Сенімге сенімсіздік. Әдемі Қыз. Ол ешқашан күлмейді. Жыламайды. Тағдырына шағынбайды. Күрсінеді. Сәл жымияды. Бары сол. Сезім пернесі солып қалған. Ешкімге сенбейді. Айналасына «сатқын» деп қарайды.
Ерлі-зайыптылар жол апатынан көз жұмып, екі бірдей жанның жаназасы оқылып жатыр. Тізілген ағайын-туыстардың арасынан Қыз ғана бейтарап отыр. Көзінде тамшы жас көрінбейді. Қос өлікке меңіреу қарайды.
Жаназаға жиналған халықтың алдына шыққан имам: «Ол қандай адам еді?» – деп, әке-шешесі жайлы сұрақ қойды. Қатарласа тұрғандар «жақсы адам еді» десті. Қыз ащы мырс етті. Қасында отырған әйелдер кінәлай қарады.
«Шіркін, сөз жетпестей жақсы адамдар еді?!» – деп, Қыз қайыра ащы мырс етті. Өзі сыйлайтын көрші апаның басын шайқағанын көріп, үнсіз бейтарап күйде қалды. «Кімге қарызы бар?» деген сұрақ қойылды.
«Менде! Екеуінің де тозақтың отына өртенердей қарызы бар!» деген сөзді іштей қайталаған Қыз иығын басқан жүктен жеңілдегендей терең тыныстады. Жаназа оқылып бітті. Екі өлікті салған машина ауладан шығып, ұзап барады. Бәрі жылады. Тек Қыз ғана жыламады.
Автордың өзге жазбасын оқи отырыңыз: Жұмадағы бір садақаның сыры
Әке-шешеден бірдей айрылса да, бейтарап отырған Қыздың мінезін байқаған имам мешітке еріп жүруге ұсыныс жасады. Алғашында мырс еткенмен, «не айтар екен?» деген қызығушылық басым түсіп, имамның соңынан ерді.
Имамның иманы. Шар етіп дүниеге келген сәби періштедей пәк болатынына шәк жоқ. Қатуландыратын, қатігездентіретін – өмір жолдары, тіршілік қалтарысы. Отбасында жылулық көрмей өскен баланың қалтарыстың қақпанына отқа түскен көбелекше қаңғалақтап өзі барып түсуінің сан қилы себебі бар.
Мешіттің жарық, биік бөлмесіне бастап кірген имам өз ата-анасы жайлы сөз қозғады. Әскер қатарында жүріп, жаназасына қатыса алмағанына әлі күнге өкінетінін айтты. Әке-шешеге деген сағынышы жыл салып ұлғайып жатқанын, ата-анаға перзенттен дұға қажеттігін жеткізді.
Қыз мешіттің қабырғасына жазылған Құран сөздеріне қарап, имамды салқын тыңдады. Имам сөзін аяқтағанда көздеріне тесіле қарап: «Мені жүрегі қатып қалған қатігез деп ертіп келгеніңізді түсініп отырмын. Мен Құдайға сенбеймін. Бірақ, сіз айтып отырған «құдайдың жердегі үйінде» әке-шешемнің жаназасында не үшін жыламағанымды айтайын. Бәлкім, сіз айтқан құдайдың құлағына жетер. Жетпесе, өкпем жоқ.
Қатты сөзім үшін сіздің құдайыңыздың кешірген-кешірмегені қажет емес. Өйткені ол, шынымен бар болса, жас өмірімді тозаққа айналдырмас еді. Өмірімде еске алардай бақытты сәтім болмапты. Бала күнімнен әке-шеше мейірімі дегенді көрмей өстім.
Әкем маскүнем. Ес білгелі сау келгенін көрген емеспін. Кешті үреймен күтетінмін. Өйткені, есіктен кіре көзіне түскенімізді сабайды. Анам ашушаң болды. Әкемнің маскүнемдігінен жүйкесі тозса керек, балалық мінезімді көтере алмай, жиі жазалайтын.
Білегімдегі тыртықты көрдіңіз бе? Анам газ плитаға басып, әдейі күйдірген. Апайым сабағымның нашар екенін ата-ана жиналысында айтқанына бола жазалаған түрі. Балалық ғұмыр дегенді білмедім. Әр қимылымның артында жаза дайын тұрды. Күлуге болмайды. Әдемі жүріп-тұруға болмайды.
Тозақтан құтылу үшін мектепті тезірек бітіруді армандадым. Арманыма жетіп, қалаға оқуға түсуге келдім. Құдай бар дейсіз? Бар болса, мені осынша азаптар ма еді?! Небәрі екі-ақ балым жетпей, оқуға түсе алмай қалдым.
Университеттің артындағы орындықта жылап отырғанмын. Қасыма сондай жылы жүзді әйел келіп, жағдайымды сұрады. Тарығып отырғанда естіген жылы сөздің құдіретін айтудың қажеті жоқ болар. Еңіреп отырып оқудан құлағанымды, барар жер, басар тауым жоғын айттым.
Әйел: «Ақылы оқуға түскің келе ме?» – деп сұрады. Қайдағы төлемақы?! Ондай ақшам жоғын айтып еңіреймін. Әйел қасыма жайғасып: «Жылама. Менімен бірге жүр. Оқуыңның ақысын төлеймін. Сенен керегі аз уақыт маған қызмет көрсету ғана», – деді.
Автордың өзге жазбасын оқи отырыңыз: Әліпбидің айтылмаған әуресі
Тасмерездігімен жүрегімді шайлықтырған үйге оралғаннан өлгенім артық деп отырғанымда, әйелдің ұсынысы алдымнан үміт шырағы жағылғандай қуантты. Оқуға түссем, маман болып, өз арбамды өзім сүйрейтінім көз алдыма елестеп, не қызмет екенін сұрамастан бірден келістім.
Сәнді жасанған бір бөлмелі пәтерге ертіп барды. Өмірімде бұндай жасаулы үйді көрмеппін. Оқуым біткенше осы пәтерде тегін тұратынымды айтқанда сенер-сенбесімді білмедім. Төлқұжатымды «Оқуыңа төлемақыға қажет» деп сұрап алды. Бере салдым.
Бар талабы «келген жігіттерге әдемілеп шай қойып беру» екен. «Шай қойып бергеннің несі бар?» деп бірден келістім. Ары қарай азап вагонына өз еркіммен мінгенімді аңдамай қалдым.
Сан қилы мінезді еркектер. Біріне жақсаң, екіншісінің көңілін табу азап. Қатты азаптанғанда әлгі әйелге «оқуға баруға рұқсат сұрап» жылап барамын. Жібермейді. Оқуым құжат жүзінде жүріп жатқанын айтып, қайтадан пәтерге қуып тығады. Көнбей көр?! Төпелейтін қарулы жігіттері дайын.
Мен жылай алмаймын. Өйткені, жылай-жылай көз жасым таусылды. Шағымданар жерім жоқ. Татымсыз тапқанымды жырмалап сіңліме салып жіберемін. Соңымнан ерген жалғыз сіңлімді аяймын. Ол да менің азабымды көрер ме екен деп уайымдаймын.
Әке-шешемнің оны да аямайтынын білемін. Үйден құтылудың жолын іздеп жүргенін естідім. Бірде бір білімді клиентім «жап-жас болып осынша азапқа неге көніп жүргенімді» сұрады. Барар жерім жоғын айтқанымда, «әке-шешеңе қайтпайсың ба?» деп сұрады.
Мырс еткенімнен түсінсе керек, маған ұзақ қарап отырып: «Бірде Конфуций шәкіртімен ауыл шетіндегі жолмен келе жатады. Жол бойында жылап отырған әйелді көреді. Конфуций шәкіртін әйелге барып, не себепті жылап отырғанын сұрауға жұмсайды.
Оралған шәкірті «Әйелдің қалың қамыстың арасындағы күркеде тұратынын, осыдан екі жыл бұрын қамыс арасында жүретін жолбарыс күйеуін жеп қойғанын, енді үлкен ұлын жегенін» айтады.
«Қасында екі баласы қалыпты. Ауылға неге қайтпайды, қалғандарын да жолбарыс жеп қояды ғой?» – деп сұраған шәкіртіне Конфуций, – «Демек, ауылдағы басшы жолбарыстан өткен жыртқыш болғаны», – деп жауап беріпті. Үйіңе қайтқың келмегені, ол жақтағы өмірің бұдан өткен сорақы болғаны ғой?» дегенде, тұңғыш рет клиентіме жүрегім жібіді.
Мен – мүгедекпін. Жаным да, тәнім де. Жұқпалы ауруға ұшырадым. Емделуге жібермейді. Әбден асқынғанда мәжбүрліктен апарды. Ем-дом жасаған болдым. Жазылып кете алмадым. Жасым жиырманың бесіне енді толады. Ал мен, өзімді жүзге келген кемпірдей сезінемін.
Кеше әке-шешемнің бірдей апаттан көз жұмғанын естігенде қуандым. Шынымды айтсам, соларға «әке-шеше» деген сөзді қимаймын. Садаға кетсін. Сенсеңіз, ана, әке жайлы әнді тыңдай алмаймын. Өтірік. Жиіркенішті. Сіңілім биыл мектеп бітіреді. Тым құрыса сол менің азабымды көрмесін.
Автордың барлық жазбаларымен осы жерден таныса аласыздар: Сая Қасымбектің жазбалары
Өлікті соттағым келді. Сіз жаназасын шығарып жатқанда екеуінің де өлігін тікесінен тік қойып, сұраққа алғым келді. Өкінішке қарай, өлік жауап бере алмайды. Егер сіз айтқан құдай шынымен бар болса, мені көз ашқалы азаптан құтқармаған әке-шешемнің жазасын о дүниеде берсін. Шын сөзім.
Бақытты болуға құқым бар еді. Екеуінен қорыққаннан оқуға түспегенімді жасырып, қасіретке ұрындым. Егер әке-шешем деуге тұрмайтын жандар сәтсіздігімді түсінетін, арқамнан қағып жұбататын, болашағыма үміттендіретін жандар болғанда, үйге оралар едім.
Әйелдің торына түспес едім. Әрине, тағдырдың ісі дерсіз. Бірақ, тағдырымды өз әке-шешем сызып берді ғой?!» – деген Қыздың ащы запыранға толы әңгімесін естіген имамның жаны түршікті.
Жап-жас Қыз ешкімге сенбейді. Көздерінде жастық жалын сөніп қалған. Қуаныш орнына қасірет төгердей жымиғанына қараудың өзі қорқынышты. Әрине, имаммен арада имандылық жайлы сұхбат болды.
Жас қыздың жүрегінде мүйізделген қасірет оңайлықпен жіби қоймас. Балаңыз қалтарыстағы қасірет қақпанына түсіп қалмасын десеңіз, қарапайым сырлас болудың маңызы зор. Сізден ала алмаған жылуын өзгеден іздетпей, балаңызға дос болсаңыз құба-құп!..
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.
-
1📦 Покупки на иностранных маркетплейсах: "Казпочта" продолжит растаможку посылок за клиентов
- 2922
- 1
- 23
-
2⚠️ Доброе утро! Предлагаем обзор главных новостей за 3 декабря
- 2623
- 0
- 5
-
3🇸🇦🇰🇿 Президент Казахстана провёл встречу с наследным принцем Саудовской Аравии
- 2457
- 2
- 14
-
4📈 Доходность пенсионных активов ЕНПФ с начала года достигла 14,85%
- 2370
- 7
- 19
-
5🇰🇷 Отмена военного положения и импичмент президенту: что происходит в Южной Корее?
- 2456
- 0
- 10
-
6👦🏻👧🏻 Мажилис принял закон, расширяющий возможности для талантливых детей в Казахстане
- 2395
- 1
- 17
-
7🔖 Возврат выведенных активов: 2,6 млрд тенге выделили на строительство общежития для детей в Шымкенте
- 2267
- 0
- 11
-
8⚽️ Многомиллионные хищения выявили в футбольном клубе "Каспий": арестован бывший руководитель
- 2215
- 0
- 6
-
9🚗 В законах Казахстана, касающихся автотранспорта, нашли несоответствие Конституции
- 2307
- 6
- 10
-
10📦 Третьи лица смогут получать посылки "Казпочты" за заказчиков с помощью SMS и QR-кода
- 2235
- 1
- 24