Informburo.kz ЭЦҚ алуға көмектесіп пайда табатын жеке және заңды тұлғалар қызметінің қаншалықты заңды және киберқауіпсіздік тұрғысынан қаншалықты қауіпсіз екенін анықтады.
ЭЦҚ алу қызметі – тегін
ЭЦҚ алу қызметін egov.kz порталындағы виртуалды кеңесші көрсетеді. Ол үшін порталдың ЭЦҚ-ны қашықтан алу бөліміне өту қажет. ЭЦҚ алу үшін:
- компьютер веб-камерасы;
- компьютерге NCAlayer бағдарламасын орнату;
- өзіңізбен бірге жеке куәліктің түпнұсқасы және сапалы фото көшірмесі;
- Мобильді азаматтар базасына тіркелген болуы қажет.
Мобильді азаматтар базасына тіркелу үшін egov.kz не 1414.kz виртуалды кеңесшіге видеоқоңырау шалып, операторға жеке куәлік көрсетіп, ЖСН, телефон нөмірі мен SMS-кодты айту керек.
ЕGov mobile қосымшасы арқылы да ЭЦҚ алуға болады. Бірақ оны ұялы телефон арқылы ғана пайдалану мүмкіндігі бар. Компьютер не интернет болмаса, әрбір қалада ашылған egov бұрыштарына барып, өз бетінше алуға болады. Мүгедектер 1414-ке қоңырау шалып ЭЦҚ алуға өтініш қалдыра алады. 14 күн ішінде ХҚКО қызметкерлері үйіне барып, электронды қолтаңба алып береді.
"Азаматтарға арналған үкімет" МК басқарушы директоры Мұрат Жұманбай egov.kz порталы арқылы ЭЦҚ алу тегін және қиын емес екенін айтады. Төтенше жағдай кезінде жасалған бұл сервис арқылы бүгінде 800 мыңға жуық ЭЦҚ алынған.
Оның айтуынша, төтенше жағдай және карантин енгізілместен бұрын бірнеше жыл қатарынан әрбір еңбек ұжымына, университеттер мен колледждерге барып, цифрлық сауаттылықты көтеруге бағытталған оқыту жұмыстары жүргізілген. Азаматтарға анықтамалар мен қызметтерді үйден шықпай-ақ алуға үйрету мақсатында әрбір ХҚКО-да өзіне-өзі қызмет көрсету секторлары, әрбір қалада цифрлық ХҚКО ашылған.
Оқи отырыңыз: Электронды-цифрлық қолтаңбаны онлайн алудың жолы қандай?"Үйренгендер жоқ емес, бар. Бірақ үйренбеген, үйренгісі келмегендер де жетерлік. Оларға шамалы уақыт бөліп, компьютер немесе смартфон арқылы қызмет алуды үйренуден ХҚКО-ға барып, кезекте тұру оңай көрінеді. Дәл солар жылына бірнеше рет келіп ХҚКО-дан ЭЦҚ алатын. Сондағысы ЭЦҚ қарапайым бір анықтама қажет болғанда есіне түседі. ЭЦҚ алып, ол арқылы анықтама алады, сонымен тәмәм. Қолтаңбаны қайда сақтағаны, оған қандай құпия сөз орнатқаны ұмытылады. Келесіде анықтама алу қажет болғанда тағы да ЭЦҚ алу үшін ХҚКО-ға баратын. Ал сол анықтамалар баяғыдан Еgov.kz порталы мен оның мобильді қосымшасы арқылы, Telegram-бот арқылы, тіпті Facebook пен Вконтакте арқылы да қолжетімді. Толық цифрлану үшін халықтың өзі цифрлануы қажет", – дейді Мұрат Жұманбай.
ЭЦҚ алуға 1414 операторлары көмектеседі
Биылғы 20 наурыздан бастап ХҚКО-ның 1 800 қызметкері 1414 бірыңғай байланыс орталығына оператор болып ауысып, үйінде отырып консультация береді. Бір оператор күніне кем дегенде 150 қоңырауға жауап береді. Төтенше жағдай кезінде аудио және видеомен 4,3 млн консультация берілген. 2019 жылы бір күнде 25 мың қоңырау қабылданса, 1 800 операторды қосқан соң наурыз-сәуір айларында қоңырау саны бір күнде 500-700 мыңға дейін жеткен. Қазіргі уақытта күніне 75-100 мыңға дейін қоңырау келіп түседі. Операторлар ЭЦҚ алу мен мобильді азаматтар базасына тіркеуге қатысты сұрақтарға да жауап береді.
Мәселен, ЭЦҚ алу кезінде браузердегі веб-камера рұқсат бермей жатса 1414 операторы ақауды жөндеуге қатысты кеңес береді. Ескі браузер болса веб-камераға рұқсат бергеннің өзінде қайтадан рұқсат сұрайды. Біреу басында "сайтқа рұқсат бересіз бе?" дегенде не X белгісін басып жауып тастайды, не "бұғаттау" деген батырманы баса салады. Мұндай жағдайда браузердегі "рұқсат беру" тарихын тазарту керек. Мұны 1414 операторлары түсіндіреді. Бірақ операторлардың айтқанын тыңдамайтын, түсінгісі келмейтіндер де жоқ емес.
Тағы бір мәселе, Macbook ноутбуктері NCA Layer сертификатын орнатуға рұқсат бермей жатады. "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ Macbook операциялық жүйесі жиі жаңаратындықтан осы мәселені шешуге қатысты хат жазған.
"ЭЦҚ алып беремін" деп ақша табатындардың ісі заңды ма?
Халық арасында ЭЦҚ-ны алуға көмектесіп ақша табатындар көбейді. Олардың қызметі 500 теңгеден басталып, тіпті 5 мың теңгеге дейін барады. Бағаны өздері қояды. Бір адам Еgov.kz порталынан өз бетінше ЭЦҚ алуды қиын көрсе, енді бірі компьютерінде ақау болып, тегін қызмет үшін ақы төлеуге мәжбүр.
Айнұр – цифрлы сауатты. Компьютерінің веб-камерасы істесе де, NCA Layer сертификатын орната алмай әуреге түскен. Базарда қағаз шығарып, көшірме жасайтын орында "ЭЦҚ 1 500 теңге" деген жазуды көріп, кезекке тұрған. Сол жердегі адам Еgov.kz-ке кіріп Айнұрдың жеке куәлігін фотоға түсіріп, ЭЦҚ кілтіне "Aa123456" деген сияқты қарапайым құпиясөз қойып берген. Қызмет үшін чек бермеген. Өзі де сұрамаған. Айнұрға "ЭЦП 8-9 ай базада сақталады. Құпиясөзді ұмытып не флешкаңызды жоғалтып алсаңыз, осы жерден келіп алып кетсеңіз болады" деген.
Гүлданаға баспана бағдарламасына қатысу үшін ЭЦҚ керек болған. ХҚКО-ға барған кезде "ЭЦҚ қайдан алуға болады?" деп сұрағанда консультанттар "сыртта белгімен көрсетіп қойған жақтан аласыз" деген.
"Бағдаршамның тура бұрылысында дүкен бар екен. Соның ішінде дүңгіршекте ЭЦҚ-ны компьютермен беріп отырды. ЭЦҚ үшін – 1 000 теңге, egov.kz-ке тіркегені үшін 500 теңге алды. Үлкен кісілер "тегін алатын нәрседен өздері ақша жасап отыр" деп айқай шығарды. Маған тез керек болған соң ештеңе демедім", – дейді Гүлдана.
Оқи отырыңыз: Egov.kz, Telegram, Facebook, Vkontakte. Дәрігерді үйге онлайн шақырудың 4 тәсілі
ЭЦҚ алуға көмектесетін бірнеше адамға хабарласқанда чек бермейтіндерін айтты.
"Иә, ашамыз. Қазір база ақырын істеп жатыр. 2 000 теңгеге чек бермейміз. ЭЦҚ алған соң бірден тазалап кетіңіз. ЭЦҚ-сы қалып жатқандар да бар, өшіріп кететіндер де бар", – деді Алматыда ХҚКО жанында ЭЦҚ алуға көмектесетін Бағдат есімді азамат.
Қызылорда қаласында "ЭЦҚ ашамын" деп хабарландыру берген Әсем бұл қызметті әзірге ешкімге көрсетпегенін, сұрағандарға көмектесе алатынын айтты.
"ЭЦҚ-ны 500 теңгеге ашамын. Университетке тапсыруға болса, екеуі – 1000 теңге. Талон, чек бере алмаймын. Көмектесемін, болды. Университетке тапсыру керек болған соң Egov.kz қызметтерін үйреніп алдым. Әкем де көмектесті. Әлі ешкімге ашқан жоқпын. Қиын емес", – деді ол.
Шымкенттік Мақсат ЭЦҚ алуға көмектескені үшін 1 500 теңге алады. Көрсетілген қызмет үшін чек, таллон бермейді. Бұрыннан ХҚКО-ға бармай egov.kz қызметтерін үйден алуға үйренген ол алғашында таныстарына керек нәрселерін істеп беріп жүрген. Кейіннен оған адамдар көмек сұрап келе бастаған.
"Күніне 3-4 адам болады. Стандарт құпиясөз қоямын. Үлкен адамдар ұмытып қалады. Басқа да қызметтер көрсетемін. Анықтамалар алып беремін. Үлкендер де, жастар да келеді", – дейді Мақсат.
Заңгер Болатбек Ержан халықтың цифрлық сауаттылығы жоғары болмаған соң, оларға консалтинг компаниялар қызметіне жүгіну ыңғайлы екенін айтады.
"Жалпы заңда "тыйым салынбаған нәрсеге рұқсат етілген" деген қағида бар. Сол себептен олар өздері ЭЦҚ бермейді, олардың орнына электронды істеп беруге көмектеседі. Бұл заңды. ЭЦҚ-ны істеген соң электронды поштаға жіберсе – заңсыз. Бұл 1-1,5 жыл бұрын болатын. Қазір ондай жиі кездестірмеймін. ХҚКО жанында консталтингтік кеңселердің еңбектеріне төлеуге болады және ол үшін ақша ала алады", – деді заңгер.
Оның сөзінше, Қазақстанда ЭЦҚ-ға деген әлі дұрыс көзқарас қалыптаспаған. Мәселен, мекенжай анықтамасын алып тастаған соң мемлекеттік мекемелердің, мектептердің кадр бөлімдері мекенжайды сұрап білу үшін ЭЦҚ талап ету факторлары кездескен. Заңгердің клиенттері кеңес сұрап, бөгде біреуге ЭЦҚ-сын беруден бас тартқан.
Оқи отырыңыз: 42 500 теңге әлеуметтік төлем алуға 42500.enbek.kz сайтында өтініш беруге болады"Түрлі фирмаларға барып ЭЦҚ алған қауіпті. Барынша жеке өздері немесе техниканы білетін жас бала, немерелері арқылы алған дұрыс. egov.kz порталы арқылы қолданушы атынан жасалған барлық әрекеттерді жеке кабинеттен біліп отыруға болады. Соны ара арасында тексеріп отырған жөн", – дейді Болатбек Ержан.
"Тыйым салынбаған нәрсеге рұқсат". Олардың қызметін кім бақылайды?
Мемлекеттік кірістер комитеті ЭЦҚ алуға көмектесетіндердің қызметіне тыйым салынбағанын айтады. Олар кәсіпкерлікпен айналысу үшін жеке кәсіпкер ретінде онлайн тіркелсе болады. Ол үшін қызмет түрін (ОКЭД) таңдайды. Е-license арқылы тіркеледі.
Биылдан бастап үш жыл бойы шағын кәсіпкерлік субъектілеріне, оның ішінде микро кәсіпкерлік субъектілеріне барумен тексеруге, профилактикалық бақылауға және қадағалауға мораторий жарияланды. Сол себепті ЭЦҚ алуға көмектесетіндердің қызметін құзырлы органдар тексере алмайды.
"Олардың қызметіне тыйым салынбағандықтан рұқсат беріледі. Жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, болмаса бірыңғай жиынтық төлем төлеуі тиіс. Десе де қызмет көрсеткені үшін чек беруге міндетті. Әр адам чек талап етуі керек. Мораторий болмайтын кезде тексеріп барып, бірден айыппұл салатын едік", – дейді Мемлекеттік кірістер комитеті Өндірістік емес төлемдер басқармасы басшысының орынбасары Олжас Отар.
"Азаматтарға арналған үкімет" МК басқарушы директоры Мұрат Жұманбай ЭЦҚ-ны алып беруге көмектесетін тұлғаларға жүгінуден аулақ болуға кеңес береді. Себебі олардың қолында ЭЦҚ көшірме мен құпиясөз қалса, заңсыз мақсатта пайдалануы мүмкін.
Еgov.kz электронды үкімет порталын "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ сүйемелдегенімен, ЭЦҚ алуға көмектесетіндердің қызметін тексеріп, қадағалай алмайды.
"Қазақстанда қандай да бір кәсіпкерлікпен айналыссаңыз сол кәсіпкерліктің өзінің қызмет түрі бар. Жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген, қызмет түрін көрсетпегендерге барып "egov.kz-ті бақылайтын едік, неге мұнымен айналысасың, бұл дұрыс емес" деп айтуға құқығымыз жоқ. Квазимемлекеттік сектор болғандықтан құзырлы органдарға осы мәселеге қатысты хаттар жолдадық. Үш жылдай тексеруге болмайды деген және бар. Сонда да сіз ЭЦҚ алған соң чек талап етіп, берген жағдайда қызмет түрін тексеріп көріңіз. Халықтың арасында мұнымен айналысып жатқан ешкім жоқ. Олардың үстінен шағым түссе бірден салық басқармасына жібереміз", – деді "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ әдіскер маманы Қуандық Жайлашев.
Киберқауіпсіздік. ЭЦҚ-ны неге біреудің көмегімен алуға болмайды?
Ақпараттық қауіпсіздік маманы Қозыке Сатыбалдиев ЭЦҚ-ны бөгде адамның көмегімен аштырту үлкен қателік екенін айтады. Ол адам ЭЦҚ-ны басқа да мақсаттарда пайдалануы мүмкін.
"Мысалы, egov.kz порталына сіздің ЭЦҚ-мен кіріп, сіз жайлы көптеген ақпаратты көре алады. Сол себепті өзге, таныс емес адамдардың көмегіне жүгінбей ХҚКО немесе үйде отырып, интернетте бар нұсқаулықтар арқылы алған жөн. Оның ешқандай қиындығы жоқ. ЭЦҚ барлық Қазақстан азаматтарына тегін беріледі", – дейді IT маманы.
ЭЦҚ-ны біреу арқылы алғаннан кейін міндетті түрде құпиясөзді ауыстыру керек. Өйткені көп жағдайда бір типті стандартты құпиясөз орнатылады.
Қозыке Сатыбалдының сөзінше, ЭЦҚ алғанда оны өзіңіздің жеке куәліке орнатқан жөн. Бұл ЭЦҚ-ны сақтаудың ең қауіпсіз түрі. Одан бөлек, арнайы қорғалған ТОКЕН деп аталатын тасымалдаушыларда (флешкаларда) сақтауға болады. Бұлар ЭЦҚ-ның бөгде адамдардың қолына өтіп кетпеуден қорғайды. ЭЦҚ-ны ешқашан қолданыста жүрген флешкада, электронды поштада, сізден басқа да адамдар қолданатын компьютерлерде немесе ноутбуктарда, ауада (облокода), әлеуметтік желілерде сақтауға болмайды.
"ЭЦҚ-ға қол жеткізген хакерлер жеке деректеріңді egov.kz, enpf.kz Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры немесе басқа да ЭЦҚ қолданылатын ақпараттық жүйелер арқылы біліп, сіз жайлы деректерге ие болады. Олар сіздің қайда тіркелгеніңізді, атыңызда қандай көлік, үй, жер барын және қай емханада емделетінін, қайда жұмыс істейтінін және қанша айлық алатыныңыз жайлы ақпарат ала алады. Содан соң олар ақпаратты бөгде адамдарға заңсыз түрде сатуы немесе өзіңізді бопсалауы мүмкін. Сол себепті ЭЦҚ-ға мұқият болып, қауіпсіз жерде сақтауды сұраймын", – дейді Ақпараттық қауіпсіздік маманы.
ХҚКО бұрындары адамдар ұмытып қалмауы үшін "Аа123456" деген құпиясөз берген. Ол халықты үйрету үшін жасалған. Ол кезде де күрделі қызметтер egov.kz-тен ЭЦҚ арқылы алынбаған. Цифрлық сауаттылық артқан соң ЭЦҚ-кілт алып жатқанда жеке не заңды тұлға сол жерде құпиясөз ойлап табатын мүмкіндік пайда болды. "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ әдіскер маманы Қуандық Жайлашев ЭЦҚ алған адам құпиясөзді ойлап тапса және оны ешкімге бермесе, тіпті флешкасын тауып алған жағдайда құпиясөзді ешкім бұза алмайтынын айтады.
"Цифрлық сауаттылық төмен болғандықтан көбі ЭЦҚ кілттің не екенін білмейді. ЭЦҚ – жеке куәлік сияқты электронды түрдегі төлқұжат. Банкте ЭЦҚ кілтпен қол қойып, несие алып немесе заңды тұлға, жеке кәсіпкерлік ашуға болады. Бұл сіздің құжатыңыз. Көбі бұған мән бере бермейді. ХҚКО-да компьютерлер тұрады. жалғыз бір адам ғана қызмет көрсетіп жүреді. Негізі ол жерде ешкім жүрмеуі керек. Бірақ ол кісі көмектесу керек болған соң тез қызмет көрсетіп, ЭЦҚ алатын кісі ұмытып қалмауы үшін стандарт құпиясөзді қағазға жазып береді. ЭЦҚ құпиясөзді ешкімге беруге болмайды, жаттап жүріңіздер", – дейді әдіскер маман.