Ары таза адамның шыққан биігі әдемі көрінеді. Өйткені, ол не нәрсеге қолы жетсе де, таза жетеді. Оған ешкім барып даурығып, шекпенін шешіп ала алмайды. Негізі, ар, ұят, намыс – адамның иманының деңгейін көрсететін негізгі қасиеттер.

Абай өзінің бір сөзінде "Ұят кімде болса, иман сонда" деген хадисті келтіреді. Ал сол ұят деген не өзі? Біздің бойымызда бар ма? Болса, қандай ісімізге ұяламыз? Осы "ұят" деген ұғымның шеңберінде Абайға сүйеніп әңгіме өрбітіп көрейік.

Надандықтың ұяты

Абай: "Бір ұят бар – надандықтың ұяты, жас бала сөз айтудан ұялған секілді, жақсы адамның алдына жазықсыз-ақ әншейін барып жолығысудан ұялған секілді" дейді. Шынында да, өзі кінәң болмаса, ешкімнің алдында жазықты болмасаң, болмайтын жерде қысылып, қызара кету – надандықтың көрінісі. Ол есейіп ер жетсе де, әлі ішкі жасы есейе қоймаған, өзі ел алдында ұялатындай іс жасамаса да, артында ынжықтығы басымырақ келетін сипат. Абай оны "Не шариғатқа теріс, не ақылға теріс жазығы жоқ болса да, надандықтан бойын керістендіріп, шешілмегендік қылып, ұялмас нәрседен ұялған мұндай ұят шын ұялу емес – ақымақтық, жамандық" деп бір-ақ қайырады.

Надандық, жамандық, ақымақтық деуінің де жөні бар. Мысалы, бір адам өзінің ауруын айналасынан жасырса, ол ұяттан емес. Ол надандықтан. Айтсын, емделсін.


Оқи отырыңыз: Абай баланы қалай тәрбиеледі?


Тағы бір мысал айтайын. Әуежайда чемодандарды целлофанмен орап беріп тұратын қызмет бар. Айлығы әжептәуір, жүз мың теңгеден асады. Сонымен, осы жерде ауылдан келген бір жігіт қызмет етіп жүр екен. Сөйтсе, таныстары көріп, "өй, елдің сөмкесін осылай орап отырасың ба? Осы ма жұмысың?" деп күліпті. Содан әлгі жігіт ұялып, жұмысын тастап кеткен. Бұл ұят па? Жоқ, бұл надандық. Екеуінің ара жігін ажыратарлық ақыл керек.

Абай сынайтын ұяттың тағы бір мысалы – елден ұят деп кредит алып, шашылып той жасау. "Бүйтпесек, ұят, сөйтпесек ұят" деп, қымбат мейрамхана, асаба жалдайды. Рас, оны кейбіреу дарақылықпен, мақтанмен жасайды. Енді бір адам мақтанайын демейді, бірақ, әлгі даңғойлардан қалып қоюды ұят санап, өзін қинайды. Бұл да надандықтан болатын ұят.

Бір танысым ауылындағы мына бір оқиғаны айтып еді. Бір жігіттің жақыны қайтыс болыпты. Өзі кедей екен. Бірақ, қарызданып жылқы сойып асын өткізіпті. "Сені ешкім сөкпейді, соймай-ақ қой" дегенге болмай, "Елден ұят болады" деп бой бермей қойыпты. Ал өзінің екі қарындасы қалада ақылы оқиды екен, кеште кафелерге барып ыдыс жуады. Сонда қалай? Қарындастарының кеште сыра сасыған кафелерде шалқақтаған небір есалаңға қызмет қылып жүргеніне ұялмайсың, ал жылқы соймай қалғаныңнан ұяласың.

Сонымен, Абай айтатын ұяттың біріншісі – надандықтың ұяты.


Оқи отырыңыз: Абай қандай қазақты көргісі келді?


Шын ұят

Абай: "Шын ұят сондай нәрсе, шариғатқа теріс, я ақылға теріс, я абиұрлы бойға теріс бір іс себепті болады" дейді. Былайша айтқанда, адамшылықтан алыс жатқан істің күллісі шын ұялатын нәрсе, шынында да.

"Сегіз аяқта" Абай: "Тасыса өсек, ысқыртса кесек, Құмардан әбден шыққаны, Күпілдек мақтан, Табытын қаққан, Аңдығаны, баққаны" дейді. Сөйтіп келеді де: "Ынсап, ұят, терең ой, Ойлаған жан жоқ, жауып қой" дейді. Түңіліп айтады. Ар-ұят деген жабық есік ашылмау керек, бір ашылды ма, тоқтату қиын. Кейде ұяттың пердесі жыртылса, небір азғындық пен адам ұяларлық сорақыны жасаудан тайынбайды.

Абай: "Қайнайды қаның, ашиды жаның мінездерін көргенде, Жігерлен, сілкін, қайраттан, беркін деп насихат бергенде. Ұятсыз, арсыз салтынан, Қалғып та кетер артынан" дейді. Нақыл айтып отырсаң, қалғиды дейді. Осындай кезде айтылса керек.

Ал осы шын ұяттың екі түрі болады.

Біріншісі. "Біреуі – ондай қылық өзіңнен шықпай-ақ, бір бөтен адамнан шыққанын көргенде, сен ұялып кетесің. Мұның себебі сол ұят істі қылған адамды есіркегендіктен болады. "Япырым-ай, мына байғұсқа не болады, енді мұның өзі не болады" дегендей, бір нәрсе іштен рахым секілді болып келіп, өзіңді қысып, қызартып кетеді" дейді Абай отыз алтыншы қара сөзінде.

"Бетті бастым, қатты састым, тұра қаштым жалма-жан". Бұл да Абайдың сөзі. Бетті басқың келетін ұялу. Қарадан қарап өзің қысыласың.

Басқа адам үшін ұяла алу – ол да адамдықтан, оны жаман іске қимағандықтан болады. Мысалы, досың бір нәрсені "бүлдіріп" қояды, сол үшін ұяласыз. Анасы баласы үшін ұялуы мүмкін. Мұның барлығы сол адамның сондай жағдайға түскеніне бейжай қарай алмау. Былайша айтқанда, ана адамға деген жанашырлық, махаббаттан болатын ұят.

Енді ұяттың осы түріне қазіргі кезде әдейі қоғамда қастандық, қаскөйлік жасалып жатыр. "Ұятмен" деп ат та қойып алды. Ол "ұятменді" жалаулатудың жолында бірнеше топ арнайы жұмыс істейді. Идеологиялық топ десем де жаңылмайтын шығармын, құдай біледі. Қазақтың жігіті қазақтың қызы үшін ұялып, "әй қарындасым, қой, ұят болады, етегіңді жап, айналайын, аузыңды жаман сөзбен былғама", "әй қарындасым, сен қазақтың қызысың, жаман кейіпке түспе, аузыңдағы шылымыңды таста" десең, "сен, ұятменсің" деп шығатын жағдайлар келіп жатыр қазір. Ұятмен деген бір көштен қалған, өркениеттен қалған, кертартпа, надан деген сөздің синонимі секілді қылып қазір біздің санамызға сіңіріп жатыр.

Жоқ жерден ұятмен боп қалмайын дейді де, адамдар бір-біріне ізгілікті үгіттесуден, жамандықтан ескертуден, жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыюдан қорқып қалды. Ұялудың өзіне ұялатын жағдайға жеткізді. Ақыр соңында, қоғамда ұят деген ұлы сөз жағымсыз мағынада қалыптаса бастады. Бұлай кете берсек, біздің балаларымыз, немерелеріміз ұялудан сақтанып, ұятсыздықпен мақтанатын жағдайға жетуі мүмкін. Адамшылықты қымтап тұрған үлкен бір қорғанынан айырылып қалады. Осындай бір қауіп жоқ емес. "Ұят кімде болса, иман сонда" деп Абайдың өзі келтіретін хадисіміз қайда қалды сонда?

Адам не кісіден ұялмаса, не өзінен ұялмаса, не құдайдан ұялмаса, онда Достоевский айтқандай, "если бога нет, то все дозволено", қазақша айтқанда, "құдайдан қорықпағаннан қорық" болғаны. Сол айтқандай, адамды ұяты, ары сақтамайтын болса, әркім ойына келгенін істей берсе, не болады? Хаос болады!

Тұрсынбек Қабатов бір әзілінде: "Біреу жетістікке жетіп жатса, "қойшы-ей, мүмкін емес, сатып алған шығар, ондай оның қолынан келмейді" дейді де, ал біреу қателік жасай қалса, "Е, мен біліп едім ғой солар боларын" деп сол адамды жерге тығып жібере жаздаймыз" делінеді. Бұл өзге үшін ұялу деген де адамзат баласының құнын арттыратын өзгеше қасиет. Біз қазір осы қасиетке зәруміз.

Абай айтқан шын ұяттың екінші түрі өзің үшін ұялу. "Ол сондай ұят – шариғатқа теріс, я ақылға, я абиұрлы бойға теріс, я адамшылыққа кесел қылық, қатеден яки нәпсіге еріп ғапылдықтан өз бойыңнан шыққандығынан болады". Яғни, өз жасаған ісіңнен ұялу.

"Мұндай ұят қылық қылғандығыңды бөтен кісі білмесе де, өз ақылың, өз нысабың өзіңді сөккен соң, іштен ұят келіп, өзіңе жаза тарттырады. Кірерге жер таппай, кісі бетіне қарай алмай, бір түрлі қысымға түсесің" дейді Абай. "Мұндай ұяты күшті адамдар ұйқыдан, тамақтан қалатұғыны да бар". Бұл да Абай сөзі. Осындай ұялу бар ма өзі қазір біздің бойымызда?

Елорда мен Алматы карантинге жабылды. Қаладағы студенттер, тағы басқа да адамдар өздерінің қалаларына, ауылдарына қайтып жатыр. Сондағы таксидің бағасының көтерілгенін көрсеңіз, масқара. Кемі 3 есе өсіріп жіберген.

Ақтөбені су басқан кезде, 2-3 мың тұратын резеңке етікті 10 мыңнан сату, Қордай асуында қарға қамалғандарға бір бөлке нанды 2 мың теңгеге саудалау секілді мысалдарды естіп жатамыз.

Бұл да сол ұятсыздықтан, ынсапсыздықтан, арсыздықтан туған дүние. Ұяты болса, ары жібермес еді. Елдің басына осындай дүрбелең келіп жатқанда, ар мен ұятымыз сыналатын кезде, ондай ең аяулы қасиеттерді ысырып қойып, бір күндік тамағымен осындай дүниеге бару – адам ұяттан күсіп қалған жағдайда болатын нәрсе.

Ұятмен деген секілді теріс насихаттар болса, енді бірі – "басқалар да істеп жатыр ғой, онда тұрған не бар?" деп жатады. Бұл да – бір сұмырай ақталу. "Елдің бәрі пара алып, пара беріп жатыр ғой. Елдің бәрі заң бұзып жатыр ғой. Елдің бәрі некеге дейін ардан аттап жатыр ғой. Елдің бәрі аборт жасатып жатыр ғой, онда тұрған не бар?".

Осылайша, өтірік, өсек, мақтаншақтық, жігіттің сөзінде тұрмауы, уәдеден тайқу, аманатқа қиянат, осалдық, ата-анаға құрметсіздік, досқа сатқындық, қыздың арын сатуы, зина, алаяқтық, пара тағысын тағы, бұның бәрі ұят емес жағдайға жетті қазір. Кәдімгі нормаға айналдырады кейбір ұятсыздықтар. МАЙ тоқтатады, берген шопыр ұялмайды, алғанына анау ұялмайды. Қияметтің белгісін баяғыда шалдар айтқанда, мысал үшін "әділетсіздік, арсыздық нормаға айналады" дейді ғой. Арсыздық нормаға айналған қоғамның болашағы, түсінікті, бұлыңғыр.

Қазір жаһанданып жатырмыз дейміз, еліктейміз, дамыған қоғамнан үлгі алып жатырмыз дейміз. Не пайда сенің дамыған қоғаммен жағаласа жарысқаның, егер адами құндылықтарыңның қазынасы ортайып жататын болса.

Абай: "Ұят деген – адамның өз бойындағы адамшылығы, иттігіңді ішіңнен өз мойныңа салып, сөгіс қылған қысымның аты. Ол уақытта тілге сөз де түспейді, көңілге ой да түспейді. Көзіңнің жасын, мұрныңның суын сүртіп алуға да қолың тимейді, бір ит боласың. Көзің кісі бетіне қарамақ түгіл, ешнәрсені көрмей қалады" дейді. Қылған ісіне осыншалық деңгейде ұялатын адам бүгінде біздің арамызда бар ма, ағайын? Болса, бар ғой енді, ел болған соң болатын шығармыз енді, бірақ некен-саяқ. Кейбіреуі болмаса, анда-санда.

Керісінше, ұялмайтын нәрсеге қызарып, ұялатын нәрсеге ұялмайтын деңгейге тереңдеп түсіп кеткен жоқ па екенбіз деген ой келеді. Қорқасың.

"Ұят игіліктен басқа ешнәрсе алып келмейді" деген хадис бар. Ұят деген – тәртіп. Ұят деген – таразы. Ұят деген – реттеуші. Ұят деген – ешкімнің зорлығынсыз адам баласын дұрыс жүріп, дұрыс тұруға қамшылайтын күш. Ұят деген – намыспен ықпалдас ұғым өзі. Ұят бар жерде бүкіл дүниенің пердесі, бүкіл дүниенің қалқаны, адамшылықтың, иманның қалқаны – ұят. Сондықтан Абайдың осы ұятқа келгенде ерекше бір толғануы бекер емес.

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының: "сөзі жоғалған жұрттың өзі жоғалады" деген сөзі бар. Бұрын осы "ұят" сөзі жүз адамның ортасында жүз рет айтылады десек,шартты түрде, қазір он рет айтылуы мүмкін. Оның бесеуі "ұятмен" мағынада айтылуы мүмкін. Қазақ бала тәрбиесінде "ұят болады" дегенді көп айтады. "Әй елден ұят", "әй, мынауың ұят болады". Ұяттан адамның жүзі қызарып кетеді. Неге? Өйткені ол сөзде, ұят деген сөз энергетикалық қуатқа ие, энергиялық қуаты бар ол сөздің, тірі сөз. Яғни, ұяты бар деген сөз. Әжелеріміз "ұят болды" дегенде өзінің жүздері қызарып кеткенін де бала күнімізде көрдік.

Ал, ұят сөзі айтылып жатқанда еш әсер бермейтін болса, онда ол сөз бойымыздан жоғалып барады деген сөз. Адам бойынан күнде өлетін клеткалар секілді осындай сөздеріміз де өліп жатқанға ұқсайды. Яғни, бойымыздан сөз жоғалып жатыр, сөз дегеніміз біздің болмысымыз, болмысын жоғалтқан ұлт ол азғындайды, жоғалады. Ахаң айтып отырған "сөзі жоғалған жұрттың өзі жоғалады" дегені осыны меңзейтін сияқты.

Ұяты бар ұл мен қыз ұлт сапасын көрсетеді, ерекшелігін әйгілейді, бірден бір көрсеткіш. Қанша жерден қыңыр тартсаң да, өзгермейтін қағида. Осыны ұмытпайық. Ұятымыз бойымызда болсын.




Мнение автора может не совпадать с позицией редакции.

Өзіңізге ыңғайлы жерден informburo.kz оқыңыз:

Facebook | Instagram | Telegram

Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter