Жиналыс барысында қандастарымыздың тарихи Отанымен мәдени-гуманитарлық және іскерлік ынтымақтастығын одан әрі дамыту үшін жағдай жасау мақсатындағы мемлекеттік тапсырма аясында "Отандастар. Болашаққа бағдар" атты халықаралық дөнгелек үстел өтті.

"Отандастарға ерекше назар аударамыз"

ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев тәуелсіздік алғалы елімізге миллионға жуық қазақ оралғанын айтып, шетелден келген қандастарды жұмыспен қамту, олардың құжаттарын оңтайландыру мәселелерінің маңызды екенін алға тартты. Бұл салада кемшіліктер орын алып жатқанын да жасырмады.

"Әрине, көш болғасын жүре түзелер кемшіліктер бар. Сондықтан, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атамекенді аңсап келген ағайындар мәселесін Үкіметке, Президент әкімшілігіне тағы бір мұқият қарап, қосымша іс-шаралар қабылдау туралы нақты тапсырма берді. Келесі жылы сәуірде отандастарға арналған алқалы жиын өтіп, онда маңызды мәселелер қаралады," – деді ол.

Өз кезегінде Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Ақмола облыстары мен Шымкент қаласында қандастарға арналған ауылдар пайда болғанын айтты. Бұған қазірге дейін 60 млрд теңге мөлшерінде қаржы бөлінген. Шымкентте салынған "Асар" ауылында қазір 27 мың тұрғын бар екен. Бердібек Сапарбаев жылда көшіп келуге бөлінетін квотаның азайтылмайтынын, оқуға келетін қандастар үшін арнайы стипендия тағайындалып, гранттар берілетінін, сондай-ақ, оларды жұмыспен қамту мәселесі шешілетінін айтты. Бірақ әрбір істің өтеуі болуы тиіс. Соған орай, ол Қазақстанның отандастардан күтетін үш көмегін де атады:

  1. Ынтымақтаса отырып бірігіп жұмыс жасау керек. Қандастарымыздың бәрін көшіріп әкелу мүмкін емес. Олар Қазақстанға ғана арқа сүйемей, елімізге көмектесіп, ата жұрттарын насихаттау керек. Салт-дәстүрді жоғалтпай, дамытуы және оны тұрған елдерінде дәріптеуі тиіс.
  2. Шетелдегі қазақтан шыққан мықты ғалымдар мен талантты жастарды елге қайтаруға көмектесулері керек.
  3. Келесі жылы Абайдың, әл Фарабидің туған және Алтын Орданың құрылған күндеріне арналған мерейтойлық айтулы шараларға белсене қатысып, өз тұрған елдерінде Қазақстанның елшіліктерімен бірлесе отырып үгіттеп, насихаттау керек.
Құжаттарды шетелдегі елшіліктер арқылы тапсыруға мүмкіндік беріледі. Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев мәлімдеді:

"Қазіргі кезде қандастар 46 құжат жинайды. Біз бұл құжат санын 20-ға дейін азайтуды көздеп отырмыз. Сонымен қатар, бұл құжаттарды жинау үшін отандастарымыз бірнеше ведмоствоны аралайды. Біз бұдан былай оларды бір жерден – Халыққа қызмет көрсету орталығынан алу жайын қарастырып жатырмыз".

Қандастар жұмысымен айналысатын елші тағайындалды

"Қазір Сыртқы істер министрлігі және шетелдердегі дипломатиялық өкілдіктер қызметі қазақ диаспорасымен жұмысты тұрақты түрде жүргізіп отыр. Қазір министрлік жүйесінде қазақ диаспорасымен қарым-қатынастарды нығайту мәселелеріне жауапты ерекше тапсырмалар жөніндегі елші тағайындалды", – деп хабарлады Сыртқы істер министрінің орынбасары Шахрат Нұрышев.

Оның айтуынша, сондай-ақ, "Қазақ диаспорасын мемлекеттік қолдау туралы" заң жобасы талқыланып жатыр. Шархат Нұрышев Қытайдағы қазақтар мәселесіне байланысты да түсініктеме берді.

"2017 жылдан бастап Қытайдың Шыңжаң ұйғыр автономиялы өлкесінде миграциялық режимді және терроризмге қарсы күрестің күшеюіне байланысты Қытайдағы қандастарымыздың Қазақстанға шығуы қиындады. Дегенмен, дипломатиялық арналар арқылы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде бұл мәселе шешіліп жатыр", – деді ол. Министрлік өкілінің айтуынша, қандастардың Қытайдан Қазақстанға шығуын шектеу алынып тасталған. Шектеу тек Қытайдың заңдарын бұзғандарға ғана қойылады.

2019 жылы 1 қаңтар мен 20 қараша аралығында еліміздің Қытайдағы дипломатиялық және консулдық мекемелерінен 38 393 этникалық қазақ Қазақстан визасын алған. Қос азаматтық үшін ұсталған 35 азаматтың 30-ы босатылып, елімізге қайтарылған.

"Қытайдың Қазақстандағы елшілігінің ресми мәліметі бойынша, соңғы бір жарым жыл ішінде 6,5 мыңнан астам этникалық қазақ Қытай азаматтығынан шығарылған. Алайда Шыңжаңдағы енгізілген жаңа тәртіпке байланысты бірқатар мемлекеттік қызметтегі, құқық қорғау органдарында қызмет ететін, әкери борышы бар және партия мүшелері болып табылатын қазақтардың Қытай азаматтығынан шығу мәселесі әлі де болса шешімін таппай жатыр. Дегенмен министрлік бұл мәселені өз бақылауында ұстап отыр. Отбасын біріктіруге қатысты шақырту және зейнетақы төлеуге қатысты өзекті мәселелерді Қытай тарапымен болған кездесулерде тұрақты көтеріп, әр азаматтың арызы бойынша тиісті көмек көрсетуді талап етіп, Қытай тарапына жеке ресми ноталар жолдауда", – деді Сыртқы істер министрлігінің өкілі.

"Отандастар" қорының президенті Нұртай Әбіқаев қор жұмысы туралы ақпарат берді. Қор қолға алған ізгі жобаның бірі – әлемдік қауымдастықты қамтитын мәдени-іскерлік үйін құру. Жоба "Абай" мәдени орталығы мен "Атамекен" іскерлік үйі атты екі негізгі бөліктен тұрады. "Абай" мәдени орталығы қазақ диаспорасының балаларына тұратын елінде қазақ тілін оқыту, Қазақстандағы жоғары оқу орындарына түсуіне көмектесу, білім беру бағдарламаларына қатысу, мәдени шаралар ұйымдастыру, ағартушылық жұмыстарын жүргізу, "Отандастар" кітапханасын құру сынды мәселелермен айналысады", – деді Нұртай Әбіқаев.

Ал "Атамекен" іскерлік үйі қандастарымыздың бизнес жобалары мен ұсыныстарын қолдау, оларға инвестиция көзін табу және қаржы тарту, серіктестермен іскерлік байланыс орнату, шетел нарығында қазақстандық экспорттың танымалдылығын арттырумен және отандық өнімдерді шығарумен де шұғылданады. Осы орайда қор Дүниежүзі қазақтары қауымдастығымен бірлесе отырып, "Зерде" Ұлттық инфокоммуникация холдингі" мен Astana Hub IT компаниясымен әріптестік ынтымақтастық орнатқан.

Өзіңізге ыңғайлы жерден informburo.kz оқыңыз:

Facebook | Instagram | Telegram

Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter