Алматының кіреберістеріне 19 экобекет қойылады. Ал қаланы экопатрульдер аралайды
Алматының кіреберістерінде газанализатор және түтін өлшеуішпен жабдықталған экобекеттер жұмыс істей бастайды. Олардың көмегімен зиянды қалдықтарды көп мөлшерде шығаратын көліктерді жылдам анықтауға болады. Экобекеттер ең бірінші Құлжа тракті мен Бұқтырма көшесінде іске қосылады. Кейін өзге аумақтарға орнатылып, жалпы саны 19-ды құрайды. Бұл туралы қала әкімі Бақытжан Сағынтаев өзінің Instagram парақшасында хабарлады.
"Жұмыс сапарымен Құлжа тас жолында орнатылған жаңа экологиялық бекетке бардым. Мұнда көп компонентті газ талдағыштың көмегімен бензин және газбен жүретін көліктен шығатын улы газдың құрамындағы көмірсутегі, көміртегі оксиді, көміртегі диоксиді, азот оксиді, оттегі тексеріледі. Дизельді отынмен жүретін көліктердегі газдың түтіні де тексеріледі", – деп жазды Бақытжан Сағынтаев.
Оқи отырыңыз: Алматы түгел жарықтандырылып, 8 мыңнан астам пәтер беріледі. Сағынтаев тұрғындарға тағы қандай уәде берді?
Оның мәліметінше, Құлжа тракті мен Бұқтырма көшесінде іске қосылған экобекеттер әзірге тестілік режимде жұмыс істеп тұр. Алғашқы тексеру кезінде қос бекеттен түтіні нормадан асатын шамамен 5 мың жеңіл және мыңнан астам жүк көлігі анықталған.
Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, жақында газ талдағышы мен түтін өлшегіші бар жылжымалы экопатрульдер де іске қосылады. Сондай-ақ, барлық экобекеттерде ауа сапасын өлшеп, оның дерегін онлайн-карта мен LЕD-дисплейде көрсететін стансалар орнатылады.
"Бұл – қала экологиясын сауықтырып, атмосфераны ластайтын автокөліктердің үлесін азайтуға бағытталған", – деп атап өтті Бақытжан Сағынтаев.
Оқи отырыңыз: "Дереу бұзу қажет!" Алматы 2-ЖЭО маңында ел бюджетіне салынған жаңа 740 пәтер несімен қауіпті?
Айта кетсек, қазір қалада экологиялық көрсеткіштерді бақылаудың онлайн картасы жұмыс істеп тұр. Ол мегаполис тұрғындарына қоршаған ортаның жай-күйі туралы, оның ішінде атмосфералық ауаның сапасы туралы мәліметтер береді. Онлайн-бақылау станциялары әр 20 минут сайын ауа жағдайы туралы ақпаратты жүйеге жібереді. Станциялар атмосферадағы ластаушы заттардың көлемін, сондай-ақ ылғалдылық, температура, қысым, жел бағыты мен жылдамдығын өлшейді. Белгілі бір кезеңдегі орташа мәндер және орташа күндік белгіленген көлемде рұқсат етілген концентрация мәндері көрсетіледі.
Алматы әкімінің тапсырмасымен онлайн картада жинақталған мәліметтерді талдау негізінде ауа сапасының және басқа параметрлердің өзгеруін болжауға мүмкіндік беретін арнайы базасы құрылмақ.