Тікелей эфир

Нұр-Сұлтанда оқытушы тапшы. Қандай пән мұғаліміне сұраныс көп?

Фото informburo.kz
Фото informburo.kz
Астанада 100 астам білім беру мекемелері екі мыңдай жұмыс ұсынды. Бастауыш сынып, орыс тілі, математика мұғалімдері мен балабақша тәрбиешілері тапшы.

"23 жыл мұғалімдік өтілім бар"

Тохтархан Әрмия: "Айлығы 100 мың болса да, мұғалім болуға дайынмын" дейді. Мамандығы – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, магистр дәрежесі бар. Астанадағы Еуразия ұлттық университетінде білім алған. Қытай елінің тумасы.


Тохтархан Қытайдан келгеніне екі ай болды

Тохтарханның Қытайдан келгеніне екі ай болды / Фото informburo.kz


– Бүгінгі жәрмеңкеде бос жұмыс орындары көп дегенді естіп келіп отырмын. Бірақ, менің мамандығым бойынша қазақ мектептерінде бос орын жоқ екен. Бір-екі орыс мектебінде болғанымен, орысша білу шарт екен, – дейді тәжірибелі ұстаз.

Тохтарханның ойынша, мектептерге ер оқытушы ауадай қажет. Өйткені көзін ашқаннан бері әйел мұғалімнің тәрбиесінде өскен ұлдарымыз, майысқақ, әйел мінезді болып бара жатыр.

"Балалармен тез тіл табысамын"

Мағжан дене шынықтыру пәнінің мұғалімі орнын қарап жүр. Ол биыл колледжді тәмамдап, Көкшетаудағы Ш.Уәлиханов атындағы университетіне сырттай бөліміне оқуға түскен.


Мағжан Петропавл қаласының тұрғыны, астана колледж оқыған

Суреттің оң жағындағы – Мағжан, Петропавл қаласының тұрғыны / Фото informburo.kz


Мағжан самбо, дзюдо, волейболды жақсы меңгерген.

– Спортты жақсы көремін, бірақ бүгін дене шынықтыру мұғалімі керек деген орынды таппадым, әлі де іздеймін. Балалармен тез тіл табысамын, – дейді Мағжан.

"Мұғалімге құрмет аз"

– Мен қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімінің орнын іздеп келдім. Бірнеше мектеп сұқбаттасуға шақырды, – дейді Бақыт Қарабекова.

Бақыт жоғарғы білімді Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінде алған. "Астанада мүмкіндіктер көп, осында жұмыс істегім келеді" дейді ол.


Бақыт Қарабекова

Бақыт Қарабекова / Фото informburo.kz


Бақыт мұғалім болам деп, бала күнінде шешіп қойған екен. Және сол ойынан таймаған.

– Қоғамда мұғалімге құрметтің аз екенін білемін. Көбі қазір балалармен жұмыс қиын деп мектептен қашқақтап жатады, бірақ, менің ойымша, баланы бағындыру мұғалімнің шеберлігіне байланысты. Мұғалімдер төрт жылдық біліммен шектелмей, өздерін кәсіби тұрғыда дамытуы тиіс, – дейді жұмысына әлі кіріспегенмен өзіне сенімді жас маман.

"Қаланың шетіндегі мектепке маман тарту қиын"

42 орта мектептің мұғалімі Шалмұратова Рысжан Шерниязқызы орыс тілі, ағылшын, география және бастауыш сынып мұғалімдерін іздейді.


Рысжан Шерниязқызы

Рысжан Шерниязқызы / Фото informburo.kz


– Мұғалім көп. Бірақ, біздің мектеп қаланың шетінде болғандықтан, кадр жетіспеушілігі мәселесі бар. Жас мамандар бір жыл тәжірибе жинаған соң, қалаға ауысып кетеді. Алыс деп, көбі тартқыншақтайды, – дейді Рысжан Шерниязқызы.

"Теміржолшылықты тастап мұғалімдікке ауыстым"

– Бірінші мамандығым – теміржолшы, оған сай жұмыс таба алмадым. Мұғалімдерге сұраныс көп қой деп, оның үстіне жыл сайын айлықтарын көтеріп жатыр, деп, осы мамандыққа оқыдым, – дейді жұмыс іздеуге қамдана кіріскен Тәуекел Байболат.


Тәуекел

Тәуекел Байболат – Көкшетау қаласының тумасы / Фото informburo.kz


Көкшетау қаласындағы Шохан Уәлиханов атындағы университеттің "Дене шынықтыру мен спорт" мамандығының дипломы Тәуекелдің қолына биыл тиген.

Жұмыс берушіден іздеуші көп

Нұргүль Сабырханқызы – магистр дәрежелі мұғалім. Қостанайда Мемлекеттік педагогикалық институтта білім алған. Астанаға жұмыс іздеп келген.


Нұргүлдің мамандығы Информатика мұғалімі

Нұргүлдің мамандығы – информатика мұғалімі / Фото informburo.kz


Айтуынша, жұмыс іздеудің қиыншылықтарын енді көріп жатыр. Өйткені, жұмыс берушіден гөрі іздеуші көп. Қалай болмасын, бәсекелестік байқалып тұр.

– Армандаған мамандығым байланысшы еді, бірақ грантқа түсуге балым жетпеді. Сосын осы салаға кеттім, – дейді Нұргүл.

Тәжірибесі жоқ маман үшін:

– Жастар тәжірибесі бағдарламасы бар. Оған диплом алғанына үш жылдан аз уақыт болса, жасы 29 ға дейінгі жастар қатыса алады. Осы бағдарлама бойынша игерген мамандығына сай жұмысқа орналасуына болады, – дейді қалалық жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Нұрлан Исекеев.


Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігі жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Нұрлан Исекеев

Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігі жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Нұрлан Исекеев / Фото informburo.kz


– Тәжірибе мерзімі – 6 ай. Биыл 1200 жас маманды жұмысқа орналастыруды жоспарлап отырмыз­­­­­. Бүгінде 680 маман осы бағдарлама аясында еңбекке жұмылдырылды.

Бұл – тәжірибесі жоқтығынан жұмыс таба алмай жүрген жастар үшін таптырмас мүмкіндік. Айына 70 139 теңге жалақы төленеді, – дейді Нұрлан Исекеев.

Осы уақытқа дейін 300 ден астам мекемемен келісім шарт жасалған. Бір ескерері – маманның міндетті түрде Нұр-Сұлтан қаласында тұрақты тіркеуі болуы шарт.

Былтыр осы бағдарлама арқылы тәжірибеден өткен 700 маманның 70 пайызы жұмысқа орналасыпты. Жалпы құрылыс мамандықтарына сұраныс жоғары екен.

Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 7 мыңнан астам бос жұмыс орыны бар.

"Жұмыс таппай жүргеніме төрт жыл"

Мәдина Садуақасқызы 2015 жылы Қыздар педагогикалық университетін тәмамдап, биология пәнінің мұғалімі мамандығын игерген. Содан бері балабақшада тәрбиеші болып жұмыс істеп жүр.


Мадина

Мәдина Садуақасқызы / Фото informburo.kz


– Жұмыс таппадым. Мектептерде биология пәнінің оқытушылары жеткілікті болар, – дейді Мәдина.

"Мұғалімдердің айлығы аз емес"

– Математика, информатика, робототехника, орыс сыныптарына психолог іздеп келдік, – дейді астанадағы 18 мектеп оқытушысы Құралай Әсетова.


Сол жағында Құралай Әсетова

Құралай Әсетова (сол жағында) / Фото informburo.kz


– Айлық аз емес. Базалық айлық 35 мың болғанымен аптасына 18 сағат жүктеме алғанда бірталай жалақы аласыз, – дейді ол.

– Кейінгі жылдары санатыңыз жаңартылған білім мазмұны бойынша сыныптар алса әжептәуір айлық шығады, – деп сендірді Құралай Әсетова.

Мұғалімдердің жалақысы санаты мен сағат санына байланысты

Жұмыспен қамту басқармасының мәліметінше, университеттен кейін мұғалімке аптасына 18 сағат береді. Бірінші категория – педагог-эксперт, айлықтары 75-90 мың төңірегінде.

Екінші санатты оқытушы – педагог-модератор, қолына 100-15 мың шамасында алады.

Үшінші, жоғары санатты ұстаз – педагог-мастер, 120 мың және өткізетін сабақ сағаты үшін төленеді.

Астанаға қанша мұғалім керек?

– Жоспар бойынша алдағы екі жылда 1200 орындық тоғыз мектеп ашылуы тиіс. Сонымен қатар зейнеткерлік жасы жақындап қалған ұстаздар бар. Бәрін қоса есептегенде алдағы 1-2 жылда 2 мыңға жуық маман керек, – дейді қалалық білім басқармасының баспасөз хатшысы Жазира Асанова.

Ал биылғы оқу жылын жайлы бастау үшін 170 маман жетіспейді. Орыс тілінде сабақ беретін бастауыш сынып мұғалімдері жоқтың қасы.

Мәліметті Нұр-Сұлтан қаласының білім басқармасы ұсынды

Мәліметті Нұр-Сұлтан қаласының білім басқармасы ұсынды


– Биыл сәуір айында аймақтарда жоғары педагогикалық оқу орындарына барғанбыз. Студенттермен кәсіби бағыты бойынша жұмыс жүргізіп, астанаға шақырдық.

Нәтижесінде елордаға 300-ден астам жас маман келді.

Негізі бір мұғалімнің жүктемесі – 18 сағат. Бірақ, мұғалім тапшылығына байланысты артық жүктеме алып жүрген оқытушылар бар. Бәрін бір жүктемеге отырғызу үшін 900-ге жуық мұғалім керек болады, – дейді Жазира Асанова.

Серіктестер жаңалықтары