Қазақ ақпарат кеңістігі таным көкжиегін арттыратын жаңаша контентке ие Ерен жол сайтымен толықты. Аталған сайт өз жаңалығы ретінде қазақ тіліндегі онлайн квест ойынын ұсынып отыр. Qazquest тақырыбымен топтастырылған "Ізкесер", "Медиа кубик" ойындары медиасауатты арттыру, сыни ойлауды дамыту, ақпаратты тексеру, анықтау сияқты қазіргі заманға қажетті дағдыларға бейімдемек.
ХХІ ғасыр ақпарат ғасыры екенін ескерсек, біздің өмірімізді ақпаратсыз елестету мүмкін емес. Қалатамыздағы ұялы телефон арқылы күн сайын тоқтаусыз келіп жататын әртүрлі видеолар мен мақалалар сілтемесі осының айғағы. Алайда жалған ақпарат пен манипуляцияның ырқында кетпес үшін сыни ойлау, сындарлы талдау дағдысы аса маңызды.
Жоба авторы Ұшқын Сәйдірахманұлының айтуынша, ақпарат тасқынынан қорғанудың өнімді әрі сауатты жолы – медиасауатты машық ретінде дамыту.
"Негізі медиасауатқа қатысты квест ойынын әзірлемес бұрын біраз адамдармен әңгімелесіп, ақылдастық. Сонда бір байқағаным, адамдардың басым бөлігі ақпаратты тексеру, фактчек жасау сияқты теориялық білімді меңгерген. Әйтсе де шынайы өмірде, нақты іс жүзінде оны қолдана бермейтіні белгілі болды. Себебі білумен, сол білгеніңді қолдану екі бөлек дүние. Нақтырақ айтсам, білім бар, машық жоқ. Міне, осыдан келіп біз медиасауатты дамытудың басқа жолын қарастырдық. Оны өмірде қолданатындай алаң әзірлеп, нақты тәжірибе барысында пайдаланған кезде ғана дамиды деген тұжырымға тоқтадық. Квест ойыны осылай жарыққа шықты", – дейді ол.
Оқи отырыңыз: "IQ Bala": бүлдіршіндерге қазақ тілін үйрететін жаңа мобильді қосымша
Кез келген жақсы идеяны нақты іске асыру оңай шаруа емес. Internews Kazakhstan қорының қаржылық қолдауы арқасында "Ерен жол" қоғамдық қоры квест ойынды әзірлеп шықты. Сайттан медиасауат тақырыбынан басқа да танымдық материалдар орын алғанын көріп, ақпарат құралының болашақ жоспарларына қызығушылық таныттық. Ұшқын Сәйдірахманұлы сайттың басты тұғыры медиасауат болғандықтан алдағы уақытта да осы тақырыпта дамитынын айтты. Алайда сайт өзге де танымдық тақырыптағы материалдарға орын ұсынады.
Жоба авторымен сұхбат барысында ойынға қызығушылық күткеннен де жоғары екенін білдік. Әсіресе, облыс орталықтарындағы журналистика және өзге де гуманитарлық бағытта білім алатын студенттер айрықша қызығушылық танытып отыр. Осыған орай жоба авторлары квет ойынды әрі қарай дамытатынын, ойын түрлерін көбейтіп, қызықты нұсқалармен байыта түсетінін жеткізді.