Тікелей эфир

"Болашақ" бағдарламасына қалай түстім? Үміткерге арналған нұсқаулық

Сурет кейіпкердің жеке қорынан алынды
Сурет кейіпкердің жеке қорынан алынды
"Болашақ" бағдарламасының биылғы жылғы алғашқы иегерлері белгілі болды. 134 қазақстандыққа стипендия тағайындалды.

Бұл туралы ҚР Мемлекеттік хатшысы Марат Тәжиннің төрағалығымен өткен шетелде кадр даярлау жөніндегі республикалық комиссия отырысында белгілі болды. Шәкіртақы иегерлері магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша шет елдердегі үздік жоғары оқу орындарында білім алуға, сондай-ақ әлемнің жетекші ғылыми және өндірістік орталықтарында тағылымдамадан өтуге мүмкіндік алды.

1993 жылдан бері 13 мыңнан астам жас маман "Болашақ" бағдарламасының стипендиаты атанды.

Құжат қабылдау 31 тамызға дейін жалғасады

Естеріңізге сала кетейік, биыл Халықаралық бағдарламалар орталығы "Болашақ" бағдарламасы шеңберінде 555 стипендия ұсынып отыр. 2019 жылдың 25 ақпанында басталған құжат қабылдау процесі 31 тамызға дейін жалғасады. Ал негізгі конкурс биылғы жылдың 6-шы наурызынан 29-шы қарашасына дейін өткізіледі.

Биыл бұл стипендия 69 мамандық бойынша тағайындалады. Сондықтан, шетелде білімін жетілдіріп, біліктілігін арттыруды көздеп жүрген кез келген азаматтың бұл мүмкіндікті пайдалануға әлі де уақыты бар.

Осы орайда, әрбір үміткерге пайдалы болар деген ниетпен шәкіртақы иегерлерінің тәжірибесіне сүйене отырып, "Болашақ" бағдарламасы бойынша оқуға түсу тәртібіне қатысты бірқатар кеңес ұсынуды жөн көрдік.

Алдымен санатыңызды анықтап алыңыз

"Болашақ" халықаралық стипендиясы аясында ҚР азаматтары магистратурада, резидентурада, докторантурада оқуға немесе тағылымдамадан өту бағдарламалары бойынша степендияға үміткер бола алады.


"Болашақ": биыл 155 мамандық қамтылды

"Болашақ": биыл 155 мамандық қамтылды / Сурет ашық дереккөзден алынды


"Болашақ" бағдарламасына:

  • Магистр дәрежесін алу үшін мемлекеттік қызметшілер;
  • Магистр дәрежесін алу үшін ғылыми немесе педагог қызметкерлер;
  • Магистр дәрежесін алу үшін мәдениет қызметкерлері, шығармашыл қызметкерлер;
  • Магистр дәрежесін алу үшін бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері;
  • Магистратураға өз бетімен түскендер құжат тапсыра алады.

Әр санаттың белгілі бір талаптармен сипатталатынын атап өту керек.

Құжаттарды онлайн тапсыруға болады

Құжаттарды еліміздің кез келген аймағындағы Халыққа қызмет көрсету орталықтары және egov.kz сайты арқылы онлайн тапсыруға болады. Жоғарыда аталған санаттардың талап-тәртібімен танысып, өзіңізге қажеттісін анықтап алғаннан кейін bolashak.gov.kz сайтының "Үміткерге" деген бөліміне өтіп, қажетті құжаттар тізімін ала аласыз.

Қажетті құжаттар тізімінде аса маңызды екі қағаз бар – "Ұсыным хат" және "Уәждемелік хат".

Алғашқысын үміткердің ("Жалпы конкурс" санаты бойынша тапсыратындарға бұл хатты толтыру қажет емес) жұмыс берушісі жазуы керек, ал кейінгісін үміткердің өзі жазады. Жұмыс беруші "Ұсыным хатта" талапкердің "Болашақ" бағдарламасының стипендиясына лайықты екенін айғақтайтын қарым-қабілетін, мінез-құлқын, қалтқысыз қызметін, қоғамдық жұмыстардағы белсенділігін жан-жақты жазып көрсеткені абзал.

"Уәждемелік хатты" қалай жазамыз?

Тиісті құжаттардың барлығын жинап, биылғы жылдың 31 тамызға дейін Халықаралық бағдарламалар орталығына жөнелттіңіз делік. ХБО үміткерді негізгі емтихандарға шақырмас бұрын "Уәждемелік хат" бойынша іріктейді. Бұл кезеңнен сүрінбей өту үшін не істеу керек? "Уәждемелік хаттың" мазмұны қандай болуы шарт? Бұл туралы жоғарыда аталған биылғы 134 степендиаттың бірі – Дархан Шалқабасов өз тәжірибесімен бөлісті.

"Уәждемелік хат" – үміткердің төлқұжаты. Оның құрылымы нақты, анық әрі түсінікті болуы тиіс" дейді шәкіртақы иегері.

Ғылыми және педагог қызметкерлер санаты бойынша магистр дәрежесін алуға ниетті жас мұғалім

– Бұл хатта қандай мамандық иесі екеніңнен бастап, осы күнге дейін немен айналысқаның, кәсіби салаңда жеткен жетістіктерің туралы егжей-тегжейлі баяндап жазған дұрыс. Бұдан өзге, неліктен шетелде білім алғың келетіні жайында және халықаралық білім алу арқылы еліміздің дамуына жас маман ретінде сүбелі үлес қосатының турасында да айқындап өтуің керек. "Болашақ" бағдарламасы – мемлекеттік грант болғандықтан, ХБО комиссиясы ұлтжанды, патриот, елінің ертеңіне алаңдайтын жалынды жастардың білім алуына мүмкіндік береді, – дейді.


"Болашақ" степендиаты, ұстаз Дархан Шалқыбасов оқушыларымен бірге

"Болашақ" стипендиаты, ұстаз Дархан Шалқыбасов оқушыларымен бірге / Сурет кейіпкердің жеке қорынан алынды


"Уәждемелік хатын" үздік жазып, алғашқы іріктеуден өткен үміткер "Болашақ" бағдарламасының төрт бірдей емтиханын тапсыруы тиіс.

Олар:

  • Шет тілінен тестілеу;
  • Мемлекеттік тілді білетінін анықтайтын емтихан;
  • Кешенді тестілеу: Қазақстан тарихы, Конститутция бойынша сұрақтар, Психологиялық тест, IQ тест;
  • Тәуелсіз сарапшылар комиссиясымен сұқбат.

АҚШ-тағы қазақ жастары
АҚШ-тағы қазақ жастары / Сурет кейіпкер Толғанайдың жеке қорынан алынды

Шет тілінен емтиханды алдын ала тапсырған абзал

Үміткер шет тілі немесе мемлекеттік тіл бойынша емтихан тапсырғаны туралы арнайы ұсынбаған жағдайда, ХБО-ның тілдік тестілеуіне жіберіледі.

Шет тілі бойынша алдын ала халықаралық тестілеумен айналысатын арнайы мекемелердің емтиханын тапсырып, ХБО-ға дайын сертификат (IELTS: 9.0-ден 5.5, TOEFL: ITP/PBT 677-ден 457, IBT: 120-дан 46) ұсыну әлдеқайда ұтымды шешім екенін алға тартады "Болашақ" иегерлері.

– Өйткені тиісті ұпайды жинай алмаған жағдайда, арнайы орталықтарда қайта дайындалып тапсыруға мүмкіндік бар. Ал "Болашақ" бағдарламасының тілдік емтиханынан өтпей қалсаң, келесі жылға қаласың. Қазақ тілін жетік білетін үміткерлерге Қазтесті алдын ала тапсырмаса да болады, ал орыстілділер бұл емтиханнан тиісті балл алуға ертерек қамданғаны абзал, – дейді "Болашақ" степендиаты Ақбота Исләмбек.

Қазақ тілінен өтетін тестке 3 сағат беріледі. Осы уақытта 150 сұрақтың кем дегенде 85 дұрыс жауап беруіңіз қажет. Бұл сынаққа алдын ала дайындалуға болады.

Психологиялық тестен тапсырушылардың 99 пайызы өтеді. Шамамен 478 сұрақтың 350-і Амтхауэр тесті (неміс психологы Рудольф Амтхауэрдің адамның интеллект коэффицентін анықтау мақсатында құрастырған тест жүйесі) бойынша келеді, қалғаны қарапайым психологиялық сұрақтар, оған "иә" немесе "жоқ" деп жауап беруіңіз керек. Интернетте көптеген пайдалы сілтеме бар. Сол бойынша 3-4 рет тапсырып көрсеңіз, емтихан кезінде мүлде қиналмайсың. Тек есеп шығару кезінде калькулятор пайдалануға, кітапшаға жазуға болмайды.

Қазақстан тарихы, Конституция бойынша сұрақтар, психологиялық және IQ тестен тұратын кешенді емтиханның форматы Ұлттық бірыңғай тестілеуге ұқсайды, жауап нұсқалары ұсынылған сауалдар. Бұлардың әрқайсысы бойынша шектік межеден асу жеткілікті.


"Оқу - инемен құдық қазғандай"

"Оқу – инемен құдық қазғандай" / Сурет Дархан Шалқыбасовтың жеке қорынан алынды


ЖОО таңдадыңыз ба?

Ең соңғы әрі шешуші кезең – тәуелсіз сарапшылар комиссиясымен өтетін сұқбат. Шәкіртақы иегерлері бұл сатыда үміткерге кез келген тақырып бойынша және қазақ, орыс, ағылшын тілдерін сан түрлі сұрақ қойылатынын айтады, сондықтан ең күрделі кезең болып саналады.

Оңтүстік Калифорния университетінің Журналистика және коммуникация мектебінде білім алып жатқан "Болашақ" стипендиаты Толғанай Байысбекова қорытынды кезеңге үлкен дайындықпен келуге кеңес береді.

"Құрметті ізденімпаз, бірінші кезекте міндетің анық, мақсатың айқын болуы шарт".

– Сарапшылар комиссиясының алдына бармас бұрын қай елге баратыныңды, қандай университет таңдайтыныңды алдын ала біліп алғаның абзал. bolashak.gov.kz сайтынан ЖОО тізімдерін қарап, сенің мамандығың бойынша оқытатын бірқатар университетті зерттеп алуың керек. Шетелдегі ЖОО-ның оқуға қабылдау талаптары қандай екенін және оған қаншалық дайын екеніңді сұрайды. Шет мемлекетте қандай зерттеумен айналысуды жоспарлап жүргенің туралы да сұрақтар қойылады. Сондықтан стратегиялық жоспарың болғаны дұрыс десем, артық айтпаймын – дейді стратегиялық PR бойынша білім алып жатқан жас маман.

Мемлекеттік бағдарламалар туралы не білесіз?

Қорытынды кезеңде сарапшылар тобы көп жағдайда үміткерден елімізде соңғы уақытта қабылданған мемлекеттік бағдарламаларға қатысты сауал қояды. "Болашақ" иегері әрі журналист Ақбота Исләмбек халықтың әл-ауқатын экономикалық, әлеуметтік, рухани-мәдени тұрғыда дамуына бағытталған бастамалармен алдын ала танысып алуға кеңес береді.

– Сарапшылар "Бүгінгі журналистиканы жетілдіруге қатысты қандай мемлекеттік бастамалар көтерілді, нендей бағдарламалар қабылданды?" деген сұрақ қойды. Бұл орайда журналистік жұмысымның пайдасы болды, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамаларын талай мақаламызда тілге тиек еткеніміздің септігі тиді. Басқа мамандық иелері өз саласына қатысты мемлекеттік құжаттармен танысып алғаны абзал, – дейді Ақбота.


"Болашақ" түлектері
"Болашақ" түлектері / Сурет кейіпкер Толғанайдың жеке қорынан алынды

Салалық проблема турасында айтарыңыз бар ма?

"Болашақ" бағдарламасының тағы бір стипендиаты, геолог Нұрғали Шадиев қорытынды кезеңде үміткердің мамандығына және саладағы қордаланған проблемаларға қатысты көптеген сауалдар қойылатын айтады. Сондықтан, өз кәсібіңді жетік меңгерген болуың керек.

– Маған еліміздегі белді де беделді геологтары туралы сауалдан бастап, геология саласының бүгіні мен болашағы, аталмыш саланың күнтәртібінде тұрған түйткілді мәселелер турасында және тағы басқа сұрақтар қойылды. Тіпті, өзім атап берген "проблемаларды шешу үшін не істей аласың?" деп сұрады. Геология саласындағы ұрпақ сабақтастығының үзіліп бара жатқандығы, аға буынның саусақпен санарлық өкілдерінің қалғандығы жөнінде біршама дерек келтіріп отырып, жауап бердім әрі бұл түйткілдің түйінін тарқату үшін жас геологтардың білімін жетілдіру керектігін алға тарттым. Сол себепті үміткер өз саласындағы проблемалармен етене таныс болуы тиіс деп есептеймін, – дейді жас маман.

Сонымен қорытынды кезеңнен сүрінбей өту үшін:

  • Конституцияны толық жаттап алу қажет;
  • Мамандығыңыз жайлы және ондағы қордаланған мәселелер турасынан хабардар болуыңыз шарт;
  • Қазақстан тарихын толық қайталап шығыңыз.
  • Мемлекеттік бастамалар мен бағдарламалар туралы біле жүріңіз.
  • Жеке қабілетіңізге де қарайды. Өзіңізді ұстауыңыз, сұрақтарды түсініп жауап бергеніңіздің, психологиялық ұстамдылығыңыздың маңызы ерекше. Мұқият болыңыз әрі сенімді жауап беріңіз.

Сұқбат 10 минуттан аспайды. Осы аталған кезеңдерден сәтті өтсеңіз, "Болашақ" стипендиясының иегері атанасыз. Іске сәт!

Серіктестер жаңалықтары