Ақшаны қалай үнемдеу керек және қандай жағдайда үнемдеудің қажеті жоқ? Жеке тәжірибе
Жақсы жұмысқа тұрып немесе лауазымың көтерілгенде өзіңе көлік сатып аламын, болмаса саяхаттаймын деп қуанасыз. Алайда, ақша бәрібір жетпейді. Ойға алған жоспарларың түгіл, күнкөрісіңе қаражат тапшы болып қалады. Неге бұлай, төмендегі материалда толығырақ зерттеп көрейік.
Неден бастау керек: деректерді жинап, зерделейміз
Қаржыны басқару бойынша кеңестер тіптен көп. Сондықтан біреудің (соның ішінде менің де) кеңестеріне жүгінбес бұрын ақпараттарды жинап, жүйелеңіз, өзіңіздің мүмкіндіктеріңіз бен мақсаттарыңызды болжаңыз. Бұл қандай кеңестер? Қандай әдіс-тәсілдерді қолданып көруге болатынын, қайсысына мүлдем уақыт жойып керек емес екеніне көз жеткізеді.
Оқи отырыңыз: Бала бухгалтериясы: Ақша санауды балаға қай жастан үйрету керек?
Үнемдеудің не керегі бар?
"Маған неге үнемдеу керек?" деген сауалға жауап беріп көріңіз. Біріншіден, егер сіздің айқын мақсатыңыз болса, керексіз шығындардан бас тарту оңай. Екіншіден, үнемдеуден де кейде бас тартып, болашақта кірісті көбейту үшін қазір көбірек шығындану немесе көп шығыннан құтылу секілді мақсаттардың бірін таңдауға көмектеседі.
Оқи отырыңыз: Үнемді саяхат: ақылмен жұмсаса, аз ақшаға да көп елді аралап қайтуға болады
Ақшаны қайда жұмсайсыз?
Не үшін, қанша ақша жаратқаныңызды есептейсіз бе? Өзім ұсақ-түйек заттарға ақша көп жұмсағандықтан, ақшаның қайда кеткенін де білмей қалатынмын: мына жерден кофе, ана жерден ерін далабын, одан соң мойынға тағатын әдемі орамал сатып ала саламын. Тұрмыстық шығындар да осындай.
№1 кеңес. Барлық кірістер мен шығындарды есептеуге үйрену керек.
Мен бұл үшін бірнеше қосымшаны ("Копилка", "Дзен-мани", Monefy и "Бюджет"), тіпті электронды кестені пайдаланып көрдім. Қосымшалар ұнады: шығындарды телефонға жазып отыру оңай, кірістер мен шығындар бөлігі бөлек-бөлек жазылады, жалпы отбасылық бюджет туралы есеп жүргізгенге өте қолайлы.
Оқи отырыңыз: Банкирлер неден шошынды? Ақпан айынан бастап оларды не күтеді?
Шығындарды жазғанда, қайсысын алмауға болатын еді, қайсысын міндетті түрде алу керектігін салмақтауға болады. Мысалы жұмыстан қайтқанда бір стақан кофе аласыз. Классикалық капучино әр кофейнде 500 теңгеден 1200 теңгеге дейін тұрады. 20 жұмыс күніне кофеге 10 мыңнан 24 мыңға дейін ақша жұмсайсыз. Және тек кофе үшін осындай ақша кетеді! Мұндай аса мән бермейтін ұсақ-түйек шығындар қаншама?
Шығындарды жазып, талдап жүру болашақтағы шығындарды жоспарлап, ағымдағыларды қайта қарауға мүмкіндік береді.
Қалай дұрыс үнемдеу керек?
Қаржыны дұрыс басқару – бұл жаппай бәрінен үнемдеп, қажетті заттарға ғана жұмсау емес. Бәріне бірден тыйым салып, өзіңізге шектеу қоюға да болмайды. Басты міндет ойын-сауыққа да, басқа да маңызды мақсаттарға да қаражатты жеткілікті етіп ұстай білу. Бұл үшін көп шығынданбаудың жолдарын іздеп, үнемдеуді үйрену керек.
Оқи отырыңыз: Әуе билетінің бағасы неге жиі құбылады? Ұшақ жолаушылары тағы нені білуі тиіс?
Сатып алуларды жоспарлау, ең қажеттілеріне басымдық беру
Сатып алынатын заттардың ең қажеттісін анықтаңыз. Бұл ең қажетті заттарға ақшаңызды дұрыс бөлуге көмектеседі. Дүкенге дайын тізіммен барыңыз, бұл ретте олардың бағаларына қарап, кейбірін науқандармен сатып алуға тырысыңыз.
Бір қаптамаға салынған үш сусынның біреуін тегін алатын немесе екі свитердің бағасымен үш свитер алу сынды тиімді ұсыныстар болады. Алайда, көбіне бұл заттарды сатып алу біздің жоспарымызда мүлдем болмайды, шындығында олар бізге мүлдем керек емес, жоспарланған бюджетке кірмеуі де сондықтан, ал сапасы төмен болғандықтан олар науқанмен сатылып жатыр. Бұл ретте жарамдылық мерзімі бітуге қалған азық түліктердің де қажеті шамалы.
Оқи отырыңыз: YouTube арқылы қайтіп ақша табуға болады? Желідегі қазақша контенттер сын көтере ме?
Тізім бойынша жүреміз
Супермаркетке аш барсаң, қоларбаға бейсаналы түрде көп азық түлік саласың. Күйеуіміз екеуміз оны тауыса алмай әлек боламыз, азық түліктердің жарамдылық мерзімі де біте бастайды.
№2 кеңес. Қажет заттарды ғана сатып алыңыз.
Бір апта бұрын азық түлікті сатып алып қойғанда да осылай болған: тек демалыс күндері бара алатын дүкеннен арзан тамақ алып, үнемдегім келді. Арзан және көп тағам алған жақсы. Алайда жартысы бұзылды. Бұлай үнемдеудің пайдасы жоқ.
Бұдан былай азық түлікке аптасына 2-3 рет барып, бәрін балғын күйінде сатып алатын болдым, мұздатқышта бұзылмай сақталады да.
Мақаланың орысша нұсқасын оқи отырыңыз: Как экономить деньги и как понять, когда этого делать не нужно? Личный опыт
Әсерленіп сатып алулардан алшақ боламыз
Кейде өзімізді жақсы сезіну үшін бостан бос ақша жұмсаймыз. Бірнәрсені көре салып, сатып алғың келеді. Егер ол зат қымбат болса немесе жоспарланған бюджетіңізге кірмесе, оның шынымен қажет екеніне көз жеткізіңіз.
Бұл үшін менің екі әдісім бар:
- Бұл затты қалай пайдаланатыным туралы елестету. Сонымен қатар мына сұрақтарға жауап беру: "Бұл шынымен маған керек пе? Ертең де керек бола ма?", "Өзімде бар затпен орнын алмастыруға бола ма?", "Қаншалықты жиі қолданатын боламын?", "Қандай пайдасы бар: қуаныш сыйлайды, көп ақша табуыма көмектеседі, өмірімді жайландыра түсе ме?"
- Сатып алуды кейінге қалдыру. Үйге барып тамақ ішіп, демалып, келесі күні "Сол зат маған керек пе?" деп ойланып көру.
Неден үнемдеуге болатынын талдайық
Кейін зардабы тимейтін нәрселерден үнемдеу керек, менің тізімім:
- Үйдегі ұсақ-түйек жұмыстар. Жеңіл жұмыстарды істеп үйреніп, өзің жасасаң болады: кранның шүмегін ауыстыру, қабырғаны бояу, жөндеу кезінде түсқағаздарды жапсыру, ноутбукте жүйені орнату, модемді күйіне келтіру. Мәселен, ноутбукты тексеріп, тазалау, термопастасын ауыстыру үшін қызмет көрсету орталықтары 3 мың теңгеден жоғары ақша сұрайды. Бұларды өзіңіз істеп үйреніп, жасауға болады: нәтижесінде 300-500 теңгелік термопаста сатып алуға ғана шығындаласыз.
- Брендтік заттар. Бренд үшін жоғары баға люкс сегментіндегі тауарларда ғана емес, масс-маркеттерде де бар. Бұл жерде уақыт кетіріп, біраз зерттеуге болады, әр түрлі тауарларды салыстыру да керек. Мен тура Samsung сияқты қызмет көрсететін қытайлық брендтегі смартфонды екі есе арзан бағаға сатып алдым. Телефонның сапасынан да еш айырмашылық жоқ.
- Өзіңізбен бірге тамақ алу. Жұмысқа түскі асыңызды апарып, асханалар мен кафелерден тамақтанбауға болады. Жақсы тамақтану орындарында бағалар өз құнынан екі есеге қымбат. Азық түліктен қатты үнемдеуге кеңес бермеймін, әсіресе асқазан-ішек жолдарының ауруы болса. Біріншіден, денсаулыққа обал, екіншіден ауру асқынса жұмыс істей де алмайсыз, дәрі-дәрмекке екі есе көп шығынданасыз.
4. Қызметтер мен жазылулар. Бұл жерде бәрін салыстырып, шарттарын қарауға тура келеді. Байланыс операторларында жаңа науқандар болып тұрады, ал қызмет көрсету орындарында арнайы ұсыныстар, жеңілдіктер мен промокодтар жиі ұйымдастырылады.
№3 кеңес. Өзіңізге керек нәрсені арзанынан алуға бола ма, жоқ па, сұраудан қымсынбаңыз.
5. Жеңілдіктер мен бонустар. Банк карточкасын кэшбегімен таңдаңыз, дүкендерде жеңілдік карталарын аштырыңыз. Кэшбек банк картасының және байланыс операторының қызмет көрсету ақысын жабады, ал бонустық карталар бюджетте жоқ тәтті бірнәрселерді сатып алуға мүмкіндік береді. Мен кез келген затты арзанырақ алуға бола ма, жоқ па деп сұраудан еш ұялмаймын: біліктілікті арттыру бойынша онлайн курсты сатып алғанда жеңілдік сұрадым, маған 20% промокод жіберді.
Болашақ туралы ойланамыз, күтпеген жағдайлардан сақ боламыз
Кейбір проблемаларды ескеріп, қауіп– қатерлердің алдын алуға жұмыстанамыз. Қалайша?
- Қаржылық тіректі құру. Әр түскен ақшаның 10% жоққа санап, депозитке салып отырыңыз немесе басқа валютаға ауыстырып тастаңыз. Бұл күтпеген жағдайда болатын ауырып қалу, тіпті жұмыстан шығу секілді келеңсіз кездерде сіздің қауіпсіздігіңізді қамтамасыз ету үшін сақталсын. Ең болмағанда 3-6 айға тарықпай күнелте алатын сомаңызды жинап қойыңыз.
2. Саулығыңызды күтіңіз. Асқынған ауруды емдеу қиын және көп қаржыны талап етуі мүмкін: тек қана қымбат дәрілер алып, тексерістен өтіп, ота жасау ғана емес, қалпыңызға келіп, жұмыс істей алғанша көп уақыт керек болады. Мұндай жағдай болмауы үшін барыңызды салыңыз: алдын ала тіс дәрігері, уролог, гинеколог сықылды мамандардан уақытында тексерістен өтіңіз, дұрыс тамақтанып, демалыңыз, спортпен шұғылданыңыз. Бұл үшін көп қаржының керегі жоқ. Медициналық тексерістерден өту тегін, ал өзіңіздің қалпыңызды сақтау үшін көбірек жаяу жүріп, спорт алаңдарында жаттығуға болады.
3. Несиелер мен бөліп төлеулерден бас тарту. Пәтер секілді ірі сатып алуларды несиесіз алу мүмкін емес. Алайда, соңғы кездері тауарларды кепілдіксіз несиеге беру, кредиттік карталар, бөліп төлеулер сияқты ұсыныстар толып кетті. Олардан бас тартқан абзал, азғантай болса да қаржылық міндеттілік қалтаға күш түсіреді. Бірде маған телефонды бөліп төлеп алу керек болды. Аяқ астынан жол жүруім керек болды да, қаражат қажеттілігі туындады, ал қолымдағы телефон жанып кетті. Бұл саяхатымда мен көп қаражат жұмсадым, ал келгеннен кейін мерзімін өткізіп алмау үшін өсімақысыз төлемді уақытында жабу үшін ақша табу керек болды.
Неден үнемдеудің қажеті жоқ
Мен болашақта зияны тимейтін заттардан, сондай-ақ өмірімді жақсарта алатын мүмкіндіктерден ақша үнемдемеуді шештім. Сондықтан мен барлық шығындарды болашақта неге әсер ету мүмкіндігін ескере отырып есептеймін. Мысалы, жүк тасымалдаушыдан ақшаны үнемдеп, жолдасыңыздан үй жиһаздарын өзі тасып кіргізуді сұрасаңыз болады, алайда кейін оның белі ауырса одан көп қаражат жұмсап, уайымға батуыңыз мүмкін. Бұл үнемдеу емес, керісінше келеңсіздікке жол беретін жағдай.
Менің табысым қанша көлемде жұмыс істегеніме тікелей байланысты. Өнімді жұмыс істеуім үшін маған ыңғайлы орындық керек. Бұл үшін ортопедиялық арқалығы бар орындық сатып алдым және йогамен айналысып тұрамын. Өзімді жайлы сезініп, жақсы жұмыс істеп, көп ақша таба бастадым.
Үнемдеу көмектеспегенде не істеу керек?
Үнемдеу – мәселенің шешімі емес. Неден үнемдеу керек екенін жақсы білсеңіз де, әуелі денсаулығыңызды ойлаңыз. Егер табысыңыз аз болып, сіздің мақсатыңызға жету үшін көп қаржы салу керек болса, үнемдеу көмектеспейді.
Табысты көбейтудің жолын іздеу керек. Бұл оңай емес, алайда оған қол жеткізуге болады. Мынаны ескеру керек: әркімнің өз проблемасы бар, сондықтан өзіңіз айтпасаңыз сізді ешкім жоғары бағаламайды да.
Табысты ұлғайтудың екі жолы бар: қосымша жауапкершіліктер алу немесе жұмыс үшін ақыны көбейту. Қосымша жауапкершілік-уақытша шешім екенін есте сақтаған жөн.
Біз жолдасымыз екеуміз алғашқыда көп жұмыс істедік: ол демалыста еңбек етті, мен көп жобалар қолға алдым. Көбірек жұмыс алып, ақшаны көбейту туралы басшылықпен келісуге болады. Бұл еңбек жолыңызды бастаған жылдары біліктілігіңізді арттырады әрі көп қаржы табуға мүмкіндік береді. Алайда, қолыңыз бос болмағандықтан, демалып, спортпен айналысуға уақытың болмайды, дұрыс тамақтана да алмайсыз, салдарынан денсаулығыңызды құртасыз. Бір жылдай осындай ритммен жұмыс істегеннен кейін, біз жолдасымыз екеуміз тез арада бірнәрсені өзгерту туралы ойландық.
Көп нәрсе сіздің ақша тапқаныңызға тікелей байланысты. Жоғары айлық алу үшін басшылықпен жұмыста көтермелеу туралы сөйлесуге, басқа жұмыс тауып, жақсы ақы төленетін күрделі жұмысты орындап үйренуге болады.
Мұғалімдер, дәрігерлер мен инженерлердің де біліктілік курстарынан өту мүмкіндігі бар. Жетістіктері көп жалақыға қол жеткізуге мүмкіндік береді. Алайда бұл салаларда қиынырақ: бюрократиялық бөгеттері бар, еңбек өтілі де керек. Соған қарамастан тырысуға болады, бастысы ағынмен жүре бермей қолдан келетін мүмкіндіктерді аянбай іздеу керек.
Басты міндет – бір жағынан шығынды орынды жұмсау (бюджетті жоспарлаудың еш сөкеттігі жоқ), екінші жағынан өзіңіздің нендей пайда әкелетініңізді түсініп, оны көрсете білу. Егер, сіздің басшыңызға мұндай тәсіл әсер етпейтін болса, басқа компанияға пайда әкеліп, жұмыс ауыстыру жолын қарастыру керек. Ол үшін сіздің ақшалай тірегіңіз бен қаржыларды басқару бойынша білігіңіз бар, дұрыс па?
Авторы Анастасия Горбунова.
Аударған Мәншүк Шапхатқызы.