Ондайлардың ішінде ұлы ақынды "нигилист", "буддист" атағандар да бар. Қызды-қыздымен Абайды физик, химик дегендер де болды. Абайдың сөзінен өзіне керек фразаны жұлып алады да, ары қарай тәпсірлемейді. Сөйтіп, ойын басқа арнаға бұрып, Абайға жала жабады. Мысалы, ақын өлеңінің "Орыстың білімін, ғылымын үйрен, жеткіз, бүкіл дүниенің кілті сонда" деген сөзін бөліп алып, оны нигилист етіп шығарады. Бірақ, Абай оны "орыстың законсыз қорлығына көнбеу үшін, олармен бірдейлік дағуасына кірмек үшін" деп түсіндіріп берді емес пе? Демек, Абай "орыспен терезеңді теңестір, оның тілін үйрен, соның қаруымен қарулан" деп тұр.
Оны қалай нигилист дерсіз? Абайдың Лермонтов, Пушкин, орыстың өзге де ұлы ойшылдарына құрмет көрсетуі түсінікті нәрсе. Ал жалпы босқыншы жұрт ретінде Абайдың тарапынан құрмет көріп тұрған жоқпыз. Ақынның өзінің "Басыбайлы боп, бағынбай тұрған кезінде...", болмаса "Қазақтың орысқа кіріптар болмай тұрған кезінде.." дейтін сөздері бар. Одан қалды, Абайдың аузына "Шіркін-ай, жас кезімде білінбепті, кришна ілімін меңгеруші ем" дегенді салып, дінбұзар етіп шығарғандар да, оны социалистік реализмнің жаршысы еткендер де бар. Мұның бәрі – түптеп келгенде Абайға жасалған қиянат пен жабылған жала.
Оқи отырыңыз: Абай – бар болғаны бір-ақ кітап. Бірақ, оған бүкіл қазақтың болмысын сыйдыра білген
Шындығында, Абай – Абай! Болды! Ол біздің ат қойып, айдар тағуымызға, данышпан, дана, хакім деуімізге, тіпті, біздің мақтағанымызға да мұқтаж, зәру емес. Ол өмірден өтті. Енді біз Абайға зәруміз. Ақынды тану арқылы өзіміздің жанымызға нәр, жолымызға темірқазық сияқты жолбасшы табамыз.
Абай – Құнанбайдың баласы. Ол дүние-мүлікке мұқтаж болған адам емес. Тиісінше, ақындықты мал табудың көзі деп кәсіпке айналдырған жоқ. Өзі айтпақшы, "арнау айтып, топта сарнаған" адам емес. Кешегі шынжыр балақ, шұбар төс Құнанбайдың, сахараның ақылы асқан ұлы тұлғасы болған Құнанбайдың баласы. Сондықтан, "ескі бише мақалдап отыруға, ескі ақынша мал үшін зарлап отыруға" оның мұқтаждығы әсте бола қойған жоқ. Ол – өзі қазаққа қалаған, жүрегін жарып шыққан дүниесін поэзия, өлеңнің тіліне түсіріп, халқына хал-қадірінше ақылын айтқан адам.
Абайдың хакімдігі сонда – ол атақ, кәсіп, абырой үшін не бүгінгіше мүшәйра, гонорар, тағы осы секілді "үшіндер" үшін өлең жазған жоқ. Ол бар ықыласымен қазаққа жақсылық жасағысы келді. Ықыласы, шынында да, құдайдың ризашылығына лайық болса керек, күні бүгінге дейін осы Абайдың сөзінен бүкіл мұқым қазақтың баласы береке тауып жатыр. Толстойдың "Жазбауға болмайтын кезде ғана жаз" дегеніндей, Абай шынында да жазбауға болмайтын кездерде жүрегін сығып, ішін қайнатып, бойын шымырлатып, айтқысы келгенін ғана айтқан. Керекті нәрсені айтқан. Көп жерде өлең қылып, әркімге арнау айтып отыру Абайға жат. Абайды хакім еткен осы ықыласы.
Оқи отырыңыз: Пайда, мақтан, әуесқой – шайтан ісі
"Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін,
Жоқ-барды, ертегіні термек үшін.
Көкірегі сезімді, тілі орамды
Жаздым үлгі жастарға бермек үшін".
Абай өлеңді не үшін жазғанын өзі түсіндіріп беріп отыр. Мұны түсіну үшін оның тағы бір сөзіне назар аударайық. "Ұқпасын ба сөзді тез, өз өнері тұр таяу" дейді Абай. "Сөзіңді ұғу үшін өзінің де деңгейі саған жақындау болу керек" дейтін сөз бар ғой. Сол сияқты, "Көкірегі сезімді, тілі орамды, жаздым үлгі жастарға бермек үшін" дейді Абай.
Қисыны мен қызықты болмаса сөз, неге айтсын пайғамбар мен оны Алласы" дегенінде ол айтқан нәрсе құр рахаттанып, ет пен терінің арасындағы бір желігіп, рухани мас боп қана қалатын нәрсе емес, Аабй өміріңе нақты қадам, жолыңа бағдаршам қып алатын нәрсені көрсетемін дейді. Онысы тек бұл дүниеде емес, екі дүниеде де бақытты болуға қатысты нәрсе.
Оқи отырыңыз: Ұят туралы. Ұятмен қайдан шықты?
Тағы бір өлеңінде Абай "Пайда, мақтан, әуесқой – шайтан ісі, кәне біздің нәпсіні тыйғанымыз" деп жазады. Пайда мен мақтан – дүниелік нәрсе болса, әуесқой жан әр нәрсемен әуестенеді, бірақ бірін де аяғына шейін жеткізбейді. Өзі айтпақшы, "Өкіншіті көп өмір кеткен өтіп, өткіздік бір нәрсеге болмай жетік". Көп істің иін қандырмадық, аяғына дейін жеткізбедік, бір шыңын бағындырмадық дегені. Сөйтеді де: "Ойшылдың мен де санды бірімін деп, талап ойсыз мақтанды қалдым күтіп" дейді. Яғни, бұл жерде кез келген нәрсені аяғына дейін жеткізу қажеттігін айтып отыр. Өзін күстаналау арқылы басқаға жол көрсетеді. Бұл жайлы жиі Абай жиі айтқан. Тағы бір мысалы біз жақсы білетін: "Әсемпаз болма әр неге, өнерпаз болсаң, арқалан..."
Қазіргінің тілімен айтқанда, бұл – "делитанттық". Сондықтан Абай Алла мен пайғамбардың жолында болу үшін қажет ең неігзігі қасиет деп табандылықты атайды. Ол – жаратушыға деген махаббат жолындағы табандылық. Ол – әділетке, салиқалы амалға деген махаббат. Ал салиқалы амал деген нәрсе тек намаз бен ораза ма? Жоқ, салиқалы амал – көпке пайдаңның тиюі. Бай болсаң, дәулетіңмен бөліс, бөлетін ақшаң болмаса, ең болмаса өзіңнен артылған масканы біреуге бер. Қазіргі жағдайда үйде отыр деді ме, үйде отыр. Сүннет бойынша өмір сүр деген сөздің тәпсірі – білгеннің артынан еру. Мысал үшін, "қандай да бір індет келсе, үйіңде отыр, сол кезде үйіңде отырып өлсең де, шахидтің сауабын аласың" дейтін сөз бар. Бұл, міне, Абай көрсеткен жол.
Оқи отырыңыз: Абай қандай қазақты көргісі келді?
Ыбырай Алтынсарин – ол да қазақтың бір Ибраһимі, аса көрнекті ұстазы. Ол адамға білім алудың бір формуласын айтады:
"Бір Аллаға сыйынып,
Кел, балалар, оқылық,
Оқығанды көңілге,
Ықыласпен тоқылық.
Оқысаңыз, балалар,
Шамнан шырақ жағылар.
Тілегенің алдыңнан
Іздемей-ақ табылар".
Тура сол аналогиямен Абай да адамның рухани жетілу жолының формуласын көрсетті:
"Жүректің көзі ашылса,
Хақтықтың түсер сәулесі.
Көңілден кірді қашырса,
Адамның хикмет кеудесі".
Әуелі жүрегіңнің көзін аш, талаптан, сонда Хақтың сәулесі, нұры түседі дейді Абай. Ол нұр кәдімгі кварц сияқты жүректегі бүкіл бактерия, вирус, пәлектеттің бәрін өлтіреді, көңілдегі кірді қашырады. Сол бактерия, жексұрын, жаман микробтың бәрі өлген кезде адамның кеудесі хикметке айналады. Кеудең хикметке, даналыққа, жақсылыққа, нұрға толады дейді Абай.
Оқи отырыңыз: Абай баланы қалай тәрбиеледі?
Өзі "үкім" дейтін сөздің өзі арабтың "хикметінен" шыққан. Енді қарасақ, адам хикметті қабылдаған кезде үкімі дұрыс болады, ақ пен қараны айыра алады. "Ынсапсызға не керек, істің ақ пен қарасы" дейді Абай. Ынсап деген нәрсе – ақ пен қараны айыра білу. Бір сөзінде Абай "жақсылық жамандықпен бәрі бір бәс, дін ісін, құдай ісін айыра алмас" дейді. Адам ақымақ болған кезде жақсылық пен жамандықтың бәрі бірдей боп кетеді. Ол жақсылыққа жақсылық деп, жамандыққа жамандық деп қарай алмаған адам құдай ісін айыра алмайтын халге жетеді. Қазаққа ренжіген кезде Абай мұны төмендегіше бейнелейді:
"Қазағым, қалың елім, қайран жұртым,
Аузыңа ұстарасыз түсті мұртың.
Жақсы менен жаманды айырмадың,
Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың".
Міне, ең жаман нәрсе, ең қауіпті қасірет – адамның жақсы мен жаманды айыра алмай қалуы. Құранға сүйенген, Хақтың жолын нұсқағандықтан да Абайда бәрі бар. Хақты ойлау, Хаққа үңілу, сол арқылы көңілдің кірін қууға үндеген адам болғандықтан да, Абайдан бәрін табасыз. Ақын деп қана қарасақ, артында сүйенетін ештеңесі болмаса, бір қуыс болып қалар еді...
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.
-
1🏃📱 Одному из участников ночного забега в Астане подарят iPhone 15 Pro
- 6182
- 0
- 18
-
2🎉 Группа Orda, ансамбль "Яшлык" и V$XV Prince. Как интересно провести выходные 23 и 24 ноября в Астане и Алматы
- 3715
- 1
- 5
-
3🟢 Лицензирование детских садов введут в Казахстане с 2027 года
- 2390
- 3
- 18
-
4👨⚕️ Пациенту ампутировали ногу по вине врача: хирург избежал реального срока в ЗКО
- 2417
- 2
- 39
-
5🟢 Премию Михаила Дорофеева вручили основателю проекта Protenge Джамиле Маричевой
- 2464
- 0
- 8
-
6🟪 Ерлан Карин: Число вышедших из казахстанского гражданства с 2019 уменьшилось более чем в 16 раз
- 2355
- 6
- 103
-
7🛍Казахстанцы не стали реже запрашивать потребительские займы после введения новых ограничений по кредитованию
- 2469
- 0
- 9
-
8🌡Прогноз погоды на 21 ноября: метель и гололёд ожидаются на севере и востоке Казахстана
- 2538
- 0
- 4
-
9🆕🆕🆕🆕 Таразский университет использовали для фиктивной регистрации мигрантов
- 2352
- 1
- 16
-
10💬💬 "Мать была на работе..." О гибели четырёх детей при пожаре в Астане
- 2313
- 2
- 26