Ішкі істер министрлігі бұрынғы КСРО төлқұжатымен жүрген адамдардың мәртебесін реттеп құжаттандыруды қолға алған. Көші-қон қызметінің мәліметінше, жыл басынан бері 1974 жылғы үлгідегі КСРО төлқұжатымен жүрген 867 адам анықталып, оларға жеке куәлік берілген. 2019 жылы 1 727 адам осындай жолмен төлқұжат алған.

Адамдардың ескі құжатпен жүруінің негізгі себебі – құқықтық сауаттылықтың төмендігі. Көбі қайда баруды, анықтамаларды қайдан алуды, қалай өтініш жазуды білмейді. Ал құжаттарды қалпына келтіру үшін шамамен 6 ай уақыт қажет.

"Құжатсыз жүргендер анықталып жатыр. Министрдің тікелей тапсырмасы бойынша биыл арнайы акция ұйымдастырып жатырмыз. Қостанай облысында ер адам 30 жыл бойы құжатсыз жүрген. Оны біздің қызметкерлер анықтаған соң тиісті көмек беріп, жаңа куәлік алып отыр. Қарағанды облысында 46 жастағы әйел мен оның ұлы ұзақ уақыт бойы жеке басын куәландыратын құжатсыз жүрген", – деді ІІМ Көші-қон қызметі комитеті төрағасының орынбасары Сабыржан Сейітжанов.


Оқи отырыңыз: Елге оралған қандастар жинайтын құжат саны жиырмаға қысқарады


Оның сөзінше, кейбір адамдар көші-қон қызметіне өздері келіп, арыз жазады. Енді бірі өткізген шаралар кезінде анықталған.

"Алматы облысында көші-қон қызметінің көмегімен 3 қарт тұрғын алғаш рет жеке басын куәландыратын құжат алды. Біреуіне Қазақстан азаматы екенін анықтап жеке куәлік, екіншісіне азаматтығы жоқтығы жөнінде куәлік, үшінші тұрғын Ресей азаматы болып шыққан соң оған ықтиярхат бердік", – деді Сабыржан Сейітжанов.

Қазақстанда азаматтығы белгісіз 6 мыңға жуық адам анықталған

БҰҰ босқындар ісі жөніндегі бағдарламасы 2014 жылы әлем бойынша азаматсыздықты жоюға бағытталған науқан жариялады. 2024 жылға дейін жалғасатын шараның мақсаты – әр адам белгілі бір мемлекетке тиесілі болуы және сол елдің құқықтарына ие болуы керек.

"Адам құқықтары жөніндегі бюро мен "Сана-сезім" ұйымы секілді серіктестермен бірлесе 2014 жылы осы науқан басталғаннан бері азаматтығы белгісіз 6 мыңға жуық адамды анықтадық. Олардың арасында КСРО-ның қызыл төлқұжатымен жүргендер бар. Анықталған адамдардың 60 пайызы – сайып келгенде біздің азаматтар. Олар өздерінің Қазақстан азаматтары екенін растайды", – деді БҰҰ босқындар ісі жөніндегі жоғарғы коммисары басқармасының құқықтық мәселелер жөніндегі қызметкері Шолпан Олжабаева.

Шолпан Олжабаева келер жылы болатын халық санағы қызыл төлқұжатпен жүрген немесе азаматтығы белгісіз адамдардың нақты санын анықтайды деп сенеді.


Оқи отырыңыз: Мобильді азаматтар базасы. Ол не үшін қажет және оған қалай тіркеледі? Нұсқаулық


Азаматтығы жоқтар медициналық, әлеуметтік көмек ала алмайды

Адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросы директорының орынбасары Денис Дживаганың сөзінше, азаматтығы белгісіз адамдар мемлекеттік қызметтер мен әлеуметтік көмек ала алмайды. Балаларын мектепке бейресми түрде беруге мәжбүр. Қазақстанда орта білім міндетті және тегін болғандықтан олардың балаларын мектеп қабылдайды. Алайда, құжат болмаған соң мектеп бітіру куәлігін ала алмайды, әрі қарай жоғарғы оқу орнына түсе алмайды. Мұндай азаматтар мемлекет тарапынан берілетін әлеуметтік көмектен де қағылады.

"Азаматсыздық мәселесі – Кеңес одағы ыдырауынан қалған мұра. Адамдар қаншама жыл елдер арасында шекара барын білмей келді. Осы науқанды өткізу арқылы азаматсыздық мәселесін шешеміз. Басқа елдің азаматтары болса, елшілік не консулдықпен келісуге, консулдық жарнаны төлеуге көмектесеміз. Азаматтығы белгісіз адам ресми жұмысқа тұра алмайды, елдің ішінде жүре алмайды. Көп адам зейнетке шығатын кезде "зейнетақымды рәсімдей алмай жатырмын" деп бізге жүгінеді. Медициналық көмекті де ресми түрде ала алмайды. Төтенше жағдай мен карантин кезінде азаматтар 42 500 теңге, басқа да әлеуметтік көмектер алды. Ал олар азаматтығы жоқ болғандықтан көмектен қағылды", – дейді Денис Дживага.


Оқи отырыңыз: Туу туралы, жеке және жүргізуші куәліктері мен диплом. Астаналықтар қандай құжат ауыстыруы тиіс?

Төлқұжат не жеке куәлікті кімдер мемлекеттік баж төлемей алады?

Салық кодексінің 622-бабына сәйкес, ҚР азаматтарының паспорттары мен жеке куәліктері, сондай-ақ, шетел азаматының Қазақстанда тұруына ықтиярхат және азаматтығы жоқ адамның куәлiктерi берілген кезінде мемлекеттік бажды төлеуден босатылады:

  • Кеңес Одағының батырлары, Социалистік Еңбек ерлері;

  • үш дәрежелі Даңқ орденінің және үш дәрежелі Еңбек Даңқы, "Алтын Қыран", "Отан" ордендерімен наградталған, "Халық қаһарманы", "Қазақстанның Еңбек Ері" атақтарына ие болған;

  • "Батыр Ана" атағына ие болған, "Алтын алқа", "Күмiс алқа" алқаларымен наградталған көпбалалы аналар;

  • Ұлы Отан соғысының ардагерлері және оған теңестірілгендер, Тыл ардагерлері;

  • қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық-әлеуметтік мекемелерде тұратын қарттар, балалар үйлерінде, интернаттарда тұратын, мемлекеттің толық қамсыздандыруындағы және жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;

  • Чернобыль апатының салдарынан зардап шеккен азаматтар.

Паспорт алу үшін төленетін мемлекеттік баж сомасы – 21 208 теңге (8 АЕК). Жеке куәлік үшін – 530 теңге (0,2 АЕК).

Қазақстан азаматының паспортын жасына қарамастан алуға болады. Ал жеке куәлікті 16 жастан беріледі. Ел аумағында ұдайы тұратын барлық азаматтардың жеке бас куәлігі болуы тиіс. Құжаттың жарамдылық мерзімі – 10 жыл.


Оқи отырыңыз: "ЭЦҚ алуға көмек – 5 мың теңге". Тегін қызметтен теңге тауып отырғандарға мемлекет неге тыйым сала алмайды?


Жеке куәлік пен паспорт алмағандар жауапқа тартыла ма?

Жеке куәліксіз немесе жарамсыз жеке куәлікпен жүргендерге ескерту жасалады. Бір айдан асса азамат Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 492-бабының 2-тармағы бойынша 7 АЕК мөлшеріндегі айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылады Әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жылдың ішінде қайта жасалған осы сияқты бұзушылық үшін 13 АЕК мөлшеріндегі айыппұл салынады.

Паспорт азаматтарға олардың қалауы бойынша беріледі. Мерзімі өтіп кеткен паспортты ауыстыру не ауыстырмау мәселесін азамат өзі шешеді. Әкімшілік заңнамада мерзімі өтіп кеткен паспорт үшін жауапкершілік көзделмеген. Бірақ жаңа құжат алатын болса жарамсыз паспортты ХҚКО-ға тапсыру қажет.

Азаматтығы жоқ адамдар куәлік алу үшін қандай құжаттар қажет?

Азаматтығы жоқ адам адам ХҚКО-да куәлiгiн ресімдеу үшін:

  • Мемлекеттiк бажды төлегенi туралы құжат;
  • Өлшемi 3,5х4,5 см үш фотосурет қажет.
Ол адамның қолында келесі құжаттардың бірі болуы керек:
  • жарамдылық мерзiмi аяқталған шетелдік паспорт (азаматығы тиесілі елдің елшілігі болмаған кезде);
  • азаматтығы жоқ адамның куәлiгi (азаматтығы жоқ адамның келу елінің куәлігі және бұрын берілген құжаттың беру мерзімі өткен кезде құжатты қайта рәсімдеу кезінде);
  • 1974 жылғы үлгідегі паспорт (басқа мемлекеттің құзыретті органы берген келу елінің азаматтығының жоқтығы туралы анықтамасы болған кезде);
  • әскери билет;
  • бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғаны туралы анықтама;
  • Президент Жарлығы бойынша ҚР азаматтығынан шығу және азаматтығын өзгерту, сондай-ақ, Қазақстан ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес азаматтықты өзгерту туралы анықтама;
  • туу туралы куәлік (16 жасқа дейінгі адамдарға ресімдеу кезінде);
  • Қазақстан Республикасының шетелдердегі мекемелері беретін оралу куәлігі (шетелде уақытша жүрген азаматтығы жоқ адамның куәлігі жоғалған кезде).

Ал Қазақстанда тұруға ықтиярхатты ресімдеу үшін жарамды ұлттық паспорт пен 3,5х4,5 см екі фотосурет керек.

Өзіңізге ыңғайлы жерден informburo.kz оқыңыз:

Facebook | Instagram | Telegram

Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter