Прямой эфир Новости спорта

Ақ шекпендінің қара шекпенділері

Патшалық Ресейдің реформаторы атанған Столыпин қазақ даласына қалай "жүргіштерді" жіберді?

Нүкте қойылған жер

Киев қаласының көрікті, тарихи орны көп. Жаңасы мен ескісі жетерлік. Біз футболдан Еуропа чемпионатының ойынын тамашалаған стадионы неге тұрады?! Жас кезімізде мұнда атақты "Динамо" дүрілдеп тұрған. Блохин мен Буряктың даңқы онда ғарышкерден кем емес.

Айтпақшы, тағы бір стадион бар. Бұрын "Зенит", беріде "Старт" аталған. Онда Киевте қалған бірнеше команданың спортшылары 1942 жылы 9 тамызда неміс командасымен футбол ойнаған. Киевтіктер 5:3 есебімен жеңген. Кеңестік идеология бұл ойынды "қасіретті" етіп насихаттап, "ұтып кеткен футболшылар жаппай жазаланған" деп көрсетті. Ақиқатында ойыннан кейін ешкім ұсталмаған. Біраз уақыттан соң командадағы НКВД агенті анықталып, фашистер соны азаптаған.

Осындай тарихи оқиға өткен орынның бірі деп Киев опера театрын айтуға болады. Ғимаратты қарсы алдынан қарағанымызда ескі екен. Үш қабатты, соншалықты ауқымды емес. Бүйір жағын айналғанда биіктігі бес қабат болатын залы барын байқадық. Сол замандағы театр үшін стандартты құрылыс. Алып бара жатқан ештеңесі жоқ. Ал ішінде қанды оқиға өткен.

1911 жылы 1 қыркүйекте театрда патшаның құрметіне "Салтан патша туралы аңыз" операсы қойылды. Оны тамашалауға ІІ Николаймен бірге келген үкімет басшысы Петр Столыпинге қастандық жасалды.

Әппақ шекпен киген, кесек денелі премьер-министрді тіреп тұрып тапаншамен атқан. Бір оқ денесін қалқалай бергенде қолына тиген, екіншісі кеудедегі алақандай орденнен ыршып, бауырды талқандаған. Оны дереу ауруханаға жеткізді. Үш күннен соң ағайынды Маковский емханасында қайтыс болды.


Богровтың Столыпинді ату сәті

Богровтың Столыпинді ату сәті / Суретші Диана Насыпованың картинасы


Осылайша, қарақшы Дмитрий Богровтың қанды қолымен Ресей тарихындағы ерекше тұлғаның тағдырына нүкте қойылды. Бірақ, бұл екі оқ Столыпин реформасына нүкте қоя алмады. Оның нүктесін сансыз оқ атылған Бірінші жаһандық соғыс пен оған жалғасқан Ресейдегі Ақпан және Қазан төңкерістері қойған.

Оқи отырыңыз: Даулы Қарабақ

Қазық қағылған жер

Қазақ ұлтына санадан өшпестей зорлық-зомбылық жасаған адамдар дегенде атаман Ермак, коммунистік көсемдер Голощекин мен Колбин алдымен ауызға оралады. Бұл орайда патша үкіметінің премьер-министрі Столыпин ескеріле бермейді. Ресей сарапшылары оны империяны құтқарушы деп санайды, ал қазақтың бұл тұлғаға көзқарасы мүлде басқаша болуы тиіс.

Өйткені, байтақ далаға қарашекпендер қаптауына басқалардан бұрын Столыпин себепкер еді. Рас, оған дейін-ақ ішкі жақтан шыққан орыс мұжықтары империяның шетіндегі жаңа өлкелерге там-тұмдап қоныс аударған.

Столыпиннің аграрлық реформасы жер иелерінің тұтас қатпарын қалыптастыруды көздеді. Бұл үшін империяның еуропалық бөлігінде бұрын жерсіз отырған немесе ұлтарақтай ғана жері болған шаруаларды жаппай азиялық аймаққа көшіру керек еді.

Деректерге жүгінсек, 1885-1905 аралығындағы жиырма жылда славян мен түркі халықтарының арасын бөліп жатқан Таскемер тауынан 1,5 миллион орыс асып түскен. Столыпин өз реформасын бастаған 1906 жыл мен Бірінші жаһандық соғыс қызған 1914 жыл аралығында 3, 5 миллионы көшкен. Демек, сегіз жылда бұрынғы жиырма жылғыдан екі есе көп адам Сібір мен қазақ халқын ығыстырып, құнарлы жерге қоныстанды.

Жер бөлу мен жерге орналастыру басқармасы Екатеринослав, Полтава, Херсон, Таврия губернияларының шаруаларын Торғай, Орал және Семей облыстарына аттандырды. Ақмола облысына Саратовтан бері қарайғы губерниялардың жер іздеушілері жіберілді. Олар сол тұстағы барлық құжатта "ходок", яғни "жүргіш" деп жазылатын. "Қара шекпенді" сөзін қазақ бұлардың жұтаң да біркелкі сырт киіміне қарап шығарған.


Қара шекпендердің көшіп келуі

Қара шекпендердің көшіп келуі / Сурет homck.com сайтынан алынды


Столыпин өз "жүргіштерін" бес жылға салықтан босатты. Одан кейін бес жыл бүкіл салықтың жартысын төлейтін болды. 18 жасқа толған ер адам үш жыл әскерге шақырылмайтын. 1907 жылы осы және басқа жеңілдіктерді 6,5 миллион дана брошюрамен түсіндіріпті.

Үкімет басшысы 1908 жылы ІІІ Мемлекеттік думада сөйлеген сөзінде "Аймақтағы жеріміз алтынға бай, орманы қалың, құнарлы алқабы егін салуға молынан жетеді" деген. Осылай қазақ пен Сібірдің даласы, Кавказдың өңірі бұрын орысқа қарағанымен, онсыз өмір сүрсе, Столыпин осы аймақтарға қара шекпенділер қолымен қазық қаққызды.

Бұл кезде Сібірге қарай Транссібір темір жолы салынған. Үкімет дереу көшке лайық вагондар жасатты. Оның іші екі қабатты ағаш сәкіден тұрды. Ортасына темір пеш орнатылды. Бұлар беріге дейін "Столыпин вагоны" аталып, екі жаһандық соғыста солдат тасыды. Тіпті, сталиндік саяси қуғын-сүргін кезінде Қиыр Шығыс пен Кавказ халықтарын осымен көшірген.


"Жүргіштер" Столыпин вагондарына мінер алдында

"Жүргіштер" Столыпин вагондарына мінер алдында / Сурет gudok.ru сайтынан алынды


Сол сияқты Ресейде дар ағашы "Столыпин галстугі" аталатын. Оның үкімет басқарған тұсында патшаға қарсылардың тағдырын мойынға ілген арқан тұйықтап жатты.

Оқи отырыңыз: Жалғасқан жағалар

Қуғын басталған жер

Қазақ халқының көрнекі өкілдерінің тағдырына Столыпиннің сырттай болсын ықпалы, анығында салқыны тиді. Ал бүкіл халқымызға келтірген залалы орасан.

Жалпы Петр Столыпин қайдан пайда болып, қай жерді тесіп шықты дегенді айта кетелік. Дворян әулетінен. Германияда туған. Ол кезде дәулетті отбасының қатыны Ресейде емес, Батыс Еуропада босанғанды жөн санайтын. Айтпақшы, бұл өзі – әмеңгер. Дуэльде қаза тапқан ағасының қалыңдығына үйленген.

ХХ ғасыр басында Гродно губернаторы болған. Келер жылы осындай қызметке Саратов губерниясына келген. Сонда жүріп екі рет патшаны қарсы алды. Екінші жолы әміршінің алдына 400 оқушыны құттықтауға шығарып, ерекше әсер еткен. Біздің әкімдер де бұл тәсілді тәп-тәуір меңгергенін ХХІ ғасырдың телевизия көріністерінен байқауға болады.

Төңкеріске шақыру, түрлі бүлік пен қарақшылық тыйылмаған 1906 жылы сәуірде Столыпин Ішкі істер министрі болып тағайындалды. 8 шілде күні үкімет басшысы қызметіне жетті. Ертесінде патшаға айтып, оппозиция ретінде танылған Бірінші мемлекеттік думаны тарқатқызды. Оның құрамында Торғай, Орал, Семей және Ақмола облыстарынан Бірімжанов, Қалменов, Бөкейханов, Қосшығұлов бар еді. Бұған қоса Уфа губерниясынан Жантөрин, Астрахан губерниясынан Тұңғыт та ұлты қазақ депутаттар еді.

Шешімге наразы 169 депутат пойызға мініп, Финляндияға кетеді. Сонда атақты "Выборг үндеуін" жариялады. Сайлаушыларды дума тарқатылғаны үшін салық төлемеуге және әскерде қызмет етпеуге үндеді. Үкімет басшысы қарсы шара ретінде патшаны арнайы жарлық шығаруға көндірген. Ол бойынша үндеуде аты көрсетілгендер келесі сайлауға қатыстырылмайды. Үндеуге қол қойғаны үшін дума депутаты Әлихан Бөкейханов 3 ай түрмеге жабылған.

Столыпин қаталдығымен танылған. Оның үкіметі 1906 жылғы 19 тамызда "Әскери-дала соттары туралы ереже" шығарды. Онда: "азаматтық істерді әскери сот 48 сағатта қарап, үкім шығару керек, үкім одан әрі 24 сағатта орындалуы керек" деп көрсетілді.

Кейін Сталин басқарған социалистік дәуірде осындай тәсілге Ежов пен Берия жүгінген ғой. "Сара жолды" Столыпин салып кеткені даусыз.

Оқи отырыңыз: Қазаға қатысты наза

Жансыз жұмсалған жер

Бәрібір Столыпинді қазақ өлтірген жоқ. Тіпті, соның кесірінен жері талапайға түскен күллі түркі халқынан ажалы келген жоқ. Киевтегі театрда оны қандасы Дмитрий Богров деген студент атты. Оның өзі он күннен кейін "Столыпин галстугінде" салбырап тұрды.

Тарихты зерттеушілер бұл – жалғыз адамның ісі емес, ұйымдастырылған әрекет деген пікірде. Өмірінің соңғы кезінде үкімет басшысы мен патша ІІ Николайдың арасынан ала мысық өткен. Бұл, әсіресе, сайлау туралы заңды дайындау мен қабылдау кезінде көрініс тапты. Екеуі екі түрлі, кереғар ұстанымда болды. Патшаның иек қағуымен "оңшыл" депутаттар үкімет басшысының ұсынысын өткізбейді.

Бұған наразы Столыпин 1911 жылы наурыз айында қызметтен кетуге арыз берді. Патша арызға "келістім" деп қол қойғалы жатқанда анасы Мария Федоровна іске араласып, үкімет басшысын орнында қалдыртады. Кім білген, доғарысқа кетсе, басы аман болар ма еді? Текетірестен шаршаған ол жаз уақытында демалысқа шығады.

Осы кезде Киев қаласында ІІ Александр патшаға ескерткіш ашылмақ екен. Атасын құрметтеген ІІ Николай өзі бармақшы. Премьер-министр соған қатыспақ болады. Столыпиннің ниеті патшамен қайта татуласу болса керек. Ал ІІ Николайдың қандай ниетте болғанын тарихи оқиға өзі әйгіледі.

Патша баратын театр ішінде тапаншалы қарақшы қалай пайда болды? Оның өзі бір жағынан төңкерісшілер тобында болса, екінші жағынан Аленский және Капустянский деген бүркеншік аттармен полицияның агенті екен. Патшаның 95 күзетшісінің және Киевтің жүздеген офицерінің оны анықтамауы мүмкін емес еді. Демек, бұл жансыз не тікелей әміршінің тапсырмасын орындады, не оны патшаға жаққысы келгендер жұмсады. Тарихта мұндай мысалдар көп.

Оқи отырыңыз: Митинг мәдениеті

Ақиқат айтылған жер

Богров дереу дарға асылды дедік. Оны асығыс тергеп, жедел көзін құртудың сыры болса керек. Сонымен жабулы қазан жабулы күйінде қалар ма еді.

Кешікпей Киевте болғандардың бірі – патша сарайының коменданты Дедулин оқиға барысында қасында жүрген Курлов дегенді ішкі істер министрі қызметіне ұсынды. Бұған Думаның келісімі керек. Сонда Столыпиннің депутат жақтастары өре түрегелді.

"Байтал түгіл бас қайғының" кері келді. Парламенттік комиссия құрылып, ол Курлов пен Киев күзетінің бастығы Кулябконы қызметтеріне сәйкес емес деп тапты. "Бұлардың бейғамдығынан аса қайғылы оқиға болды" деп көрсетілді шешімде.

Столыпиннің қазасына бір жыл толғанда осылай ақиқат айтылды және оған Киевте еңселі ескерткіш қойылды. Бірақ, ескерткіш ұзақ тұрмады. Оны да, ашылуына Столыпин қатысқан ІІ Александр патшаның ескерткішін де кешікпей большевиктер құлатты.

Большевиктер тарих сахнасына шығысымен патша премьеріне басқаша баға берді. Баға 1920 жылы тамыз айында Мәскеуде өтіп, Түркістан және Қазақ республикаларының жағдайын талқылаған кеңесте айтылды. Оған Ленин өзі төрағалық еткен.

Кеңесте Түркістан комиссиясының мүшесі Георгий Сафаров столыпиндік реформаны тас-талқан етіп сынады. Отаршылар қоныстанған аймақтарда жергілікті ұлт азып-тозып кеткенін, айдалада қаңғып қалғанын ащы етіп айтты. Столыпин қалыптастырған кулактар ежелгі жерінен айырылған қазақтарды батырақ етіп отыр. Байырғы халықта еш хақы қалмады, адамдық қасиеттері аяққа тапталды. Осылай ашына сөйлеген Сафаров "барлық кулакты Түркістан өлкесінен дереу көшіріп, олардың орныққан жерін бұрынғы иелеріне қайтарып беру керек" деп тікесінен тартты.

Одан кейінгі баяндамашы – Қазақ республикасының өкілі Әлімхан Ермеков жер мәселесі мұнда да асқынып кеткенін айтты.Столыпин реформасы ішкі Ресейден келгендердің мүддесін қорғады. Жергілікті халықтың бар екені, олардың өмір сүруге хақылы екені ауызға алынбады. Өзен-көлдің жағалауы, орман жиегі сияқты қара топырақты аймақтар күшпен тартып алынды. Ертіс бойындағы он шақырымдық алқапқа байырғы халық жолай алмайды. Оны кейін, тіпті, 70 шақырымға жеткізіп тастады. Каспийдің солтүстігіндегі "миллиондық қор" аталатын жағалауға кіруіне тыйым салынған. Ірі кулактардан басқа шіркеу, монастырь дегендер ұлан-ғайыр құнарлы жерге иелік етіп отыр. Оған мал жайғаны үшін қазақтар ақша төлейді.

Баяндамашы осы кезге дейін қоныстандырылмаған жерді қазаққа қайтаруды және ішкі Ресейден көшіруді тоқтатуды сұрады. Ленин бұратана халықтан келген Ермеков пен Орталықтан барған Сафаровтың сөзін қалай салыстырғаны тарихтан мәлім.

Патша премьерінің саясаты кейін осылай бағаланды. Ақиқат ақыры айтылды. Әттең, Әлімхан Ермековтың ішкі Ресейден көшті тоқтату туралы ұсынысын Ленин қолдағанымен, Сталин мен бергі көсемдер құлаққа ілмеді. Индустрияландыру, тың игеру, тау-кен, атом өндірістері мен әскери полигондар жергілікті халықтың қасіретін бұрынғыдан қоюлата түсті.

Бұл – басқа тарих. Бәрібір бастауында Столыпин тұр.

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Популярное в нашем Telegram-канале
Новости партнеров