"Алматының бас жоспарына өзгеріс енгізуге тыйым салу қажет". Белсенділер жаңа құжатқа неге қарсы?
Бүгін қоғам белсенділері Алматының бас жоспарына енгізілген түзетулерді қабылдамай, құжатты кері қайтаруды талап етті. "Алматыны қорғайық" қоғамдық бірлестігінің, "Көкжайлауды қорғайық" қозғалысының белсенділері, тәуелсіз сарапшылар және үкіметтік емес ұйым мүшелері қала тұрғындарының денсаулығы мен қауіпсіз өмірі үшін маңызды құжатты асығыс қабылдауға болмайды деп дабыл қақты. Сондықтан олар қала билігін Алматыны дамытудың бас жоспары жобасы бойынша 28 желтоқсанда өткен барлық талқылауларды заңсыз деп тануға шақырды. Әрі жаңа құжатты қоғамның, тәуелсіз ҮЕҰ мен сарапшылардың қатысуымен қайта қарау қажеттігін алға тартты. Белсенділер бас жоспарды қайта қарау үшін кем дегенде 180 күн уақыт қажеттігін айтып отыр.
"Бұған дейін өткен талқылауды заңсыз деп тануды талап етеміз. Өйткені, ол талқылау қолданыстағы заң талаптарына, Қазақстанның халықаралық міндеттемелеріне сәйкес келмейді. Бас жоспарды қайта пысықтауға қайтару керек және оған барлық қоғам өкілдері қатысуы тиіс. Бас жоспар 10 жылға арналған ауқымды құжат. Қоғам белсенділері мен тәуелсіз сарапшыларға ұсынылған құжаттарды сараптап, қайта қарау үшін жеткілікті уақыт қажет. Неге біз мұндай талап қойып отырмыз? Себебі, қала билігі қоғам өкілдерін мұндай маңызды құжаттарды әзірлеуге қатыстырмайды. Барлығын жасырын әзірлейді. Сосын өздерінің сөзін сөйлейтін адамдардан топ құрып, талқылау өткізіп, құжатты қабылдай салуға асығып тұрады. Заң бойынша, қоғам белсенділері құжатты әзірлеудің бірінші күнінен бастап қатысуы керек. Демек, олар өмірлік маңызды ақпаратты бізден жасырып қалмақ", – деді "Көкжайлауды қорғайық" қозғалысының мүшесі Абай Ерекенов.
Оқи отырыңыз: "Дереу бұзу қажет!" Алматы 2-ЖЭО маңында ел бюджетіне салынған жаңа 740 пәтер несімен қауіпті?
Белсенділер 2020 жылы 28 желтоқсанда "Алматы қаласының бас жоспарын түзету" қоршаған ортаға әсерді бағалау жобасы бойынша өткен талқылау кезінде бірқатар заң бұзушылықтар орын алғанын алға тартты. Мәселен:
- Бас жоспарды талқылау бойынша тыңдалым 2020 жылғы 28 желтоқсанда өтетіні туралы 5 желтоқсанда жариялады. Осылайша, экология министрінің 2007 жылғы 7 мамырдағы бұйрығымен бекітілген Қоғамдық тыңдауларды өткізу қағидаларының 10-тармағында көрсетілген мерзім бұзылды. Атап айтқанда: "Қоғамдық тыңдауларды ашық жиналыс түрінде өткізу үшін, тапсырыс беруші бұқаралық ақпарат құралдарында ашық тыңдаулар өткізу туралы хабарландыруды мемлекеттік және орыс тілдерінде қоғамдық тыңдауға дейін 20 жұмыс күнінен кешіктірмей жариялайды";
- ZООM-да қоғамдық тыңдаулар өткізудің заңдылығы туралы бірде-бір тиісті құжат жоқ, сондықтан біз ZООM-да қоғамдық тыңдаулар өткізу заңды емес деп санаймыз. Біз ZООM-да қоғамдық тыңдаулар өткізуді заңды емес деп тану туралы Қазақстан Президентіне өтініш жаздық, бірақ әзірге жауап болмады;
- Қоғамның қысымымен, қоршаған ортаға әсерді бағалау жобасын талқылауға қоғамның қатысуы қажеттілігін ескере отырып, бұл тыңдау пікірталас болады деп шешілді;
- Қоғамдық тыңдау өткізу қағидалардың 19-тармағына сәйкес: "Қоғамдық тыңдаулардың нәтижелері осы қағидаларға 3-қосымшада көрсетілген нысан бойынша хаттамамен ресімделеді. Хаттама қоғамдық тыңдауға қатысқан, сондай-ақ интернет-ресурс арқылы немесе хабарлаудың өзге тәсілдерін, ескертулер мен ұсыныстарды пайдалана отырып қабылданған адамдардың пікірлері ескеріле отырып жасалады. Хаттамада мүдделі жұртшылықтың тапсырыс берушінің жобасына қатысты ескертулері мен ұсыныстары және тапсырыс берушінің әрбір ескертулер мен ұсыныстарды ескеруі жөніндегі ұстанымы, сондай-ақ шешімге шағым жасау мүмкіндігі туралы ақпарат көрсетіледі. Хаттамаға қоғамдық тыңдаулардың төрағасы мен хатшысы қол қояды және қоғамдық тыңдаулар өткізілгеннен кейін 7 жұмыс күнінен кешіктірілмей жергілікті атқарушы органның интернет-ресурсында орналастырылады. Осы уақытқа дейін өткізілген қоғамдық тыңдаулар бойынша хаттама Жасыл экономика басқармасының сайтында орналастырылған жоқ;
- Қоршаған ортаға әсерді бағалау жобасы бойынша көпшілікке ұсынылған құжаттарға қатысты көптеген сұрақтар туындады. Оларға жауап алу үшін, қоғам белсенділерінің бұл талқылауға қатысуы қажет болды. Жұмыс топтарын құру кезінде біз хаттамалық шешімді ескере отырып, жұмыс топтарының мәртебесін бекітуді бірнеше рет сұрадық. 28.12.2020 жылғы хаттаманың, жұмыс топтарының құқықтық мәртебесінің, сондай-ақ сараптама комиссиясының құрамы туралы ақпараттың болмауы бізге жұмыс топтарының пікірі тек пікір болады деп пайымдауға негіз береді. Өйткені енгізілген ұсыныстардың қолданыстағы заңнамаға сәйкестігіне құқықтық бағалау жоқ. Бұдан бөлек, сыбайлас жемқорлыққа қарсы құрамдас бөлікке құқықтық талдау жоқ. Сол арқылы жұмыс топтарының құрамына құқықтанушыларды, уәкілетті органдардың заңгерлерін тарту қажет деп санаймыз;
- Бас жоспарды әзірлеудің нормативтік мерзімі – 24 ай. Яғни, құжаттың мерзімі 2020 жылы аяқталатынын ескере отырып, 2018 жылы жаңа Бас жоспарды әзірлеуді бастау қажет еді. Бірақ, қала билігі мұны ескермеді. Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасы 2020 жылы лот бойынша өткізген байқаудың техникалық құжаттамасына сәйкес: "Алматы қаласының бас жоспарын түзету" конкурсы бойынша жұмыстарды орындау мерзімі 160 күнді құрайды. Яғни, 5 айдан сәл ғана асады. Ал 2002 жылғы бас жоспардың қолданыс мерзімі 2020 жылы аяқталды.
"Ең қызығы, біз әлі нақты талқылайтын нәрсені түсініп отырған жоқпыз. Бұл бас жоспарды түзету ме? Әлде жаңа бас жоспарды қабылдау ма? Мәселен, ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітілген Алматының бас жоспарына сәйкес, бас жоспардың қолданылу мерзімі 2002 жылдан 2020 жылға дейін. Бас жоспарды түзету әрбір 5 жыл сайын жүргізіледі және келесі есепті кезеңге арналған қала құрылысын жоспарлаудың басым шаралары бағдарламасын қабылдаудан тұрады. Қажет болған жағдайда Алматы қаласының қала құрылысын дамытудың негізгі бағыттарын және Алматының аумағын қала құрылысын аймақтарға бөлудің бас схемаларын түзетуден тұрады. Қажет болған жағдайда Алматы аумағындағы қала құрылысын дамытудың негізгі бағыттарын және қала құрылысын аймақтарға бөлудің бас схемаларын түзетуден тұрады. Мәселен, бас жоспарға бірінші түзету 2004 жылы жүргізілді, микросейсмикалық картаның болмауына байланысты 2014 жылдан 2016 жылға дейінгі екінші түзету ҚР Үкіметімен келісуге қабылданбады. Осылайша, 2002 жылғы Бас жоспар бойынша 2 түзету енгізілді. Демек, қоғамда не талқыланып жатыр деген сұрақ туындайды. Себебі, бас жоспарды заңға сәйкес үшінші рет түзетуге мүмкіндік жоқ", – деді "Алматыны қорғайық" қозғалысының мүшесі Салтанат Тәшімова.
Оқи отырыңыз: Алматының құрылысын жоспарлау кезінде қателіктер кеткен. Тоқаев кімдерге сөгіс жариялады, қандай тыйым салды?
Белсенділер жаңадан қабылданатын бас жоспарға қарсылық танытып отырмағандарын, тек маңызды құжаттың сапалы болғанын қалайтындарын жеткізді. Олар небәрі 5 айда әзірленген құжатта шикілік шығатынына сенімді. Сарапшылар сол себептен жаңа бас жоспарды қабылдауға асықпай, әбден зерделеп барып қабылдаған жөн дейді. Әрі бас жоспарды әзірлеуге архитектор, құқық қорғаушылар, археологтар, тарихшыларды, селден қорғау сынды ұйымдардың өкілдерін қатыстыру қажеттігін айтты.
"Жаңа бас жоспарды әзірлеуге мейлі 3-4 жыл кетсін, есесіне сапалы құжат қабылданады. Қала күн санап өсіп жатыр, сондықтан құжатқа барлық жүйені зерттеп барып қосқан жөн. 2019 жылы 29 қазанда Президент Алматының орталық бөлігінде қаптаған құрылысқа тыйым салу керектігін айтқан еді. Бірақ, соған қарамастан қаланың орталығында құрылыс көбейіп кетті. Қазір қалада тыныстау мүмкін емес. Сондықтан жаңа бас жоспарға қаланы функционалдық аймаққа бөлу мәселесін қосу керек. 2002 жылы қабылданған құжатта әлеуметтік, коммерциялық, тұрғын үй нысаны деп функционалдық аймақ ережесі анық жазылған. Қазір мұндай түсінік жоқ. Әлеуметтік нысан аймағында тұрғын үй салынып жатыр. Мысалы, Алмалы ауданында соңғы 5 жылда бір мектеп салынбады, есесіне көпқабатты үйлер қаптады. Ол үйлердің балалары ертең жақын маңдағы мектепке барады, осылайша мектептерде жүктеме көбейеді. Ол туралы да ойланған жөн", – деді "Алматыны қорғайық" қозғалысының мүшесі Мұрат Қасенов.
Айта кетсек, Алматы қаласы бас жоспарының жобасын тікелей бекіту 2021 жылдың І тоқсанына жоспарланған. Бұл туралы өткен жылы қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы Алмасхан Ахмеджанов хабарлаған болатын. Жаңа құжат бойынша алғашқы тыңдалым былтыр 28 желтоқсанда өткен.