Тікелей эфир

Жеке куәлік, кепілзат, ЭЦҚ. Осы үшеуі болса, фермерлер енді үйде отырып-ақ несие рәсімдей алады

Фото Informburo.kz
Фото Informburo.kz
Несие сомасы – 4 млн теңгеге, мерзімі – 6,5 жылға дейін болса, жылдық мөлшерлемесі – 6%. Жоба әзірге Алматы мен Ақмола облыстары фермерлеріне арналған.

Алматы мен Ақмола облыстарының фермерлері "Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры" арқылы кәсібін дамыту үшін жеңілдетілген несие алуға онлайн өтініш бере алады. Бұл механизмді кейін басқа өңірлерде де енгізу жоспарланып отыр.

"Еңбек" бағдарламасы аясында мал шаруашылығын дамытуға несие алуды жоспарлап отырған шалғайдағы ауыл тұрғындары үйде компьютер арқылы несие алуға өтінім жіберіп, электронды несие комитетінің мақұлдауын ала алады.

Несиелеу шарты:

  • сомасы – 4 млн теңгеге дейін;
  • мерзімі – 6,5 жылға дейін;
  • жылдық мөлшерлемесі – 6%.

Оқи отырыңыз: Қой саны, қойшы мәртебесі және фермерлік келісім-шарттар. Қой шаруашылығын қалай дамыту көзделіп отыр?

Кәсіпкердің үйінде несиеге өтініш беру мүмкіндігі болмаса, өзіне жақын "Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры" филиалы кеңсесіндегі өзіне-өзі қызмет көрсету аймағында да өтініш жасай алады. Бұл жерде кәсіпкер өтінішінің мақұлданғанын не мақұлданбағанын алдын ала біле алады. Бұрын бұл үшін кәсіпкерден 10-13 құжат жинау талап етілсе, енді өтініш берушінің жеке куәлігі, ЭЦҚ және кепілдікке қоятын мүлігінің құжаты ғана қажет.

Онлайн өтініш берген фермерлер

Алматы облысының Жамбыл ауданына қарасты Қайназар ауылының тұрғыны Анапия Аймұхан – онлайн өтініш берген алғашқы шаруалардың бірі. Қой шаруашылығын дамытуға үшінші рет несие алғалы отырған ол автоматтандыру жүйесінің артықшылығы жөнінде айтып берді.


Анапия Аймұхан

Анапия Аймұхан / Фото Informburo.kz


"Еңбек" бағдарламасы туралы ауыл әкімдігінен естідім. Алғаш рет 2015 жылы қой шаруашылығын бастау үшін 2 млн теңге несие алдым. Оны 2017 жылдың аяғында қайтарып, шаруашылығымды дамыту үшін тағы 3 млн теңге алдым. Ол кезде көп құжат жинап, қалаға жиі қатынап, Халыққа қызмет көрсету орталығында сағаттап кезекте тұруыма тура келді. Құжат өткізу жұмысы кем дегенде бір ай уақытты алатын. Бүгін өтінішті онлайн бердім. Шамамен 4 млн теңге алуға оң шешім шықты. Біз сияқты шаруалар ісін дөңгелетуі үшін төмен пайызды несиеге мұқтаж", – деді Анапия Аймұхан.

Фермер өз шаруашылығын 50 бас қоймен бастаған. Қазір қой саны 200-ден асқан. Ендігі алатын несиесін жер алуға және қора-жай салуға жұмсамақ.

Оқи отырыңыз: Несие алудың тиімді жолдары немесе банкке алданбау үшін нені білу керек

Алматы филиалының "Өзіне-өзі қызмет көрсету" аймағындағы компьютерлерден несиеге өтініш берген шаруалардың бірі Рүстем Асимов ЭЦҚ болса, көп жұмысты тындыруға болатынын айтады.

"Мен Талғар ауданынан келдім. "Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан" бұрын бір рет несие алғанмын. Ол несиені жауып тастап, екінші рет тағы несие алуға онлайн өтініш беріп отырмын. Алдыңғы несиені аларда көп құжат жинасам, осы жолы мамандардың көмегімен компьютер арқылы өтініш бердім. Еш қиындығы жоқ. Енді алған несиеге ірі қара мал сатып алмақпын", – деді ол.


Мал шаруашылығы

Мал шаруашылығы / Фото Informburo.kz


Өтінішті қалай онлайн беруге болады?

Өтініш беру процедурасы өте қарапайым. Ол үшін:

  1. www.online.fagri.kz порталына кіріп, келісімге қол қою керек.
  2. "Жаңа өтінім жасау" батырмасын басып, өтінішті жеке кабинет арқылы жіберу қажет. Жүйе мемлекеттік дерекқордан ақпарат сұрату арқылы азаматтың несие алу мүмкіндігі мен сенімділігін тексереді. Оң нәтиже болған жағдайда "жалғастыру" батырмасы іске қосылады.
  3. "Кепілдікті қамтамасыз ету" бөлімінде кепілге қоюды жоспарлаған мүлікке қатысты деректерді енгізген соң жүйе мүліктің нарықтық құнын есептейді. Ұсынылған кепілдік мүлкі жеткілікті болса, жүйе кепілдікті қамтамасыз ету жөніндегі құжаттарды облыстық филиалға өткізу туралы хабарлайды.

Оқи отырыңыз: Ауыл шаруашылығы техникаларының ескілігі Үкіметті алаңдатып отыр

"Үйден шықпай-ақ несие алуға қызығушылық танытып жатқандар көп. Екі облыста нәтиже жақсы болса, жүйені басқа да облыстарға енгіземіз. Биыл несиелеуге қордан 4 млрд теңге шамасында қарастырылды. Оның жартысын игердік, қалғанын жыл соңына дейін игереміз", – деді "Ауыл шаруашылығын қаржылай қодау қоры" АҚ Несиелеу департаменті директорының орынбасары Армат Байзақов.

Өтініш беруші құжаттарды несие менеджеріне тапсырғаннан кейін порталдағы жеке кабинеттен өтінішті қарау деңгейін бақылай алады. Уәкілетті орган оң шешім шығарған жағдайда несие шартын жасасу үшін "Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының" филиалына келуі керек.

Өтінішті онлайн мақұлдау шешімі 10-15 минут аралығында қабылданады. Одан әрі қарау мерзімі 15 күннен 3 жұмыс күніне дейін қысқарған. Яғни, бұрын қала мен ауылдың арасында бір ай қатынайтын кәсіпкердің енді 3 күн ішінде несие алуына мүмкіндік бар. .

Серіктестер жаңалықтары