Қазіргі таңда балалардың смартфондар мен гаджеттерге тым әуестеніп кеткені белгілі. Оның пайдасы көп, әрине, дегенмен, зияны да аз емес. Өкініштісі, әлі әріп танып үлгермеген балаларының көңілін аулау үшін қолына смартфон ұстатып қоятын ата-аналар олардың телефоннан қандай ақпарат алып отырғанын қадағалай бермейді. Рас, балаларға қызықты көптеген ойындар мен мобильді қосымшалар бар. Бірақ олардың қазақ тіліндегі үлесі өте мардымсыз. Осыны ескерген астаналық Алмас Топеев "IQ Bala" мобильді қосымшасын ойлап тауыпты. Бұл қосымша телефон ойыны арқылы қазақ тілін меңгеріп, тіпті, латын таңбаларын тануға да мүмкіндік береді.


«IQ Bala» мобильдік қосымшасының авторы Алмаз Тапеев

"IQ Bala" мобильді қосымшасының авторы Алмас Топеев / сурет Алмастың жеке мұрағатынан

"Орыс мектебінде оқыған соң, отбасымызда осы тілде сөйлесу әдет болып кетті. Бірақ өз балаларымның ана тілін үйренгенін қалап, бар білетін сөздерімді үйрете бастадым. Дегенмен, сәбилер телефоннан естіп, көрген нәрсесін жадына дереу сақтайтынын байқадым. Осыны ескеріп, телефоннан қазақ тіліндегі мобильді қосымшалар іздей бастадым. Өкінішке қарай, бізде балаларға қажетті қазақ тіліндегі қосымшалар жоқтың қасы екен. Ойлана келе, бауырым екеуіміз бүлдіршіндерге ана тілін үйрететін мобильдік ойын жасауға кірісіп кеттік. Екеуіміздің де бұл салада мүлде тәжірибеміз жоқ еді. Соған қарамастан, өз қаражатымызбен осы істі қолға алдық. Ең бастысы, "IQ Bala"-ның бүлдіршіндерге қызықты және пайдалы болуына мән бердік", – деді жоба авторы Алмас Топеев.


"IQ Bala" мобильдік қосымшасынан скриншот

Түрлі-түсті, әдемі суреттермен безендірілген мобильдік қосымша балалардың қызығушылығын бірден оятады. Мәзірде негізгі 5 батырма бар. Сол арқылы балалар сурттер құрастырады, түстерді ажыратып, әр заттың жұбын табады. Сондай-ақ, әртүрлі сөздерді үйренеді. "IQ Bala" жиынтығында 200-ден астам сөз бар, олар тақырыбына қарай: отбасы, дене мүшелері, жануарлар, құстар, көкөністер мен жемістер, табиғат, үй, көлік түрлері деп бөлініп, әр батырмаға бөлек жүктелген.


"IQ Bala" мобильді қосымшасынан скриншот

"IQ Bala" мәзірі латын қарпімен жазылған. Мәзірге тіпті латын әліпбиі де енгізіліпті. Осы арқылы жоба авторлары балалардың көзін қазірден бастап латын таңбаларына үйрете беруді көздеп отыр. Айтуларынша, бұл тәсіл болашақта бүлдіршіндердің жаңа әліппені тез үйренуіне септеседі. Мобильді қосымша түгелдей кішкентай баланың даусымен дыбысталған аудио арқылы жұмыс істейді. Оқу барысында құлаққа жағымды әуен ойнап тұрады.



Мобильді ойын жаттығулары 2-10 жастағы балаларға арналған. Десе де, "IQ Bala" арқылы кез-келген жастағы өзге ұлт өкілдері де қазақ тіліндегі күнделікті тұрмыста қолданылатын сөздерді үйрене алады.

"Бұл мобильді қосымша тек балама ғана емес, өзіме де қызықты. Бағдарлама арқылы біраз сөздерді меңгердім. "IQ Bala" өте ыңғайлы жасалған, мәзірі түснікті, барлық ақпарат бір нүктеге топтастырылған. Балам құр босқа ойындар ойнап, видео қарап отырғанша осындай пайдалы, үйретуші бағдарламаны қолданғаны дұрыс", – деді мобильді қосымшаны пайдаланып көрген әке Ярослав Мелехин.


4 жастағы Рамина «IQ Bala» қосымшасын меңгеруде

4 жастағы Рамина "IQ Bala" қосымшасын меңгеруде / сурет жеке мұрағаттан

"IQ Bala" қосымшасын қызым Рамина үшін әдейі телфоныма жүктедім. Екеуіміз бірге отырып жаңа сөздер үйренеміз, жан-жануарларды ажыратамыз. Жаттығулары балаларға ауыр емес, керісінше есте сақтау қабілетін дамытады. Баланы ойнатып, көңілін көтеріп отырып сауат ашқанға не жетсін? Бұл қосымша қызымның көңілінен шықты", – деді Амангелді Магзамов.

Жоба авторлары бағдарламаны жасауға 60 мың доллар қаражатын жұмсаған. Бұл іске он шақты маман атсалысыпты. Олардың қатарында компьютерлік бағдарлама әзірлеушілерінен бөлек, филолог мамандар да бар. Қазір «IQ Bala» қосымшасын 6 мыңға жуық қолданушы телефонына жүктеген. Авторлардың айтуынша, жобаның кең көлемде танылмауына жарнаманың жетіспеуі себеп болып отыр екен.


Оқи отырыңыз: Балалардың гаджетке тәуелді болуына ата-ана кінәлі. Кішкентайлар экран алдында екі сағаттан артық отырмауы керек.


"Бұл қосымшаны дамыта түсу үшін тағы да қызықты әрі пайдалы ойындар қосқымыз келеді. Бірақ қаражат жетіспеушілігі қолбайлау болып отыр", – деді Алмас Топеев.

Тың жобаның қырғыз, ингуш, шешен және башқұрт тілдеріндегі нұсқасы да әзірленіпті.

"IQ Bala" ойынын App Store және Play Market арқылы тегін жүктеуге болады.

Өзіңізге ыңғайлы жерден informburo.kz оқыңыз:

Facebook | Instagram | Telegram

Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter