Тікелей эфир

Банкирлер неден шошынды? Ақпан айынан бастап оларды не күтеді?

Informburo.kz иллюстрациясы
Informburo.kz иллюстрациясы
Банк секторы үшін жаңа жыл жағымсыз жаңалықпен басталды. Коммерциялық банктердің қызметін қадағалау күшейтіліп, Ұлттық банктің құзіреті бұрынғысынан да кеңейді.

Банкирлердің көңілі күпті қазір. Олардың көңілін Ұлттық банктің реформасы түсіріп отыр. Бұл реформадан кейбір банктер, әсіресе несиелеуге келгенде бұрынғыдай оңды-солды әрекет ете алмайды.

Мәселен, екінші деңгейдегі банк пен заң арасында бұрын нормативтік-пруденциалдық құжаттар жүретін. Несиелеу кезінде осы құжаттарға сүйенген банк өз қызметін қалтқысыз атқарып келген. Енді жаңа реформаға сәйкес, мотивациялық пайымды ілік етіп, Ұлттық банк те іске жедел араласады. Мұны бір жағынан, Ұлттық банк тарапынан тәуекелді негізге ала отырып, қадағалау деп те атайды. Бұл дегеніміз не? Оған сарапшылар былай жауап береді...

Банк енді көкесі қоңырау шалғандарға несие бере алмайды

Қаржыгер-маман Ілияс Исаевтың айтуынша, енді коммерциялық банктердің ірі тұтынушыларға несие беру шешіміне Ұлттық банк араласады.


Ілияс Исаев

Несие алатын адамның немесе компанияның қаржылық деңгейін анықтауға бірге ат салысады. Әрине, оны күмәнді деп тауып жатса және несие алмақ компанияның қаржылық жағдайы күдік туғызған жағдайда.

Демек, үлкен сомадағы несиені банктер енді өз бетімен бере алмайды. Оны Ұлттық банк зерттеп, несие беру шешіміне араласады. Өйткені Ұлттық банк Қазақстандағы бірден бір ұлттық монетарлық орган болғандықтан, коммерциялық банк ісіне араласуға құқық алып отыр.

Үкімет шағын және орта бизнесті дамытуға, ірі өндіріс ошақтарын ашуға орасан ақша бөліп жатыр. Соның бәрі емес, әрине. Бірақ, арасында сол ақшаны алып, оны мақсатты түрде жұмсамаған жайттар кездесіп қалып жатады.

Мәселен, жоғарыдағы ағасы, көкесі қоңырау шалады немесе банкпен байланысты адам сол несиені алып алады, бірақ нәтижесінде кәсіпкерлік те өндіріс те жоқ. Міне, енді осындайға жол берілмейді.

Ірі тұтынушыға несие берер кезде Ұлттық банк ол адамның сол банктің акционерлерге қатысы бар-жоқтығын, ол ақшаны тиімді жұмсай ала ма, соның бәрін өз тезінен өткізеді. Осы жағынан алғанда, қазір Ұлттық банктің сараптамалық деңгейі үлкен сын алдында тұр.

Бұл біріншіден, банктердің балансындағы проблемалық несиелер көлемін қысқартуға, яғни несие тәуекелін азайтуға ықпал етеді. Екіншіден, банк секторындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы амал. Елбасы Ұлттық банк басшысын қасына алып, бекер қорғаштап, оған дем беріп жатқан жоқ қой. Оның мәнісі осында, – дейді Ілияс Исаев.

Ашып айтқанда, енді коммерциялық банктер бағалаған тәуекелді Ұлттық банк белгілі бір нақты ақпараттарға сүйене отырып қайта бағалайды. Осы қос бағалаудың нәтижесі сәйкес келіп жатса, онда Ұлттық банк коммерциялық банк шешіміне қарсы болмайды. Сәйкес келмесе, Ұлттық банк өз позициясын міндетті түрде қорғап, несиені бердіртпеуге құқылы болады. Мұның барлығы заңға жаңадан енгізілген өзгерістерге сүйене отырып жүзеге асырылады.

Оқи отырыңыз: Қырғыз сомы неге тұрақты? Еңбек мигранттарының аударған ақшасының оған әсері бар ма?

Елбасы Ұлттық банк басшысына неге шүйлікті?

Айта кетелік, өткен аптадағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасыға ҚР Ұлттық банк басшысы Даниал Ақышев мемлекеттен несие алған көптеген компанияның ақшаны уақытында қайтармай отырғанын, проблемалық несиелер көлемінің өсіп бара жатқанын ашық айтқан еді.

"Жағдайы жоқ компанияларға ақша берсеңдер, сол! Ақша желге ұшады. Дұрыс басқара алмаған, құрып бара жатқан компанияларға неге бересіңдер ақшаны? Мұны істеп отырған Үкімет пен банктер. Басқа ешкім емес. Кім көрінгенге береді. Несиені алып алды, енді отыр қайтара алмай. Бұлай кім жұмыс істейді", – деп ашуланды Елбасы бұған.

"Олар ешқайда қашып кеткен жоқ. Жұмыс істеп жатыр. Бірақ, несиені жаппайды. Өсімі өсіп жатыр", – деді Ақышев.

"Мен саған не дедім? Жеке қадағалаушы комитет құрайық дедім. Бірақ өзің айттың ғой, бұл біздің өз қолымыздан да келеді деп. Заңды шығардық. Енді істе жұмысты. Әр акционер өз банкін тонайды. Содан соң жүргенің артынан салпаңдап. Білмеймін, ақшаны орнына қайтар, керек болса, қылмыстық іс қозға үстерінен. Жұмыс істе, – деді кәріне мінген Мемлекет басшысы.

Ұлттық банк төбе би бола ала ма?

Бұл арада Елбасы қабылданды деп айтқан заң – біз талқыға ұсынып отырған Ұлттық банктің реформасы.

"Бұл реформа Елбасының тікелей тапсырмасын орындау үшін қолға алынуда. Банк жүйесіндегі тәуекелдер, банктердің заң бұзушылығы, ақшаны сыртқа жылыстатуға қатысты Елбасы бірнеше мәрте мәселе көтеріп, Ұлттық банк басшысын алдына алдыртқан. Осы жағынан алғанда, екінші деңгейдегі банктердің қызметіне Ұлттық банктің араласуы заңды, оны орынды деп білемін.

Бұл осы сектордың сауығуына, жақсылап дамуына ықпал ететін өзгеріс. Шын кәсіп ашып, нақты жұмыс істейтін адамдардың қолына мемлекеттің ақшасы тисе, бұл жалпы еліміздің экономикалық көрсеткішіне де оң әсер ететін фактор болмақ", – дейді ҚР Тұңғыш Президенті жанындағы Қазақ стратегиялық зерттеулер институтының аға сарапшысы Вячеслав Додонов.


Алғатбек Қыдырбекұлы

Халықаралық экономика сарапшысы Алғатбек Қыдырбекұлы мұның бәрі шетелдік және отандық инвесторлардың отандық банк секторына сенімін ұялату үшін жасалып жатқанын айтады.

Елбасы "Акционерлер өз банкін өзі тонайды", – деді өткенде ғана.

Ал мұндай банкке қандай инвестор өз ақшасын сеніп тапсырады?..

Елбасы тағы да жыл соңында, нақтырақ айтқанда, индустрияландыру күні. 18 отандық компанияның 12,5 млрд доллары шетелде жатыр деп айтты, яғни, отандық компаниялар тапқан осынша табыс шетел банктерінде жатыр. Егер сол біздің банктерде жатқанда ол ақшаны экономикаға қан жүгірту үшін пайдалануға болатын еді.

Мысалы, оның ішінде ҚазМұнайГаз бар. Ол – ұлттық компания. 3 млрд долларын шетелдік банкте ұстайды. "ТеңізШевройл" 4,5 млрд долларын шетелге жөнелткен. Онда да шетелде ұстайтын ақшалар күн өткен сайын өсуде. Сондықтан Елбасының ашуланатынындай бар. Бұл – Қазақстанның ақшасы. Ол Қазақстан экономикасына жұмыс істеуі тиіс. Осыған байланысты Елбасы Үкіметке, Ұлттық банкке тапсырма берді.

Енді олар заңға өзгеріс енгізіп, өзінше қарекет қып жатыр. Ол нәтижелі бола ма, нәтижелі болмай ма, оны алдағы уақыт көрсетеді, әрине. Бұл арада Ұлттық банк мықты болуы керек қой. Банк секторын халықаралық стандартпен жүретіндей қыла алса, соған қауқары жетсе, онда күніміз жақсарады. Бұл барлық жағынан алғанда жақсы нышан. Бірақ, әзірге күмәніміз көп, – дейді сарапшы.

Оқи отырыңыз: Қаржы пирамидалары әлеуметтік желіге көшті. Оларды қалай анықтауға болады?

Банктер мемлекеттен алған қаржыны 5 жылда қайтаруы тиіс!

Айта кетелік, соңғы жылдары банк секторында көп өзгеріс болды. 2017-2018 жылдары бірқатар банктер бірігіп, қайта құрылды. Мұндағы басты мақсат – проблемалық несиелерді жою, банк секторын сауықтыру еді. Бір сөзбен айтқанда, проблемалық несиені жою керек болды немесе банктің өзі жойылатын болды. Осыған байланысты көптеген банк қулыққа барып, проблемалық несие көлемін азайтып көрсетуге тырысты. Бірақ, Ұлттық банк назарынан бұл қулық тыс қала алмады. Салдарынан көптеген банк қайта құрылды. Әрине, нәтижесі айтарлықтай. Алдағы жылдарға қарағанда проблемалық несиенің көлемі әлдеқайда төмендеген.

Өткен жылы банктерге қойылған жаңа талаптың тағы бірі – өзіндік капиталды арттыру еді. Мұны да кейбірі орындай алмады. Кейбіріне мемлекет көмсектесті. Былтыр Ұлт­тық банк осы секторды сауықтыруға мемлекеттік қазынадан 650 миллиард теңге бөлді. АТФ банкке – 100 мил­лиард, Цеснабанкке – 100 миллиард, Еуразия­лық банкке – 150 мил­лиард, Центр­кредит банкіне – 60 миллиард, РБК банкке – 150 миллиард теңге – бар­лығы 650 миллиард теңгені инвестиция жасады. Бұл – Ұлттық банктен көр­сетілген көмек. Ұлттық банк бұл ақшаны жаңа эмиссия­ның есебінен, ал Үкімет Ұлттық қор есе­бі­нен беріп отыр.

Айта кетелік, Ұлттық банк бұл бағдарламаны қабылдағанда, ол мемлекет тара­пынан ғана емес, ірі банктерді акционерлер жағынан да капиталдандыруға бағытталғанын айтқан еді, яғни, банк 100 млрд теңге көлемінде қолдау көрсе, акционерлері соның үштен бір бөлігін 5 жыл ішінде қайта орнына құюы тиіс.

Банктер тұтынушыларға таласып жатыр...

Қазір банктер абдырап қалды. Бұрынғыдай сырттан келетін арзан ақша жоқ. Ал мемлекет жағдайынды жақсартсаң ғана ақша берем деп отыр. Сондықтан жылдар бойына қордаланған проблемалық активтерден банктер арылуға мәжбүр. Бұрынғыдай емес халықты несиелеуге де белсене кіріскен.

Банктер өзара қаржылық жағдайы тұрақты әрі жақсы тұтынушылар үшін де таласып жатыр. Мысалы, тұрақты жалақың болса да бұрын банктен несие алу қиын болатын. Несие алушыға банк нешеме түрлі құжат жинатып, әбден саңдалтып қоюшы еді. Қазір тұрақты жұмысыңыз бен төлқұжатыңыз болса жеткілікті, банктердің тұтынушыларға есігі айқара ашық. Оны айтасыз...

Мәселен, кезінде Казкомнан несие алған адамға Каспий банк хабарласады. "Алған несиеңіздің графигін қайта түзіп, оны қайта қаржыландырамыз, бізге ауысыңыз, сонда бәленше ақша ұтасыз" деп қызықтырады. Иә, қазір несие алғандар өз несиесін қайта қаржыландыруға, сөйтіп үнем жасауға мүмкіндік алып отыр.

Сол секілді қаржылық жағдайы жақсы адамды банк қызметкері жұмысқа іздеп келеді бүгіндері. "Сіз біздің таңдаулы тұтынушымыз болдыңыз, Сізге 400 мың немесе 1 млн теңгесі бар карта сыйлаймыз. Оны жұмсап үш ай ішінде қайтарсаңыз, үстемақы алмаймыз. Одан асса, жалпы тұтынушыларға қарағанда Сізге аз сыйақы мөлшерлемесін тағайындаймыз" деп тағы қызықтырады.

Одан бөлек адамдардың ұялы телефонына несие бойынша түрлі ұсыныстар түсіп жатады банктер тарапынан. Бұрын мұндай жоқ-тұғын.

Сол секілді заңдағы соңғы өзгеріске байланысты қазір несиеге қызмет көрсету бойынша банктер үстемақы алмайтын болған. Бұл заңдық өзгеріс 2016 жылдың ортасында енгізілді. Ол бойынша қазір сол кездері несие алған адамдар банкке қайта хабарласып, осы бағытта ұсталған комиссия бойынша ақшасын қайтарып алып та жатыр. Міне, бұл соңғы 1-2 жыл ішіндегі оң өзгеріс.

Алдағы реформа, әсіресе кәсіпкерлік орта үшін оңтайлы болмақ. Енді тамыр-таныстыққа белгілі бір деңгейде балта шабылады. Шын кәсіп ашып, өз ісін дөңгелетем дегендер ғана осы мақсатта мемлекет бөлген қаржыға қол жеткізеді деген үміт бар. Енді Ұлттық банк мұны өзі жеке қадағалауына алады.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары