Прямой эфир Новости спорта

Кіші дәреттің кішкене әңгімелері

Бұл туралы қызық-шыжықтар шағын ауыл мен шексіз ғарыш арасына жайылып жатыр.

Ғарышта

Төбемізден 90 минут сайын айналып өтетін Халықаралық ғарыш стансасының ішінде түрлі зерттеу мен тәжірибе жүргізіледі. Соның арасында "сеперация" яғни, "айыру" аталатын әрекет назар аудартады. Сөйтіп ғарышкерлер кіші дәретін қайта таза суға айналдырмақ.

Адам қайда жүрсе де, дәретхана керек. Мейлі, алты қат аспанға шық, жеті қат жер астына түс, ас пен сусын ішеді екенсің, ендеше денеңнен соған сай қалдық бөлінбек. Жаратылыс заңы осылай. Адамзат тұрмақ бүкіл жан-жануарға ортақ заң.

Ғарышты игерудің алғашқы кезеңіндегі бірер сағатта қайтып оралатын жасанды жер серігінің ішінде дәретхана болмауы конструкторлардың басын ауырта қоймады. Ал тәуліктеп ұшатыны мен ғарышта айлап жұмыс істейтін "Мир", қазіргі ХҒС құрастырылғанда дәретке отыратын, жуынып-шайынатын орын міндетті түрде қарастырылған.

Жуырда кеңестік және америкалық ғарышкерлерге арнап жасаған дәретхананың бір-бірінен айырмашылығын, артықшылығын талдаған ғылыми еңбек оқыған едік. Оны кейін, ретіне қарай жеке сөз етуге болар.

Сонымен "сеперация" зерттеуіне оралайық. 2020 жылдың қазан айында ресейлік ғарышкерлер кіші дәреттен таза су айырып шығатын СРВ-У-РС аталатын технологияны іске қосып көрді. Бұл – ХҒС бортындағы осымен алтыншы талпыныс. Бұған дейінгі 5 тәжірибе барысында 25 литр су алынған. Бірақ, оны әзір іше қойған жоқ.

"Энергия" зымыран-ғарыш кешені бас конструкторының орынбасары Владимир Соловьев тәжірибе сегіз сатылы деп мәлімдеген. Әрекет ойдағыдай шықса, бұрынғы "Мир" кешенінде тұрған буландырғыш қондырғыдан екі есе тиімді болмақ. Жерден апаратын суға деген мұқтаждық азайтылмақ. Есесіне басқа жүкті көп жеткізуге болары түсінікті. Өйткені, зымыранмен ғарышқа шығатын жүктің әр келісіне 15-20 мың АҚШ доллары жұмсалады.

Технология тарихында көптеген жаңалық әскери салада дүниеге келген. Құпияланған. Содан кейін барып азаматтық тіршілікте қолданылған. Радарыңыздан бастап солай. Енді ғарышта кіші дәрет өңделіп, одан ауыз су алынса, бұл жаңалық Жер тұрғындарына жетері хақ. Онда ауыз судан тапшылық көріп отырған талай аймақтар игілігін көрмек.

Оқи отырыңыз: Атау, атау, атаулар

Ауылда

Кіші дәретті өңдеп ішу дегенде алдымен шалғайдағы шағын ауылымыз еске түседі. Кәмелетке толғанша сонда өстік. Мектебінде оқыдық, шаңды көшесінде көңілге талай нәрсе тоқыдық.

Өткен ғасырдың алпысыншы-жетпісінші жылдары ауылды арақ жайлай бастаған. Ер адамның түс ауа, күн бата мас болуы күнделікті көрініске айналды. Соның кесірінен аттан ауып, мотоциклден құлап мертіккендер баршылық.

Арақ ішу сәнге айналған заманда бұған бірден-бір тосқауыл әр үйдегі әжелер институты болды. "Азамат болды деген – осы" деп ащы суды ұрттағандарға әжелер тарапынан ғана тыйым түсетін.

Кеңес Одағы арақ ішуді білдіртпей насихаттап жүрді. Алып мемлекеттегі "ақша – тауар – ақша" айналысының үлкен бөлігін арақ-шарап саудасы құрады. Зауыт-фабрика жұмысшысына берілген айлық жалақы бірер апта өткенде арақ сату арқылы қайта қазынаға оралған. Арақтың бағасы оны жасауға кетер шығыннан, яғни өз құнынан төрт-бес есе қымбат еді.

Араққа тыйым салған Горбачев-Лигачев саясаты Одақ экономикасын құлдыратты. Өз беделдерін бес тиын еткенін айтпағанда.

Оларға дейін киноның бәрінде арақ құйып, соғыстырып тартып жіберетін көрініс болды. Насихат деген – осы. Ел экраннан көргенін істейді ғой. Кеңес өкіметінің іргесін салып берген Ленин "біз үшін өнер атаулының ең маңыздысы – кино" деп кеткен.

Киноңыз не, театрдағы қойылымда мұндай көрініс жүретін. Ауданға, облысқа байқауға апаратын халық театрының әртістері режиссер ретіндегі өз жетекшілеріне "графинге су емес, шын арақ құймайсыңдар ма" деп өкпелеп қоятын.

Жаппай арақ жайлаған сол қоғамда әжелеріміздің аузынан "мынау тағы сідігін ішіп алыпты ғой" деген мысқылды естідік. Маскүнем болып кетпей, саналы өскенімізге осы ащы сөздің ықпалы болған шығар.

Оқи отырыңыз: Ақ шекпендінің қара шекпенділері

Автобуста

Кіші дәретті ішуге бола ма, жоқ па? Ем үшін. Кейбір емшілердің оны дәрі ретінде ұсынғанын естігенбіз. Ауғанстандағы соғыс туралы ресейлік көркем фильмдерінің бірінде жаралы солдатқа жолдасы ішкізіп, содан сауығып кететін эпизод бар.

Шындығына келсек, бұл – ең пайдасыз, тіпті зиянды сұйық. Пайдалысы ағзаға сіңіп, керексізі ғана сыртқа шығарылатыны ғалым емес-ау, кез-келген саналы адамға түсінікті.

Ғылымға қарасақ, адам ішкен сұйықтың 70 пайызы кіші дәретке айналады. Оның 60 пайызы азот қосындыларынан тұрады. Азықтағы түрлі майдың ацетон бастаған қалдықтары осында. Белокты заттар қорытылғанда денеге сіңбейтін триозин, триптофан, фенол, индикан сынды қышқылдар бар. Одан басқасы – ішкі ағзалар түлеген сайын шығатын шлак. Қазақ тілімен, күресін.

Әлгілерге қоса белок бөлінсе, бүйрек ауырып жүр деген сөз. Билирубин деген химиялық қышқыл жүрсе, ол – бауырдың кеселге тап болғанының белгісі. Қант байқалса, дереу сусамыр ауруына тексерілу керек. Лейкоцит ере шықса, бүйрек пен қуықта және қуықтан бергі дәрет жолында кінәрат бар. Ең қатерлісі – эритроцит немесе қан байқалғаны. Онда кіші дәретке қатысты ағзаның бірінде ісік пайда болып жарылғаны немесе тас байланып, жарақаттап тұрғаны. Не болса да, жақсылық емес.

Мұның бәрін кез-келген емханадағы сараптама оңай анықтап береді. Демек, кіші дәретті ішудің өзі қатерлі. Емделу орнына ауру үстіне ауру жамайсыз. Ал іштегі бірталай ауруды анықтау үшін оның құрамын жиі тексертіп тұрған ләзім.

Сараптама демекші, бірде қызық оқиға өткен. Апта сайын моншаға барамыз ғой. Дене сыртынан тазарған соң ішін тазалап өтпекке 50-75 грамм аралығында арақ ішеміз. Апталық мөлшер.

Сондай моншаның біріне сарымсақ тұндырылған арақ алдық. Оны шағын шыныға құйып, дорбаның торлы қалтасына салдық. Автобустағы жүк қоятын жерде тұрған рюкзагымыздың сыртқы жағынан сарғыш түстес сұйықты көрген жолаушы әйел құрбысын бүйірден түртіп, "анализ" деп сыбырласын. Екеуі дереу мұрнын басқан.

Бұл – шартты рефлекс. Атақты Павлов ашқан құбылыс. Шыныдағы сұйыққа қатысты "анализ" деген сөз – баршамыз үшін кіші дәреттің синонимі. Кіші дәреттен әдетте аммиактың иісі шықпақ. Құты иісі шықпайтындай қапысыз жабылғанымен, әрі ішінде "анализ" емес, арақ болғанымен шартты рефлекс дегенін істетті.

Оқи отырыңыз: Даулы Қарабақ

Мұхитта

Кіші дәретті аммиак орнына пайдаланған кездер бар. Иә, бұл сұйық қалдықты ішуге мүлде болмаса да, сыртқы емге қолдануға жарайды.

Ертеректе Кеңес Одағы құрамында жүргенімізде орталықтан шығатын бүкіл газетті назардан қағыс қалдырмайтынбыз. Сонда "Медицинская газета" белгілі саяхатшы, телехабар жүргізуші Юрий Сенкевичке "кіші дәреттің емдік пайдасы бар ма?" деп сауал жолдаған.

Бұл – өте танымал тұлға. Ғарыштық медицина саласында қызмет еткен. Жердің тартылыс күшінен әрі қарай шығарылатын жануарларды зерттеген. Орбитада ұзақ болатын ғарышкерлерді даярлау ісіне қатысқан. Бұл үшін 1966-67 жылдары Антарктидаға барып, "Восток" стансасында қыстады.

Оның қасында біздің әрі ақын, әрі батыр Мәдидің:

Міндім де, қаракөкпен жылыстадым,
Бардым да, Қараөткелге жыл қыстадым, –

дегені ауыл арасының көрінісі емес пе. Сенкевич барған стансада тоғыз ай қыста минус 60-80 градус, үш ай жазда минус 30-35 аяз тұратын. Қараөткелдің үш ай қысы мен Антарктиданың үш ай жазының температурасы теңдес.

Ол кейін Тур Хайердалдың "Ра" және "Тигрис" қамыс қайықтарымен мұхит кезген экспедициясына дәрігер ретінде қатысқан. Одан Солтүстік полюске сапарлатқан. Медицина-биология мәселелері институтында бөлім басқарған. Демек, оның пікіріне құлақ аспай болмас.

Пікірді баяндамас бұрын дәрігер-тележүргізушінің өмірінің соңына қарай Алтай мен Атырау арасын аралап, Қазақстан туралы деректі фильм түсіру ниетінде болғанын айта кеткен жөн. 2003 жылы Атыраудың іргесінде, қазақ-ресей шекарасында түсірілімді бастайды. Каспий мәселесіне арналған бұл сюжет сценарийдегі он бөлімнің бірі еді. Сол сапарында қазақ журналистерімен кездескен. Арада бір апта өткенде кезекті "Киносаяхатшылар клубы" бағдарламасын студияда жазу үстінде жүрек талмасы ұстайды. Ауруханаға жетпей қайтыс болып кетті!

Енді кіші дәретті денеге жағуға қатысты естелігіне оралайық. "Медицинская газетаға" жауабында Сенкевич "Ра" қайығында жолдасы Норманның жалаңаш денесіне мұхит толқынмен лақтырып жіберген су жануары жабысқанын айтады. Бұл – ғылыми атын кім білген, теңізшілер "португал кемесі" деп атайтын түрі қызыл-жасыл құбылып тұратын медуза еді. Алдында оны қызықтап ұстаймын деп Сенкевичтің өзі қолын күйдірген.

Енді бірнеше метрлік шұбалған, сансыз ұсақ тікенекті пәле Норманның денесін орап, жанын шыдатпай күйдіріп барады. Қайтпек керек? Көпті көрген Хайердал "бұған аммиак құймаса айырылмайды" депті.

Дәрігер Сенкевич емге қажеттінің бәрін алып шыққан, тіпті спирт жеткілікті, бірақ аммиак керек деп ойламапты. Дереу бүкіл экипажды кокос қабығына ...сигізген. Соны Норманның денесіне құйғанда ғана медуза ажырайды. Сөйтіп жолдасының жаны қалады.

Медицина тарихында кіші дәреттің пайдасы туралы біз естіген бірден-бір оқиға осындай.


Юрий Сенкевичтің Орта Азияға сапары

Юрий Сенкевичтің Орта Азияға сапары / Фото интернеттегі ашық көздерден алынды


Оқи отырыңыз: Долананың дәмі

Тибетте

Сапарға шыққыш Сенкевичтің басынан кіші дәретке қатысты екінші оқиға өткен. Әлгі жер үстінің ең суық нүктесінде боған жәйт. Оны баяндамас бұрын шағын ауылдағы бала кезімізді тағы бір шолып шығалық.

Онда ақсақалдар көп еді. Әңгімелері жетерлік. Байдың жылқысын баққандарынан әскерде болғандарына дейін. Сөздерінің өтірік-шыны аралас, әрине. Бәрібір күлгенге жақсы.

Поляр шеңберінен әріде қызмет еткен ақсақал: "ойбой, ол жердің суығын айтпа, кіші дәретіміз жерге жете бере мұз болып қатып, алақанның қырымен қағып түсіретінбіз" деп күлдіретін. Кейін Сенкевич жарықтықтың естелігін оқығанда ауыл шалының әсірелеп жібергенін білдік.

Оқиға былай болған. Сенкевич "Восток" стансасына келген соң Джек Лондон әңгімесіндегі "түкірік жерге қатып түсіп, сыңғыр ете қалатын" деген рас па, соны тексермек болады. Минус 70 градуста бірнеше рет түкіргенімен сыңғыр ете түспейді.

Содан Сенкевич сынақты былай жетілдірмек болады. Минус 80 градустық аязда станса төбесіне шықса. Төменде біреу кіші дәреттің мұзға айналып түскенін бақылап тұрса. Ұсынысқа жолдасы Александр Завадской қызығып, "шық та шаптыр" демей ме!

Не керек, кіші дәрет жерге жеткенше қатпапты. Рас, желмен ұшқан тамшылары жолдасының курткасына жабысқан соң сары моншақ болып тізіліп қалған. Бар тәжірибе Завадскойдың жақсылап боқтауымен біткен сияқты.

Экспедициядағы ғалымның бірі бұларға зәрдің неге мұз болып сыңғыр ете қалмағанын түсіндірген. Оны жазсақ, физика пәнін біраз қуалап кетпекпіз. Мақаланың өзегі Сенкевичке қатысты оқиғалар болғандықтан, әрі бір тұста адам ағзасының маңызды мүшесі бүйрек екені айтылған соң және бір қызықты қоса кетелік.

Атақты саяхатшы Непалда болғандағы оқиға екен. Тибетте бүйректің тасын адамды қинамай алып беретін бақсыны телевизияға түсіруге барады. Зікіріне белгіленген ақысын төлейді. Жынын шақырған бақсы Сенкевичтің денесін сыртынан түрткілеп тұрып, алдындағы ыдысқа әлгінде қуысы бос болған түтік арқылы жүгерінің дәніндей тас түсіреді. "Міне" деп қолына ұстатады.

Мәскеуге әкелінген тасты тексерген дәрігерлер "мынау расында, бүйректен шыққан" депті. Одан әрі диагностика жасатса, саяхатшының бүйрегі сап-сау. Ыстық мұхитта пен суық мұзда зәрімен бірнеше тәжірибе жасаған Сенкевичтікі сау болмағанда, кімдікі бүтін болсын! Сонда әлгі тастың қайдан пайда болғанын бақсыдан басқа ешкім білмеді-ау.

Кіші дәретке қатысты естіп-білгендеріміз осындай. Енді соны тазартып, ауыз суға айналдыратын аппараттың кір мәшинесі сияқты әрбір үйде тұрғанын көрсек дейміз.

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Популярное в нашем Telegram-канале
Новости партнеров