Зейнетақы, зейнетке шығу жасы және жәрдемақылар
Әйелдердің зейнетке шығу жасы 63-ке жеткенше 2027 жылға дейін жыл сайын 6 айға өсіп отырады. 2019 жылы нәзік жандылар 59 жастан бастап зейнет демалысына шыға бастайды.
Зейнетақы төлемдерінің көлемі де өзгереді. Жалпыға ортақ зейнетақы 7%-ға, базалық зейнетақы 5%-ға, әлеуметтік жәрдемақы 5%-ға өседі. Нәтижесінде Қазақстанда 2019 жылы ең төменгі зейнетақы 50 145 теңге, ең жоғарысы 116 811 теңге болады.
Халықты әлеуметтік қорғау жүйесін жаңғырту мәселелері бойынша өткізілген жиында Елбасы Н.Назарбаев "жыл сайын әлеуметтік саланы қаржыландыру көлемін арттыра отырып, мемлекеттің барлық міндеттемелерді орындап отырғанын" атап өтті. Биыл осы мақсатқа 2,6 трлн теңге бөлінген, бұл былтырғыға қарағанда 21,3%-ға көп.
Мүгедектікке байланысты тағайындалатын жәрдемақы жалпы еңбекке жарамдылығын жоғалту және мүгедектіктің тобына байланысты төленетін болады. Оның көлемі 0,74 – 1,61 ең төменгі күнкөріс немесе 21 976 – 47 814 теңгеге дейін.
Асыраушысынан айырылуға байланысты берілетін әлеуметтік жәрдемақы асырауындағы адамның санына және асыраушысының не себептен өлгеніне қарай төленеді. Оның көлемі 1,14 – 1,96 ең төменгі күнкөріс деңгейіне немесе 33 856 – 58 202 теңгеге дейін.
Жалақылар мен ең төменгі күнкөріс деңгейі
Егер қазір ең төменгі жалақы мен ең төменгі күнкөріс деңгейінің көлемі бірдей – 28 284 теңгені құраса, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап өзгереді. Шенеуніктер бұл екеуінің рөлінің екі басқа екенін алға тартады. Төменгі күнкөріс деңгейі бюджеттен түрлі әлеуметтік төлемдерді тағайындауға, төменгі жалақы – салықтық тәртіптемелер мен шегерімдерді есептеуге қолданылады. Алайда, жаңа жылдан бастап ең төменгі жалақы төменгі күнкөріс деңгейіне тәуелді болмайды. 1 қаңтардан бастап 275 мың азаматтық қызметкердің төменгі жалақысы өсіп, көлемі 42,5 мың теңгені құрайтын болады.
"Қазақстанда қазір 1,2 млн азаматтық қызметкер бар. Олардың арасында түрлі санаттағылары, басым бөлігі орта білімі немесе аз ғана тәжірибесі бар 1-4 топтағы мамандар. Біздің есептеуімізше, шамамен 275 мың адамның қызметтік жалақысы көтеріледі", – деп мәлімдеді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі М.Әбілқасымова.
– Ең төменгі жалақы төменгі күнкөріс деңгейіне тәуелді болмайды. Ол елдің экономикалық өсіміне сәйкес тағайындалатын болады. Ал, төменгі күнкөріс деңгейі басқа функцияны атқарып, жыл сайын инфляция көлеміне индекстеліп отырады.
Мүгедектік
2019 жылы елімізде емделушінің қатысуынсыз анықталады. Бұл қызмет әзірге Қарағанды және Қостанай облыстарында іске қосылды.
"Қазір жоба жетілдірілу үстінде. Бұл жұмыстар қаңтардың аяғында аяқталып, ақпан-наурызда мүгедектіктің тобы сырттай анықтала бастайды", – деді ҚР денсаулық сақтау вице министрі О.Әбішев.
Денсаулығынан айырылу деңгейін тәуелсіз сарапшылар анықтайды, ол үшін жүгінушінің ЖСН алу жеткілікті. Бастысы УДЗ, ЭКГ және ренгтен аппараттары бағдарламаға қосылса болғаны. Бұл – адами факторды мүлдем болдырмас үшін жасалған қадам болып отыр. Жаңа қызмет мүгедектіктің барлық тобына көрсетіледі.
"Қоғамда мүгедектерге не үшін табан тоздырып, бірнеше есікті қағып, өзінің мүгедектігін дәлелдеуі керек деген мәселе жиі талқыланады. Қазіргі таңда заманауи медицинаның арқасында түрлі қызметтер халыққа қолжетімді болып отыр. Ағза функцияларының тұрақты, қалпына келмейтін өзгерістері мен бұзылулары болған кезде, емдеу-оңалту іс-шаралары тиімсіз болғанда мерзімсіз мүгедектік тағайындалады. Алайда, оңалту бағдарламаларын жасау, протез алу, кресло-коляскаларын ұсыну үшін емделушінің жағдайын білу маңызды. Денсаулық сақтау министрлігімен бірге мұндай қажеттіліктермен қамтамасыз ету жағдайын дәрігерлік комиссиядан өту кезінде анықтауды мақсат етіп отырмыз. Мүгедектерге әлеуметтік қорғау органдарына келудің қажеті жоқ", – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі С.Жақыпова.
Қазақстанда 600 000 астам мүгедек бар, оның 82 000 – балалар, 452 000 – еңбекке жарамды жастағы мүгедектер. Еңбекке тартылған мүгедектер саны 280 000, ал олардың 124 000 ресми еңбек қатынасында бар.
Тарифтер
Еліміздің бірнеше облысында жылу және су, кәріз және көгілдір газдың тарифтері төмендеді. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық өңірдің тұтынушылары коммуналдық төлемді азырақ төлейтін болады.
"Халық қаңтардан бастап коммуналдық қызмет тарифтерінің төмендеуінен 27,5 млрд теңге үнемдейді. Тарифтерді төмендету салдарынан ай сайын келетін коммуналдық қызмет төлемдерінің орташа көлемі де азаяды", – деді ҚР Ұлттық экономика вице-министрі С.Жұманғарин.
Мобилді құрылғыларды тіркеу
1 қаңтардан бастап әрбір мобильдік құрылғы (модем, телефон, планшет, gps-сағаттар) тіркелуі тиіс. Тіркелмеген аппараттарға қызмет көрсетілмейді. Яғни, егер сіздің телефоныңыздың IMEI коды тіркелмесе, оған SIM-карта салынғанмен аппарат жұмыс істемейді.
Алайда, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі хабарлағандай, байланыс бірден жаппай ажыратылмайды.
"1 қаңтардан бастап абоненттік құрылғылар жаппай ажыратылмайды. Заң бойынша бұлай жасауға да болмайды. Бұл күні не болады? Телефонға орнатылған SIM-карта абоненттік құрылғыға автоматты түрде бекітіледі. Жаңа жылдан кейін егер SIM-картаңызды басқа құрылғыға салғанда қиындық туындауы мүмкін", – деп түсіндірді аталған министрліктің телекоммуникация комитетінің төрағасы м.а. Виталий Ярошенко.
Бастысы абоненттің SIM-картасы өз атына тіркелсе болғаны. Ол автоматты түрде мобильдік құрылғыға тіркеледі. Егер нөмір басқа адамға тіркелген болса, абонетке SIM-картасын қайта керек.
"1 қаңтардан бастап SIM-картасын алып, басқа құрылғыға орнатқан аобненттерге қызмет көрсетілмейді. Егер телефон мен SIM-картадағы мәліметтер сәйкес келмесе құрылғыда байланыс болмайды. Тек өзіңіздің атыңыздағы нөмір мен телефонмен ғана байланысқа шыға аласыз", – деді Виталий Ярошенко.
Бірыңғай жиынтық төлем
Биылғы жылдан бастап табысы жылына 100 ЕТЖ (ең төменгі жалақы) аспайтын бейресми жұмыспен қамтылған тұлғалар арнайы салықтық режимнің қатысушылары болады. Бірыңғай жиынтық төлем мұндай тұлғаларды тіркеп қана қоймай, оларды медициналық сақтандыру және зейнетақымен қамтамасыз ету жүйесіне қатысуға мүмкіндік береді.
Бірыңғай жиынтық төлем жұмыс істейтін азаматтарға төлемнің төрт түрін, яғни жеке табыс салығын, әлеуметтік және медициналық сақтандыру қорларына, сондай-ақ бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударымдар жасауға жағдай туғызады. Төлемнің 10 пайызы жеке табыс салығына, 30 пайызы міндетті зейнетақы жинақтау шотына, 20 пайызы мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына, қалған 40 проценті медициналық сақтандыру жарнасы ретінде жіберіледі. Жеке табыс салығы мен әлеметтік төлемдердің ең төменгі көрсеткіштері қала тұрғындары үшін айына 1 айлық есептік көрсеткіш (2525 теңге), ал ауыл тұрғындары үшін 0,5 айлық есептік көрсеткіш (1262 теңге) болады.
Жиынтық төлемді төмендегі жеке тұлғалар ғана төлейді:
- жалдамалы жұмыскердің еңбегін пайдаланбайтын;
- жеке тұлғаларға қызмет көрсететін.
Салықтық рақымшылық және салық төлеушілерді бөлу
Қазақстанда наурыз айынан бастап енгізілетін салықтық рақымшылыққа 294 млрд теңге қарызы бар 90 077 шағын және орта бизнес субъектісі ілінеді. Негізгі қарыз өтелген жағдайда кәсіпкерлердің 111 мрлд теңге өсімпұлы мен 5,8 млрд теңге айыппұлдары кешірілетін болады.
Бұл – елдегі бизнес-ахуалды жақсартып, шағын және орта кәсіпкерлік өкілдеріне салық төлеуге мүмкіндік беруге жасалған бірден бір қадам болып отыр.
Салықтық рақымшылық акцизделетін тауар өндіретін (бағасына жанама салық – акциз қосылатын), мұнай компаниялары мен жалған кәсіпорындарға жасалмайды.
Тағы бір жаңалық, биылғы жылдан бастап салық төлеушілер төрт санатқа бөлінеді. Бұл елімізде қолданыстағы тәуекелдерді басқару жүйесін қабылдауға қатысты салық төлеушілерде жиі мәселелер туындауына байланысты жасалып отыр.
Мемлекеттік кірістер комитетінен хабарлағандай, салықтық есептілік мәліметтерінің нәтижелері, салық төлеушінің қызметі туралы уәкілетті мелмекеттік органдардың деректері мен басқа да құжаттары негізінде 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық салық төлеуші (салық агенттері) санаттарға бөлінеді. Олардың қызметтері тәуекел деңгейіне қарай төмен, орташа және жоғары болады. Салықтық рақымшылық шаралары саралау жолымен жүзеге асырылады.
Төмендегілерден басқа тәуекелдер деңгейінің өлшемдері құпия ақпарат саналады:
- Салық жүктемесі;
- Бір жұмысшының орташа айлық табысы;
- Салық есептілігінде көрсетілген шығындар мен кірістер сомасы;
- Қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебінен шығарылған тұлғалармен өзара есебі бар салық төлеушілермен, соның ішінде жойылған, қолданыста жоқ, банкрот деп танылғандармен жасалған мәмілелер;
- Бірнеше кезең бойынша салық есептілігінде залалдарды көрсету;
- Алдында ұсынылған салық есептілігіне қайта-қайта өзгерістер мен толықтырулар енгізу;
- Камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған құқықбұзушылықтар;
- Арнайы салықтық режимдерді қолдану құқығын ұсынатын Салық кодексімен тағайындалған көрсеткіштердің шектік мәніне бірнеше мәрте жақындау;
- Салықтық мониторингке қатысу;
- Салық төлеушінің мәліметтерді жазып алу және (немесе) беру қызметі бар бақылау-есептеп кассалық аппараттарын қолдануы;
- Электронды нұсқада шот-фактураларын шығару;
- Салық төлеушінің стандартты тексеру файларын пайдалануы;
- Қосылған құн салығына бақылау шотын қолдану.
Салық төлеушінің тәуекелдің қандай ма санатына жатқызылатыны жылына екі рет тексеріледі. 2019жылдан бастап бұл ақпарат салық төлеушілерге "Салық төлеушінің кабинеті" веб-қосымшасына жіберіледі. Ал 2019 жылдың 1 шілдесінен бастап аталған ақпарат Мемлекеттік кірістер комитетінің kgd.gov.kz сайтында жарияланатын болады.
Мемлекеттік сатып алулар
Мемлекеттік сатып алу Веб-порталы 1 қаңтардан бастап ақылы болады. Сайтқа кіру үшін әлеуетті жеткізушілер алдын ала келісім-шартқа отырып, төлем жасауы тиіс. Қызмет құны өтінімнің немесе келісім-шарттың ең жоғарғы сомасына сәйкес анықталады:
- 1 млн дейін – жылына 1 АЕК (2525 теңге);
- 10 млн дейін – жылына 10 АЕК (25 250 теңге);
- 100 млн теңгеге дейін – жылына 20 АЕК (50 500 теңге);
- 1 млрд теңгеге дейін – жылына 60 АЕК (151 500 теңге);
- Егер сома шектеусіз болса, төлем құны жылына 122 АЕК (308 050 теңге) құрайды.
Төлем жылына бір рет жүргізіледі. Веб порталда 1 қаңтардан бастап сайтты қолдануға арналған тарифті төлеу үшін "Электронды әмиян" парақшасы ашылады. 2018 жылдың 27 желтоқсанынан бастап "Электронды сауда орталығы" АҚ арқылы төлеуге болады. Реквизиттер мемлекеттік сатып алулар порталының "Тарифтер" бөлімінде көрсетілген.
Еуразия экономикалық қауымдастығы
ЕЭҚ 1 қаңтардан бастап күтпеген тосын сый жасайды. Тауарларды алымсыз тасып өткізудің шегі үш есеге – 1500 еуродан 500 еуроға дейін төмендейді. Тауардың жалпы салмағы 25 кг-нан аспауы тиіс. Кедендік одақ аумағына автокөлікпен, темір жол немесе теңіз көлігі арқылы ғана емес, сондай-ақ жаяу тасымалданатын тауарға да бұл өзгерістің әсері бар. Тасымалданған заттардың салмағы мен құны тағайындалған шегінен асқан жағдайда, әр артық салмақ үшін 4 еуродан кем емес, тауар сомасынан 30% баж салығы салынады, яғни, Қытайдан 500 еуродан қымбат тон сатып алғанда, Қазақстанға тасымалдау үшін кеден салығын төлеу керек болады.
Ішімдік және темекі құралдарын тасымалдау бұрынғыша қалады: 200 темекі, немесе 500 сигар, болмаса 2500 грамм темекі, спирттік ішімдіктер – 18 жасқа толған әр жеке тұлғаға 3 литрден артық емес.
Cashback
Қазақстанда биылдан бастап банктік сыйақыларды есептеуге өзгеріс енгізуді қарастыратын түзетілген заң актілері күшіне енеді. Азаматтық кодекстің 751 бабында "ағымдағы банк шотына орналастырылған қаражатты қолданғаны үшін сыйақы төленбейтіні" туралы жазылды.
Бұл дегеніңіз банктерге клиенттердің ағымдағы шоттарында қалған қаражатқа сыйақы төлеуге тыйым салынғанын көрсетеді.
Сырттай оқыту
1 қаңтардан бастап елімізде сырттай оқуға тыйым салынды. Мұның осы негізде оқып жатқан студенттерге қатысы жоқ. Білім министрлігіндегілер сырттай оқыту студенттердің толықтай білім алуына кепілдік бермейтінін алға тартады. Және оқытудың бұл түрін басқасына ауыстыруға шешім қабылдады. Оның орнына сөйтіп қашықтан оқыту ұсынылды. "Рart-time жаңа институтының көмегімен студенттер барлық білімнің 65%-ын алады. Бұл үшін біз қашықтан оқытудың технологиясын пайдаланатын боламыз. Алайда, ең бірінші онлайн жүйеде оқыту жүйесін әзірлеуіміз керек", – деді ҚР Білім және ғылым вице-министрі А.Аймағамбетов.
ҰБТ – төрт талпыныс
Қаңтардан бастап ұлттық бірыңғай тестілеуді 4 рет тапсыруға мүмкіндік бар. Біріншісі – мерзімінен бұрын қаңтарда өткізіледі. Алайда, қаңтар айында тестілеуден өткендер мемлекеттік гранттардың үміткері бола алмайды, тек қана ЖОО ақылы негізде оқуға түсе алады. БҒМ атап өткендей, қаңтардағы тестілеу талапкерлердің білімін пысықтауға мүмкіндік береді. Оған қатысу ақылы, бағасы – 2242 теңге. Жалпы, ҰБТ жылына 4 рет өткізілетін болады: қаңтарда, наурызда, маусым-шілде және тамыз айларында. Мемлекеттік грантқа маусым-шілде айында тестілеуден өткен талапкерлер үміткер бола алады.
Авторы Евгения Бодрова.
Аударған Мәншүк Шапхатқызы.