Прямой эфир Новости спорта

Несие алудың тиімді жолдары немесе банкке алданбау үшін нені білу керек

Несие алудың тиімді жолын айтпас бұрын, экономист маман ретінде несие, оның ішінде тұтынушылық несиені алудың тіпті де қажеті жоқ екенін ескертемін.

Өйткені дамушы елдерде несиенің пайыздық мөлшерлемесі тым жоғары. Қазақстанда ұлттық банктің қойған шектеуі жылына 56%-дан аспауы керек.Сондықтан банктер де мүмкіндігінше осы шекке жақындатып несие келісім шартын рәсімдеуге тырысатындығын көрсетеді.

Мысалға, 1 млн теңге несие 50%-бен рәсімделген болса, онда жыл соңында 1,5 млн қайтару керек болады. Ал егер 3 жылға алсаңыз үстінен қайтаратын соманың өзі 1,5 млн болып шыға келеді. Ол қаражатты қаржы мекемесіне үстемелеп қайтарғаннан гөрі, отбасыңыздың қажеттілігіне, бала-шағаңызға жұмсағаныңыз әлде қайда абзал. Осыдан 10 жыл бұрын Г.Марченко ұлттық банк төрағасы болып тұрған кезінде студенттерге дәріс оқыған болатын, сонда қатысушылардың арасынан: "Марченко мырза сіздің өзіңіздің несиеңіз бар ма?" – деген сауал қойылғанда: "Мен тұтынушылық несиені пайдаланатын соншалықты ақымақ емеспін" – деп жауап берді.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда несиесін төлей алмай отырғандардың саны 1 миллион 102 мыңға жетті

Дегенмен, несие алмауға болмайтын кейбір жағдайлар болады. Мәселе, оның қандай мақсатқа байланысты алынуында. Егер де сіз бір кәсіпті дөңгелету үшін алсаңыз, онда болады. Себебі кәсібіңіз арқылы мол табыс тауып, қарыздан құтылуатын мүмкіндік бар. Онда да кәсіпкерлер алғашқы қадамды несие алудан бастамаңыз дұрыс деген кеңес береді. Себебі, бірінші кәсіп көбінесе банкротқа ұшырайды. Табыс табу мақсатында емес, тәжірибе жинау мақсатында ашылады. Ал егер мемлекеттік қызметкер немесе жалақысы орта деңгейдегі жұмысшы болсаңыз, онда тәуекелге бармаңыз, өзін-өзі ақтамай қалуы ықтимал. Әсіресе тұтынушылық несиелердің пайыздары жоғары, нәтижесінде қаржылық тұрақсыздыққа әкеліп соқтырады.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда 55 млн несие шарты жасалған. Қарыз иелерінің жауапкершілігін арттыру ұсынылды

Неге біздің елде несие пайыздары жоғары?

Ең негізгі себебі – біздің дамушы мемлекеттердің қатарында болғандығымыз. Мұндай мемлекеттердің барлығында нарықтық экономика заңдары әлі қалыптаспаған және инфляция, яғни, бағаның құнсыздану деңгейі жоғары. Мысалы, біздегі бірқатар тауарлар бір жылдың ішінде күрт қымбаттап кетіп жатады. Ал Батыс елдерінде баға тұрақсыздығы барынша жойылған, баға орныққан деп айтуға болады.

Сондықтан да ұлттық банк инфляцияның деңгейі – ақшаның құнсыздану дәрежесіне мән бере отырып, базалық пайыздық мөлшерлемені бекітеді. Базалық пайыздық мөлшерлеме деген сөз – ұлттық банктің теңгені екінші деңгейлі банктерге бергендегі қосатын пайызы ғой. Сонда екінші деңгейлі банктер ақшаны ұлттық банктен базалық пайызға қарап алады да, одан төмен қылып халыққа ақша бермейді. Яғни, қазір бізде базалық пайыздық мөлшерлеме 9,25 пайыз, демек екінші деңгейлі банктер өз тұтынушыларына осы 9,25 пайыздан төмен дәрежеде ақша ұсынбайды. Яғни, пайда табу үшін осы пайыздық мөлшерлемені олар бірнеше еселеп халыққа ұсынады.

Оқи отырыңыз: Несие тарихы несібесіз қалдырмай ма?


Еліміздегі ҰБ бекітіп отырған базалық пайыздық мөлшерлеменің өзгеруі

Еліміздегі ҰБ бекітіп отырған базалық пайыздық мөлшерлеменің өзгеруі / ҚР Ұлттық банкі сайтынан алынған


Жоғарыдағы графиктен теңгемізді еркін айналымға жіберген уақытта ұлтық валютаға қуат беріп құнын арттыру үшін Ұлттық банк базалық пайызды 2015 жылдың қазанында бірден 16 пайызға көтергені көрінеді. Тіпті 2016 жылдың ақпанында 17 пайызға дейін көтерген. Базалық пайыз неғұрлым жоғары болған сайын, соғұрлым төл валютаның құнының жоғары болуына септігін тигізеді. Сонымен бірге елдегі депозиттің және несиенің де пайыздарының көтерілуіне әсер етеді.

Сол жылдары теңгелік депозиттің 15 пайыздан да жоғары болғанын көрдік. Ұлттық банк нәтижесінде теңгелік депозиттердің артуына қол жеткізді. Екінші жағынан несиенің пайыздарының жоғарылауына жол ашты. Өздері 17 пайызбен теңгені алған банктер техникалық тауарды бөлшектеп төлеуді, ипотекалық несие беруді тоқтатты. Ипотекалық несиені санаулы банктер ғана беріп келді. Техниканы бөліп төлеуге беріп жүрген банктер де тек қана несиеге беретін болды.

Оқи отырыңыз: Кімнің кредиті кешіріледі? Науқан қашан, қалай жүзеге асады?

Графиктен көріп отырғанымыздай, одан кейінгі уақыттарда Ұлттық банк базалық пайызды тек түсіріп келді. Арзан ақшаға қол жеткізе бастаған банктер енді қайтадан бөліп төлеуді және ипотекалық ұзақ мерзімдік несиелерін жандандыра бастады. Несиемен қатар осы жылы депозиттің де пайызы 12-ге азайды. Елбасымыз да 7-20-25 бағдарламасын жүзеге асыруды тапсырғанымен, шын мәнінде 7 пайызбен банктер несие беруге дайын емес еді. Себебі өздері 9 пайызбен несие алып отырғанда, қалай пайызға береді. Сондықтан банктердің шығынын жауып тұру үшін, Ұлттық банк "Баспана" ипотекалық компаниясын құрды.

Ал Европа мемлекеттерінде базалық пайыздық мөлшерлеме 0,5 пайыз ғана. Сондықтан оларда екінші деңгейлі банктердің 2, 3 пайызбен несие беруге мүмкіндіктері бар. Ал бізде кейбір қаржы мекемелері 7 пайызбен береміз деп жарнама жасағанмен, шын мәнінде жоғары пайызда береді. Ол жәй ғана атап көрсететін, атаулы пайыздық мөлшерлеме. Кейде баннердің астында жазылып тұрады, "жылдық тиімді пайыздық мөлшерлеме 27 пайыздан басталады" деп. Кішкентай, майда жазумен тұрғандықтан, оны көп адамдар оқи бермейді. Ал жылдық тиімді пайыздық мөлшерлеме дегенді қысқартылған әріптермен жазып қояды.

Оқи отырыңыз: Несие карталарын қалай таңдау керек: қазақстандық банктердің өнімдеріне шолу

Қазанның 16 күні Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 9,25 пайыз қылып бекітті. Демек бірден емес, біраз уақыттан кейін бұл несие мен депозиттің пайыздарының өсуіне әсерін тигізеді деген сөз. Оның үстіне келесі базалық пайыз желтоқсанның 3 күні қарастырылатын болды. Ол кезде тағы да 9,5-ке көтеруі мүмкін деген болжам бар. Оған АҚШ-тың ФРЖ (Федералды резервтер жүйесі, АҚШ орталық банкі) доллардың базалық пайыздық мөлшерлемесін көтеріп, доллардың әлемдегі құнын арттырып отырғандығы себеп болды. Оны төмендегі суреттен көресіздер.


АҚШ-тың ФРЖ бекіткен доллардың базалық пайыздық мөлшерлемесінің өзгеруі

АҚШ-тың ФРЖ бекіткен доллардың базалық пайыздық мөлшерлемесінің өзгеруі / ru.investing.com/economic-calendar/interest-rate-decision-168 сілтеме негізінде құрастырылды


ФРЖ доллардың базалық мөлшерлемесін соңғы екі жылда тек көтеріп келеді. Бұл өз ретінде доллардың құнының өсуіне себеп болды. АҚШ долларының пайыздық мөлшерлемесінің өсуі ол мемлекеттің депозит пайыздарының, құнды қағаздардан түсетін табыс пайыздарының өсетінін көрсетеді. Дамушы елдерде қиналып инвестиция жасап үлкен тәуекелге барғаннан гөрі, инвесторлар АҚШ-тың құнды қағаздарына қаржы құйып, табысын еселеуді қалайды. Нәтижесінде капитал ағымы дамушы елдерден АҚШ-қа ауысады, ал дамушы елдерде доллар тапшылығынан оған деген сұраныс артады, нәтижесінде құны еселеп артады. Дамушы елдер төл валюталарының құнын арттыру үшін өздерінің де базалық пайыздық мөлшерлемелерін көтеруден басқа амал таппайды. Төмендегі кестеден дамушы елдердің қалай базалық пайыздарын өзгертіп жатқандарын байқауға болады.


Дамушы мемлекеттердің базалық пайызын өзгерту туралы шешімі

Дамушы мемлекеттердің базалық пайызын өзгерту туралы шешімі / ҚР Ұлттық банкі 2018 жылғы қазан айында әзірленген есебі мәліметтерінен алынды


Доллардың базалық пайызының көтерілуі көптеген елдердің тиісінше базалық пайызды көтеруге әкеліп отыр. Қазақстан да қарап отырған жоқ. Ақпанның 16 күні оны 9,25 пайызға көтерді. Кейінгі уақыттағы теңгенің күшеюінің негізгі себебі де осыған байланысты. Бірінші болып әрине, Ресей көтерді, себебі санкцияның астында қалған рубльдің құнын арттырудың басқа амалы жоқ еді. Араға бір ай салып, Қазақстан Ұлттық банкі де базалық пайызды көтеру туралы шешімін қабылдады.

Оқи отырыңыз: Кредиттік амнистия. Популизм бе, әлде нақты әлеуметтік көмек пе?

Бір жағынан бұл ұлттық банктің инфляциялық таргеттеу режиміне сәйкес келмейді. Инфляциялық таргеттеу – ортамерзімді перспективада инфляцияның нысаналы көрсеткішін белгілеуге және қол жеткізуге бағытталған ақша-несие саясатының режимі. Негізгі мақсаты – инфляцияны ауыздықтау арқылы оның деңгейін арнайы дәліздің арасында төмендету көзделеді. Осы жылдың аяғына дейін инфляция 5-7, 2019 жылы 4-6 дәліз аралығында, 2020 жылдан әрі қарай 4 пайыздың деңгейіне дейін түсіру көзделіп отыр.

Базалық пайыздық мөлшерлеменің деңгейі бойынша шешім қабылдау үшін аралық бағдар ретінде инфляция болжамы пайдаланылады. Инфляция деңгейі неғұрлым төмен болған сайын, базалық пайыз да төмен белгіленеді. Ол өз кезегінде несие пайыздарының төмендеуіне де негіз болады. 2020 жылдан әрі қарай ұлттық банк инфляцияны таргеттеп 4 пайызға түсіре алса, базалық пайыз да 5-6 пайызға түсуі керек. Сонда 7 пайыздық ипотека ешқандай "Баспана" ипотекалық ұйымының қосымша қаржысына тәуелді болмайды. Барлық банктер де 7 немесе одан да төмен пайызбен ипотекалық несие рәсімдей бастайды. Бірақ бұл – қазір арман ғана, оның үстіне төмендеудің орнына қайта көтеріле бастайды, ұзақ мерзімде несиенің пайыздары көтерілмесе түспейді деген сөз. Бірақ инфляция деңгейінің түсіп келе жатқанын келесі графиктен көруге болады.


Еліміздегі инфляцияның деңгейі

Еліміздегі инфляцияның деңгейі / ҚР Ұлттық банкі сайтынан алынған


2015, 2016 жылдары елімізде инфляция деңгейінің жоғары болғанын кестеден көруге болады. 2016 жылдың басында инфляция жоғары, ал жылдың соңына қарай бірден түсіп, 8,5 пайыз болды. 2015 жылы 13,6 пайыз. Тиісінше базалық пайыз да ол жылдары жоғарылады, инфляцияның түсуімен базалық пайыз да түсті. Графиктегі өткен жылғы базалық кезеңмен салыстырғандағы инфляция осы жылдың басынан бастап бүгінге дейінгі 6,1 пайыз болып тұр. Әдетте жыл соңында бағалардың өсуі байқалды. Сондықтан жыл соңына дейін жылдың орташа инфляциясы бекітілген дәлізден асып кетуі де мүмкін. Бұл – Ұлттық банкке сын.

Қазіргі уақытта қайтарымсыз несиелердің көбейіп кетуі үлкен мәселе болып тұр. Бізде әрбір үш адамның екеуінде несие бар. Ал несие алған әрбір үш адамның біреуі несиелерін қайтармай кеткен немесе төлемей жүр екен. Содан банктертоларда кеткен есесін (ақшасын) үстемелеп қайтарып алу үшін, уақтылы төлеп жүрген тұтынушыларына деген пайызын жоғарылатады. Бірақ бәрібір несие қайтпағаннан кейін банктер қаржылық қиын жағдайға ұшырап отыр.

Несиені қалай тиімді рәсімдеуге болады?

Өмірде біздің еркімізден тыс қиын, шұғыл жағдайлар болып қалады. Мәселен, бір туысың, бауырың ауырып қалып, операцияға ақша қажет болса, амал жоқ банктің көмегіне жүгінесің. Негізінде несие алмас бұрын, мейлінше әр банкке кіріп, танысып шыққан дұрыс. Сосын жылдық тиімді пайыздық мөлшерлеменің қандай екенін де аңғару өте-мөте маңызды. Себебі комиссиясы бар, ай сайынғы қосатын пайыздары бар, басқа да қосымша шығындардың барлығы осы жылдық тиімді пайыздық мөлшерлемеде қамтылған.

Ал көп банктер атаулы пайыздық мөлшерлемесін айтады. Яғни, көшедегі жарнамада көрсетілген пайыз сандарына сеніп қалмаған абзал. Осының бәрін тәппіштеп қаржы менеджерінен сұрап алу керек. Заң бойынша барлығына мұқият жауап беруі керек. Сонда барып жылдық тиімді пайыздық мөлшерлемесі неғұрлым аз банкпен келісімшарт жасасаңыз, ұтылмайсыз.

Қаржы менеджерінен жылдық тиімді пайыздық мөлшерлеме қанша деп сұрасаңыз, сіздің белгілі бір дәрежеде қаржылық сауаттылығыңыздың барын көреді. Сізге мейлінше несиенің шарттарын түсіндіріп беруге тырысады.

Екінші мән беретін негізгі дүние – келісімшартпен жақсылап танысып алу. Оның көзге көрінбейтін жазуларына дейін ерінбей, 1-2 сағат уақыт бөліп оқып шығу керек. Мысалы, мынандай: "Егер елдегі инфляция деңгейі 10%-дан асып кетсе, банк келісімшартты қайта қарастырады немесе қайта қаржыландыруға жібереді" деген тармақшасы болуы мүмкін. 2015 жылы елдегі инфляция 13,6%-ды құрады, сонда әлгі тармақша жазылған келісімшартқа қол қоюшының несиесі қайта қаржыландыруға кетеді де, кейбіреулердің "төленетін сома неге көбейіп кеткен" деп жататыны содан.

Үшіншіден, төлем кестесін алдыңызға қойғанда, сізден қаржы менеджері: " төлемнің аннуитеттік жолын таңдайсыз ба, жоқ әлде тең бөліп төлеуді таңдайсыз ба?" (немесе диференциялды төлем) деп сұрауы керек. Әдейі банкке тиімді нұсқаны өткізу үшін үндемей, бірден келісімшартқа қол қойғызатын да менеджерлері бар. Сондықтан ондай болса, өзіңіз тең бөліп төлеуді таңдаймын деп айтуыңыз керек. Сонда ұтасыз.

Тең бөліп төлеу кестесін әдейі қиындатып қойған, әр айда әр түрлі сома төлеу керек болады. Мысалы, 1 млн теңгені 3 жылға алсаңыз, алғашқы төлем 60 000 тг бастап, әр ай сайын 500-1000 теңгеге төмендеп отырады. 3 жылдың соңында сіз тіпті 30 000 теңге төлейтін боласыз. Бізде көп азаматтарымыз бірден "маған бұл ыңғайсыз, енді әр ай сайын ойланып, осы кестені іздеп жүрмеймін ғой" дейді, бірден аннуитеттік төлеу кестесін таңдайды. Ол жерде 3 жылға алынған қаржы ай сайын бірдей сома, шартты түрде 50 000 теңге деп алайық, көрсетілуі мүмкін. Бірақ бұл жағдайда сіз автоматты түрде ұтылдыңыз. Әсіресе ұзақ мерзімге алсаңыз, тіптен көп сомаға ұтыласыз.

Тағы бір жағы аннуитеттік төлемде бірінші негізгі қарыз емес, үстеме пайызы төленеді. Мәселен, бір жылдан кейін сізде ақша пайда болып, осы несиемді жауап тастайыншы деп банкке барсаңыз, сізге "әлі 1 млн-ға жуық қарызыңыз бар, сіз бір жыл бойы тек пайыздарын төледіңіз", – дейді. Ал тең бөліп төлеуде аты айтып тұрғандай жартысы негізгі қарызды жабуға кетсе, жартысы үстеме пайызды өтеуге кетеді.

Сақтандыруға қандай жағдайда келісім берген дұрыс?

Несиені рәсімдеп жатқанда тұтынушылық болсын немесе ипотекелық болсын, сізге қаржы менеджері сақтандыруға осынша төлеп тұрасыз, сондықтан артық төлеміңіз көп деп бірден айтады. Ал сақтандырусыз несие рәсімдеуге рұқсат берілмейді. Негізінде сақтанданруды таңдайсыз ба, әлде мүлдем бас тартасыз ба, ол–сіздің құқыңыз. Осыны білгеніңіз дұрыс.

Бір қызықты айтайын, тауарды несиеге бөліп төлеуге алған кездің өзінде, қаржы менеджерлері соның үстіне кейбір азаматтарға сақтандыруды қоса есептеп, келісім шартқа кіргізіп жіберетіні жиі кездеседі. Мысалға тоңазытқыш немесе теледидар алдыңыз дейік. Бұл жерде сақтандырудың қажеті жоқ. Ол тауарға үш жылға берілетін компанияның кепілдігі бар. Затыңыз бұзылса мерзімінен бұрын, кепілдік берілген мерзім өтпесе ақауды жөндеп береді немесе орнына жаңасын аласыз. Онда неге оның үстінен сақтандыру керек?

Ал енді сіз көлікті немесе жылжымайтын мүлікті несиеге алғанда сақтандыруға болады. Мысалы, мәшинеңізлі соқсаңыз, үйіңізді өрт шалса сақтандыру компаниясы өз есебінен қалпына келтіру шығындарын көтереді.

Тағы бір көңіл бөлетін дүние – банк сізге сақтандыру компанияларын таңдауды ұсынуы керек. Мысалы, "мына сақтандыру қорына көп төлейсіз, бірақ бұл сақтандыру қорымен тұтынушылар арасында әлі келеңсіз жағдайлар болмаған; оқыс жағдайға ұшыраған тұтынушылардың өтінімдерін толық қарастырған; мына сақтандыру компаниясына аз шығындаласыз, бірақ тиісінше тұтынушылар арасында абыройы төмен "деген сияқты айтуы керек. Ал біздің банктерде көп жағдайда сақтандыру компанияларымен алдын ала өз-ара келісім бар. Банк сізге тек бір ғана сақтандыру компаниясын ұсынады. Сосын тіпті таңдау былай тұрсын, тұтынушы сол сақтандыру компаниясына артық төлем төлеуге қалай мәжбүрлі болып қалғанын өзі де білмей қалады. Бұл –дұрыс емес.

Банктер қалай алдайды?

Банктер негізінен жылдық тиімді пайыздық мөлшерлемесін жасырып қалуға тырысады. Сондықтан оны анықтап сұрап алаған дұрыс. Кейін түрлі комиссияларды тіпті Ұлттық банктің бекіткенімен өзге де төлемдерінен бөлек тағы да комиссияларды қосып қояды. Әдетте банктер алатын комиссиялардың біразын атап өтсем:

  • Қарыз алуға өтініш пен құжаттарды қарағаны үшін;
  • Қарызды ұйымдастырғаны үшін;
  • Микрокредит бергені үшін;
  • Қарыз беруге және оған қызмет көрсетуге байланысты банктік шот ашқаны және жүргізгені үшін деп кете береді.

Негізінен Ұлттық банктің 2016 жылғы 30 мамырдағы № 134 қаулысына сәйкес 11 комиссия түріне ғана рұқсат берілген. Бұл қаулыға 2018 жылдың 27-ші қыркүйегінде толықтыру еңгізілді.

Тұтынушыға ең бірінші кеңес осы қаулымен толық танысып алып, несие шартында көрсетілген барлық комиссияларды салыстырып шығу керек. Тізімнен бөлек комиссия қосылса, алып тастауды өтінесіз. Келісім-шартты өзгертпесе, бірден несие рәсімдеуден бас тартуға болады. Қаулыны мына сілтемеден оқи аласыз.

Банктің заңсыз комиссияларының қатарына ссудалық шотты жүргізгені үшін комиссия жатады. Кейбір банктер келісім шартқа кредитке қызмет көрсеткені үшін комиссия деп жазады. Кредитке қызмет көрсеткені үшін комиссия Ұлттық банктің рұқсат еткен тізімде тұр. Неге ол заңсыз деген сұрақ туындайды. Бұл несие алу уақытына байланысты. Егер де сіз 2016 жылдың 1 шілдесінен кейін рәсімдесеңіз, онда төлеуге тура келеді. Ал оған дейін рәсімделеген несие болса, онда ол комиссия заңсыз. Бұл комиссия арқылы банк сіздің әр ай сайынғы төлеміңізге қосымша жүктеме қосып отырады.


Келісім шарт үлгілері

Келісім шарт үлгілері / Сурет автордікі


Суреттерде көрсетілген комиссиямен несие алған азаматтар, сотқа шағымдану арқылы төлеген артық қаражатын қайтарып алуына толық заңдық құқықтары бар. Әрине жоғарыда айтқандай егер 2016 жылдың 1-ші шілдесіне дейін рәсімделген несиеңіз болса ғана. Тіпті сіз жауып тастаған несиеңіз болса да, 3 жыл өтпесе болды. Қолыңыздағы келісім шартты пайдаланып артық төлеген қаражатыңызды қайтарып аласыз. Егер келісім-шартты жоғалтып алсаңыз, банк бөлімшесінен дубликатын жасатып алуға болады.

Бірінші сотқа шағымданбастан бұрын, банктің өзіне шағым хат жазу керек. Әрине көп жағдайда банктер бас тартады. Сондай-ақ Ұлттық банкке осындай коммерциялық банк заңсыз комиссия алды деп өтінім жазыңыз. Болмаса, банк орналасқан жергілікті сотқа шағымданасыз. Сот шешімін шамамен бір-екі ай күтесіз. Банк сіздің артық төлеген қаражатыңызды қайтарып берумен қатар, сот шығындарында төлейтін болады.

Сонымен қатар несиені рәсімдеуді ұйымдастырғаны үшін деп алынған сомадан 7 пайыз бір реттік комиссия ұстап қалатын кейбір банктер де кездеседі. Мысалы, 1 млн теңгеге несие шартын рәсімдесеңіз, комиссия 7 пайыз деп 70 мың теңгені ұстап қалады, сіз қолыңызға 930 мың теңге аласыз. Ал несие пайыздары 1 құдды сіз қолыңызға 1 млн алғандай жүреді. Сондықтан банктің қоятын жасырын комиссияларына да мән берген жөн. Несиені рәсімдеуді ұйымдастырғаны үшін комиссия 0 пайыз деген ережесі бар банктен алғаныңыз дұрыс.

Қорытынды

Пайызы төмен банк ашамын деушілер болуы мүмкін, бірақ, бәрібір олар ұлттық банктің қойып отырған саясатына бағынады. Қазір көп адамдар дүниежүзілік сауда ұйымына кірдік, енді бізге шетелдік көп банктер келеді, сосын еліміздегі несие пайыздары төмендейді деп күтеді. Шын мәнінде олай емес. Себебі олар да ұлттық банк бекіткен базалық пайыздық мөлшерлеме аясында жұмыс істейді. Бұл дегеніңіз, қай банк болмасын бәрібір қымбат пайыз тағайындайды деген сөз. Шет елдік банктердің келгені дұрыс әрине, ол бірінші кезекте отандық банктердің қызмет ету сапасын арттыруға үлес қосатын болады. Шет елдік банктердің корпоративтік этикасы жоғары және технологиялық болып келеді. Бұл жаңа әлемдік стандарттарды еңгізуге септігін тигізетін болады.

Қазіргі таңда Ұлттық банк ұстанып отырған инфляциялық таргеттеу режиміне үлкен сенім артамыз. Инфляциялық таргеттеу өз мақсатына жетіп, несие арзандап, азаматтар үшін тиімді және қолайлы болып, халқымыз үйлі болып алса екен деген ниет қой. Енді ақырын-ақырын осы межеге қарай жылжып келеміз.

Алған қарызын қайтаруға мүлде қабілеті жоқтардың қарызын өтеп беруге мемлекет әрекет жасап жатыр негізінде. Бірақ, көпшілікте мен несиені аламын, егер өтей алмасам онда менің орыныма мемлекет төлеп береді деген ұғым қалыптаспауы керек. Өкінішке қарай, бізде кей адамдар үсті-үстіне несиені алып, сосын қайтаруға келген кезде қашып-пысып, жауапкершілікті сезінбейді. Егер шындығында жағдайы болмай, кеңес сұрап келетін болса, банк оған мейлінше жағдайды реттейтін нұсқаларды ұсынады. Осылайша ол өзінің де жағдайын қиындатпай, банкті де алаңдатпай, судан құрғақ шығуға үміттене алады.

Сосын той жасау үшін несие алуды қою керек. Өкінішке қарай, бізде шілдехана, бесік той, тұсау кесер, сүндет той, үйлену той, құдалық бәрін несиеге жасау әдетке айналды. Одан кейін жастар бақытты өмір сүріп кетсе жақсы, көбісі ажырасып кетеді. Ал ата-ана сол несиені жылдап төлеп, қарыздың қамытын киіп жүреді. Ең қиыны осы, сондықтан қазақтың той жасауының жаңа форматын еңгізетін кез келіп жеткен секілді.

Қайтарылмаған несиелердің көбейіп кетуі қаржы секторындағы қаржылық тұрақсыздыққа әкеп соқтырып отыр. Сондықтан екінші деңгейлі банктер коллекторлық компанияларға жүгінеді. Ал ол компаниялар клиенттердің қайта-қайта мазасын алады, тиіседі, қорқытады, әйтеуір барынша қарызды қайтартуға күш салады. Ал одан банктерге тиетін үлес тіптен аз ғана. Банктер әйтеуір мүлде ақшасыз қалғаннан гөрі аз да болса тиын алып қалайық деп ойлайды.

Бізде дәл қазір қаржылық сауаттылықты арттыру мақсатында нақты ештеңе жасалып жатқан жоқ. Бірақ, негізі қаржылық сауаттылықты арттыру – ұлттық банктің міндеті. Алдағы уақытта халықтың қаржылық сауаттылығын жүйелі түрде арттыратын, әсіресе қазақ тілді аудиторияға арналған жобалар болса деген ой-тілек бар.

Поделиться:

Новости партнеров