60 млрд теңге жеңілдетілген несие. Биыл "Әскери баспанамен" кімдер үй ала алады?
Хабарламаны алған қызметкерлер "Әскери өнім" бағдарламасы ("Әскери баспана") бойынша банкке өтініш беру уақытын біле алады, деп хабарлады Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің баспасөз қызметі.
Банктің бұл бағдарламасымен үкіметтен тұрғын үй төлемін алатын әскерилер ғана ипотека рәсімдей алады. ҚР премьер-министрінің ресми ақпараттық ресурсының мәліметіне сәйкес, 2020 жылға дейін 6 500-ден астам несие берілген. Ал биыл "Әскери баспана" бағдарламасы аясында жеңілдетілген несие беру мақсатында 60 млрд теңге бөлініп отыр.
Informburo.kz әскери қызметкерлер үшін маңызды негізгі сұрақтарға жауап береді.
Оқи отырыңыз: Әскери қызметкерлерге баспана беру тәртібі өзгерді
Тізімге кімдер кірді?
Тұрғын үй төлемін алушылардың жинаған сомасы мен өтініш беру мерзіміне қарай бағдарлама бойынша несие алатын үміткерлер тізімі құрылған. Бұл тізімге 2020 жылдың 1 қаңтарына дейін орташа несие сомасының (Нұр-Сұлтан және Алматы үшін – 25 млн теңге, қалған аймақтар үшін – 15 млн теңге) 10-49 пайыз аралығындағы соманы жинаған үміткерлер кірді.
Тізімде шамамен 3 мың адам бар.
Оқи отырыңыз: Тұрғын үй бағдарламалары көбейді. Биыл баспаналы болудың 11 мүмкіндігі
Ипотеканы ең бірінші кімдер рәсімдейді?
Ең алдымен 49 пайыз көлемінде қаражат жинағандарға басымдық беріледі. Одан аз жинаған үміткерлер салымының көлеміне қарай іріктеледі. Тізімнің басында тұрған азаматтар қазірдің өзінде несие алуға өтініш бере алады. СМС-хабарламада олардың Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне қай уақытта баруы керек екендігі көрсетілген. Ал, мерзімі кейінге қалдырылған үміткерлерге банк қосымша хабарлама жібереді. Бұл ақпаратты олар интернет-банкингтегі жеке кабинетінде де қарай алады.
Өтінішті қанша уақытта жіберу қажет?
Әрбір үміткердің несиеге өтініш беруі үшін екі ай уақыты бар. Мысалы, өтініш беру мерзімі ретінде сәуір айы көрсетілсе, онда үміткер несие алу үшін өтінішін 2020 жылдың 1 сәуірінен 29 мамырына дейін тапсыра алады.
Оқи отырыңыз: Пәтер таңдауда неге мән беру қажет?
Кімдер төменгі пайызбен несие ала алады?
Шотына қажетті несие сомасының 50 пайызына дейінгі мөлшерде қаражат салған әскерилер тізімді күтпей-ақ, қалаған уақытында несие рәсімдейді. Сондай-ақ, олардың әдеттегідей 8 пайыз емес, 6 пайыздық мөлшерлемемен несие алуға мүмкіндігі бар.
Тұрғын үй төлемін алатын әскерилер Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде арнайы жеке шот ашуы тиіс. Себебі, әскери қызметкерлерге берілетін тұрғын үй төлемі осы шотқа аударылады.
Оқи отырыңыз: 27 жастан асқандар әскери билетті қалай алады?
Арнайы жеке шот ашу үшін:
- Жеке куәлік;
- Тұрғын үй төлемін алушы туралы анықтама (оны әскери қызмет өтеп жатқан жердегі Тұрғын үй комиссиясы береді);
- Тұрғын үй төлемі туралы үшжақты келісімшарт (жұмыс беруші тарапынан беріледі);
- Қаражатты автоматты түрде аударуға қатысты өтінішке қол қою қажет.
Оқи отырыңыз: "Пәтер сатып алдым". Жөндеу жұмысын неден бастау керек?
Егер тұрғын үй төлемін жинақ ретінде пайдаланып, оған мемлекет сыйақысы мен банк сыйақысы түсіп тұрсын десеңіз, сізге арнайы салым ашу керек. Оған тұрғын үй төлемі немесе арнайы жеке шоттан тұрғын үй төлемінің бір бөлігі аударылып отырады.
Тұрғын үй төлемі немесе оның бір бөлігі ай сайын автоматты түрде арнайы салымға аударылуы үшін ұзақмерзімді тапсырманы жазу қажет. Оны жазу үшін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің өкіліне барасыз.
Оқи отырыңыз: Әйелдер ипотекасы мен "Корпоратив" бағдарламасы. Баспаналы болудың жаңа мүмкіндіктері қандай?
Несие алу шарттары қандай?
- 8 пайыз жылдық мөлшерлеме;
- 15 пайыз бастапқы жарна;
- Қарызды өтеу мерзімі – 25 жылға дейін.
Несие қандай мақсатта беріледі?
- Жаңа немесе қолданыстағы үйден пәтер сатып алуға;
- Пәтерге жөндеу жүргізуге;
- Үлестік қатысу келісімшарты бойынша беріледі.