42 500 теңге. Төтенше жағдай кезіндегі бұл әлеуметтік төлем кімге және қалай беріледі?
Әлеуметтік төлем ақысыз еңбек демалысына шыққандар мен жұмыссыз қалғандарға беріледі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссия отырысында төтенше жағдай кезінде табысынан айырылғандарға жәрдемақы төленетінін айтқан еді.
Оқи отырыңыз: Төтенше жағдай кезінде табысынан айырылғандарға жәрдемақы төленеді. Тоқаевтың жаңа тапсырмаларының толық тізімі
Президент "Төтенше жағдай кезінде табысынан айырылғандарға ең төменгі жалақы мөлшері (42 500 теңге) көлемінде ай сайынғы төлем енгізуді тапсырамын. Жалпы бұл көмекті кемінде 1,5 миллионнан астам азамат ала алады", – деген болатын.
Кейінірек ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев төтенше жағдай кезінде қазақстандықтар екі түрлі жәрдемақы алатынын хабарлады. Яғни, ақысыз еңбек демалысына шыққандарға ең төменгі жалақы мөлшерінде (42 500 теңге) және жұмыссыз қалғандарға айлығының 40 пайызы төленетіні белгілі болды.
Оқи отырыңыз: Коронавирус Қазақстанда: оқиғалар хронологиясы. 26 наурыз
42 500 теңге кімге төленеді?
- Жеке практикамен айналысатын адамдар (нотариус, жеке сот орындаушысы, адвокат, кәсіби медиатор);
- Орта, шағын және микробизнес субъектілерінің қызметкерлері;
- Жеке кәсіпкерлер;
- Бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер;
- Карантин енгізілген елдімекендердегі ірі бизнес субъектілерінің қызметкерлері;
- азаматтық-құқықтық келісімшарт бойынша кіріс алатын адамдар.
- Ақысыз еңбек демалысына жіберілген жұмысшыларға соңғы 12 ай ішінде әлеуметтік сақтандыру қорынан кемінде 1 ай көлемінде ақша аударылған болуы тиіс.
Жәрдемақы алу үшін не істеу қажет?
Бұған дейін жергілікті жұмыспен қамту орталықтарына тек жұмыс берушілер баруы тиіс деп хабарланған болатын. Кеше Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев әлеуметтік төлем алудың жаңа ережесін таныстырды.
Ережеге сәйкес, енді жұмыс берушілер әлеуметтік төлем алу үшін тек қызметкерлер тізімін береді. Жеке кәсіпкерлер, дербес кәсіпкерлер, азаматтық-құқықтық келісімшарт бойынша кіріс алатын қызметкерлер жеке деректерін ғана көрсетіп, өтініш білдіре алады. Бұдан былай қызметкерлердің төтенше жағдай кезінде табысынан айырылып қалғанын растайтын құжат қажет емес.
Өтініш жазатын азаматтар табысынын айырылғаны туралы деректің дұрыстығына өздері жауап береді. Әлеуметтік төлемді алуға egov.kz веб-порталында өтініш жазуға болады.
Жұмыс беруші не қызметкер өтініш берген соң, жұмыспен қамту орталығының жергілікті штабы әлеуметтік төлем беру туралы шешім қабылдайды. Содан соң, "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының бөлімшелері әлеуметтік жәрдемақы алатын жұмысшылардың тізімін жасайды. Бір ескерерлігі, ақысыз демалысқа шыққан жұмысшыға әлеуметтік төлем тек төтенше жағдай кезінде төленеді.
Оқи отырыңыз: "Тәулігіне 604 мың маска өндірілуде". Ақпарат министрі сұрақтарға жауап берді
Жұмыстан босатылған қызметкерлер не істейді?
Жұмыстан шығып қалған қызметкерлерге 1 айдан 6 айға дейін әлеуметтік төлем беріледі. Бұл жерде жұмысшының соңғы 2 жыл көлеміндегі табысы мен міндетті сақтандыру қорындағы өтілі ескеріледі. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры жұмысшының жалақысының 40 пайызын төлейді.
Жұмыстан шығып қалған қызметкер қайда құжат тапсырады?
Төтенше жағдай кезінде жұмыстан босатылған қызметкер жұмыс берушіні күтпей-ақ өтініш жаза алады. Бірақ мұндай кезде ол өзінің жұмыссыз қалғанын растайтын құжаттар ұсыну керек. Ол үшін:
- Жұмыссыз ретінде тіркелуге өтініш;
- Жұмыстан шыққанына байланысты әлеуметтік төлем тағайындау жөніндегі өтініш жазуы қажет.
"Жаңа ережеге сәйкес, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлем алғысы келетін жандарға әлеуметтік төлем және зейнетақы қорына ақша салынғаны туралы анықтама керек емес. Мұны "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы автоматты түрде тексереді. Сондай-ақ, әлеуметтік төлемге берілген өтінішті қару мерзімі 7 күннен 3 күнге қысқарды", - деді Дәурен Абаев.
Төтенше жағдайға байланысты әлеуметтік төлем алу туралы қосымша сұрақтарыңыз болса, төмендегі телефон нөмірлеріне хабарласа аласыздар:
Алматы:
- + 7 (707) 335-06-13
- +7 (707) 335-05-14
- +7 (707) 335-06-15.
- 55-14-87
- 55-01-74,
- 55-69-59
- 55-67-12.
- Cондай-ақ, Call-орталықтың 109 нөміріне хабарласуға болады.