhD)

– "Болашақ" бағдарламасы әкімшілігі Мичиган штаты бойынша 1600 АҚШ доллары көлемінде шәкіртақы бекітілген. Бұл шәкіртақы көлемі барлық шығындарымды жаппайды. Докторантурамен 5 жылға оқуға келген соң, өз отбасымды Қазақстанда қалдыра алмадым. Мұнда пәтердің өзіне 1000 АҚШ долларын төлейміз. Ал қалғанын азық-түлік пен балаларыма қажет заттарды алуға тырысып жатырмыз.

Одан бөлек, қолайлылық үшін келген бойда көлік алғанмын. Себебі отбасымен өмір сүру үшін мұнда көліксіз қиындау. Себебі балаларды мектепке және бала-бақшаға апарып, алып қайту мен дүкеннен азық-түлік сатып алуға да көлікпен барамыз.


Мичиган штаты университетінің негізгі кітапханасы / Фото cal.msu.edu сайтынан алынды

Көліктің де сақтандырудан бастап май ауыстыруына шейін ай сайын кететін шығындары бар. Сосын азық-түліктің өзіне айына 1000 АҚШ долларына жуық кетіп қалады. Бірақ біз түрлі әлеуметтік ұйымдарға жазылып, 300 АҚШ долларындай үнемдейміз. Мысалы, студенттерге апта сайын белгілі мөлшерде тегін азық-түлік пен жеміс не көкөністер таратады. Жергілікті шіркеулерде де айына бір рет аз қамтамасыз етілген отбасыларына арналған осындай бағдарламалар бар.

Одан бөлек, үйдегі интернетке айына $45, ал байланыс қызметіне әр қайсымыз 22 АҚШ долларынан төлейміз. Сосын "Болашақ" бағдарламасы тек маған медициналық сақтандыру ақысын төлейді. Сол үшін де отбасым мүшелері жергілікті тұрғындарға арналған қоғамдық сақтандыру қызметіне жазылды. Аталмыш қызмет шығындардың 90 пайызын жабады, яғни сіз әр дәрігер қабылдауына кем дегенде $10-15 төлеп отырасыз. Бұл да айына 100 АҚШ долларынан асып кетеді.

Жоспарда жоқ шығындар да болып тұрады. Өткен семестрде белгісіз біреулер көлігімнің бір қосалқы бөлшегін ұрлап кетті. Оған қосымша 600 АҚШ долларын төлеуіме тұра келді.

Оқи отырыңыз: ҚБТУ, MIT, сосын NYU. АҚШ-тың үздік университеттерінде оқып, алып компанияға қалай жұмысқа тұруға болады?

Қуат Сиксимбаев, 26 жас, Дьюк университеті, Дарем, Солтүстік Каролина штаты

Заң (магистратура)

– "Болашақ" бағдарламасымен маған берілетін шәкіртақы көлемі – $1500. Меніңше, бұл осы университет қалашығы және жалпы осы Солтүстік Каролина штатына жеткілікті. Мұнда менің отбасым немесе маған тәуелді ешкім болмағандықтан, шәкіртақы менің ай сайынғы шығындарымды жабады. Мысалы, пәтер жалдау аса қиын шаруа емес және қоғамдық көлік университет студенттері үшін тегін. Мен "Болашақ" бағдарламасымен келген студентпен бірге екі бөлмелі пәтер (қазақстандық есеп бойынша 3 бөлмелі пәтер – ред.) жалдаймыз және айына әр қайсымыз 450 АҚШ долларына төлейміз.

Сосын біз тұратын пәтер мен оқитын ғимараттан 14 минуттық жаяу жүретін қашықтықта орналасқан. Бұл пәтердің орта бағасы емес, бұдан жаңа әрі қымбатырақ пәтерлер бар. Бірақ олар, әдетте, студенттер қалашығынан алыста орналасқан. Айтқандай, өзіміз тұратын үйді бір жылға сақтандыруға 240 АҚШ долларын төледім.


Дьюк АҚШ-тың шығыс бөлігіндегі ең көне университеттердің бірі / Фото duke.edu сайтынан алынды

Оқуға келмес бұрын, мен оқитын қала жайлы көбірек зерттей отырып өзіме көлік сатып алуды жөн көрдім. Себебі Дарем сияқты қалаларда көліксіз өмір сүру қолайсыздау. Жалпы АҚШ-тың алып қалаларынан бөлек барлық таундарында адамдар жеке көлікке әбден үйренген. Сондықтан менде пәтер ақысы мен азық-түліктен бөлек көлікті сақтандыруға, оның қызметін жасауға және жанармайға да кетеді. Кейде жоспарланбаған шығындар болып жатады. Мысалы, мен көлік тұрақтарына кейде айыппұл төлеуіме тұра келеді.

Бірінші семестр кезінде біршама ақша үнемдеп, Чикаго, Нью-Йорк, Детройт сынды қалаларды көріп қайттым. Ал қысқы демалыста Майамиге бардым.

Оқи отырыңыз: "Математика емес, Логика басым": америкалық мектептердің артықшылығы не?

Айдос Еламан (аты-жөні респонденттің қалауымен өзгертілді), Колумбия Университеті, Нью-Йорк, Нью-Йорк штаты

Оқытушылар колледжі (магистратура)

– Колумбия университеті Нью-Йорктың Манхэттен округінің солтүстік-батыс бөлігінде орналасқан. Ал мен пәтерді Бруклинде жалдап отырмын. Оқуға метромен жетудің өзіне 2 сағат уақытым кетеді. Сонда күніне 4 сағат жолға жұмсаймын. Әрине, бұл оқу процесіне кедергі келтіреді. Бірақ Манхэттенде отбасыңызбен тұру үшін қомақты қаржы кететіндіктен, Бруклинге орналастық. Мұнда да пәтер жалдау арзан емес. Мысалы, мен Бруклиннің Бенсонхерст ауданында бір бөлмелі (қазақстандық есептеу бойынша, екі бөлмелі – ред.) пәтерге коммуналдық қызметін қоса есептегенде айына 2000 АҚШ доллары кетеді. Сосын оны жалдау үшін де брокер қызметіне дәл сол бір айлық пәтер ақысын беруге тұра келді. Одан бөлек, менде несие тарихы мен тұрақты табысым, яғни АҚШ-та жұмысым болмағандықтан пәтердің 6 ай ақысын бірден төлеуге міндеттелдім.

Басында өзім ғана келіп оқуды жоспарладым. Сосын балаларыма болашағына да инвестиция салуды, яғни олардың америкалық мектепте оқып, тілдерін машықтауын, білім алуын жөн деп шештік. Шығын көп болса да, отбасымызбен келдік. Үлкен ұлым Бруклиндегі Джеймс Мэдисон атындағы жоғарғы мектепте 9 сыныпта, екінші ұлым Сет Лоу (Seth Low) атындағы орта мектепте 8 сыныпта, ал кенже қызым Дарынды Ғалымдар Академиясы (Academy of Talented Scholars – ред.) деп аталатын бастауыш мектебінде 3 сыныпта оқып жатыр. Оларды мектепке орналастыру қиын болған жоқ және артық шығын да жұмсаған жоқпыз. Бірақ мектеп киімі мен қосымша жабдықтарын сатып алдық.

Өзге де күнделікті шығындарды саналы түрді үнемдеуге тырысамыз. Мысалы, ай сайынғы метро картама 128 АҚШ доллары кетсе, азық-түлікке орта есеппен $500 жұмсаймыз. Өзіміз қазақтың дәстүрлі отбасынан шыққандықтан, жұбайым тамақты да, нанды да үйде пісіреді.


Колумбия университеті студенттер қалашығының орталық алаңы / Фото gs.columbia.edu сайтынан алынды

Медициналық сақтандыруды маған "Болашақ" бағдарламасы төлейді. Ал отбасым мен балаларыма Нью-Йорк штатының резиденттеріне арналған Fidelis Care бағдарламасы бойынша сақтандыру полисін тегін алдық. Бұл АҚШ-тың табысы төмен немесе мүлде жұмыссыз азаматтарына немесе резиденттеріне арналған әлеуметтік бағдарлама. Біз де осы қаланың уақытша резиденті болғандықтан, қызметін тегін қолдануға мүмкіндік алып отырмыз.

"Болашақ" неге студенттің отбасына қаржылай қолдау білдірмейді деген сұрақ туындайтыны анық. Меніңше, біздің бағдарламаны құрылымы ағылшындардың Чивнинг (Chevening – ред.) және америкалықтардың Фулбрайт (Fulbright – ред.) бағдарламаларына қарап жасалған. Себебі аталған шетелдік бағдарламаларда да студенттің отбасына қатысты қаржы қарастырылмаған. Сондықтан, бізді салық төлеушілердің есебінен шетелге жіберіп, оқытып жатқанына Қазақстан халқына алғысым шексіз. Десе де, белгілі бір университеттер үшін шәкіртақы көлемін пәтер жалдау құнына қатысты қайта қарастырса, жөн болар еді.

Мысалы, Колумбия университетінде оқитын студент сол ауданда тұрса, ол бірнеше сағатын метрода емес, кітапхана өткізер еді. Сәйкесінше, көбірек білім алар еді. Ал Колумбия университеті ауданында өмір сүру салыстырмалы түрде қымбат екені анық. Сондықтан, меніңше, жекелеген университеттердің орналасу аудандарына қатысты шәкіртақы ең болмағанда сол ауданда пәтер жалдауға жетсе, студент үшін әлдеқайда тиімді болар еді. Ал енді басқа шығындарыңызды қалай жауып жатырсыз деген сұрақ туындайтыны анық. Мен "Болашақ" бағдарламасына дайындалуды бастағаннан бері, жұбайыммен бірге ақша үнемдеп, капитал жинауды бастадық. Қазір сол капиталды қажетімізге жұмсап жатырмыз.

Бір студент үшін Нью-Йоркта тұрып, оқуға $2 000 жете ме деп сұрасаңыз, мен жетпейді дер едім. Кем дегенде, 500 АҚШ долларына көбірек болуы тиіс. Себебі, бұл қалада өмір сүру деңгейі мен пәтер жалдаудан бастап басқа да шығындарды максимум үнемдегеннің өзінде жоғарыдағы сомада асып кетеді. Біз осы Колумбия университетіндегі студенттермен шәкіртақы көлемін көп талқыладық. Тіпті, "Болашақ" әкімшілігіне ашық хат жазуды да ойластырдық. Енді медиа арқылы айтқанымыз оларға месседжді жеткізер деген үміттеміз.

Оқи отырыңыз: "Болашақ" стипендиясының талаптары тағы да күшейді. Үміткерлер нені білуі тиіс?

Осы әрі өзге де деректерді ескере отырып, "Халықаралық бағдарламалар орталығына" сұрақтарымызды жолдадық.

Ресми жауапқа орай, АҚШ-та оқитын студенттерге берілетін шәкіртақы соңғы рет 2012 жылы қайта қаралып, өзгертілген. Шәкіртақы мөлшері АҚШ долларымен мөлшерленген. Бірақ ол теңгемен беріледі және төленетін күнгі Ұлттық Банк бекіткен бағаммен есептеледі.

Сондай-ақ, бағдарлама жеке басқа қатысты болғандықтан, шәкіртақы тек студенттің өз шығындарына мөлшерленген екен. Егер отбасыңызбен баруды ұйғарсаңыз, ол шығындар қамтылмайды.

"Айта кету керек, стипендиаттар шәкіртақысының жеткіліксіздігі туралы өтініштер жүйелік сипатқа ие емес және ол негізінен оқу кезеңіндегі отбасын (жұбайын, балаларын) асырауға, сондай-ақ Қазақстандағы несиелік міндеттемелерін орындауға байланысты" деп жазылды ресми жауап хатында.

Сонымен қатар, ресми жауапқа орай, "Болашақ" студенттеріне жыл сайын республикалық бюджеттен 16 миллиард теңге жұмсалады екен.

"Бір жылдық үй жалдау құны шамамен 350-ден 600-ге дейін (айлық мөлшер бойынша – ред.) АҚШ долларын құрайды. Ай сайынғы жалдау құны болса 600-800 АҚШ долларына тең. Үй жалдау кезінде Land lord немесе агенттік стипендиатпен келісімшарт жасасады. Демалыс уақытында (жазғы) стипендиаттар пәтерлерін өзге де стипендиаттарға өткізуіне болады" деп жазылды ресми жауап хатында.

Десе де, студенттер пәтер ақысы бұл көрсеткіштен әлдеқайда жоғары екенін айтады. Сосын депозит немесе агент ақысы ескерілмеген. Ал жазғы уақытта пәтерді басқа стипендиаттарға жалға беру мәселесі тіпті қиын. Себебі, жазда университеттер демалысқа кетеді. Сәйкесінше, пәтерді жалға іздейтін адамдар да болмайды екен.

Жоғарыда өз ойын білдірген Айдын есімді отандасымыздың Корнелл университетіне қатысты мәселесіне сұрастырдық. "Болашақ" әкімшілігінен Корнелл университеті орналасқан қала үшін төленетін шәкіртақы жеткілікті деген жауап алдық. Бұл сол университеттің өз студенттеріне қойылатын талабы ескерілмейтінін білдіріп тұр.